• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

20 Сәуір, 12:08:58
Алматы
+35°

15 Наурыз, 2019 NEWS

Турист тартам десең, туалетіңді түзе!

Әзірге, жобаға қанша қаражат кететіні белгісіз

"Дәретхана қажетті дүние! Сондықтан, еліміздегі ең көркем туристік орындарда жаңа әжетханалар салынбақ. Шетелдік меймандар қызықтайтын жерлерге өң кіргізу арқылы өз-өзін ақтайды деп үміт артқан бағдарлама да әзір тұр! Бұл туралы ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы мәлімдеді. Оның сөзінше, бүгінде демалыс орындарын дәретханаландырудың 7 жылдық жобасы жасалып, әр әжетханаға кететін шығын есептеліп жатыр екен. Әрі бұл дәретханалар әлемдік стандартқа сай жасалмақ. Аталған нысандар еліміздің қай өңірлерінде салынады? Оған кететін шығын қандай? Бұл туралы Qamshy.kz ақпарат агенттігі Еуразия бірінші арнасының дерегіне сүйеніп хабарлайды. 
 
Әжетхана әлегін бұған дейін белді бизнесмендер талай көтерген еді. Тіпті, кәсіпкер Марғұлан Сейсембаев әсем қала Алматыдағы Президент саябағындағы  жалғыз дәретхананың істен шыққанын айтып күйінген болатын. "Еліміздегі туристік нысандар, тас жолдардың бойында, мектептерде, тіпті ауруханаларда жөні түзу әжетхана жоқ. Кем дегенде 10 мың дәретхана орнату қажет" деп бастама көтерген еді. Дәл осы статистиканы ұсынған ол Үкімет пен жеке кәсіпкерлер әріптестігі арқылы елдегі санитарлық жағдайды түзеу қажеттігін алға тартқан болатын.

«Олар 17 дәретхананы Астанаға орнатты ЭКСПО уақытында. 4 айдың ішінде быт-шыт қылып, қазір 17 дәретханадан біреуі істемейді. Ол біздің Астанамызда. Біздің еліміздің жүрегінде. Ал енді даладағы дәретхананы не айтасыз! Сондықтан сервис болмаса, әжетхананың мәні жоқ», - деп айтты кәсіпкер Марғұлан Сейсембай.

Елімізге өзге елден ағылатын туристердің де пікірі де осындай. Сөйтсек, біздегі әжетхана ахуалынан олар да хабардар екен. Астана мен Көкшетауға қыдырып барған шетелдік мейман "дәретхана таппай әбден  қиналдым" - дейді. 

"Әрине, Қазақстан маған қатты ұнайды. Бірнеше қаласын араладым. Көңілімнен шықты. Бірақ, қайда қыдырып барсаң да есі дұрыс әжетхана таба алмадым. Тапсаң да ұзын-сонар кезек күтесің. Көкшетауда болғанымда дәретхана таппай қатты қынжылдым", - турист Гюрю Йоги.

Тағы бір тың жаңалық! Еліміздің туристік жерлерінде 1000 жаңа дәретхана салынбақ. Бұл жоба аталған саланы дамыту барысында жолға қойылып отырған көрінеді. Билік өкілдерінің сөзінше, салынатын әжетханалардың типі мүлдем өзгеше болмақ. Нақтырақ айтқанда, құрылысында неміс технологиясы қолданылады. Осылайша, 2025-жылға дейін еліміздегі барлық дәретхана мәселесі толық шешіледі дейді олар". 

Ал, ведомства өкілдері салынатын әжетханалар әлемдік стандартқа сай жұмыс істейді, жоғары сапалы болады деп сендіруде. Олардың айтуынша, қазір туристік секторды дамыту үшін жан-жақты инвестициялар тартылып жатыр. Әсіресе, отандық кәсіпкерлер көмек қолын созып, белсенді әрекет етуде - дейді. 

"Бір дәретхананың бағасы қазір белгіленіп отыр. Қарастырып отырмыз. "Қазавтожол" ұлттық компаниясы қосады өз үлесін. Сосын жаңа мен айтып кеткен жекеменшік инвестор келеді өз ақшамды салам деп жүрген. Және де әкімшіліктермен СПК  қай саладан өз үлесін қосам деген компанияны берем десе, солар да қосылады", дейді ҚР Мәдениет және спорт министрінің орынбасары Ерлан Қожағапанов.

Ал министр "бұл әжетханалардың қызметін мемлекет қаржыландырады, дәретханаларды соғуға кететін шығынды кәсіпкерлер көтереді" деп отыр. Оның есебінше, Қазақтандағы ең әсем 10-нан астам туристер орны ғана дәретханаландырылмақ. Оның қатарында, Алакөл, Алматы таулары, Бурабай курорттық аймақтары бар. Сонымен қатар, Астана мен Түркістан және Маңғыстау облыстарының аумақтарының көшелері де осы топқа кірген.

“Дәретханаларды инвестор өз ақшасына алады. Өз ақшасына. Біз мемлекет тек қана соны былайша айтқанда қолданысқа  беруге қаражат жұмсаймыз. Мысалы, суын алып келу керек, жаңағы соны тазартатын азаматтардың айлығы бар. Тек қана соған”, дейді министр Арыстанбек Мұхамедиұлы.

Арыстанбек Мұхамедиұлы "осы нысандарды салуға мемлекет қаражатын аз шығындауды көздеу қажет"- дейді. Сондықтан, алдағы уақытта тұрғызылатын әжетханалардың сапасы жоғары болуы міндетті. Өйткені, дәретханалар өз-өзін ақтайтын табыс көзіне айналуы тиіс. Алайда, жоғары санаттағы әжетханаларға аз ақша кетпесі бесенеден белгілі. Ал, халық бұған не дейді? 

"Бәріне баланс болу керек қой енді. Миллионный туалет, миллион тұратын туалет соғудың қажеті жоқ деп ойлаймын. 100 мыңға да туалетті жақсы етіп соғуға болатын шығар”. 
“Туалеттердің жағдайы енді өте төмен, өте нашар”.  
“Мен ойлап едім басқа да нелер бар ғой деп қазір. Оған әлі жетісіп жатқан жоқпыз ғой”. 

Әзірге, жобаға қанша қаражат кететіні белгісіз. Ал, сала маманы шығынды жобалап былайша есептеді: 

“Мәселен, бір әжетхананың бағасы бір бөлмелі пәтердің бағасымен бірдей деп есептесек бұл бір 7 миллион, 10 миллион дейік. Соған кетеді. Себебі, оның суы бар, электрэнергиясы бар, ол жылы болу керек мына біздің суық климатымызда. Сонда егер де бір әжетхана 10 миллион, 7 миллиондық ақша тұратын болса мәселен жүзі 1 миллиард болады", - дейді экономист Сапарбай Жұбаев.

Экономисттің айтуынша, Республиканың барлық аймағындағы демалыс орындарын дәретханаландыруға қыруар қаржы кетпек. Бүгін 1000-н соғатын болса, ертең қымбат нысан істен шықса жөндеуге кететін шығынды есептеу тіпті қорқынышты. Ал, "Қазақстанның демалыс орындарына бұнша әжетхана аздық етпейтіні күмәнді"- дейді ол.

Ұсынған: Назерке Лабихан

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір