• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

19 Сәуір, 04:25:44
Алматы
+35°

20 Наурыз, 2019 Саясат

Белгілі саясаттанушы Ербол Еділов ҚР тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өкілеттілігін тоқтатып, Қасым-Жомарт Тоқаевтың уақытша президент қызметін атқарушы болып тағайындалуына қатысты пікірін білдірді, деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі.

Оның айтуынша, Тоқаевтың мойнына мұндай жауапкершіліктің артылуы тосыннан қабылданған шешім емес.

«Бұл күтпеген тосын сый болған жоқ. Бірақ, мұны дұрыс қабылдау керек. Ендігі басты сұрақ: «Ары қарай не болмақ?»

Біріншіден, Назарбаев президенттік постан кеткенімен, биліктен кетпегенін түсінуіміз қажет. Елбасы өз өкілеттілігін тоқтатқан сәттен бастап «Тұңғыш Президент – Ұлт көшбасшысы» туралы заң күшіне еніп, Конституцияға біршама түзетулер енгізіледі. Сондай-ақ, ең алдымен – «Қауіпсіздік кеңесі» туралы жаңа заң.

Естеріңізге сала кетейін, заңды тұрғыдан «Елбасы» және «Ұлт көшбасшысы» терминдері тек қазір – Президент өкілеттілігін тоқтатқан сәттен бастап өзекті болып табылады. Бұл уақытқа дейін мұндай терминдер оның қызметінде қолданылатын «сөз» ретінде ғана болды. Бұдан бөлек, тұңғыш Президент Конституциялық Кеңестің мүшесі болып қала береді, ал бұл – өте маңызды.

Заң бойынша, Елбасы қызметі кең құзыретке ие. Редакцияланған заңда Қауіпсіздік Кеңесінің төрағасы лауазымы кейбір параметрлер бойынша елдегі екінші президентке қарағанда «мықтырақ» болып келеді.

Қазір елдің бәріне қызық болып отырған – Қасым-Жомарт Тоқаевтың қандай адам екендігі. Оның Президент қызметін уақытша атқарушы болып тағайындалуы жаңалық болғанымен, сенсация емес. Жоспар бойынша, Тоқаев осы қызметке келуі үшін Сенат спикері қызметіне тағайындалған болатын. Қазіргі жағдайы 2013 жылдың күзінде – Тоқаев Сенатты басқаруға келгеннен бастап белгілі болған еді. Қасым-Жомарт Тоқаев сол жылы екінші рет Сенат төрағасы қызметіне сайланғанын ұмытпауымыз керек.

Алғаш рет ол 2007 жылдың қаңтар айында Жоғарғы палата спикері болып тағайындалған еді. Бірақ бұл жайында кейінірек айтамыз.

Бұл жолы Тоқаев жаңа қызметіне 100 пайыз дайын болды. Сондай-ақ, бұл мемлекеттік тілді меңгеруіне де байланысты болды. Тек өзі ғана емес, зайыбы да үйренді. Осыдан шамамен бес жыл бұрын Тоқаевтың қазақ тілін меңгеруіне байланысты түрлі әңгімелер айтылған болатын.

Жалпы, Тоқаев – «транзитті» президент фигуранты үшін таптырмас адам. Көбісі дәл соны бұл қызметке лайық деп санайды, ал біреулер оның «мінезі әлсіз» десе, кейбір саясаткерлер оны «жиһаз» деп атайды екен. Шындығында, бұл мүлде олай емес. Тіпті,  «кейбір әлсіз тұстары» шындығында оны мықты әрі жарқын тұлға етіп көрсетеді. Қасым-Жомарт Тоқаев, негізінен, батыс стиліндегі саясаткер болып табылады.

Сондай-ақ, Тоқаев Еуропа мен АҚШ үшін «тразнитті президент» қызметіне лайықты әрі ыңғайлы фигурант екендігін айтып өткен маңызды. СІМ-де және халықаралық ұйымдардағы Қазақстан өкілеттілігінде қызмет істеген кезінде Батыста оның беделі едәуір артты.

2011 жылдың көктемінде БҰҰ Бас хатшысы Қасым-Жомарт Тоқаевты өзінің орынбасары және Женевадағы БҰҰ бөлімінің басшысы, сондай-ақ, БҰҰ Бас хатшысының Қарусыздану жөніндегі Конференциясында жеке өкілі етіп тағайындағанын бәрі естен шығарып алған секілді.  Біздің қазіргі уақытша Елбасымыз Қарусыздану жөніндегі Конференцияның Бас хатшысы қызметін атқарған. Бұл жәйдан-жәй емес.

Ол ВВС арнасына сұхбат берген кезінде Ақорданың сырын ашып, келесі президент сайлауына Назарбаевтың қатыспайтынын айтқан еді. Кейбіреулер, оны "байқамай айтып қалды" десе, енді біреулер «қоғамның реакциясын» тексеру үшін әдейі айтты" деген болатын. Бірақ, қандай жағдай болмасын, ол сол кезде шындықты айтыпты.

Негізінде, Қасым-Жомарт Тоқаев жайында жағымсыз пікірлер айтылып, басы дауға қалған кездер байқалған емес, ал жемқорлыққа қатысты жанжалдар оның айналасында болмаған. Қысқаша айтқанда, уақытша Президент тек сыртқы саясатта ғана емес, Қазақстанның ішкі саясатында да профессионалды дипломат болып табылады», - дейді саясаттанушы Ербол Еділов.

Ұсынған: Назерке Лабихан

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір