• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

19 Сәуір, 19:58:34
Алматы
+35°

22 Мамыр, 2019 NEWS

Тоқаевқа хат: "Аудан әкімі Әміреевке ешкімнің шамасы келмейді-ау?"

Халықтың билікке деген ренішін туғызатын әрекеттерімен әшкере болған Әміреев сияқты әкімнің аудан үшін қаншашалықты қажеті бар.

Атырау облыстық полиция департаментінің басшысы А. Дүйсембаев пен сол облыстағы қаржы полициясы департаменті басшысының орынбасары Уайсовқа қатысты әдепке жат қылықтар жасағаны үшін қатаң шара қабылдағанын көріп, Қызылорда облысы Жаңақорған  аудандық мәслихатының депутаты Тұрдалы Қалдыбаев  президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа хат жолдады деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі. 

Ол туралы Тұрдалы Қалдыбаев өзінің фейсбук парақшасында жариялады. "Бірақ, біздің ауданның әкімі Әміреевке ешкімнің шамасы келмейді-ау?! Өйткені оның Көшербаевтай көкесі бар", - делінген хатта. 

Хат авторы аудан әкімі Ғалым Әміреевтің әділетсіздігін әшкерелейді.

Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы!
Біздер, жаңақорғандықтар "Қазақстанда заң жоқ" деген ойда жүр едік. Алайда Сіздің мемлекеттік органдар басшыларына халықпен етене араласу үшін әлеуметтік желілер арқылы халықпен тікелей байланысуды тапсырған бастамаңызды қуана қолдадық. Әлеуметтік желідегі жазба негізінде Атырау облыстық Полиция департаментінің басшысы А. Дүйсембаев пен сол облыстағы қаржы полициясы департаменті басшысының орынбасары Уайсовқа қатысты әдепке жат қылықтар жасағаны үшін қатал шара қабылданғанын көріп, әр өңірлерде өзі би, өзі қожа болып үйреніп қалған шенеунік-сымақтарды да тәртіпке салатын адам бар екен-ау деп риза болып қалдық.
Бірақ, біздің ауданның әкімі Әміреевке ешкімнің шамасы келмейді-ау?! Өйткені оның Көшербаевтай көкесі бар. Бұлай деуімізге себеп 2016 жылдан бастап ауданымызға әкім болып келген Әміреев ойына келгенін істеп отыр. Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің басшысы халыққа есеп берген кезде командалық ауыс-түйісті тоқтаттық деп жарияға жар салады. Бірақ бұл заң да біздің әкімге арналмаған. Өйткені ауданға командалас достарын ертіп алып келеді. (ел аузында әкімнің кадр жөніндегі орынбасары деген атпен таныс Ж.Дүйсекеев аудан әкімінің бас инспекторы, А. Бекішев Жаңақорған кентінің әкімі, штаттан тыс көмекшісі, аудан әкімінің жанындағы қордың қаржысына иелік етуші Б. Қизатов) Бұлардың барлығы қазіргі таңда сыбайлас жемқорлықтың шырмауына шатылып істі болып жатыр. Бұл айтқандарым жалған болатын болса, облыстық қаржы полициясынан білуге болатын шығар. (Бұл азаматтардың ауданда жасаған істерін жеке-жеке жіктеп жазып сіздің уақытыңызды алмайын. Оны бүкіл аудан халқы біледі)
Аудан әкімінің кадр жөніндегі орынбасары деген лақап аты бар, өзімен еріп келген көмекшісі Дүйсекеев «аудан әкімінің қамқорлығында болуы үшін» бөлім басшылары мен ауыл әкімдерінен тұрақты түрде қаржылай және өзгедей сыйақы алып отырған. Егерде аудан әкімінің ықпалы болмаса, бірнеше жыл қызмет өтілі мен өмірлік тәжірибесі бар мекеме басшылары қаршадай баланың айтқанын істеп, сұрағанын бере беретіндей олардың артық дүниелері көп пе екен? Бүкіл ауданның халқы білетін, тапсырмалардың барлығын аудан әкімінің беріп отырғанын анықтауға құзырлы органдарға дәлел жетпей жатыр ма?. Әлде дәлел болуы үшін аудан әкімі жеке көмекшісіне берген тапсырмаларын микрофонмен жалпы жұрттың алдында айтуы керек пе? Аудан әкімімен тәуліктің 24 сағатында бірге жүретін (аудан әкімінің қызметтік тұрғын үйінде де бірге тұратын) екі жеке көмекшісімен олжалы жоспар құруы үшін, оңаша орын жетеді емес пе?
Әміреев жеке көмекшілерін әкелгенімен қоймай, көмекшісі Ж. Дүйсекеевтің әйелі жұмыс істемесе де аудандық қаржы бөлімі арқылы заңсыз еңбекақы төленіп, соның негізінде негізсіз жүктілігіне байланысты жәрдемақы да тағайындалып отыр. Заңсыз еңбекақы төлеген сол кездегі қаржы бөлімінің басшысы А. Салыбековті "адал" берілгендігі үшін аудан әкімінің орынбасары етіп тағайындаған. 
Аудан әкімі мен оның серіктестерінің кесірінен аудандағы мемлекеттік органның басшылары құзырлы органдарға жауап беріп жүрген жағдайлары бар.
Бұл жағдайлардың барлығы жөнінде қылмыстық іс қозғалмай тұрып, облыс әкімі Қ. Көшербаевқа алдын-ала ескертіліп, хат жолданған болатын.
Облыс әкіміне ескертіліп жазылған хатта аталған аудан әкімі Әміреевке жеке басына берілгендік қасиеті бойынша бағаланатын "аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Х. Ахметов те сыбайлас жемқорлықпен күдікті ретінде істі болып жатыр" деп естиміз.
Дәл қазіргі кезеңде ауданда қоғамдық-саяси ахуал толқып тұр. Осындай сайлауалды науқан кезінде жергілікті атқарушы орган тарапынан халықтың көңілінен шығатын сауатты қадамдар жасалмаса, жағдай ушығып кетуі мүмкін. Олай дейтінім, қазіргі таңда Әміреевтің идеология жөніндегі ақылшы, кеңесшісі, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Ә. Төлегеновтің жай ғана аудан деңгейінде өткізілген ауыл әкімінің сайлауында, аудандық маслихат депутаттарының дауысын белден басып, қасақана бұрмалап жүргендігін ескеретін болсақ, алдағы үлкен сайлау науқанында сауатсыз саяси қадамдар жасап, халықтың наразылығын тудыруы әбден мүмкін.(Ауыл әкімдерінің сайлауы кезіндегі қозғалған қылмыстық іс және депутаттардың актісі бар) Аудандық мәслихат депутаттарының осы мәселеге байланысты аудан әкіміне жазған наразылығынан соң, Төлегеновтің сол кездегі сайлау комиссиясы төрағалығынан босатылып, атқарып отырған қызметінен босату мәселесі аудан әкімінің назарына алынғандығы жөнінде жауап берілген. (Хаттың көшірмесі бар) 
Әміреев үшін Төлегеновтің ақыл кеңесі алтыннан да қымбат деуге болады.Себебі Әміреевтің заңсыз босатқан идеология жөніндегі орынбасары Әйтбембеттің орнына Төлегеновті идеология жөніндегі орынбасары етіп әкелуге Әміреев аса белсенділікпен жұмыс жасауда. Олай ойламайын десең, бос орынға бірнеше рет конкурс өткізгенімен ешкім қатыспайды. Қатысқан адам бас тартады. Сонда Әміреевтің ол орынға мамандығы агроном болса да Төлегеновтен басқа ешкімді сәйкес көрмеуі қандай заңға сәйкес келеді екен? Бос тұрған аудан әкімі орынбасарының атқаратын міндетінТөлегеновтің біліміне, мамандығына сәйкестендіру үшін мемлекеттік қызмет істері департаментіне өтініш жасауда деп естиміз.
Осы жерде айтарым, облыс әкімінің аппараты мен облыстық мемлекеттік қызмет департаменті бір жылға жуық бос тұрған аудан әкімінің орынбасары лауазымының неге бос тұрғандығынан хабарсыз болғаны ма? Болмаса, ешкім зерделеу жасамайды ма? Осындай науқан уақытында неге жылға жуық уақыт бос тұрады? 
Ауданда білікті маман саналатын бұрынғы аудандық экономика бөлімінің басшысы С. Асеновті де жұмыстан заңсыз босатқандығы жөнінде халық арасында ашық айтылып жүр. 
Қазіргі таңда республика деңгейінде халықтың әл-ауқатын арттыру бойынша кешенді шаралар қабылданып жатқан уақытта Қызылорда облысының халқы көп шоғырланған белді ауданы, даму перспективасы бар Жаңақорған ауданының әкімі ауданды дамыту үшін білікті мамандарды жұмылдырып жұмыс жасаудың орнына, өзіне «адал» қызметкерлері сыбайлас жемқорлыққа шатылып, ал өзі болса қарамағындағы қызметкерлерді заңсыз қудалап, соттасуда. Сонда деймін, өзге өңірлерде әкімдер мен министрлер халықпен кездесіп, халықтың мұң-мұқтажын тыңдап, әл-ауқатын арттыруға жұмыс жасап, бастарын ауыртып жатса, біздің ауданда аудан әкімі бастаған 10 – ға жуық мемлекеттік қызметшілер сыбайлас жемқорлыққа шатылып немесе өз-өздерімен айтысып, соттасып жатыр.
Осы Әміреевтің кесірінен күдікке ілініп, шатылып жатқан және заңсыз жұмыстан босатылған қызметкерлердің артында қаншама отбасы мүшелері, ағайын-туыстары сары уайымға салынып, наразы болуда.
Қазақта "ет сасыса тұз себеміз, тұз сасыса не себеміз?" деген сөз бар. Ендеше халық үшін пайдасы жоқ, ел-жұртты шулатып, халықтың билікке деген ренішін туғызатын әрекеттерімен әшкере болған Әміреев сияқты әкімнің аудан үшін қаншалықты қажеті бар?

Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы!

Мен біздің ауданда болып жатқан келеңсіздіктерді жалпылама ғана атап өттім. Мұнан өзге де әкімдік жанынан құрылған қорға түсіп, негізсіз жаратылған 54 млн теңге немесе жеке кәсіпкердің сатып пайда табуы үшін жеке қаражатына салған құны 400 млн теңгеден аспайтын көп қабатты тұрғын үйлеріне мемлекеттік бюджеттен үйдің құнынан 3,5 есе көп, яғни 1 млрд 400 млн теңгеге инфрақұрылым жеткізудің қаншалықты қажеттілігі жөнінде және өзге де мәселелер басы ашық күйінде қалып отыр.
Сондықтан ары қарай өз тарапыңыздан тиісті тапсырмалар беріп, қажетті шаралар қабылданады деп сенеміз.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір