• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

20 Сәуір, 03:57:50
Алматы
+35°

30 Қараша, 2018 Аймақтар

Тариф: Уақытында орындалған президент тапсырмасы

Тарифтерді төмендету үшін берілген субсидиялар да тиімсіз пайдаланылған

«Экономикада бәсекелестікті дамыту және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мен табиғи монополиялардың қызметі үшін белгіленетін тарифтер саласында тәртіп орнату мақсатымен батыл шаралар қабылдау керек.  Коммуналдық қызмет пен табиғи монополияларды реттеу салаларында тарифтің жасалуы және тұтынушылардан жиналған қаржының жұмсалуы әлі күнге дейін ашық емес. Монополистердің инвестициялық міндеттемелеріне тиімді мониторинг пен бақылау жүргізілмей отыр.

Үкімет 3 ай мерзім ішінде осы мәселемен айналысып, бәсекелестікті қорғау функциясын елеулі түрде күшейте отырып, монополияға қарсы ведомствоның жұмысын реформалауы керек. Бұл – маңызды мәселе, ол бизнес үшін кететін шығынның артуына, адамдардың нақты табысын азайтуға әкеп соқтырады». Президент Нұрсұлтан Назарбаев  «Қазақстандықтардың әл-ауқатын өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына Жолдауында үкімет пен тиісті орындарға осылай деп тапсырма берді. Расында да қазіргі уақытта тұтынушылар электр және жылу энергиясының, сондай-ақ басқа да саладағы бағаның күрт өсуінен қиындық көріп отырғаны белгілі. Дәл осы мәселені президент Назарбаев  Жолдауда ашық айтты. Өйткені шын мәнінде монополистердің жылу мен газға және басқа тарифтерге қатысты жұмысы ашық емес. Сондықтан аталған жайттың мемлекеттік деңгейде көтеріліп, талқылануы күн тәртібінде тұрған жайт екені белгілі. Дәл осы мәселені  Президент халыққа Жолдау жариялаған соң біраз уақыттан кейін қайтадан Қауіпсіздік кеңесінде сөз етті. Оған дейін бұл жайтқа мемлекет басшысының тапсырмасымен Бас прокуратура толыққанды тексеру жүргізді. Қауіпсіздік кеңесінде сөйлеген сөзінде Президент бұрынғы бағдарлама туралы айта келіп, тарифтің орынсыз көтерілгенін де ашық айтты.

– Кезінде біз белгілі бір мақсатпен «Инвестициялар орнына –тариф» бағдарламасын қабылдадық. Бұл бағдарлама 2009 жылдан бастап 7 жыл бойы монополистерге өз өндірістерін жаңғырту үшін миллиардтаған қаражат табуға мүмкіндік берді. Олардың барлық өндірістік қуатын жақсарту үшін біз тарифті екі есе көтеруге келістік. Ірі энергетикалық компаниялар осы қаржы есебінен қуатын жаңартудың орнына тұтынушылар есебінен заңсыз байып келді. Бұл компаниялар қызмет көрсету құнына қызметкерлерінің сыйақылары мен бонустарын қосып, өндірістік шығындарды негізсіз арттырған, – деді Елбасы.

Шын мәнінде бұл мәселенің Қауіпсіздік кеңесінде сөз болатындай жөні бар. Өйткені олардың көбісі – энергияны тасымалдайтын компаниялар. Президент кеңесте энергия тасымалымен қамтамасыз ететін компаниялардың әрекеттерінен тұрғындарға келген шығын 14 миллиард теңгеге жеткен. Сонымен қатар, тарифтерді төмендету үшін берілген субсидиялар да тиімсіз пайдаланылған.

Президент мұның екі себебі барын айтты.

–Президент Жолдауына саналы түрде қарсы болу немесе жауапсыздық пен өз рөлін түсінбеу салдарынан болатын салақтық. Мен екі себепті де қылмыс деп санаймын,–деді президент.

Елбасы аталған кеңесте  монополияға қарсы комитеттің жұмысын сынға алды,  осыған байланысты үкімет басшысына  аталған  комитеттің жұмысын бақылауға алып, тәртіпке келтіруді тапсырды. Сонымен қатар, басқа аймақтағы барлық мекемелердің жұмысын қадағалау керектігін айтты.

Расында да тариф өссе, ол ең алдымен отбасының бюджетіне салмақ болып түседі. Ал коммуналдық қызметтің ақысын уақытысында төлеп, отырған халық жеткілікті. Ал мұндай жағдайда тариф бағасының жоғарылылығынан қарапайым адамдар неге зардап шегуі тиіс?! Бұл орайда Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқығын қорғау комитетінде тұрғындармен тікелей байланыс жоқ. Егер кері байланыс болған жағдайда халықтың талабы дер уақытында қанағаттандырылар еді. Осыған байланысты мемлекет басшысы қандай жағдайға қарамастан тұтынушылардың талабы мен төлемақы қабілеті ескерілуі керек деп атап көрсетті.

– Энергетика министрлігі тұтынушылар төлеген әрбір тиын үшін жауап беруге тиіс. Бұл қаражат экономикамызды дамытуға жұмсалуы керек. Тариф көтеру жөніндегі әрбір шешімді қабылдаған сайын, ең алдымен, халықтың төлем қабілеттілігін ескерген жөн. Тарифтерге қатысты жоспарлы өзгерістердің бәрі көпшіліктің талқылауына мүлдем түспейді немесе формальды түрде өткізіледі. Бұл іске жұртшылықты, үкіметтік емес ұйымдарды және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін кеңінен тарта отырып, қазіргі механизмді өзгерту қажет, – деді Қазақстан Президенті.

Расында мемлекет басшысы айтып отырғандай, баға бір ғана мәселемен шектелмейді. Осыған байланысты екі арада қызмет көрсетуші монополист компаниялар бар. Президент кеңесте ауыз су, газ, кәріз жүйесі, телефон байланысы және интернет үшін көрсетілетін қызметтерінің де жұмысын монополияға қарсы комитет реттеуі керек екендігін ашып айтты.

Демек қордаланып қалған мәселелердің Қауіпсіздік кеңесінде президенттің төрағалығымен қаралуы өте орынды. Мұның маңыздылығын үкімет те терең түсінген. Арада бес-алты күн өтпей жатып, кеңесте қаралған проблема үкіметтің жиынында да сөз болды. Мұнда Энергетика министрлігі мен Ұлттық Экономика министрлігі үкімет басшысы алдында есеп беріп,  атқарылған жұмыстар жайлы толыққанды баян етті.

Энергетика министрінің айтуынша, мемлекет басшысының тапсырмасына орай шекті тарифтердің объективті деңгейі белгіленеді. Министр Қанат Бозымбаевтың бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған сөзін дәлме-дәл келтірсек, төмендегідей болып шығады.

«2019 жылғы 1 қаңтардан бастап электр қуатының нарығы енгізілген соң электр энергиясын өндіру секторы үшін жаңа тарифтік әдіснама қолданылады.Энергия өндіруші ұйымдардың электр энергиясының құны қуат тарифі және электр энергиясына тариф ретінде бөлінетін болады. Министрлік екі компоненттің қосындысы бойынша электр станциялары үшін электр энергиясына бағаны төмендету бойынша шаралар қабылдайды», - деді министр Бозымбаев.

Бұл Қауіпсіздік кеңесінде қаралып, күн тәртібінде күйіп тұрған мәселе болғандықтан, әрине Президенттің тапсырмасы қашан да орындалуымен құнды. Бұл орайда қараша айының соңында тарифтердің төмендетілуіне байланысты Ақордада Президенттің қабылдауында болған Энергетика министрі Қанат Бозымбаев Жолдауда, сосын Қауіпсіздік кеңесінде Елбасы берген тапсырмалардың жүйелі түрде орындалып жатқанын  мәлім етті.

–Желтоқсан айының бірінші онкүндігінде электр энергиясының шекті бағалары бекітіледі.  Олар стансалардың түріне қарай әртүрлі болады. Бірақ, соған қарамастан  орташа есеппен алғанда, баға  5 пайыздан 20 пайызға дейін төмендетіледі, – деді Қанат Бозымбаев.  

Жалпы айтқанда, тариф мәселесі Энергетика министрлігіне ғана қатысты емес. Аталған мәселенің Экономика министрлігіне де тікелей қатысы бар. Жолдауда және Қауіпсіздік кеңесінде айтылған Президент тапсырмасынан соң тарифке байланысты түйткілдерді шешуге Экономика министрлігі құлшына кірісті.  Министрлік монополистермен бағаны төмендету туралы Бас прокуратурамен жұмыс жүргізді.  Министр Тимур Сүлейменов 10 монополист бойынша жылумен жабдықтау қызметтеріне 4,4 млрд теңге сомаға, 14 монополист бойынша электр энергиясын тарату және жабдықтау қызметтеріне 12,1 млрд теңге сомаға тарифтер төмендетілді.

Президент тапсырмасын орындау барысында Елбасының өзі атап көрсеткендей, халықпен кері байланыс орнатылды. «Нұр Отан» партиясының, Ұлттық кәсіпкерлер палатасының, басқа да жергілікті атқарушы органдармен және қоғамдық бірлестіктердің қатысуы арқылы халықтық қабылдаулар ашылды. Қысқасы, елдің  талап-тілегі ескерілді.  Премьер -министр Бақытжан Сағынтаев үкімет жиынында кемшілік жіберген жергілікті басшылар жазадан құтылмайтынын да мәлім еткен. Бұл  орайда министр Сүлейменов комитеттің аумақтық департаменттерінің 10 басшысына сөгіс жариялағанын мәлім етті.  1 аумақтық департаментінің директоры атқарып отырған лауазымынан босатылды. Комитеттің 4 департаментіне қатысты қылмыстық істер қозғалған. Бұл ғана емес, премьер-министр Сағынтаевтың осы саланы бақылаусыз қалдырған Ұлттық экономика вице-министріне  сөгіс жариялағанын ескерсек, мәселенің өте өзекті болғанын аңғаруға болады.

Сонымен алдымен Жолдауда, сосын Қауіпсіздік кеңесінде сөз болған Президент тапсырмасы айналасы бір-екі айдың ішінде тез арада және тиянақты орындалды десе де болады. Енді 2019 жылдың қаңтарынан бастап электр энергиясы мен жылуға және басқа да осы тақылеттес саланың тарифі төмендетілетін болады. Бірақ баға төмендегенмен, монополистер жұмыс сапасын одан ары жақсартуы керек.

Еркін Қалдан

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір