• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

19 Сәуір, 04:51:46
Алматы
+35°

18 Қыркүйек, 2018 Тарих

Тіккен туы жығылмаған Ер Жабай туралы не білеміз? (фото)

15 қыркүйекте осыдан 300 жыл бұрын өмір сүрген батыр бабамыз Жабай батыр Қарабиұлы туралы ғылыми-конференция өтті

Жабай батыр туралы бұрын-соңды естуіңіз бар ма? Осыдан 300 жыл бұрын өмір сүрген Жабай батыр зерттелмеген тақырыптардың бірі. 15 қыркүйекте Жабай батырды халық арасында кеңінен насихаттау мақсатында "Тіккен туы жығылмаған Ер Жабай" атты ғылыми-конференция өтті деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі. Ғылыми конференцияны ақын Алмас Ахметбекұлы жүргізіп, модератордың қызметін атқарды. 

Жабай батыр конференциясы

Жабай  Қарабиұлы  1680 жылы Солтүстік Қазақстан облысының Жамбыл ауданында дүниеге келген. Ол - қол бастаған білікті әскербасы, батыл батырлардың бірі. Жабай батыр жастайынан керейден шыққан Қожаберген мен оның інісі Дәстем сардардан, Балта Тұрсынбайдан үлгі-өнеге алған.

Жабай батыр конференциясы

Тарихи жыр-дастандар мен көркем шығармаларда, ғалымдардың ғылыми еңбектерінде есімі кездесетін Жабай батыр Орта жүз Абақ керей руынан шыққан. Профессор Зуфар Сейтжанұлы өзінің ғылыми мақалаларының бірінде:  "Жәнібек батыр жау (қалмақ) қоршауында қалған кезде қазақтар қарап тұрмай лап қояды. Жаппай шайқас басталады. Бұл шайқаста Жәнібек ғана емес, Қабанбай, Бөгенбай, Олжабай, Ер Жабай секілді батырлар ерлік көрсетті", деп жазған. Сонымен бірге Жабай батырдың шыққан елі туралы мәліметтерді кездестіруге болады. 

Жабай батыр конференциясы

Аталмыш шарада белгілі тарихшылар мен филологтар Жабай батыр туралы тың деректерді жинақтап, баяндама оқыды. Ғылыми-конференцияға қатысушылар тарихи деректерге сүйеніп, Қазақ хандығының тарихын зерттеушілер мен қазақ батырларының шежірелерін таратып, өмірбаянынан хабардар ғалымдардың сөзіне жүгініп баяндама әзірлеген. 

Жабай батыр конференциясы

"Біріншіден Ер Жабай батырға арналған конференция ертерек өту керек еді. Дегенмен ештен кеш жақсы. Соңғы уақытта жергілікті БАҚ-тар мен әлеуметтік желілерде "қазақтарда батыр көп, жоқ жерден батыр жасап алады", деген пікір жиі айтылып, жазылып жүр. Негізі қазақта батыр көп болғандықтан еліміз осындай деңгейге жетіп отыр деп есептеймін. Қазақ батырын зерттеп, зерделеуден шаршамау керек, жалықпау керек. Ғылыми конференциялардың ұйымдастырылуы жақсы ғой, әрине, бірақ ғылыми дессертация не монография жазылып, зерттеу жұмыстары жүргізілмей тақырып тарихта бекітілмейді. Алдағы уақытта Ер Жабай туралы ғылыми монаграфия жарық көреді. Осыған ұқсас зерттеу еңбектері көбейсе, Жабай батырдың аты өлмейді. Сонымен бірге Жабай батыр туралы деректер мектеп және университет оқулықтарына енгізілуі керек",- деп пікір білдірді тарих ғылымдарының докторы, профессор Зиябек Ермұханұлы.

Ғылыми конференцияда бірқатар ұсыныстар айтылып, кейін конференцияға келген қонақтарға Жабай батырды еске алып, дұға бағыштау мақсатында ас берілді. 

Ғылыми-конференцияда жасалған ұсыныстар:

  1. Ғылыми конференцияда жасалған баяндамалар жинақ болып шығарылып, еліміздегі ірі кітапханаларға таратылса;
  2. Қазақстан тарихы және өлкетану оқулықтарына Жабай батыр туралы мәліметтер енгізілсе;
  3. Ер Жабайға Қызылжар, Астана секілді қалаларда ескерткіштер салу қолға алынса;
  4. Еліміздегі бірқатар көшелер Жабай батырдың атымен аталса;
  5. Ер Жабайдың атымен аталатын қоғамдық қор құрып, ел аузында сақталған тарихи әңгімелерді, шетелдегі деректер мен өзіміздің мұрағатта сақталған деректерді жинақтау жұмыстары жасалса;
  6. Астанадағы Қорғаныс министрлігінің орталық мұражайына Ер Жабайдың ұрпақтарында сақталған заттар қойылса;
  7. Ер Жабайдың жерленген жерін анықтап, мазар тұрғызылса;
  8. Еліміздегі беделді оқу орындарындағы тарих және әдебиет мамандықтарында оқитын дарынды студенттерге Ер Жабайға қатысты магистрлік және докторлық диссертацияларына тақырып бекітілсе;
  9. Қазақ тарихы мен Отан тарихы секілді тарихи бағыттағы журналдарға Ер Жабай туралы деректер жиі жарияланса;
  10. ҚР ЖОО-дағы тарихи деректерді зерттеп, зерделеуге бейім  талантты, дарынды студенттерге ұрпақтарының атынан "Жабай батыр атындағы стипендия" тағайындалса; 
Әсел Болатқызы

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір