• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

25 Сәуір, 18:36:58
Алматы
+35°

Қытайдағы қазақтілді кино индустрияның дамуына атсалысқан, қазақтілді телеарна қалыптастыруға ұзақ жыл жұмыс істеген, еліміз тәуелсіздік алғаннан кейінгі уақытта атамекенге оралып, қазақ телевизиясы мен қазақ киноөнеріне өлшеусіз үлес қосқан режиссер Әсемғазы Қапанұлы дүниеден өтті, деп жазды Qamshy.kz

Әсемғазы Қапанұлы 1968 жылы 15 тамызда өмірге келген.

Ол елге келген соң «Хабар», «Жетінші арна», «Қазақстан» ұлттық телеарналарында дубляж саласында өзіндік қолтаңбасын қалдырып қана қоймай, «Күлтегін» сынды бірнеше тарихи-экспедициялық фильмдермен қатар Таңжарық ақынға, Ермұрат Зейіпханға арналған бірнеше өмірдеректік фильм түсірген.

Qamshy.kz ақпарат агенттігі марқұмның отбасына, туған-туыстарының қайғысына ортақтаса көңіл айтады.

«Қамшы» оқырман назарына Әсемғазы Қапанұлының Өзінің «Тас таңбалы түйіндемесін» және  осыдан дәл 4 жыл бұрын жазылған деректі-әңгімесін ұсынады.

ТАС ТАҢБАЛЫ ТҮЙІНДЕМЕ... (Күлтегін Білгеше)

Мен Әсемғазы Қапанұлы Қас Жолымбетпін. Бабаларым Іле бойын, Құлжаны мекен еткелі төрт ғасырға жуықтапты. Ел Ата жолды суытпапты. Тәңірінің қалауымен мешін жылы мен де Чинде туыппын, сонда оқыдым, сонда өстім. Ана тідді ұмытпапын, үстіне Чин тілін білдім, жазуын жаздым...

... 45 тің 25 і ТЕЛЕ жақта өтті. Арасында 5 жылды Үлкен-кіші телеотаулар жепті. Жастайымнан күшімді, ісімді ТВ-ға бердім, отынан кірдім, суынан шықтым... ... Басқы 10 жылдай уақытымды Чин жақта ТабығашТВда өткіздім. Мені Табығаш қызықтырмады. Атам Қапанның, Әжем Секердің, туған Анам Ажардың аруағы қолдап, ағам НұрТегін Төр-Үкіметін орнатқанда Қапанұлы іргелес Алматыға жол алды, Әкем Имаш батасын беріп шығарып салды.

... Бір жарым жылдай уақыт тез өтті, сосын жүрдек отарбамен Арқаға көштім. Арқа аяз болды, үйсіз жүріп біраз "тоңдым". Тоңғанда өшпедім, жылынғанда бөспедім. ... Хабарда... Президент ТВ кешенде... АстанаТВ да... ЭРА-ТВ да... Жетіншіде істедім... ... жеке де істедім. Көбінесе Дубляжда дублбасы болдым, бағдарлама жасадым, док\фильм «Күлтегінді», «Таңжарықты», «Көк туымды» және көп фильмді түсірдім, бейнебаян құрадым. Мақтады... даттады... көбі жақтады. ... Орыс Анғыл тілдерін жетік емес үйрендім, "ресіми" көбейгенде жирендім... Чин тілінен сериялдар қотардым. Конфуцийді аударуға бет алдым, оны ФБ-ға шетінен жолдадым. ... аянбай істедім, арзан кезде Қояндыдан жер ап, киіз үй паналап, кірпіштен үй жасадым... Тумаларымды тарттым. Қарындас ұзатып, құда боп құйрықбауыр асадым.

... Теледе жақсылар көп еді, жамандар да бар еді. Жақсылармен бірге болдым, жамандардан ірге бөлдім. ... Айжан Чин мектебін былтыр бітіріп білімін сайлады, қызым тым жас болса да қазақ, анғыл, жапон тілдерінде еркін сайрады... оқыса дедім, ақ тілегімді, бар долларымды беріп оны күз болғанда Жапон еліне оқуға байладым, ол "Әкем жолын қуам" деді, мен қуаныштан жайнадым. ... Мен телеге баур бастым, Ана тілімді сүйдім, сол үшін теледен кетпедім. Кетірген кезде қайтадан беттедім. Дәстүрім сақталсын деп, үмітім ақталсын деп МЕН тағы "Тіл" дедім, "Тілмен" мәңгі біргемін! Қолымды қойдым, мөрімді бастым.

(Жылқы жылы көкектің онбір жаңасы, Қоянды)

 

Әсемғазы Қапанұлы. «Теріс тоған»

 

«Көш» деген сөзді естісем болды, менің ойыма бір әңгіме оралады, не күлерімді, не жыларымды білмеймін. Оқиға менің ауылымдағы «Теріс тоған» деп аталатын бір арықтың екі жағасында болған. Сондықтан бұл әңгімемнің атын «Теріс тоған» деп атадым.

Менің туып-өскен жерім Қытайдағы қазақ облысы тұрған Құлжа қаласынан күн шығысқа қарай 130 шақырым қашықтағы Нылқы ауданына қарасты Қаратөбе дейтін қазақы ауыл. Кәдулгі Балқаш көліне құйып жатқан Іле дәриясының бір тармағы Қас өзені жағалауындағы қабақтай тепсең жазыққа жайғасқан үлкен елді мекен.

«Көш» деген сөзді естісем болды, менің ойыма бір әңгіме оралады, не күлерімді, не жыларымды білмеймін. Оқиға менің ауылымдағы «Теріс тоған» деп аталатын бір арықтың екі жағасында болған. Сондықтан бұл әңгімемнің атын «Теріс тоған» деп атадым.

Менің туып-өскен жерім Қытайдағы қазақ облысы тұрған Құлжа қаласынан күн шығысқа қарай 130 шақырым қашықтағы Нылқы ауданына қарасты Қаратөбе дейтін қазақы ауыл. Кәдулгі Балқаш көліне құйып жатқан Іле дәриясының бір тармағы Қас өзені жағалауындағы қабақтай тепсең жазыққа жайғасқан үлкен елді мекен.

Ақ басты Тәңіртаудың мұз тамшысынан бастау алатын, екі қапталы орманды биік тау жоталармен қоршалған Қас өзенінің ағыны аса қатты келеді. Көктем-күзгі су тасыған кезде өзеннің ерекше долданып ағатыны бар. Өтірік емес, кейде тіпті түйедей үлкен тастарды да жайдақ жағаларға домалатып әкеліп тастайтын. Таулы өңір болған соң, ауылдың айналасындағы жылғалардың бәрі бұлақ, деседе анадай дүлей ағыстың көзсіз күшін жаңаша пайдаланған ауылдықтар өзеннің жоғарғы жақтағы көпір түскен бір қысаңын шамалы буып, ауылдың тау жақ етегіне дейін арық қазып, өзеннің өз екпінімен биіктеу бөктерлерге бірер құлақ су жеткізіп алған, сөйтіп 30-40 шақырым аумақтағы бау-бақша және егіс атыздары жетекпен келген осы сумен емін-еркін сусындайтын болған.

Шығысы биік, батысы аласа келетін алып екі таудың ортасында ағып жатқан Қас  Текес пен Күнес өзендерімен тоғысып Ілені құрағанға дейін тек қана батыс жақты беттеп ағады. Мұндағы ел шығысқа қарай аққан суды ешқашан көрмеген, сондықтан өзеннің екі жағалауына қоныстанған тұрғылықты халықтың білетіні, су аяғы құрдым - ол батыстағы Балқаш. Осыған көзі үйренген ел, мына өздері қазған тоғанның Қас өзенінен бөлінген соң ауылдың күн шығыс тұсындағы әнтек ылдиды қуалай шамалы жерге дейін шығысқа қарай беттеп барып, қайтадан арнасына түскен сәтіне бола бұл арықты «Теріс тоған» деп атапты. Теріс тоған елуінші жылдардың соңына ала өріс алған Қытайдағы «Зор секіру» дейтін науқанның жемісі, бұл арық сол тұста бір өңірдің мақтанышына айналған екен. Өйткені «Әлемді еңбекпен өзгертеміз», «Заманауи ел құрамыз», «Американы басып озамыз» деп ұрандатқан саяси үдерісте, осы «Теріс тоған» ауылды қойып, аудан, аймақ басшыларының жоғарғы жаққа айғайлап тұрып оқып беретін баяндамаларына талай рет арқау болыпты. Әуелдесеңіз бұл «теңдессіз жетістікке» бір ақын:

Ойпыр-ай, мынау неткен көпір еді,

Екі таудың қосылған көкірегі,

Астынан Қас өзені мөңкіп ақса,

Үстінен бес құлақ су секіреді. –деген өлең жолдарын арнапты.

80-ші жылдардың басында Қытайда «малды, жерді жекешелендіру», «көшпелі малшыларды орнықтыру» дейтін саясат болды. Сонда ауыл басшылары «Теріс тоғанды» оңынан пайдаланды. Таудан түсіп жаңадан отырықшы болған қазақ-монғол малшыларды «Теріс тоғанның» шығыс жақ бетіне жайғастырды, оларға үкімет көк кірпіш, қызыл кірпіштерден үйлер тұрғызып, шағын қыстақ салып берді. Осыған дейін, ауылдың төрт түлік малы ғана жайылып жүрген жусанды тепсеңде енді кісі қарасы көбейіп алпыс шақты үй соғылды. Барыс-келіс жанданды, бес шақырымға еркін толмайтын арада қатын-қалаш қыдырысып, бала-шаға жүгірісетінді шығарды. Ел аузында «Теріс тоғанның» ар жағы», «Теріс тоғанның» бер жағы» дейтін сөз тіркестері көп айтылатын болды. Жұрт бұл сөздерді «Теріс тоғанды» еске салу үшін емес, қайта ауыл мен қыстақ аражігін айқындап тұратын «шекара» мағынасында қолданып жүрді...

Жә, «Теріс тоған» осылай тұра тұрсын, енді әңгімені басқа жақтан толғауға тура келеді.

Совет одағы тарап жер шарында «Қазақстан» дейтін ел пайда болғанға дейін Қытай қазақтарының атбайлар қазығы, рухани орталығы Құлжадағы «Қазақ облысы» еді. Өйткені Іле, Алтай, Тарбағатайдан құрам тапқан үш аймақ қазақтарының бірден-бір саяси әрі заңды «автономиясы» 1954 жылы осы ескі шаһарға қазығын қаққан. Мұнда ұлттың тілі мен салт-дәстүрінің жоқтаушысындай болып облыстың өз газет-журналы шығып тұрды және тәулік бойы жұмыс істейтін қазақ тілді телерадиосы бар еді. Мен 1989 жылы институтты бітірген соң, жолдама берген Үрімжіні тәркі етіп, атамекенім Құлжадағы қазақ тілді телеарнаға жұмысқа орналастым. Туған ауылым қаладан ат шаптырым жерде тұрғандықтан әр сенбі, жексенбіде болмаса да, мереке-мейрамды құрғатпай «Қаратөбе қайдасың» деп, алтын ұя ауылыма қайқайып тартып отыратынмын.

Қазақ елінің Тәуелсіздігі өзбек пен қырғыздан кейін бізге жер текпілетіп, тағатымызды әбден тауысып барып, 1991 жылдың 16 желтоқсаны дегенде жетті-ау әйтеуір. Бұған Қытайдағы бір жарым миллион қазақ болып қабағат қуандық! Дос-жаранмен бас қостық, құшақтастық дегендей... Мен осы жақсылықты бөлісу үшін көп өтпей тағы да Қаратөбеге сүріне жеттім. Ауылда той-думан, дастарқаны әлі жиыла қоймапты, ду-ду күлкі, гу-гу сөз.

- Қазақтың Зұңтұңы (Президенті) Назарбай екен.

- Назарбай жақында Бейжіңге келеді екен.

- Қазақ облысын Қазақстанға қосып алам деп сұрапты.

- Дүние жүзіндегі қазақтардың бәрін шақырып жатыр дейді...

- Қытай жағы қазақтарды беруге келісіпті, бірақ екі қазаққа бір қытай қосып береміз депті. Оған қазақтың Бастығы қарсы болыпты...

Осылайша ауыл іші алып-қашпа әңгімеге толып кеткен. Бұлардың бір сөзіне күлсең, енді бір сөзінің жөні бар сияқты, сеніп те қаласың. Кейбір ауыл жігіттерінің кеудесіне нан піскендей, адуындап сөйлейді, бірі «Не боса о босын! Жинала беру керек! Кетеміз!» деп қоразданса, енді біреуі «Көшіп не керек! Ата-бабамыздың басы жатқан жерімізді тастап қайда барамыз?! Бәрібір Назарбай бізді жақында өзіне қосып алады ғой. Ойлансаңшы, Қазақстан мұндағы екі милионға жуық қандасын далаға тастай ма?! Мемлекет ісі оңай деймісің!» деп білгірсиді.

Бұл сөздер сол тұста тек біздің ауылмен ғана шектеліп қалған жоқ, тұтас Қазақ автономиясына қарасты үш аймақтың 24 ауданында тұратын қазақтардың арасында желдей есті. Шамасы келгендер, әсіресе жастар жағы «қосып алуды» күтіп отырмастан құжаттарын жасатуға кірісіп кетті, ал қалғандары үмітінен гөрі күдігі басымдау осы жағымды лебізді жарым ырыс етіп, әліптің соңын бағып жата берді.

1993 жылдың қазан айының ортасы. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қытай Халық Республикасына алғашқы Мемлекеттік сапармен келді. Бейжіңдегі жоғарғы дәрежелі кездесулерден соң, Елбасы Алматыға іргелес жатқан Қытайдағы қазақ облысының орталығы Құлжа қаласына ат басын тіреді. Жаздың лебі әлі қайта қоймаған шақ, жеміс-жидектің де, елдің үкілі үмітінің де пісіп-жетілген кезі болатын бұл. Осы күні, жасыл желек жамылған гүлді шаһар тіптен құлпыра түсті: көшелерде керме тулар көбейді, әр жерге «Қазақстан Зұңтұңы (Президенті) Нұрсұлтан Назарбаевты қызу қарсы алайық!», «Қазақ облысымызға қош келдіңіз!» деген ұрандар қазақ-қытай тілдерінде ілінген. Шаһардың ортасына орналасқан жергілікті жұрт «Ваң Қадыр бағы» деп атайтын қаладағы ең үлкен саябаққа киіз үйлер тігіліп, айналасы әлем-жәлем безендірілген...

Міне, Қазақ елінің Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы, Қазақ облысының әкімі Асқат Керімбайұлының серік болуында, гүл көмкерген саябақтың ортасына тігілген ақ боз үйге беттеп бара жатыр. Шарт-шарт соғылған шапалақ даусын, дүрс-дүрс еткен жүрек қағысымызға үндестіріп біз тұрмыз. Тағдырлы күнімізді талқыға салар сәт жеткен шығар деп ойлаймыз ішімізден...

Ағамызды көргенде қуаныштан тебіренген жанымызды қоярға жер таппадық. Облыс әртістері күмбірлі күй, әсем билерімен мың бұралды. Гүлдестені жағалай тұрған қарақұрым халық болып бәріміз; «Елім Құлжадай, көңілім сізді болжадай» деп қосылып ән де шырқадық... Барлық шара қазақы салтпен өтіп жатты, ақсарбас қой, көкқасқа тай сойылды, ат мінгізіп, шапан жабылды. Қазақтар екі езулері құлақтарына жете мәз болып, бір біріне қуана қарасып, үнсіз жымиысып қояды.

Ақ түйенің қарны сол күні біздің ауылда да жарылыпты. Кейбіреулер Президентті көру үшін қалаға келіпті, жастар жағы ауылдағы дәмхана, мейрамханаларды жағаласа, көп санды халық өз үйлерінде қой-ешкі сойып басқосулар жасапты. Көпшілік өзара құтты болсын айтысып, «Теріс тоғанның» ар жақ, бер жағы деместен қуанышты ортақ тойлапты. Мерекелік дастарқан шаттығына елткен халық ауыл мен қыстақты айрып тұрған «Теріс тоғанның» «шекара» қасиетін осылайша бір сәтке болса да ұмытыпты.

«Қыз Жібек» фильмінде жекпе-жек жасау үшін көшті тоқтатқан Бекежан мен Төлегенге Жібектің айтатын бір сөзі болушы еді ғой «...көзі жас, көкірегі шерлі елдің зорға жеткен болмашы қызығын көп көргендерің бе? Қуанышты бір көш бойына жеткізбедіңдер-ау!» деп. «Теріс тоғандағы» жағдай фильмдегіден сәл өзгешелеу. Мұндағы көңілі күдікті, өмірі дүдамал елдің зорға жеткен аз ғана қызығын тоқтатып, соңын көшке ұластырып жіберген «Бекежан» - ол ауыл мектебінде мұғалім болып істейтін – Шотан деген біздің бір қу ауыз жездеміз екен.

Сол күні ол «Теріс тоғанның» ар жағында үй салып жатқан Қиясбек дейтін малшы құрдасының үйіндегі басқосуға бара қалыпты. Дастарқан үстінде әңгіме баяғы Президенттің келуі жайында өрбиді. Сөз соңы Қазақстанға көшу-көшпеу мәселесіне келіп тіреледі. Дәл осы кезде Шотан бірден қылжаққа басыпты:

-- Ей, жігіттер! Осы әңгімені ортаға салудың қажеті енді шамалы. Өзі келген бақты басқа теуіп отырсыңдар сендер. «Мал-мал» деп салпақтап жүріп түк білмес топасқа айналыпсыңдар! Бір уақ әлемдік өзгерістерге құлақтарыңды түре жүрсеңдерші! Назарбайдың осы жолғы келісі бекер емес, «өз көзіммен көріп, қолынан алып кетем» деп келіпті облысқа. Енді бұл Бежіңдегі Төрағаға да оңай тимейді, ол да миллиард халықты басқарып отырған дәнішпан, «қазағыңды алсаң ал, жерді тұтас бере алмаймын» деп болмай қойыпты. Содан бастан құлақ садаға, Нұрағам бұған да шүкір деп қол қойысыпты. Енді дұрыс қой! Үш аймақтан Алтай, Тарбағатай түгел Қазақстанға өтті. Құдайдың шеберін қарашы! Шекара сызығы дәл осы «Теріс тоғаннан» түсіпті. «Сойыл тисе сорлыға» деп, әсіресе, Қияс, сенің маңдайыңның соры бес елі екен, үйді осында салғаныңды қарашы! Енді «Теріс тоғанның» шығысы Жұңго (Қытай), батысы Қазақстан болады. Жә, мен кеттім! Сызықтың сыртында қалып қойып шетелдік болар жайым жоқ! – дейді.

Осыны айтып Шотан зытып беріпті. «Өтіріктің өзіне сенбе қисынына сен» деген, бұл хабар іздегенге сұрағандай болды. Онсыз да «қосып алу» сөзі ел кезіп жүргелі біраз болған, оның үстіне Нұрекең дәл бүгін Құлжада осы мәселені шешіп жатыр, егер «Теріс тоған» «шекарасы» жабыла қалса, 60 шақты отбасы алпысыншы жылдардағы аталарының кебін киіп қалуы әбден мүмкін ғой. Енді қайттік? Тәуекел! Қыстақты тастап, ауылға тездетіп көшу керек! «Теріс тоғаннан» аттап өтсе болды, Қартөбе әне, міне - Қазақстан.

Түстен кейінгі сағат төрт-бес мөлшері, жан басынан мал басы көп жаңа қыстақтың тұрғындары түп қотарыла көшіп жатыр. Ақ тер, көк терге түскен отырықшылар есік алдындағы көлденең жатқан қурайға дейін ат өгіздеріне артып алған. Малы топырлап, бала- шағасы ұлардай шулайды, иттері қыңсылап, мысығы мияулайды, қаз үйрегі де қақсап қояр емес... Үріккен халық «Теріс тоғанның» ортан беліне салынған қирап тұрған жалғыз ағаш көпірдің аузына тығылып қалыпты. Ары тамандау жерде, бір-екі монғол отбасы да бұларға ере көшіпті. «Ей, біз қазақ-мұңғұл бір киіз туырлық. Айтып хояиын! Біз бірге мал бағады, бірге өмір сүреді. Сен де кетсе, мен де кетед!» деп кеңірдегін жырта айқайлап қояды. Оларды елеген жан болмады, әркім өз жүгімен әбігерленіп зыр қағып жүр. Қыстақтағы жалғыз қытай да, ауылдағы қауым қытай да аяқ асты болған бұл көштің мәнісін түсінбей таңырқай қарасып қалыпты. Қалың қазақтың өрт шалғандай албарынды түрлерін көрген олар бастабында қатты састы, қайтерін білмей, үйді-үйіне жүгірісіп, ауыл аудан орталығындағы қоғам қауіпсіздігі бөлімшелеріне қоңырау шалды. Ауданды қайдам, ауылдағы сақшы біткеннің бәрі қазақ жігіттері болатын, көшті тоқтатпақ түгілі олар бұл кезде үркінге түскен туыстарының көлігін жетелесіп, ұлттың Ұлы ісіне ат салысып жатқан...

Таулы өңір ғой, әп сәтте қас қарайды. Ауданнан жіберілген тексеру тобы келіп үлгергенше көштің де сіргесі түрілген. Халық неде болса ауылға аман есен жайғасты, қаңырап қалған қыстақ демесе, қазірше бүлінген ештеңе жоқ. Енді сақшылар да асықпай, бір бірлеп тексеруге кірісті.

Айналасы екі күн ішінде 6-7 адам қамауға алынды. Әрине, Шотан мен Қиясбек бастаған бүлікшіл топ. Шотан үш жылға сотталды, қылмысы сол баяғы: ел ішін ала тайдай бүлдірген, өсек-аяң таратқан, ұлт араздық қақтығысқа жол салған. Мұнда Шотанның бұрын қылмыс жасамағаны ескеріліпті әрі мектеп басшылығы мен жоғарыда отырған туыстарының ара түсуінің нәтижесінде жеңіл кесіліпті дейді. Бірақ мал-мүлкі түгел тәркіленіп, өзі еңбекпен тәрбиеленуге жіберілді. Түрмеден босаған соң да ол мемелекет қауіпсіздігі қызметкерлері жағынан біразға дейін бақылауда болды. Ал Қиясбек ағамыз жұртты дүрліктіріп, алдағаны үшін екі жылға сотталды, мал-мүлкі тәркіленіп, арам пиғылынан айықтыруға ол да ауыр еңбекке жіберілді. Жазасын толық өтеді, бірақ анау айтқандай оның соры шынымен қалың екен, түрмеден келе салып қатты науқастанып, көп ұзамай қайтыс болды. Артында аңырап жесірі мен үш бірдей жетімі қалды, марқұмның сүйегі өзі бастап бұзған «Теріс тоған» «шекарасының» шығыс жағындағы қорымнан мәңгілік орын алды. Қылмыстылардың қатарында, көшке белсенді ат салысқан тағы бір-екі азамат болды. Олар да бір жыл және жарты жылға қамау көрді. Сондай-ақ, әлгі көш көмекшілері болған үш тәртіп сақшысы да бар. Олар қатаң ескертумен қоса, қызметінен біржола аластатылып, орындарына аса аңғарымпаз, тым қырағы «жолдастар» жұмысқа тұрды.

Жылдар жылжыды, айлар өтті, бүлік тыншыды, көш тоқтады.

Міне, 2013 жылдың күзі, мен тағы туған ауылыма ат басын бұрдым. Бұл жолы облыс орталығы Құлжадан емес, күллі Қазақтың елордасы Астанадан келдім. Ілбіп басып, өзім асыр салып өскен өзен бойына жеттім. Уақытпен жарысқан өзен суы тоқтаусыз ағып жатыр екен. Бірақ баяғыдай арынды емес, көзіме тым сылбыр көрінді, мүмкін бас жағындағы тоспалар мен тоғандардың әсері болар... Мен жағада көп отырдым, көп ойландым. Содан жынданған адамша былай деп айқай салдым: Оу, Қас өзенім! Баяғы арының қайда сенің? Тыңда мені! Сен арқырап ақпасаң анау шөліркеп тұрған Балқаш та құрдымға кетеді ғой! Қарғыс атқыр «Теріс тоған» сенің түбіңе жеткен бе?!

2013 жылдың 16-желтоқсан. Астана

Nurgali Nurtay

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір