• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

30 Сәуір, 08:00:21
+35°

26 Ақпан, 2019 Экономика

Теңгені тығырықтан алып шығу Досаевтың қолынан келе ме?

Қазақстанның Ұлттық банкін төрт жылға жуық басқарған Данияр Ақышевтің орнына Ерболат Досав тағайындалды

Кешелі бері бірқатар шенділер орынтағымен қоштасып, енді бірі жаңа қызметпен қауышып, тағайындаулар болып жатыр. Соның бірі Қазақстанның Ұлттық банкін төрт  жылға жуық басқарған Данияр Ақышевтің орнына Ерболат Досаев тағайындалды.  Бұған дейін Ұлттық экономика министрлігін басқарған Досаев мырза алдағы уақытта Ұлттық банктің жұмысы Үкіметпен тығыз байланыста болатынын айтты. «Қаржы саласы экономиканың доноры болғандықтан осы саладағы жұмысты Үкіметпен етене араласып істейміз. Біз ай сайын Үкіметте бас қосып мәселелерді бірігіп шешеміз» - деді Досаев.

Ал енді  Ерболат Досаевтың Ұлттық банкке келуі елдегі инфляцияның деңгейіне және теңгенің тағдырына қалай әсер етеді?! Болашақта Ұлттық банкке нені ескеру керек?!

Мамандардың пайымадуынша, биылғы жыл Қазақстан үшін күтпеген экономикалық сценарийлерге толы болады. Алдағы уақытта Ұлттық банк үшін теңгені тежеп ұстауға көптеген қаржы жұмсауға тура келеді.

Экономист-ғалымдардың айтуынша, биылғы жылы инфляцияны тежеудің заманға сай тәсілдерін меңгермесек, қымбатшылық бұдан әрі еселене беретін болады. Мамандар алға тартып отырғандай, биылғы жылы көк қағаздың құны шарықтап одан әрі шарықтай түсуі әбден мүмкін. Оған себеп, бірінші кезекте АҚШ-тың экономикалық ахуалы.

АҚШ-тан бастау алған сценарийге қарсы әдіс керек

АҚШ қаржы министрлігінің мәліметі бойынша, елдің мемлекеттік қарызының көлемі тарихта алғаш рет 22 триллион доллардан асып кетті. Дональд Трамп АҚШ президенті қызметіне кіріскеннен бері мемлекеттік қарыз екі триллион долларға көбейген. «Міне, осы жайттар алдағы уақытта біраз елдің экономикасына кері әсерін береді» деседі мамандар.

«2017 жылы желтоқсанда Трамптың бастамасы бойынша салық реформасы жүргізілгеннен кейін мемлекеттік қарыз көлемі тез ұлғая бастаған. Соның салдарынан федералдық бюджет бір жарым триллион доллардан қағылған. Қарыздың көбеюіне әскери мақсатқа және ішкі қажеттіліктерге жұмсалатын шығынды көбейту туралы заңдар да әсер еткен. АҚШ конгресінің бюджет басқармасы 2019 жылы бюджет тапшылығы 897 миллиард долларды құрайды деген болжам жасаған. Бұл өткен жылғыдан 15 пайызға көп. Болжам бойынша, бюджет тапшылығының көлемі жыл сайын ұлғайып, 2022 жылға қарай бір триллион долларға жетпек. Бюджет тапшылығының ұлғаюына әлеуметтік жәрдемақылар мен 65 жастан асқан азаматтарды медициналық сақтандыру жүйесіне жұмсалатын шығынның өсуі әсер етіп отыр. Ақ үй жаңа салық реформасы экономика серпін беріп, өзін ақтайды деп сендіреді. Бірақ экономистердің көбі бұл пікірмен келіспейді. Алдағы уақытта АҚШ федералдық резерв жүйесі сыртқа беретін қарызының пайыздық ставкасын еріксіз өсіреді. Бұрын сыртқа беретін қарыз ставкасы 0,25 пайыз болса, қазір АҚШ мұны 0,5 пайыз қылып өсірген болатын. Осы сәттің өзінде-ақ көптеген елдерде джоллар бағасы шарықтап, ұлттық валюталары төмендеді. Енді жазға қарай АҚШ федералдық резерві пайыздық ставкасын тағы өсірсе, бұл көк қағаздың тағы да құны өсіп, инфляция арта түсетінінін көрсетеді. АҚШ осылай өзінен шыққан шығынды толтыруды жоспарлайды. Сондықтан Ұлттық банк пен Үкіметке біріші кезекте осы мәселені ойлану керек»,- дейді экономист-ғалым Жұмаділда Баяхметов.

Ресейдің жайы да біздің көңіл-күйімізді бұзады

Сарапшылардың пайымдауынша, ендігі кезекте «теңге қадамын нықтай түседі» деп айту қиын. Әлемдік экономикада қалыптасып отырған жағдайдың өзі мұны айқындап тұр. Мәселен,  қазір Ресейде бір доллардың құны 63,22 рубль болып, Ресей валютасы барынша әлсіреуде. Ал рубльдің құлдырауы экономикасы Ресеймен тығыз байналысты ел ретінде Қазақстанға да өз әсерін тигізбей қомайды.

«Қазақстан экономикасы Ресеймен тығыз байланысты  болғаннан кейін Ресей валютасының арзандауы бізге өз әсерін тигізбей қоймайды.  Ресейде қазір рубльдің құны ғана төмендеп тұрған жоқ. Ресейдің мемлекттік облигациялары да құнсызданып бара жатыр. Мемлекеттік облигация дегеніміз – бюджет шығынын жабу үшін және түрлі ірі жобаларды қаржыландыру үшін шығарылатындықтан  мұндай облигациялардың құнсыздануы Ресейге оңай болмайды. Аталмыш құнды қағаздардың, акциялардың құнсыздануын сақтап тұру үшін Ресей болашақта алтын-валюта қорынан қосымша қаржы ала бастайды. Ал алтын-валюта қорынан қаржы алу өзінен-өзі рубльдің құнын түсіреді. Ал рубльдің құнсыздануы Қазақстан үшін жақсы нышан емес.  Себебі Қазақстан мен Ресей экономикасы қатты ұқсас. Екі ел де мұнай экспорттайтын ел. Бұған қоса Қазақстан мен Ресей экномикалық серіктес ел. Егер рубль арзандаса Ресейдің тауарлары да арзандайды. Бұл жағдаймен келіспестен біз теңгені тежеп ұстап тұрсақ, қазақстандық тауарлар қазіргі қымбаттағаннан да әрі қымбаттай береді. Бұдан шығатын қорытынды тұтынушылар арзан тауар алу үшін жаппай Ресейдің өнімін сатып ала бастайды да, отандық тауарға деген  сұраныс төмендейді. Мұндайда өзінен өзі теңгенің құнын кемітсе ғана отандық өнім бәсекеге қабілетті болады. Сондықтан болашақта теңгенің әлсіреуі әбден мүмкін. Бұл отандық өндірісті қолдау үшін орын алатын сценарий»,-дейді Жұмаділда Баяхметов.

Юань  ол ойландырып тұр...

Негізінен, маусым айы басталғалы бері юань бағамы да 3,3 пайызға төмендеген. Алпауыт аспан асты елі валютасының құнсыздануын да сарапшылар оңға балап отырған жоқ. Қаржыгерлердің бағамдауынша, бұл жағдай да Қазақстанға әсер етуі әбден мүмкін.

«Қытайдың ұлттық валютасы биылғы маусым айында 3,3 пайызға дейін құнын жоғалтты. 2016 жылы юань бағамы тұрақты көтеріліп тұрды. Тіпті бұл жылдары юань долларды ығыстырып шығарады. Халықаралық валютаға айналады деген пікірлер де қаулады. Бірақ 2017 жылдан бері юань бағамы күрт төмендей бастады. Бұған әрине Қытай мен АҚШ арасындағы жағдайлар да өз әсерін тигізуде. Білесіздер, 2017 жылдан бері АҚШ президенті Трамп АҚШ пен Қытай арасындағы сауда айналымы теңгерімін қалыптастыру үшін Америкаға енетін Қытай тауарларына ауыр салық салуды  жөн көре бастады. Міне, осыдан бастап юань әлсірей бастады.  Ал мұндай жағдайда бұл экономикалық соғыстың бізге әсері тимейді  деуге тағы болмайд»,-дейді сарапшы Тоғжан Шаяхметова.

Болшақта АҚШ Қытайға деген экономикалық көзқарасын өзгерте қоймаса Қытайдың ұлттық валютасы экономикалық қысымнан құнсыздана береді. Ал бұл жағдай бізді ойлантуы тиіс. Өйткені, Қазақстан мен Қытай арасындағы экономикалық байланыс күннен күнге нығайып келеді. Қытай елінен Қазақстанға күнделікті қаншама тауар импортталады?! Қазақстан да тауар экспорттап отыр. Біздің нарықтың басым бөлігін Қытай тауарлары алып жатыр. «Мұндай жағдайда бұл қаржылық жағдайдың бізге тікелей әсері болады» дейді қаржыгерлер.

Не істеу керек?

Осылайша еліміздің ең басты экономикалық серіктестері саналатын Қытай мен Ресейдегі жағдайды тізбелесек, болашақта не істеу керек?  Оның үстіне бұрынғыдай қымбат мұнайдың да жоқ екенін ескеру керек.

Мамандар мұндайда «девальвация экономикаға уақытша дем беру ғана. Сондықтан теңгені құнсыздандыру біз үшін тығырықтан шығатын жол емес» дейді.

Түйіндесек, сала мамандарының нақтылауынша, көрші елдерде болып жатқан экономикалық жағдай бізге өз әсерін тигізеді. Себебі экономикалық тұрғыда біз оларға байлаулымыз. Демек, мұндайда үкіметтік тұрғыда сақтық шараларын қайта пысықтау керек. Өзімізден шығатын өнімнің аздығы, шикізатқа тәуелділік, мұнайдан түсетін түсімге көбірек иек арту бізді ойландыруы тиіс. Болашақта отандық өндірісті қолдауға басымдық арта түсуі керек. Осы ретте мамандар «қазір біз ішкі нарықты сырттан ағылып жатқан сапасыз тауардан қорғай алмай отырмыз. Ол үшін біздің өзіміздің шығаратын отандық өнімдеріміз басым болуы керек. Шикізатқа тәуелділіктен құтылып, ең соңғы дайын өнімге дейін өнім шығару қабілетіміз артуы керек. Міне, сол кезде ғана біз тығырықтан шығамыз. Ал Досаевқа және Үкіметке артылар жүк отандық өндіріске барынша банктер арқылы қолдау көрсетуді қолға алу керек. Егер отандық бизнесті дамытуға елде барынша жайлы жағдай жасалса біз бұл тығырықтан шығар едік» деп отыр...

Қарлығаш Зарыққанқызы

Nazerke Labihan

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір