• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

23 Сәуір, 21:27:14
Алматы
+35°

07 Тамыз, 2018 NEWS

Цифрландырудың аясында «Қазпошта» қызметі жақсаратын болады

Бұрын пошта арқылы хаттар ғана тасымалданатын, қазір оның көмегімен коммуналдық төлемдерді төлеуге, несиені өтеуге, қаражат жолдауға мүмкіндік туды

Бұрын пошта арқылы хаттар ғана тасымалданатын, қазір оның көмегімен коммуналдық төлемдерді төлеуге, несиені өтеуге, қаражат жолдауға мүмкіндік туды. Бір кездері велосипед немесе автокөлік арқылы тасымалданатын жүктерді қазір дрондар мен робот жеткізіп, жұмысты жеңілдетуге айтарлықтай үлес қосып жатыр. Пошта желісінің көмегімен онлайн-сауданың көлемі артып, тұрғындарға жайлылық сыйлауда. Осы ретте, «Қазпошта» АҚ қызмет сапасын одан сайын жақсарту мақсатында цифрландыруға қадам басуда.

Ал, сол цифрландыру үдерісі пошта қызметіне қандай өзгерістер әкеледі? Электрондық коммерция дәстүрлі саудадағы олқылықтардың орнын толтыра ала ма? Шалғайдағы ауылдық елді мекендерге жүк жөнелту қиындықтарын цифрлық технологиялар қалай шешпек? Осы және өзге де сауалдарды «Қазпошта» АҚ Маңғыстау облыстық филиалының директоры Махаббат Сеитованың әңгімесінен біле алдық!

Цифрландыруды қалай түсінесіз? Осыған байланысты өңірде қандай игі шаралар жасалып жатыр?

Цифрландырудағы басты мақсат - тұрғындарға қызмет көрсету сапасын жақсарту. Біз өз қызметіміздің тұрғындарға жайлы болғанын қалаймыз, ол үшін бізге цифрлық технологиялар көмектеседі. Жалпы айтқанда «Қазпоштаның» бастамасымен халыққа пайдасы тиер үлкен жұмыстар істелді. Ал, Маңғыстау облысына келер болсақ, біз екі рет облыстың түкпір-түкпіріндегі  барлық өңірлерге барып, онлайн-сауда жөнінде баяндадық. Онлайн-сауданың арқасында кез келген адам өз тауарын сата алады. Қолайлы әрі үй жағдайында қажетті тауарын алдыра алмақ. Қазіргі таңда электрондық коммерция жөнінен 1500-ге жуық адам оқытылды. Жалпы, Қазақстан электрондық коммерция бағытында дамып келеді. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, елімізде 1 миллионнан аса адам онлайн-сауданы тұтынады екен. Ал, Маңғыстау облысындағы электрондық сауда тұтынушылары жыл санап көбейіп келеді. Яғни, 2017 жылдағы орта айлық көрсеткіш бойынша  электрондық сауданы 38 мың адам тұтынған.  Ал, 2018 жылдың 6 айындағы бұл көрсеткіш 64 мың адамды құрап отыр.

Е-коммерцияны дамытуда қандай шетелдік тәжірибелерге сүйенесіздер? Қандай мысал келтіре аласыз?

 «Қазпошта» АҚ электрондық сауданы дамыту мақсатында «AliExpress» деп аталатын әлемдік алпауыт компаниямен келісімге отырды. Бұл компания онлайн-сауда нарығындағы ең маңызды ойыншылардың бірі саналады. Айта кету керек, AliExpress компаниясы әлемдік деңгейдегі онлайн-дүкен ретінде баршамызға белгілі. Ол бастапқыда Қытай елінің өнімдерін әлемдік айналымға шығару үшін құрылған болатын. Десе де, қазіргі таңда бұл қауымдастықтың қызметін тұтынушылар саны жылдан жылға артуда. Мәселен, ТМД мемлекеттері,  Балтық жағалауы елдері, Эстония, Түркменстан, Бразилия, Испания, Польша,  АҚШ, Батыс мемлекеттері және т.б.  

Өзіміз білетіндей «Қазпошта» АҚ дрондарды іске қосты. Ал, Маңғыстау облысындағы ахуал қандай? Автокөлік жолы нашар аймақтар бар ма? Оларға сәлемдемелерді қалай тасымалдайсыздар?

Біздің бағыттарымыздың бірі - логистикалық инфрақұрылымды модернизациялау. Осы ретте,  Қазақстанда дрондар іске қосылды. Ол шамамен 8 килограмм жүкті көтере алады. Оның арқасында шалғайдағы ауыл тұрғындарына қажетті затын жеткізіп бере алатын болдық. Әдетте онымен газет-журналдар мен сәлемдемелер тасымалданады. Облыста дрон қосылған жоқ. Себебі, Маңғыстау облысындағы жол-көлік трассасы жақсы. Сол себептен автокөліктер арқылы жолданады. Ал, егер қиындықтар туындайтын болса дрондарды қосуымыз әбден мүмкін. Осылайша автомобиль жолдары нашар аймақтарға дрондар тауарларды жеткізіп беріп, ісімізді жеңілдетеді.

Жүк жөнелтімдері бойынша қазіргі және бұрыңғы жағдайды айта аласыз ба?

Қазпошта арқылы елімізде бұрын бір күнде 10 мың жүк жолданатын.  Ал, қазір 120 мың жүк тасымалданады. Мұның барлығы пошта жұмысын оңтайландырудың арқасында орындалып отыр.

Бұл процесстер қалай жүзеге асырылады?

Қазіргі таңда «Қазпошта» жөнелтімдерді супермаркеттер немесе постаматтар арқылы жеткізеді. Кез келген тұтынушы өзінің тауары туралы ақпаратты смс арқылы немесе сайтымыздан көре алады. Тауарын алуға келген әрбір тұрғын кем дегенде 2-3 минут уақытын жұмсайды. Ал, бұрын 20-30 минут кететін. Неге десеңіз, ол кезде постаматтар мен жөнелтім супермаркеттері болмады. Сол заманда халық қазпошта бөлімшесіне келіп алатын, оның затын іздеу үшін біршама уақыт құртатын.

Жөнелту жұмыстарын жеңілдету үшін қандай  жобалар жоспарланып отыр?

Сондай-ақ, біз франчайзингті ұсынып отырмыз. Оның мақсаты – тұрғындарға өз тауарларын қолайлы жағдайда жеткізу. Яғни, бұл жобадан соң жергілікті тұрғындар тауарларды үйінің жанындағы дүкендерден немесе жақын маңдағы кез келген кеңселерден алу мүмкіндігіне ие болады.  Ол бойынша 100-ден аса франчайзинг ашылатын болады.  Бұл жүйе арқылы жұмыс істеу өз кезегінде бірқатар нәтижелерге қол жеткізуге серпін бермек. Мәселен, қосымша табыстар артып, тұтынушылардың жаңа легін әкеледі. Ең бастысы – тауарлар тұрғындарға қолайлы әрі жайлы тұрғыда жеткізіліп отырмақ.

Соңғы уақыттарда «Қазпошта» АҚ экспорт мектебін ашып, онлайн-сауда жөнінде оқыту жұмыстарын жүргізуде. Ондағы мақсат неде?

Жақын уақытта экспорт мектебін ашқымыз келеді. Оның мақсаты – жергілікті кәсіпкерлерге онлайн-сауданың қалай жасалатынын және шетелдік компаниялармен қалай байланысуға болатынын үйрету. 12 іс-шара өткізілді. Бұған қоса 350 кәсіпкерді оқыттық. Осының нәтижесінде 150 адам өз істерін ашты. Міне біз осы бағытта алға қарай жылжи бергіміз келеді. Біз халыққа барлығы қолжетімді болғанын қалаймыз. Сондай-ақ, біздің кәсіпкерлердің шетелге тауар сата алса дейміз. Экспорт мектебі арқылы Amazon.com, E-Bay-ды қалай қолдану керектігін үйретеміз.

Цифрлық сауаттылық бойынша облыста қанша адам оқытылды?

Цифрлық сауаттылық арқылы жергілікті тұрғындар электронды сауданы меңгере алатын болады. Біз жергілікті әкімдікпен жұмыс тобын құрдық. Сәйкесінше біз оларға барып, е-коммерция туралы, қалай тапсырыс қабылдап, қалай тапсырыс беруді айтамыз. Қазіргі таңда 1500-ге жуық адам оқытылды. Е-коммерция туралы айту үшін әрі кетсе 20-30 минут ғана кетеді. Оның барлығы аудиторияның белсенділігіне байланысты. Егер де тұрғындардың сұрағы көбірек болса 40 минутқа дейін уақыт алады.

Онлайн-сауданың маңыздылығы неде? Мәселен?

Елімізде «Balkaymak» атты белгілі компания бар. Ол тек Республика көлемінде ғана таралып отыр. Ал, егер біз отандық кәсіпкерлерге цифрлық сауаттылық үйрететін болсақ олар шетелдік кәсіпорындармен келісім-шарт жасаса алар еді. Осы ретте, мотивациялық бір мысалды айта кетсем, Украинада бір қыз бар, оның жасы небәрі 16-да. Сол қыз кітаптың бетіне белгі салумен айналысады. Бірақ, оның осы кәсіп түрінен үлкен сомаға кенелетінін кім білген?! Ал, оған қалай қол жеткізді дейсіз ғой?! Бар болғаны өз туындыларын сайтқа салған. Нәтижесінде, жер шарының түкпір-түкпіріндегі тұтынушылар тапсырыс беріпті. Оның бір жылдық табысы 500 мың долларды құрады.

Маңғыстау облысында шетелдік компанияларды қызықтыратындай қандай өнімдер бар?

Жалпы алғанда Маңғыстау облысындағы табиғи өнімдерге шетелдік азаматтардың сұранысы көп. Атап айтқанда, балқаймақ, жент, ірімшік, шұбат және көптеген сүт өнімдерін айтсақ болады. Жалпы алғанда өнімдеріміз өте көп. Дегенмен, пошта арқылы тасымалдана алатын осы өнімдер ғана.

Облыстық қазпошта қайда ұмтылады? Жоспарларыңыз қандай?

Маңғыстау облыстық  «Қазпошта»  АҚ келер жылы цифрлық кеңсе ашуға ниеттеніп отыр. Сондай-ақ, «Қазпошта» АҚ енгізіп жатқан барлық жаңашылдықтарды енгізу басты мақсаты саналады. Сонымен қатар, келешекте пошта жөнелтілімдерін сұрыптауға арналған автоматтандырылған желі ашылмақ. Бұның нәтижесінде жөнелтім уақыты 60 пайызға дейін қысқаратын болады.

Еліміздегі ұлттық оператор өз жұмысын ілгерілету мақсатында әлем елдерінің озық тәжірибесіне талдау жасап, пошта желісіндегі ең үздік инновацияларды алды.  Жаһандық пошта желісі негізінен постаматтар арқылы жұмыс істесе, қазпошта жөнелтім супермаркеттері арқылы қызмет етеді. Бұл жаңа ноу-хау, - деп түйіндеді «Қазпошта» АҚ Маңғыстау облыстық филиалының директоры  Махаббат Сеитова.

Әңгімелескен Назерке Еркінқызы

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір