• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

20 Сәуір, 16:19:34
Алматы
+35°

31 Қазан, 2018 Оқиғалар

Тайф Тәукейұлының «Моңғолия қазақтарының театр тарландары» кітабының жазылу тарихы

Бүгінгі күндері шетелде 5 милион қазақ бар. Баяғыда сондай еді, әлі солай.

Алланың қалауымен табиғат ана кесіп, пішіп тұлғалаған талант кейде иесін өзі іздеп табады. Тайф Тәукейұлының театрдағы өнері аз-кем ашылса да, қалам жағындағы қыры кейіннен ашылған сыңайлы.

2011 жылдың қысында Астана іргесіндегі Қоянды ауылындағы үйіме ауылдас азамат Асхат Кәукерұлының бастауымен Тайф Тәукейұлы ағамыз бас сұғып еді. Таныстық тамырластығы өнер мен әдебиетті жағалай келіп, менің кітап бөлмемдегі көп кітаптарға жалғасты. Шөліркеп жүрген ағамыз менен жоғын тапты ма, өзіме де, кітабыма да жиі қолқа салатын болды.

Білген тарихымды айтамын. Естіген, көрген, түйгенді ақтарып, арғы-бергі бетті біраз төңкеріп тастаймыз. Сол көп әңгімесінің арасында Тәкең өзінің талай өнер адамдарымен, қайраткерлерлермен дәмдес-тұздас болғанын да тілге тик етеді. Тіпті Д.Қонаев хақында да естеліктер айтты. Мен ол кісіге:

«– Тайф аға, Сіз арғы қазақ пен бергі қазақ арасындағы біраз тарихты біледі екенсіз. Екі елге де қанықсыз. Өзіңіз жұмыс атқарған Баян-Өлгей театры жайлы да аз білмейсіз. Осының бәрін неге қағазға түсірмейсіз», -дедім.

Жетпістің желкесіндегі қартым нарау ғана:

«– Оның бәрін жазып отырарға шарт-жағдай да жоқ. Көз де баяғыдай көрмейді»,- деп жалтармақ болды.

Мен дереу қайрап:

«–Көрген-білгеніңізді жаза берсеңіз, біріншіден, өзіңізге ермек, екіншіден, миыңыз көп жұмыс жасаса, дене-қуатыңыз да қартаймайды. Үшіншіден, күніне бір парақтан болса да жаза берсеңіз, тамшыдан құралған теңіздей көп дүние жазып аласыз. Сосын тасқа басылған дүние өшпейді. Зейнетақыңызды төлеп болса да кітап етіп шығарып алсаңыз, ұрпаққа, келешекке өлмес еңбек болады», - дедім. Қарт илікті. «Көрейін» деп кетті.

Келесі де балаша желпініп жетті.

«– Бірдеме жазайын деп едім, бірінен соң бірі еске қайдағы-жайдағы түсіп, жазатын нәрсе тіптен көп екен. Біреуін қағазға түсіріп көріп ем әжептәуір бірдеме шықты», -дейді.

Негізі өнер адамы мақтан сүйгіш келеді. «О, бәрекелді, жарайсыз!» деп одан ары желпіндірдім.

Ол кісі маған келген сайын жазған дүниесінен «мәлімет» беріп, «ақысына» тегін оқитын кітаптар алып тұратын болды.

Әне-міне дегенше арада алты жыл зымырап өте шықты.

Осы жазда (2018 жылы) Моңғолияның Баян-Өлгейіне туысшылай барып, қыдырып келген Тайф ағам қыркүйектің соңына қарай Қояндыға жете бере маған телефон шалды.

«– Сүйіншіңді дайындай бер, саған барамын», -деді.

Келді. Қолында «Моңғолия қазақтарының театр тарландары» атты қомақты кітап. Бақандай 284 бет. Авторы: Тайф Тәукейұлы.

«–Сен салған жолмен жинаған дүнием кітап болып шықты. Талғат Әнуарбек деген інім көбін компьютерге теріп, көп көмектесті. Ана Самат деген азаматты білесің бе, байқұс, ол да көп көмектесті. Інім Сұлтан Тәукейұлы реттеп, баспадан шығуына қолғабыс жасады. Қуанышым да шек жоқ. Алла сәтін салып, биыл бір жемісті еңбек еткен жылым болды».

Ағамыз аса көңілділік танытып, осылайша мәз. Қолтаңбамен кітабын сыйлады.

Тәкеңнің қайта қалам ұстауына себепкер болсам да дәл мынадай қомақты еңбек жасалады деген ой менің де басыма келмепті. Қатты разы болдым. Қартымды мақтап, тағы да қанаттандырдым: «жалғасын жаза беріңіз» дедім.

Енді сол  «Моңғолия қазақтарының театр тарландары» кітабына үңіліп отырмын.

Бүгінгі күндері шетелде 5 милион қазақ бар. Баяғыда сондай еді, әлі солай. Бізге келгені сол сырттағы қазақтың өсімі ғана. Отанына оралған қазақтар бір миллион болса, олар да бала-шаға, үрім-бұтағымен бүгіндері екі милионды құрап отыр.

Сол шеттегі қазақтың әдебиетінде, мәдениетінде, өнерінде, тағы басқа құндылықтарын да зерттеуге тұралық дүниелер аз емес. Оны қағазға түсіріп, ұлт қазанына құюдың өзі үлкен еңбек.

Міне, осы бір бостықты толтыру мақсатындағы жасалған қадамдардың бірі – Тайф Тәукейұлының аталған еңбегі болған екен. Асырып айтқанда Моңғолия қазақтары туралы анықтамалық энциклопедияның бір тарауы. Және де Тәкеңнен басқалардың жазуға дәрмені келе бермейтін тарихи сипатты дүние.

Кітап бес бөлімнен тұрады екен. Бірінші бөлім – «театрдың іргетасын қаласқан «Алтын дәуір» алыптары». Онда – Ақтан Бабиұлы бастаған театр қайраткерлері сөз болады. Екінші бөлім – «театрдың тарихын жазысқан тарландар». Мұнда да өнер қайраткерлерінен – Қибаш, Қайынжамал, Құсайын, Төлеухан, Дүйсенбі, Қалидолда, Моңғолхан, Қабыкей, Қаду, Ахметбек, Мүсайып сынды Моңғолия қазақтарының мәдениеті мен өнеріне еңбек сіңірген қайраткерлер тілге тиек етілген. Үшінші бөлім – «драманың алғашқы ардагерлері» аталады. Мұнда да өнердегі он жеті адам хақында сыр, естеліктерімен бөліседі. «Сахнаның сақа қайраткерлері» аталған төртінші бөлімде де аты айтып тұрғандай он алты қайраткерге тоқталады. Бесінші бөлім «өнердің беймәлім сырлары» деп аталады да, онда театр сахнасындағы сан түрлі қиындықтар мен қызық-шыжықтар хақында аялдайды.

Тарих – қағазға түскен өткеннің ізі десек, Тайф Тәукейұылының бұл кітабы да өзінен кейінгі буын мен жастар үшін тарихтан тағылымды сыр қозғайтын бағалы еңбек. Әсіресе, шет жұртта жүрген қандастардың өнерін ата жұртқа бір жеткізсе, екіншіден осы саланы зерттеймін деушілер үшін де тамаша оқулық болған.

Атажұртқа оралған қандастар арасынан шыққан зиялы қауым өкілдеріне көз жібергенде Моңғолиядан оралған аға-бауырлар мен әпеке-қарындастардың да Отанына беріп жатқаны өте көп. Өнердің қыры мен сырын танытуға қалам тартқан бұл еңбек те сондай ағысқа қосылған кәусар бұлақтың бірі.

Сексенге беттеген қалам иесінің мұқалмас қажыры алдағы күндер де мол еңбектер күттіреді. Кеудесі алтын сандық әр бір ағалар өзінде бар дүниесін осылайша ала қағаздың бетіне өрнектеп кетсе, онда бізден ештеңе өшпейді, ешкім өлмейді. «Жақсының аты қалады, ғалымның хаты қалады» дейтін халықтың нар тұлғалы қарттары аман болсын. Ағалардың алтын қаламы ақ қағазға жорғалай берсе, оның рыздығын халқы, ұрпағы көреді.

Тұяғы кетілмеген, тұғыры құламаған тарлан боздар әлі де болса, топты додаға елеңдей қарайды. Қарымы жетсе, қара жердің апшысын тағы бір қуырарма едім деп жер тарпи кісінейді.

Шаппай бәйге алатын тұлпарлар тұқымы ешқашан жадаулығын білдірмесе керек. Тайф Тәукейұлы сынды тарланбозға да жұрты сүйіне қарайды, қаламынан қарымжы күтеді.

Алла жар болсын, Сізге!

 

  

Жәди Шәкенұлы

Қазақстан Жазушылар одағының,

Еуразия жазушылар одағының мүшесі.

 Халықаралық Шыңғысхан академиясының академигі.

 

 

 

 

 

 

Zhazira Baidaly

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір