• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

23 Сәуір, 10:54:27
Алматы
+35°

17 Шілде, 2018 Экономика

Цифрлы һәм рухани жаңғыру Қазақстанды жаңа жаһандық үрдістерде озық көрсетеді

Цифрланған елді «рухани жаңғырған» адамдар мекен етсе, «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» кезеңде өмір кешеріміз хақ.

Әңгімені төтесінен бастайық. Бұл екі бағдарламаның бір-біріне қаншалықты қатысы бар дейсіз ғой? Заңды сұрақ. Біздіңше, қазақстандық жаңғырудың жаңа формациясында цифрлық сілкініс пен сана модернизациясы тығыз байланысты. Таратып айтайық. Әуелі «рухани жаңғыру» туралы бірер сөз.

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы қазақ руханиятына жаңа серпін берді, дер кезінде, қажет уақытында жарық көрген құнды құжатқа айналды. Олай дейтініміздің себебі бар. Тәуелсіздік алған тұста оң-солымызды бағдарлап, аяқтан тік тұрып кету үшін, экономикалық, саяси, әлеуметтік, стратегиялық аса маңызды бағдарламалар әзірлеп, дамыған елдердің көшіне қосылудың қамын күйттедік. Тар жол, тайғақ кешуден, өткел бермес асулардан аман өттік. Дамыған 30 елдің қатарына қосылуды меже қылып, сан түрлі соқпақтардан өз жолымызды нықтай бастадық. Әлемдік процестердің әрқилы тартысында әуелгі ұстанымнан айнымай, еңсе тіктедік. Әрине, жаһанданудың жалыны шарпығанда жұтылып кетпеудің амал-әрекеті де жасалуға тиісті еді. Мұның негізгі қалқаны – ұлттық иммунитеттің беріктігінде жатса керек-ті.

Ел болып етек-жеңімізді жинағаннан кейін, «рухани жаңғырудың» анық қажеттілігін сезіне бастадық. Біртұтас ұлт болу үшін түп-тамырдан ажырамай, ұлттық кодқа қазық байлап, тарихи-мәдени санамызды қайта жаңғырту мәселесі негізгі планға шықты. Бұл – ұлттық бірегейлікті сақтаудың төте жолы болатын.

Жаңа жаһандық үрдістер желкен жайған уақытта ұлттық-рухани тамырдан нәр алмай, ұлттық құндылықтарымызды ұлықтамай, кемел болашаққа көз тастай алмасымыз анық. Бұл – туған жерін, елін сүйетін, тарихын, салт-дәстүрін қадірлейтін, жаңа заманғы мәдениетпен қаруланған, ұлттық сана-сезімі кемел ұрпақ қалыптастыру жолындағы маңызды қадам.

Елбасы өз мақаласында тұтас қоғамның және әрбір қазақстандықтың санасын жаңғыртудың бірнеше бағытын атап көрсетеді. Олар: Бәсекелік қабілет, Прагматизм, Ұлттық бірегейлікті сақтау, білімнің салтанат құруы, Қазақстанның революциялық емес, эволюциялық дамуы және Сананың ашықтығы.

Біз бұл жерде әр бағытқа жеке-жеке тоқталмай, негізгі тақырыптың төңірегінде тарқатып өтсек.

Сана модернизациясының алғашқы бағыты – бәсекелік қабілет дедік. Ендеше, жаңа ғасырдағы бәсекеге қабілеттіліктің сипаты қандай?

Біз жоғарыда айтқан ұлттық иммунитеті берік ұлттың әлемдік өркениетке қосар өз үлесі де болуы тиіс. Бабамыздың батырлығын аңыз етіп, жеріміздің кеңдігін мақтаныш қылғанмен, сайып келгенде сүйеніш қылар өзіндік артықшылықтарымыздың өлшемі басқа болуы қажет. Бүгінгі біздің қоғам ғылым мен білімнің, технолгияның жаңа жетістіктеріне мұқтаж. Адам капиталының сапа-көрсеткішіне тәуелді.

Бұл ретте тағы да Елбасы мақаласынан мысал іздеп көреміз. «Болашақта ұлттың табысты болуы оның табиғи байлығымен емес, адамдарының бәсекелік қабілетімен айқындалады. Сондықтан, әрбір қазақстандық, сол арқылы тұтас ұлт ХХІ ғасырға лайықты қасиеттерге ие болуы керек. Мысалы,  компьютерлік сауаттылық, шет тілдерін білу, мәдени ашықтық сияқты факторлар әркімнің алға басуына сөзсіз қажетті алғышарттардың санатында. Сол себепті, «Цифрлы Қазақстан», «Үш тілде білім беру», «Мәдени және конфессияаралық келісім» сияқты бағдарламалар – ұлтымызды, яғни барша қазақстандықтарды ХХІ ғасырдың талаптарына даярлаудың қамы», - дейді Мемлекет басшысы.

Рухани кемелденген қоғам заманауи жетістіктерді де жылдам сіңіре алады. Ұлттық ерекшелікті сақтай отырып, жаһандық өзгерістерге бейімделу – еліміздің жаңа бет-бейнесін қалыптастыруға сеп болады.

«Рухани жаңғыру» мен «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы – бір-бірін жан-жақты толықтырып тұратын қанаттас бағдарлама. Екеуінің де түпкі негізі – ұлттық һәм заманауи ерекшеліктерді бойына сіңірген, өзіндік қасиеттерді өркениет жетістіктерімен астастыра білген жасампаз қоғам құру.

Адам капиталының сапасын арттыру – қай кезде де өзекті мәселе. Әр адам рухани дамуы мен қатар, жаңа замандық технологияларды да игеру қажеттілігі туындайды.

Тасқа жазылған немесе хатқа басылған тарихтың ертеңге ұрпаққа аман жетуі де цифрландыру арқылы жүзеге асады. «Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» дейді халық даналығы. Озық дәстүрлерімізді заманға икемдеп, қоғамның талап-тілегіне орайластырып, тамырын ажыратпай, жаңаша форматта ұсынсақ – уақыт мінберінен табылары сөзсіз.

Халық – мемлекеттің діңгегі. Цифрлы мүмікіндіктерімізді арттырып, өмір сүру шарттарын оңайлату басты мақсат болса да, санамыз жаңғырмай, рухани қажеттіліктеріміз өтелмей, сапа көрсеткішін талап ету әсте мүмкін емес.

Ертең-ақ елдің жаһандық бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ететін экономикалық өсімнің жаңа моделін құрып, халықтың тұрмыс-тіршілігінің түзелуіне тың бастамалар ұсынылар. Түрлі салада сандық серпіліс болып, тура мағынадағы «Цифрлы Қазақстанға» қадам басармыз. Дегенмен, сана-сезімнің жаңғыруы, ішкі әлемнің дамып-жетілуі де бұл процестен кешеуілдеп қалмауы қажет.

Сөз соңында оймақтай ой: Цифрланған һәм өмір сүру сапасы жақсарған елді «рухани жаңғырған» адамдар мекен етсе, «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» кезеңде өмір кешеріміз хақ.

 

Ақан Бектас

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір