• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 20:01:05
Алматы
+35°

23 Тамыз, 2018 NEWS

Түймедейді түйедей ететін тиіннен алматылықтардың айырмашылығы жоқ деді Байбек

"Тиіннің алыптығы да қала тұрғындарының мінезін айқындап тұрғандай", - дейді Бауыржан Байбек.

 Екі ай бұрын Алматы тұрғындарының назарын түгелдей өзіне аударған "ғажап" туынды – алып тиін жайлы бүгін тағы айтылды. Айтқан қаланың басшысы Бауыржан Байбек. Бұл жолғы сөзі алматылықтарды тағы шулата ма әлде тиіннің көркемдігін ақыры түсінуге септігін тигізер ме екен, білмедік. Әйтеуір әкім бүй деді:  

«Алматыдағы тиін жайлы әлемдік БАҚ жариялады – BBC, Fox News, New York Post, бұған қоса ресейлік масс-медиа да үнсіз қалмады. Ендігі қаламызға келген туристер де бірінші кезекте тиіннің қайда екенін сұрайды. Көргісі келеді. Тіпті еліміздің өзге қалаларынан келген қонақтарымыз да бұрын-соңды «Шымбұлақ» пен «Медеуге» асығып тұратын еді, қазір тиінді көруге жиналатын болды», - деген Байбек мүсінге жұмсалған 23 миллион теңгенің өзін-өзі толық ақтағанын тілге тиек етті. 

Оның үстіне әкім алматылықтардан дәл осындай реакцияны күткен екен.

«Шын мәнісінде біз тұрғындардың реакциясын алдын-ала болжадық. Тиін алматылықтардың жаңа, тың дүниелерді қабылдай алуына үйреткен индикатор болды. Әрі тиін алматылықтардың мінезін айқындап тұрады – үнемі қозғалыста, қамқорлықта, дәл сіз бен біз секілді.

Жоба авторларының сөзінше, тіпті тиіннің алыптығы да қала тұрғындарының мінезі секілді. Біз үнемі асыра айтуды жақсы көреміз, түймедейді түйедей етеміз де тұрамыз. Тағы бір айта кетерлігі, тиін – таза ауа, таза су, жасыл желек. Ол табиғатта өмір сүргенді сүйеді. Нағыз Алматыға тән жануар. Мұны байқай білгеніміз жөн», - деп қорытындылады сөзін әкім.

Естеріңізге сала кетейік, алматылықтардың сынына айналған алып тиіннің мүсіні «Атакент» көрмесінің алдында шілденің басында пайда болған еді. Анықталғандай тиінді жасау үшін мемлекеттік және жобаны ұйымдастырушы компанияның бюджетінен жалпы 23 миллион қаражат кеткен. Жоба авторы суретші Алекс Ринслер екенін де тағы бір айта кетейік.

 

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір