• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

26 Сәуір, 22:35:53
Алматы
+35°

20 Ақпан, 2016 Әлеумет

Тіл білімінің білгірімен кездесу

Алматы университетінің студенттері қоғам қайраткері, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті, академик Өмірзақ Айтбаевпен кездесті....

Алматы университетінің студенттері қоғам қайраткері, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті, академик Өмірзақ Айтбаевпен кездесті. Сыр-сұхбат «Қазақ ғылымы: кеше, бүгін, ертең» деген тақырыпта өтті. Сонымен қатар, академиктің өнегелі өмірі мен шығармашылығы, ғылыми еңбектері мен қайраткерлік қызметі жайлы бүкпесіз әңгімелер айтылды, - деп хабарлайды университеттің баспасөз қызметінен.

          Алғашқы сөз кездесуді ұйымдастырушы университетіміздің доценті, филология ғылымының кандидаты Рахманова Нұржанат Малдыбайқызына берілді. Рухани ұстазы жайлы терең де мағыналы естелік айтып, өмірдеректерінен көптеген мысалдар келтіре отырып, ғылыми зерттеу жұмыстарындағы ерекше атап өтетін төрт бағытқа тоқталды.  

- Оның ең біріншісі, фразеологиялық тіркестердің қыр-сырын ашуға, фразеологизмдердің қазақ-орыс тілдеріндегі болмысын қарастыру арқылы аударма мәселесіне байланысты ғылыми қорытындылар жасады. Екінші, терминолог ғалым ретінде қазақ терминологиясын қоғамдық ғылымдар салалары бойынша түбегейлі зерттеп, оның дамуы мен қалыптасу шеңберін анықтады. Үшінші, Өмірзақ Айтбаев қазақ лингвистикасының стилистика, тіл мәдениеті, әдеби тіл тәрізді салалары бойынша өзіндік пікір өрбітіп жүрген ғалым. Төртінші, қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде мәртебелену жолындағы ізденістері мен күрестерін өз алдына бір сала, бағыт ретінде қарағанымыз жөн. Яғни, ол қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде қалыптастырушы маманның бірі,-деді Нұржанат Малдыбайқызы өз баяндамасында.

Одан әрмен сценарий бойынша қазақ тілі мен әдебиеті мамандығының студенттері ғалымның жазған өлеңдері мен тіл туралы толғаныстарынан үзінді оқыды. 2 курс студенттері Айтақын Мәрлен мен Әліп Нұрахмет арнау өлеңдерін жатқа айтты. Кезек сыр-сұхбатқа көшті. Студенттер көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойса, академик ашыла сөйлеп, бүгінгі ғылым мен білімнің, тілдің жай-күйі жайлы өз пікірін білдірді.

Қырғыз киносының қайталанбас туындысы саналатын «Ыстықкөлдің алқызыл гүлдерінде» Біржан салдың «Теміртас» әнін орындаған Өмірзақ Айтбаев екендігін біреу білсе, біреу білмес. Киноға дауыс берудің тарихы жайлы да керемет сыр шертілді. Кездесудің ең қызықты сәті студенттер қонағымыздан қонақ кәде сұрады. Сегіз қырлы, бір сырлы Өмірзақ Айтбаев жастардың өтініші бойынша Біржан салдың «Теміртас» әнін ықыласпен орындап берді.

Кездесудің қорытынды сәтінде университеттің тәрбие ісі жөніндегі проректоры Аманғалиева Сымбат Тлегенқызы:

- Кеңес үкіметі тұсында орыстандыру саясатының нәтижесінде қазақ мектептері мен балабақшалары санаулы болатын. Жалғыз қазақша білім беретін №12 мектеп болғанын бәріміз жақсы білеміз. Сол кезде бірнеше қазақ мектебі пен балабақшасының ашылуына Өмірзақ Айтбаевтың тигізген үлесі зор. Тіл жанашыры ретінде жасаған еңбектеріңізді осы отырған жастар ешқашан ұмытпасы анық. Осы жылы сексеннің сеңгіріне келіп отырсыз. Сіздің деніңізге саулық, отбасыңызға амандық тілеймін. Біздің оқу ордамызға келіп, студенттермен сыр-сұхбат жүргізуге келіскеніңізге дән ризамын,-деп атап өтті.

Адам баласының қалыптасуына, өзіндік сана сезімінің орнығуына ұшқан ұя, өскен орта айрықша әсер етері рас. Академик қорытынды сөзінде: «Мен ақыл-ой мен білім, білік деген ұғымдарды кітапты көп оқу арқылы сезінгендеймін»,- деді. Оның осы оқуға деген құштарлығы өмір өзенінде өз жалғасын тауып, ҚР Ғылымдар Академиясының Тіл білімі институтында кіші ғылыми қызметкерден академик дәрежеге дейін жеткізді. Мұның бәрі табанды еңбек пен ғылымға деген сүйіспеншіліктің нәтижесінде боларын студенттер кездесу барысында ұғынды.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір