• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

27 Сәуір, 04:44:12
Алматы
+35°

28 Қараша, 2018 Спорт

Таллинде жүрген тренер «кәнки ісіне» нүкте қойды

Таллинде жүрген тренер сайыс аяқталысымен аталмыш құжаттарды «Қамшыға» жіберетінін жеткізді.

Мәнерлеп сырғанаудың Қазақстан чемпионы Гүлжан Жұмаділова Startime краудфандинг (халықтың ақша жинап беру, қазақшалап айтқанда жылу-ред.) алаңы арқылы кәнкиге сатып алуға  400 000 теңгені қарапайым қазақтан сұрап жүргені туралы жазғанбыз.

♦Мәнерлеп сырғанаудан Қазақстанның чемпионы кәнкиге ақша таппаса да, Отанын сатқысы жоқ

"Қамшы" редакциясының тарапынан марқұм Денистің өкшесін басып келе жатқан Гүлжан Жұмаділоваға  Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы тарапынан қолдау көрсетілсе деген ой тастаған едік. Айналдырған 15 минуттың ішінде министрліктің баспасөз хатшысы Айдар Қырықбай редакцияға хабарласып, Гүлжан Алматыдағы спорт интернатының оқушысы болғандықтан бұл мәселеге қала әкімдігі жауапты екендігін жеткізді. Осыдан кейін біз Алматы қаласы Дене шынықтыру және спорт басқармасы спорттағы жоғары жетістіктер бөлімінің басшысы Әлия Мұхтарқызы Смақоваға хабарласып, тілдестік.Гүлжан дарынды балаларға арналған спорт интернатының оқушысы екендігін айта отыра, толық мағлұматты аталмыш оқу орнының директорынан алуды өтінді.

Ал директор Қанат Жарылқапұлы интернатта балаларға барлық  жағдай жасалғанын ерекше айтып өтті. «Тегін оқиды, тегін тамақтанады. «Алматы арена», «Халық арена», Балуан Шолақ сарайындағы мұзда тегін сырғанауға бар мүмкіндік қарастырылған. Күніне екі рет жаттығу жасайды. 16 жастағы жасөспірім болғандықтан, бұл мәселе шынымен де министрлікке қарасты емес. Гүлжан қазір Мәскеуде жаттығып жүр»,-деді директор.

Біздің енді мәнерлеп сырғанаудан Қазақстан Ұлттық құрамасының бас бапкері, қазір Таллинде жүрген Құралай Ұзурованы мазалауымызға тура келді. Сайысқа балаларды дайындап жүрген бапкер қарбаласқа толы уақытына қарамастан ватсап арқылы бізге ақпарат беруге асықты:

«Бүкіл Қазақстанның шулап жатқанынан хабардармын. Гүлжанның анасы Айжанмен де сөйлестік. Кәнки тепкен қыздарымыздың жағдайына қарапайым халықтың осыншалықты назар аударуы, әрине, қуантарлық жағдай. Себебі ,Гүлжан шынымен де болашағынан көп үміт күттіретін талантты қыз. Алайда бұл жерде бір түсініспеушілік орын алған. Гүлжанда кәнки бар. Тіпті анасының жеке куәлігінің көшірмесімен қоса толтырған қолхаты да бар. Оған сәйкес Айжан қызына кәнки алып беру үшін мемлекеттен көмек ретінде 275 000 теңге алған. Кәнки сатып алынды. Бірақ Гүлжанға қазір басқа кәнки керек. Себебі, Гүлжан жалғыз емес, жұп болып билеп, өнер көрсетпекші болашақта.  Сондықтан оған мүлдем басқа типтегі кәнки керек. Бірақ халыққа өтініш айтқанда, осы бір мәселенінің басын ашып алу керек еді. Қыркүйектің басында ол анасымен бірге Мәскеуге кетті. Ресейге барып шыңдалуға өзім кеңес берген болатынмын. Себебі, Гүлжан биге жақсы, харизмаға толы спортшы қыз. "Жұп болып билеп өнер көрсетсе, көбірек жетістікке жетеді" деп топшыладым. Осы ойымды анасына айттым. Айжан ойлана келе Мәскеуге аттанды. Бүкіл қазақстандық БАҚ "чемпион қыз" жар салуда. Айтпағым, Гүлжан Жұмаділова - чемпион емес. Ол Қазақстан бойынша мәнерлеп сырғанауда тізімде 6-шы орында тұрған спортшы. Дегенмен, қайталап айтамын, талантты. Гүлжанның жаңа кәнки сатып алатын шынымен де ақшасы жоқ. Сондықтан да көп тілеуі көл болып, қажетті қаржыны жинап берсек, нұр үстіне нұр болар еді".

Мәнерлеп сырғанаудан Қазақстан Ұлттық құрамасының бас бапкері Құралай Ұзурова айтылған сөздерін растайтын құжаттар барын да айтты. 

Гүлжан Жұмаділдаева

Гүлжан Жұмаділдаева

Гүлжан

Zhazira Baidaly

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір