• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

25 Сәуір, 21:21:31
Алматы
+35°

03 Қазан, 2017 Әлеумет

Талаққа «талақ» десек болмай ма?!

Талақ дегеніміз араб тілінен аударғанда «тастау, ажырасу», ― деген мағынаны білдіреді. Қазіргі кезде көп қолданылып жүрген аталған сөз Ислам...

Талақ дегеніміз араб тілінен аударғанда «тастау, ажырасу» деген мағынаны білдіреді. Қазіргі кезде көп қолданылып жүрген аталмыш сөз ислам дінінде рұқсат етілгенімен, Алланың ең жек көретін амалының бірі. Алайда қазіргі көптеген  діншіл жастар бұл сөзді мағыналық жағынан да, орындалу тәртібі жағынан да дұрыс түсінбейді. Елімізде жат ағымның жетегінде кеткен қыздар 2-3 еркектен емес, 8 еркектен талақ алып, іштегі шақалағының әкесі кім екенін білмей жүргендер олардың шариғаттан хабары жоқ екендігін, дұрыс түсінбейтінін білдіреді. 

Мен талақтың, яғни, ажырасудың зияны туралы құр сөзбен емес, 2 түрлі оқиғамен түсіндіруді жөн көрдім. Қазіргі уақытта дінді ұстанатын отбасыны 2-ге бөліп қарастыруға болады. Бірі жат ағымның етегінен ұстаған отбасы болса, енді бірі дәстүрлі дінді ұстанатын, қазақы қаймағы бұзылмаған отбасы.

Жат ағымдағы отбасы: Жат ағымды ұстанатын Нұрсәт пен Сезім ата-анасының рұқсатын алмастан, мешітте имам болмаса да, діннен хабары бар деп есептейтін, ең бастысы намаз оқитын, қаба сақалды жігітке некелерін қидырады. Ата-анадан қарғыс емес, бата алуды мақсат тұтқан қазақ үшін бұл неке басынан-ақ дінге де, дәстүрге де сай өтпеді. Алайда оларды бұл аса қатты толғандыра қоймайды. Себебі олар үшін намаз оқымайтындардың бәрі кәпір, дінге негізделген дәстүріміз ширк немесе бидғат.  Екі жас та ата-анасымен араласпай, бейтаныс адамдарды туғанындай көріп, өздерінің діни ұстанымындағы рәсімдерді орындап өмір сүре береді. Нұрсәт белгілі бір жерде жұмыс істемейді, себебі тек намаз оқитындармен ғана араласқысы келеді. Ал Сезім үнемі үйде отырады, сыртқа шықса да қара жамылғысына оранып шығатыны тағы бар. Бірнеше күн, апта, ай бірге тұрғанымен Нұрсәт тоқал алғысы келеді. Шариғатта төрт әйел алуға рұқсат берілген дегенді біледі, бірақ оның жөн-жоралғысынан хабары жоқ. Жат ағымда жүргендердің көбісі ашушаң болып келетінін ескеретін болсақ, Нұрсәт пен Сезімнің арасында жиі ұрыс-керіс болып тұрады. Осындай ұрыстардың бірінде Нұрсәт Сезімге 3 талағын айтып, іштегі сәбиімен бірге үйден қуып шығады. Бұл кезде исламдағы көркем мінездердің бірегейі кешірім мен сабырдың белгісі де білінбейді.

Осы кезде 8 жігіттен талақ алған қыздар қайдан пайда болды деген заңды сұрақ та бар. Еліміздегі әсіре діншіл жастардың шаһид болуға асығып, қаруларын асынып жиһадқа аттанғандарын да көрдік. Олардың елге "адастық" деп оралғандарын да естіп жатырмыз. Сирияға аттанған қыздар сол жердегі бірнеше еркекпен атастырылып, некелерін қияды. Кейін ұнатпай қалған еркектер талақтарын айтып, басқа бір еркекке «сыйлап» жібереді. Осылай жүрген кей қыздар бірнеше еркекпен неке қидырып, саусақпен санай алмайтындай «талақ» сөзін естіген. Сирияда бұл қыздарды «жыныстық жиһадтың» құрбандары деген сорақы тіркеспен байланыстырады. Бұл жат діндегілер үшін адал болып есептеледі. Міне, біздің елде де «талақ» деген сөздің мағынасын дәл осылай болмаса да, ат үсті түсінетіндер көп-ақ.

Дәстүрлі дінімен көркейген отбасы: Ясмин мен Рүстем дінді ұстанса да жөн-жосығымен, дәстүр мен дінді қатар ұстанады. Олар дәстүр мен шариғатқа сай ата-анасының батасын алып, той жасап, некелерін қияды. Қалыпты өмір, қарапайым қазақтың отбасы. Екі жас намаздарын да қаза қылмайды, туыс-бауырмен де жақсы араласады. Әр демалыс сайын үйінен қонақ арылмайтын қазақтың отбасы. Дінге де, дәстүрге де берік өнегелі отбасы. Үнемі керемет өмір сүре бермейді, әрине...  Отбасы болған соң ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды дегенді үлкендердің аузынан  жиі естуші едік. Сол сәтте ыдыс-аяқтың сынуы да, сынбауы да ерлі-зайыптыға байланысты екені даусыз. Ясмин мен Рүстемнің арасында кикілжің бола қалса, олардың бірі Алланың сүйікті амалдарының бірі «сабырдың» көмектесетінін түсініп, ашуын ақылға жеңдіреді. Бұл амал тек әйел затының ғана міндеті емес. Амал екі жаққа бірдей ортақ болып келеді. Рүстем ашулы болса, Ясмин сабыр сақтайды, ал Ясмин ашулы болса, Рүстем сабырлы бола қояды. Міне, нағыз шариғатқа сай өмір сүретін қазақтың отбасы.

Елімізде менің қиялымдағы осындай отбасы аз болса да, бар деген үміттемін. Діннің жолында жалғыз өзім жол табам деген адам адасам дегені. Себебі діннің дұрыс жолын жалғыз іздеген адам бұрыс жолын табатыны белгілі. Дін қай ғасырда да өзекті болатынын ескерсек, бұл өте ауыр, әрі қиын жол. Кез-келген уақытта жат ағымды ұстанып, өзге елден бір-ақ шығуыңыз әбден мүмкін. Сол себепті кез-келген діни сұрақтардың жауабын тек қана мешіт имамынан сұраған жөн. Бұл ескертудің айтылып келе жатқанына 10 шақты жылдың көлемі болса да, жат ағымдағылардың саны азаймай отыр.

Жат ағымдағылар қазақтың дәстүрі мен дінін екі бөлек қарастырады, алайда дін мен дәстүр бір-бірін толықтырып, түсіндіріп тұратын ұғымдар. Ежелгі қазақтың діни білімі бізден әлдеқайда жоғары болғандығы да дәлелденген. Әрбір дәстүр мен ырым-тиымдар сүннетке, хадиске сай, Құран аяттарымен біте қайнасып, байланысып жатыр. Алайда біз осы дәстүрімізді жетік түсінбегендіктен, діни білімнің төмендігінен дәстүр мен дінді ата жауға ұқсатып, қарсы қойып алдық.

Дінде «Талақ – Алла Тағала жек көре отырып рұқсат еткен іс» деген қағида бар. Күйеуі әйеліне қандай жағдайда талақ айтады? Әйелі қай кезде талақ сұрай алады?

  • Әйел қандай да бір ауруға шалдықса күйеуінен талақ сұрай алады.
  • Күйеуі бала-шағасын асырай алмаған кезде әйелі талақ сұрай алады.
  • Күйеуі жоғалып із-түссіз, хабар-ошарсыз жоғалған кезде әйел адам некені бұза алады.
  • Ажыраспасақ болмайды деген жағдайға жеткен кезде. Күйеуі әйеліне жәбір көрсеткен кезде ажырасады.
  • Ер адам не әйел адам зинаға, яғни, көзге шөп салған кезде ажырасуға рұқсат етілген.

Шариғатта талақ деп әзілдесуге болмайтыны да ескертілген. Бұл деген сөз талақ аса маңызды сөз екенін білдірсе керек.

«Сіздердің ең қайырлыларыңыз жұбайына жақсы қарағандарыңыз» деген хадис те ерлі-зайыптылардың бір-біріне кешіріммен, сабырмен қарауы керек екендігі ескертілген. Шайтанның ең басты мақсаты – отбасын ойрандау, ерлі-зайыптыны ажырастыру. Сол себепті талақ сөзін ойыншыққа айналдырып, өзіміз шайтанның ойыншығына айналмайық.

Әсел Болатқызы

Әсел Болатқызы

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір