• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

20 Сәуір, 09:38:50
Алматы
+35°

01 Қазан, 2018 Әлеумет

Түркі мемлекеттері Түркістанға бір-бір аудан салып берсе...

«Әр түркі мемлекеті Түркістанға бір-бірден аудан салып берсе», - деп жазды Фейсбук қолданушысы Садық Шерімбек Елбасының Түркістан облысындағы сапарынан кейін.

«Әр түркі мемлекеті Түркістанға бір-бірден аудан салып берсе», - деп жазды Фейсбук қолданушысы Садық Шерімбек Елбасының Түркістан облысындағы сапарынан кейін. Тіпті Садық Шерімбек аудандарды қалай атауға болатынына дейін ұсыныс тастапты.

«Ол аудандарды символикалық түрде сол елдердің атымен яки астаналарының атымен атап қойсақ. Мысалы, Түркия/Анкара ауданы, Әзірбайжан/Баку ауданы, Мажарыстан/Будапешт ауданы, Өзбекстан/Ташкент ауданы, Түркіменстан/Ашқабад ауданы, Татарстан/Қазан ауданы», - деп жазды Садық мырза.

Сөз соңында, Түркістанды күллі түркі елінің астанасы деп ұрандатып жүрген мемлекеттерге сөздерін іспен дәлелдесе деген ниетін білдірді. Ал желі қолданушылары Фейсбук белсендісінің бастамасын қолдай кетті.  

Айта кетейік, қыркүйектің соңында Нұрсұлтан Назарбаев ресми сапармен Түркістан облысына барды. Сапары барысында Түркістан облысын дамытудағы түрлі жолдарды атап, 2-3 жылда еңсесі биік облыс құрыларына сенім білдірді. Әрі Түркістанның тағлымы мол тарихына тоқталып өтіп, тек қазақ елі үшін ғана емес, бүкіл түркі халықтары үшін рухани Астана екенін атап өтті.

 «Қасиетті Түркістанға деген мақтаныш сезімі әр қазақтың жүрегінде ұялаған. Түркістан тек бізге ғана емес, күллі түрік жұртшылығына қасиетті әрі қадірлі мекен. Халқымызда «Мәдинада Мұхаммед, Түркістанда Яссауи» деген сөз бар. Осындай сан алуан факторлар Түркістанды тұтас тұран додасының, түбі бір түркі жұртының рухани орталығына айналдырды. Түркі әлемінің мәдени орталығын деп танылды», - деді Түркістанға барған сапарында.

Елбасы Түркістанның түркі елдеріне ортақ екенін бұған дейін де талай мәрте айтып келеді. Мәселен Түркі елдерінің VI саммитінде түркі мемлекеттеріне облысты дамытуда бірлесіп жұмыс істеу керектігін тілге тиек еткен.

«Ежелден қасиетті саналатын Түркістан облыс орталығы болды. Осылайша, түбі бір түркі халықтары үшін қастерлі атау өз мәртебесін алды. Бұл – біздің тұтастығымызды нығайтып, бірлігімізді бекемдей түсетін тарихи оқиға», - деген еді мемлекет басшысы. Бұл сөзін Түркияға әрі Қырғызстанға барған сапарларында да қайталап отырды.

Түркістан облысын дамыту жұмыстарын бастап кеткен мемлекеттер де жоқ емес. Мәселен 30 жылдан бері бизнес саласында көш бастап келе жатқан Түркияның «DAL Holding Investment Company» холдингі Түркістан облысының 200 гектар жер аумағында инвестициялық құны 500 млн АҚШ долларына құрайтын жылыжай салуға ниет білдірді. Бұған қоса «Dilmen Dekorasyon inş. Taah. Tic. Ltd Şti» компаниясы 2019 жылы Түркістан облысында жиһаз шығаратын фабриканың құрылысын бастауды жоспарлап отыр.

Түркістанды дамытуда еліміздің әр өңірі де қалыс қалып жатқан жоқ. Әр облыс биыл ғана құрылған жаңа әрі рухани облысқа бір-бір ғимараттан сыйға тартатын болды. Жалпы, Елбасы Түркістанның танымастай өзгеше қалаға айналарына сенімді.

Мұның бәрін саралай келе, жастар арасында Michael Sherimbek деген атпен танымал Фейсбук қолданушысының пікірін неге қолдамасқа деген ой келеді.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір