• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

20 Сәуір, 00:07:19
Алматы
+35°

09 Тамыз, 2017 Әдебиет

Тәңірлі өлім

Тірі жүрудің – бейнеті, бейнетті жеңудің – зейнеті

Цэрэнтулгын Түмэнбаяр

М.Цэдэндорж-ға

 /Моңғолия/


    Көзін тұмшалатқан бүркіт бұралқы иттей босағада байлаулы. Өз қалауымен дүниенің  жарығын көру қызығынан айырылған. Қар құрсаған заңғардың сап-салқын ауасымен тыныстаудан қалғалы да қашан. Қолқа қапқан түтін, тамақтың қоңырсығы, адамның жағымсыз иісіне тұншығып, тыныс ала алмай, тұмығады...

   Өлімге де еркіндіктің қажет екенін, көз ашқаннан адам қолына қарап өскен бүркіт байқұс бұны қайдан білсін. Адамнан тайсап, жасқануды білмей, желге ұшқан бұлттай сүлдесі құрып, тілін жұлдырған жылан сияқты жігері қайтқан, ыстық отқа қақталып, қауырсын-қанаты құрысып, ет-тарамысы да босап кеткен. Қарымды қос қанатында шыбын-шіркейдің қаққышындай да қауқар қалмаған. Қарадай қайғырып, зарлаған дауысты жүрегімен естіп, ыстық үйде тірідей жан ұшырып булығады. ..                                                  

    Егер оны дәл қазір Алтайдың мұзарт шыңына жібере қойса, жілік қатырар аязда қоңыздай қатып қалар еді... Демек, бұл сорлыға ондай күн де бұйырмады. Ұшпа құздың ернеуіндегі ұясында, тек қана анасының ауызына салатын жемге ұмтылып, сары езуін тосудан өзгені білмейтін бейшара балапан кезінде адамның құрығына түсіп, қырқаның көк желінде нағыз бүркіт болу тағдырынан айрылды-да. Анасы балапанының қанаттанғанын көрсе, адамнан қаймықпай ұмтылып, өткір тырнағын қадай тартып, тегеурінді топшысымен қағып, қараңғы түнекке ұшырып жіберер еді-ау! Бұл мұңлыққа ондай тағдыр бұйырмады. Бөлек тағдыр – Жер мен көктей бөлек тағдыр...

    Қарлы шыңның асау бүркіті жартастың ернеуіне салған ұясындағы екі балапанын соңғы рет тамақтандырды. Анасы жаңадан қауырсын жазған балапандарының ұшуға талпынып жатқанын алғаш көрген бетте, шегір көздері шақшиып, шаңқылдауға келтірместен, тегеурінді қанатымен қағып, ұясымен қоса құлатып жіберген болатын. Бүркіттің жас балапандарының үрейлі қуысқа құлап бара жатқаны, тура бір ала жоңқаның желге ұшқаны сияқты. Бір ұяда бірге өсіп, бірінің бүйіріне бірі тығылып, бір жемді бөліп өскен егізінің қара жартасқа қалай соғылғанын көруге де қауқары болмаған. Тек анасы ғана екі балапанының қайсысы соғылып, қайсысы қаларын шегір көзімен соңғы рет бір бажайлап, бұл дүниедегі ана мен баланың байланысымен біржолата қоштасқан. Бұл – бүркіт тағдыр болатын.

   Көкшегір содан бері не көрмеді дейсің. Анасының аяусыз қатты қанатына ұрылғанда, «дүниеге қанат қаға алам ба, жоқ па дегенді де ұмытып», үрейі ұшып, қорқуды ұмытып, өмірін, от шашқан көз жасын, ақыл-ес, қарымды қанат, өткір тырнақ, екпінді қозғалыс түгелін кездіктей тұмсығына тапсырған-ды...

   Алтайдың ақ желінен балапанның қанатына күш кіріп, үскірік аяз сүйегінен өтсе де, қарсы келген дауылдан оқтай зулап өтуден қайрат алатын. Кей кезде қолтығы қанағанша көктей ұшып тамақ іздеп, тірі жүрудің – бейнеті, бейнетті жеңудің – зейнеті, қарымды қанатының қуатында аспанда қалықтап ләззат алып, дүниенің қызығына батудың рахатын да көрген-ді. Ол сәні мен айбаты келіскен күмбезді құздардың биігінде таудан тауға секірген арқар, тауешкіге алып қанатын қомдай келіп,  көз ілестірместен,өткір тырнағымен іліп алып жоғалатын. Осылайша, гуілдеп соққан қойнауды өткір шегір көзімен барлап, талай жылдарды өткізіп, өмірінің соңына да жеткен. Енді, тынысы тарылған сайын жарық дүние қызығы санасынан ұшып, күмбез көкке көтеріле самғап, көз ұшынан алыстайды. Алғаш анасына қақтырған жартастың ернеуінде тағы да қос балапанның ауызын ашып жатқанын бірде көрген еді. Ол екі балапан да оның ұрпақ-жұрағаты болатын. Олардың да келешегін аналарының тегеурінді қанатының екпіні білер-ді. Және бүркіт болар тағдырлары ғана шешер-ді...

   Көкшегір көтеріле, көтеріле аспан көгінен үзілді. Егер, жерден әлде кім оны көріп тұрса, Көкшегірдің түпсіз көк аспанның тұңғиығында болымсыз қара даққа айналып, кішірейе-кішірейе барып, ғайып болғанын байқар еді. Көкшегір де уайым-қайғыдан құтылар еді. Бүркіт – тағдырымен жарық дүниеде жүрегі жарылып, қарымды қанатының қауырсыны адамның қолына түспестен, жерге тимей, дәл солай ұшып кетсе, Көкшегірде арман болмас еді...

   Әнтек, бөтеннің үйінде тынысы тарылған «соқыр» бүркіт ұрпақ қалдыруды қойып, өз тағдырымен өлуге де қауқарсыз... Иесі мына дүниеде бұнымен құмарын қандырып, бұны ермек ету үшін шыбын жанын түрлі ем дәрімен амалдап ұстап, тірліктің тозағына байлап отыр.

2006-жыл.

Моңғол тілінен аударған Жүкел ХАМАЙ

Nurgali Nurtay

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір