• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 17:49:13
Алматы
+35°

10 Тамыз, 2018 Әлеумет

Туған анасы "өлсін" деп қинаған Диана қыз өмірден күдер үзбейді

2004 жыл... Диананы тағдыр өмірге келе салысымен сынақтың астына алды.

2004 жыл... Диананы тағдыр өмірге келе салысымен сынақтың астына алды. Кішкентай сары қыз өмірге алғаш келген кезде дәрігерлер ақыл есі мен физикалық тұрғыдан дамымағанын айтқан. Туған анасы Анна Иванова денсаулығында ақау болғандықтан ба белгісіз әйтеуір өз жатырын жарып шыққан сәбиін аса ұнатпапты. Диананың үлкен әпкесі бар. Өмірдегі жалғыз жанашыры ата-анасы есіркіге салынған. Барлығына кінәлі сол есірткі мен бір бөтелке дейін десең, болған жайттарға қарап отырып олай айта алмайсыз. Өсе келе Диананы анасы аяусыз сабап, мектептен шығарып алған. Қазіргі кезде Диананың денесінде 80-ге жуық тыртық бар.

Диана

Бұл жайтты біле сала Диананы өз қамқорлығына алған Надежданың үйіне барып, Дианамен танысу үшін Қапшағайға жолға шықтым. Автобуста Диана туралы мәліметтерді қарап отырып, мені қалай қабылдар екен, ортадан оқшауланып, тұйықталып қалған шығар деп ойладым.  Себебі әдетте орыстың кішкентай ұл-қыздарының көбі пысық болады ғой. Бірақ анасынан мейірім емес, залымдық көрген қыз қалай адамдармен тез тіл табыса алады деп ойладым. Кейін іштей кез келген жайтқа дайын болып баруға тырыстым.

Белгіленген мекен-жайға барған кезде мені Надежданың туысқаны күтіп алып, Надежданың жолда келе жатқанын айтты. Ол аз уақытқа жұмыстан сұранып келе жатқан көрінеді.

Біраз жол жаяу жүріп үйге де келдік. Күн тамылжып тұр. Үйге жақындаған кезде сары келіншек көліктен түсіп, маған жымиып қарап орысша сәлемдесті. Надежда екенін түсіндім. Үйге кіре салысымен Диана алдымнан шығып, күлімдеп «Здраствуйте», деді. Хал-жағдайын, денсаулығын сұраған кезде «керемет» деді. Кейін менің қолымнан ұстап, өз бөлмесін көрсете жөнелді. Таңғалдым... Бөлмесіне емес... Осыншалықты сұмдық оқиғаның басты кейіпкеріне айналған қыздың менің алдымда күліп ойнап жүргенін көріп таңдандым, сүйсіндім. Оның бет-әлпетіндегі тыртық оны жүрегіндегі мейірімнен айырмапты, алайда бір кек пен анасына деген жек көрінішті кез келген адам байқай алатын еді.

Диана

Диана

Сені мектепте үздік оқушы дейді ғой. Сабағың қалай болып жатыр, қиын емес пе?

Жоқ, ешқандай қиындығы жоқ. Маған сабақ оқыған ұнайды. Бәрінен бұрын маған математика қатты ұнайды. Иә, мен үздік оқушымын. Тіпті жақында грамота алғанмын.

Достарың бар ма? Кімдермен араласасың?

Әрине, достарым бар. Менің достарым өте көп, деп орысша аттарды тізбектей жөнелді.

Саған осы үй ұнай ма? Қалай тұрып жатсың?

Маған бұл жер қатты ұнайды. Менің осында қалғым келеді.

Кейін ол өзінің грамоталарын алып келуге кеткен кезде анасы туралы сұрақты қойсам ба, қоймасам ба деп ойладым. Қалай қабылдар екен, жараның бетін тырнағандай болмаймын ба деп уайымдадым. Алайда ол бұл сұрақты қалыпты жағдайда қабылдап жауап берді.   Диана маған өзінің жақсы бағалар қойылған күнделігі мен шеті мыжылған грамотаны мақтанышпен көрсетті. Бұл Диананың алғашқы грамотасы екен. 

Міне, менің мынандай грамотам бар. Оны мен жақында алдым. Маған мектептегі сайыстарға қатысқан ұнайды.

Диана

Диана, анаңды сағындың ба?

Жоқ. Мүлдем сағынбадым. Оны көргім де келмейді. Оны жек көрем.

Түрі бірден өзгерді, алайда білдірткісі, көрсеткісі келмеді. Тіпті көзінен жасты да, өкінішті де көрмедім. Кек пен жеккөрініш қана...

Анаңмен кездескен кезде не айтар едің? Не айтқын келеді?

Ештеңе... Сөйлескім келмейді.

Диана

Жарайды, ал болашақта кім болғың келеді? Нені армандайсың?

Менің бір ғана арманым бар, ол дәрігер болу.

Неге дәрігер болғың келеді?

Жай ғана маған ұнайды. Адамдарды емдегім келеді.

Бос уақытыңда немен айналысасың?

Мен сурет салғанды, кітап оқығанды жақсы көрем. Кейде бауырларыммен ойын ойнаймыз.

Кейін әңгімемізге Надежда ханым араласты. Ол Диананың анасын бұрыннан танитынын, Диананың сабақ үлгерімі туралы егжей-тегжейлі айтып берді.

Диана Надежда

Диана мектепте оқымаса да, үйден оқитын балалардың арасында өтетін барлық іс-шараларға қатысады. Бастан өткерген оқиғаларға қарамастан, адамдармен тез тіл табыса алады. Алайда Алматы қаласынан қатты қорқып қалған. Ол қалаға барғысы келмейді. Енді Алматыда ол көптеген сұмдықты бастан кешірді ғой. Сол әсер еткен болуы керек. Бөйжеткеннен кейін ғана Алматыға баруы мүмкін. Уақыт емші дейді ғой. Мүмкін Алматыға оқуға түсер. Алдағы уақытта көре жатармыз.

Сіз Диана туралы алғаш рет қайдан естідіңіз?

Мен Диананың анасын бұрыннан танитынмын. Оның бірінші күйеуі менің алыс туысқаным болып келеді. Яғни Диананың әпкесі менің жиенім болып келеді. Бірақ Диана менің ағамның қызы емес, басқа еркектің қызы. Анна екінші рет тұрмысқа шыққан. Кейін 2011 жылы Диананың анасын теледидардан көріп, жағамды ұстадым. Ол кезде Диананы әжесі аямай ұрып-соққан екен. Осы жайттан кейін учаскелік полиция келген кезде Диананы мектепке жібермей, үйқамақта ұстаған. Алайда полиция қызметкерлеріне "Диананы Ресейге әжесіне жібердік, сол жақта оқып жатыр", - деп айтқан.

2017 жылы оны ауыр соққының салдарынан ауруханаға жатқызған болатын. Оған операция жасалды. Операциядан шыққасын анасы оған бірде бір рет келмеді. Мен Дианаға азық-түлік апарып тұрдым.

Диана

― Диананың әжесі заңдық тұрғыдан жазасын алды ма? Полиция қызметкерлері қандай шара қолданды? Қазір ол қайда?

Иә, сот Диананың әжесін департациялады. Яғни өз қылмысы үшін Ресейге жіберілді. Ол Қазақстан азаматтығын алмаған болатын.

Диана

Диананың анасы не себепті мектепке жібермей, үйге қамап ұстаған?

Себебі Диананы Анна аса жақтырмаған. Сондықтан оны ұрып-соққан, күн бермеген. Тіпті қолын сындырып, жапсырмамен (скотч) орындыққа байлап қойған. Бұл сұмдық емес пе?! Қандай ана өз баласына осылай істейді. Жақсы кез келген ана өз баласын ұруы мүмкін, бірақ бұлай шектен шықпайды ғой. Диана мектепке барған кезде оқушылар, мұғалімдер оның денесіндегі тыртықтарды көріп себебін сұраған кезде «анам ұрды», - деп жауап берген. Кейін үйге учаскелік полиция келіп мазалай бергендіктен Диананы мектепке жібермей қойыпты.

Диананы жек көруінің себебі неде? Үлкен және кіші қызын ұрып соқпайды деп естідім...

Мен де оның себебін түсіне алмадым. Сот та Аннадан басқа қыздарың мен Диананың айырмашылығын сұрады. Алайда ол жауап бермеді. Үндемеді. Тек қана "маған оның керегі жоқ", - деп жауап берді.

Диана

Диананың әкесі туралы естуіңіз бар ма? Қазір ол қайда?

Диананың әкесі де есірткіге тәуелді болған. Ішіп, шегеді. Диана әкесін мүлдем танымайды. Себебі ол 1,5 жасқа толғанда анасы есірткі саудалағаны үшін түрмеге түседі, әкесі сол кезде барлығын тастап, қашып кетеді. Сол күйі қызын да, әйелін де іздеп келмеді. Із-түссіз жоғалды.

Сіз өзіңіз туралы айтыңызшы. Қайда туып-өстіңіз, немен айналысасыз?

Мен Қапшағай қаласында туғанмын, қазір осында жұмыс істеп жатырмын. Мен бұрын зауытта жұмыс жасадым. Қазір ыдыстар сатамын. Жалақым жақсы барлығымызға жетеді. Менің Дианадан бөлек екі балам бар. Олар жақсы араласады. Ал күйеуім вахтада Астанада жұмыс жасайды. Оның жалақысын қосқанда бізге жетіп артылады. Жағдайымыз жаман деуге келмейді.

Диана

Ал күйеуіңіз Дианаға қалай қарайды? Қарсы болмады ма?

Жоқ, мүлдем қарсылық танытпады. Керісінше маған қолдау көрсетті. Соттан сотқа жүгіріп, құжаттар жинап жүргеніме 1 жылдай уақытым кетті. Сол кезде күйеуім маған демеу болып, көмектесті.

Осы кезде бізді Надежданың әпкесі жақсы жаңалықпен қуантты. Ол «Сүйінші! Іс сотта екен. Бүгін Аннаны ата-аналық құқықтан айырады. Сен қайтадан арыз жазуың керек», - деді.

Арқамнан ауыр жүк түскендей болды. Осынша жүгіргенім зая кетпеді, деп қуанды Надежда.

Диана

Болған оқиғадан кейін Аннамен кездістіңіз бе?

Анна сотта өзін ақыл-есі кем адам секілді ұстады. Дианаға айғайлап, ұрыса жөнелді. Оны балалар үйіне беруін сұрады. Аннаның үш қызы бар және үлкен қызы 14 жасында босанған. Оның қазір Сафия атты қызы бар. Анна үлкен және кіші қызына жақсы қарайды. Ал неге екені белгісіз Диананы ғана ұрып соғады.

Дианаға қандай медициналық көмек қажет?

Дианаға хирургиялық, стамотологиялық көмек аса қажет. Сонымен бірге терапевттің де көмегі артық болмайды. Психологтармен жұмыс жасап жатырмыз, кезінде Алматыда Диана балконнан секіріп, анасынан қашып кетпекші болған. Психологтардың кеңесімен мен Дианаға қойын дәптер бердім. Ол қойын дәптерге өзін бірнеше еркектер зорлағанын жазған. 12 ер адамның атын тізіп жазып та берді. Бұл еркектер Диананы зорлаған болуы мүмкін деген күдік бар. Себебі Диана психологқа "мен ер адамдардың жыныстық ағзасы туралы бәрін білемін", - деп айтқан. 

Қазір қойын дәптер қайда? Маған бере аласыз ба?

Өкінішке қарай қазір  менде ол қойын дәптер жоқ. Оны тергеушілер өздерімен бірге алып кеткен. Мен дәптерді суретке де түсіріп алмаппын.

Диана кейін маған өзінің салған суреттерін көрсете бастады.

Диана Иванова

Мына суретті мен салғанмын. Бұл менің отбасым. Көк киімдегі менің анам, қасындағы мен, ал екі шеттегі менің бауырларым.

Диана Иванова

Кейін өзінің кітабын көрсетті. «Оқып бересің бе? Бұл кітап не туралы?», деп сұрағанымда бірден отыра кетіп ежіктеп оқи бастады. Оқып болғаннан кейін бірден түсінгенін айта жөнелді.

Диана Иванова

Диана Иванова

Дианамен әңгімелескен адам зерікпейді. Өте ашық жарқын, ақылды қыз. Өз ойын ашық жеткізе алады, алайда анасы Анна шынашақтай қызды балалық шағынан айырған. Диана ерте есейген қыз. Ол біз естігенде денеміз түршіккен жайттарды бастан өткерген. Алайда мен сағы сынып, өмірден түңілген Диананы көрмедім, өмірге құштар, білікті дәрігер болғысы келетін Диананы көрдім. Осындай қиын сәттерде басын тіктей білген қаршадай қыздың болашағы зор болады деп сендім.

Мен 14 жасымда ойын қуалап жүрдім. Ештеңе білмейтінмін, уайым шекпейтінмін. Себебі ата-анамның үнемі қасымда екенін, кез келген жағдайда қолдау білдіріп, ақыл кеңес айтатынын іштей сезетінмін. Ал Диана болса 14 жасында педофилдерден де, туған анасынан да зорлық зомбылық көрген. Оның санасында өмір бойы бір ғана сұрақ жауапсыз қалатын шығар. "Мені анам не үшін жек көрді?"... Мені де анам ұрып соғатын, алайда іштей уайымдайтын. Анна Иванова болса өз қызынан өзі безінген, тіпті сау тамтығын қалдырмай, аяусыз ұрып-соққан. Диананы ұрып жатқан кезде не ойлады екен? Соншалықты қатыгез ана бола ма?! Осындай қоғамнан қалай қорықпайсың?! Қоғамды адам құрайды ғой, алайда "адамды" адам қылу үшін қайтпек керек?!

Әсел Болатқызы

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір