• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

24 Сәуір, 12:28:16
Алматы
+35°

04 Қазан, 2017 NEWS

Тәуелсіздік мерекесі қашанға дейін жаңа жылдың көлеңкесінде қалмақ?

Ілияс Өсербеков: «Біз мәдениет басқармасына жаңа жылдық безендіруге ақша беріп қойдық. Бірақ ол ақша басқармадағыларға жетпей жатыр»

Күз мезгілі келіп, күн суытқан сәттен бастап билік басындағы «мырзалардың»  уайымы  - жаңа жыл мерекесі.

Бүгін қалалық мәслихаттың экономика және бюджет тұрақты комиссиясының отырысында Алматы әкімдігі депутаттардан жаңа жыл мерекесіне қаланы безендіруге 429 миллион 323 мың теңге қаржы сұраған.

Жаңа жыл мерекесіне әлі үш ай уақыт бар. Алайда билік басындағылар жаңа жыл мерекесіне орай қаланы безендіруге қазірден бастап бас қатыруда.

Жоғарыда атап өткендей, отырыс барысында депутаттар басқармадағылардың ақша бөлу туралы ұсынысын мақұлдап, қабылдаған. Алматы қаласының Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Ілияс Өсеровтың айтуынша, сұралған ақша аудандық әкімдіктерге бөлінеді екен.

Жаңа жыл мерекесі Кеңес заманынан бері тойланып келе жатыр, халықтың санасына әбден сіңіп қалған. Соның салдарынан Тәуелсіздік алғанымызға 25 жыл, яғни бір ширек ғасыр болса да еліміздің елдігін көрсететін, маңызды мерекеміз 31 желтоқсанда тойланатын «жаңа жыл» мерекесінің көлеңкесінен әрі аспай келеді. Дегенмен бұл мерекенің біздің ұлтымызға жат екендігін бір емес, бүкіл халық біледі.

Бүгінгі өткен отырыста Ілияс Өсербеков былай деген: «Біз мәдениет басқармасына жаңа жылдық безендіруге ақша беріп қойдық. Бірақ ол ақша басқармадағыларға жетпей жатыр, себебі олар қаламыздың басты бөліктерін безендіреді. Аудандағылар осы ақшаға өздері магистральдық көшелер мен көпірлерді безендіру керек. Бірыңғай концепция болуы тиіс, әрине, пішіндер әртүрлі болса болады, бірақ түстер бірдей болу керек».

Басшылықтың бұл сөздеріне қарасақ, олар Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік мерекесін қаперіне де алмайтын секілді, себебі жаңа жылға безендіру барынша жоғары деңгейде болу қажет екен.

Иә, санамызға уытын әбден сіңірген бұл дәстүрден арыла алмаймыз, безендіру жұмыстары арқылы қаланың сәні де кіріп қалатыны рас. Алайда қаншама қазақтың қанымен, көз жасымен келген тәуелсіздік мерекеміз неге ұмыт қалуы тиіс? Барша жұртшылықты толғандырып, жауабын таба алмай келе жатқан бір сұрақ жыл сайын қойылады: Неге жаңа жыл мерекесіне дайындық өте ерте басталады? Тәуелсіздік мерекесінен жаңа жылдың несі артық?

Мұндай сауалдар әр жерде қойылып, билік басындағыларға жауыр болғанымен, мұның жауабын билік өкілдерінің бірі де бере алмады.

Жаңа жылға дайындықты үш ай бұрын бастап, жаңа жылдан соң да үш ай бойы тойлататын халық бүгінде жоқ екенін, бұл мереке қазақ ұлты үшін өз маңызын жойып келе жатқандығын әр аймақтың әкімдіктері, түрлі шенді қызметте отырған орысқұлдар әлі түсіне алмай келе жатқан секілді.

Ең сорақысы – жыл сайын әрбір мекеме басшылығына, қызметкерлерге, тіпті, кішігірім дүңгіршектегі сатушыларға дейін әкімдіктер жаңа жыл мерекесіне орай дайындықты үш ай бұрын міндеттеп, тапсырады. Олардың шешіміне қарсы келген жағдайда айыппұл саламыз деп кесіп айтады. Яғни, өзге ұлттың мерекесін тойламай, қажет етпейтін адам айыппұл төлеп, тәртіп бұзушы атанады.

Әлеуметтік желі қолданушысы Нұрболат Әбілхан өз басынан өткен жағдайды баяндай келе, видеоүндеу жариялап, жаңа жыл мерекесінен еліміздің Тәуелсіздік мерекесі мен Республика күнінің маңызы зор екендігін айтады.

Қорытындылай келе, өзге ұлт мерекесіне дайындықты үш ай бұрын ерте бастайтын басшылыққа мынадай сауал қойғым келеді: Жаңа жыл мерекесіне орай бір қаланы безендіруге кететін 429 миллион теңге қаржының Тәуелсіздік мерекесі үшін, тым құрығанда, 4 миллионы жұмсалады ма?

Nazerke Labihan

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір