• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

24 Сәуір, 19:06:16
Алматы
+35°

16 Тамыз, 2018 NEWS

«Технодом» министрліктің ескертуіне қарамастан интимді тауар түрлерін сатуды көбейтпек

«Технодом» дүкенінде «үлкендерге арналған тауарлардың» бірқатары ағымдағы жылдың мамыр айынан бастап ашық түрде сатылып келген екен

«Технодом» тұрмыстық және электронды техника сататын дүкендер желісінің интернет-ресурсында «үлкендерге арналған тауарлардың» бірқатары ағымдағы жылдың мамыр айынан бастап ашық түрде сатылып келген екен. Аталмыш мәселеге қатысты тұтынушылардан ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігіне арыз-шағымдар түсіп, нәтижесінде Technodom.kz интернет ресурсы екі күнге, 7-8 тамыз күндері бұғатталып, «Технодом» компаниясының сайтына кіруге шектеу қойылған болатын. Компанияның негізін қалаушы Эдуард Ким, өз кезегінде, халықтан мұндай тауарларды ашық-жария түрде сатылғаны үшін кешірім сұраудың орнына, Министрліктің бұл іс-әрекетіне ашуланып, дұрыс емес деп атады. Оның ең басты қынжылып отырған себебі - Technodom.kz ресурсы бұғатталуының салдарынан компания бір күнде 30 миллион шығынға ұшырапты.

Qamshy.kz ақпарат агенттігінің тілшісі «Технодом» компаниясының өкілдері бұл жайтқа қатысты қандай жауап айтады деген сауалмен оларға қоңырау шалған болатын. Өзін компанияның пиар-менеджерімін деп таныстырған Айнұр Аралбаева олардың тарапынан ешқандай да заң бұзушылық болмағанын айтып, өздерін тыйым салынбаған тауарды сатқанын айтып ақталды.

Оның айтуынша, «интимді тауарлар» аталмыш компанияның интернет-ресурсында ағымдағы жылдың мамыр айынан сатыла бастаған. Сол уақыттан бері «интимді тауарлардан» түскен пайда 235 000 теңге шамасында екен.

Еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін интернетті пайдаланатын заманда ұятсыз тауарларды ашық түрде сатылымға шығарған еліміздегі алғашқы қатарда тұрған электронды дүкендер желісінің өкілдері ол тауарды сатып алу үшін тапсырыс беруші өзінің жас шамасын сайтта жазып көрсетуі тиіс екен. Анонимді түрде жүзеге асырылатын бұл сауданы жүргізу барысында монитордың ар жағында отырған адам шын мәнінде кәмелетке толған ба, жоқ па – ол анықталмайды. Тауарды сатылымға қойғандар ол мәселеге жауап беруге міндетті емеспіз, әрбір ата-ана өзінің баласын бақылауы тиіс» дейді. Рас-ау! Дегенмен, барлық жауапкершілікті ата-ананың мойнына артып қойып, азғындық әрекетке жетелейтін мұндай «интимді тауарларды» ашық түрде сатылымға шығарып, кейіннен «біз ешқандай да заң талаптарын бұзған жоқпыз, мұндай тауарларды сататын дүкен жалғыз біз емес» деуі қаншалықты ақылға қонымды іс-әрекет?!

ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің баспасөз-қызметіндегілердің айтуынша ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігіне technodom.kz интернет-дүкенінің веб-сайтында «ересектерге арналған тауарлар» деп аталатын бірқатар тауарлардың суреттері  және сипаттамалармен ашық түрде жарияланғаны туралы және осыған қатысты заң аясында шара қолдануды сұраған шағымдарға байланысты интернет-ресурстың мазмұнына құқықтық мониторинг жүргізілді.

«Сараптама нәтижесінде аталған сайтта жыныстық-эротикалық сипаттағы материалдардың жарияланып, бұқаралық ақпарат құралдары туралы және балалардың денсаулығына және дамуына зиян келтіретін ақпараттан қорғау туралы заңнамалардың талаптарының бұзылғандығы расталды. Сонымен қатар, 2015 жылғы 27 наурыздағы № 264 Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің қаулысымен бекітілген Ішкі сауда ережесінің 155-тармағына сәйкес эротикалық мазмұндағы тауарлар арнайы жерлерде (мамандандырылған дүкендер) сатылуға тиіс. Осы орайда, ағымдағы жылдың 2 тамызында Министрлік technodom.kz интернет-ресурсына Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзатын материалдарды алып тастауға немесе олардың қазақстандық пайдаланушыларға қолжетімділігін шектеуге шаралар қабылдауын талап етіп хат жіберген болатын. Technodom.kz интернет-ресурсы тиісті шараларды қабылдап, заң талаптарын орындамағандықтан, Министрлік ағымдағы жылдың 7 тамызында «Байланыс туралы» Заңның 41-1-бабында белгіленген тәртіпке сай technodom.kz интернет-ресурсына кіруді шектеу туралы байланыс операторларына және «Мемлекеттік техникалық қызмет» РМК-ға нұсқама жіберді», - делінген хабарламада. 

Белгілі болғандай, министрлік тарапынан жасалған ескертулерден кейін компанияның жауапты мамандары аталмыш тауарды сататын контентті алып тастаған.  

«Технодом» пиар-менеджері өз сөзінде болашақта қай бағытта болмасын тауарлар желісін одан сайын кеңейтетіндерін айтып өтті.

«Біз ешқандай да тыйым салынған тауарды сатылымға қойып отырған жоқпыз. Оның үстіне, біздің сайтқа кірген бойда «интимді қуыршақтар» алдарыңыздан шыға келмейді, ол арнайы бөлімде орналастырылған. Сондықтан да қандай да бір заң талаптарын бұзып отыр дегенге келіспейміз. Болашақта тұрмыстық, электрондық немесе басқа да қажеттіліктерге арналған тауарлар желісін біз кеңейтпесек, әрине, азайтпаймыз. Біздің тұтынушыларымыз барлық жағынан қамтамасыз етіліп, өздеріне керекті кез келген тауарға қол жеткізгендерін қалаймыз», - дейді Айнұр Аралбаева.

Ал министрлік өкілдері компанияның бұл пікіріне қатысты қандай да бір заң талаптары бұзылған жағдайда оларға қажетті шара қолданылатынын атап өтті.

Nazerke Labihan

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір