• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

24 Сәуір, 17:05:40
Алматы
+35°

04 Желтоқсан, 2018 NEWS

Тәуелсіздік күрескерлеріне мың алғыс!

1986 жылы желтоқсан айының ортасында Алматы қаласындағы Брежнев (қазіргі Республика) алаңы бүкіл әлемнің назарын өзіне аударды

1986 жылы желтоқсан айының ортасында Алматы қаласындағы Брежнев (қазіргі Республика) алаңы бүкіл әлемнің назарын өзіне аударды. Ол кезде қазіргідей интернет, әлеуметтік желілер жоқ болса да, жергілікті жастардың демократиялық бас көтеруі туралы ақпарат дүниежүзіне тарап үлгерген еді. Компартияның Д.Қонаевты қызметінен тайдырып, оның орнына бұған дейін Қазақстан үшін беймәлім болған Г.Колбинді тағайындауы наразылық туғызып, қаладағы орталық алаңға он мыңдаған жастар жиналды. Қарсы келгенді қан қақсатып үйренген кеңес өкіметі бұл жолы да ешкімді аямады. Бейбіт сипатта басталған шеру ақыр соңында күшпен басылып,  оған қатысқандардың біразы қаза тапты, көбі қуғынға ұшырады. Осы бір тарихи сәтті жастардың жадында мәңгі сақтау үшін, «Адырна» ұлттық-этнографиялық бірлестігі Алматы қаласы Ішкі саясат басқармасының қолдауымен шаһардағы бірқатар мекемелерде арнайы кездесулер өткізді.

Алматы

Алматы көпсалалы колледжінде өткен кездесуге қонақ ретінде қатысқан «Желтоқсан жұлдыздары» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Гүлмира Мұстафина мен режиссер Жаңабек Жетіруов студенттерге желтоқсан көтерілісі кезінде көзбен көргендерін баяндап берді. Іс-шара басталмас бұрын жиналғандарға Ж.Жетіруов түсірген желтоқсан көтерілісі хақындағы қысқаметражды фильм көрсетілді.

Алматы

Сәтбаев университетінде өткен кездесуге «Желтоқсан Республикалық халықтық патриоттар қозғалысы» қоғамдық бірлестігінің тең төрағасы Кенжебай Отарбаев, оның орынбасары Ерлан Декелбаев, осы ұйымның мүшелері Әлібек Мұзаффар мен Бақтығали Таубаев қатысты. Кездесу кезінде қонақтарға «Сіздер патриот екендіктеріңізді көрсету үшін алаңға шықтыңыздар, біз патриот екенімізді көрсету үшін не істеуіміз керек?» деген сұрақ қойылды. Желтоқсан қайраткерлері «Бүгінгі заманда патриотизм деген тәуелсіздіктің қадірін түсіну, салт-дәстүріңді құрметтеу, еліңе адал қызмет ету. Қазір еліміздегі жағдай 1986 жылғыдан мүлдем басқаша. Сондықтан алаңға шығу еш өзекті мәселе емес» деп жауап берді.

Алматы

Қазақстан Жазушылар кітапханасындағы кездесу де желтоқсан көтерілісіне арналды. Бірінші болып сөз алған желтоқсан көтерілісі туралы бірнеше кітаптың авторы, «Нұр Отан» партиясы Алматы қалалық филлиалының Саяси жұмыстар бөлімінің меңгерушісі Қайым-Мұнар Табеев көтерілістің тарихи рөліне тоқталды.  Желтоқсан оқиғасы кезінде алаңға шыққаны үшін, қуғын-сүргінге ұшырап, түрменің азабын тартқан Гүлнәр Әбілқайырова сол жылдары көрген қиындықтарын еске алды. Кітапханадағы кездесу желтоқсан көтерілісінің тағы бір қатысушысы Халелхан Әділхановтың орындауында «Желтоқсан желі» әнімен қорытындыланды.

Б.Молдаш

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір