• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

20 Сәуір, 18:06:00
Алматы
+35°

11 Сәуір, 2019 Спорт

Сумо балуандары: "Тамақ, тамақ және тамақ"

Ғалымдардың айтуынша, сумо балуандарының денесіндегі май мөлшері қарапайым адамдардан аз.

Салмағы 200-230 келі тартатын сумо балуандары күнделікті қандай тамақ түрлерін тұтынады?

Салмақ – сумо балуандары үшін үлкен рөл ойнайтын сыртқы қасиет. Әрине, жекпе-жекте жеңіске жету үшін физикалық дайындық, техникалық тәжірибе, түрлі әдіс-тәсілдерді меңгеру қажет болары сөзсіз. Дегенмен, спорттың сумо деп аталатын түрі үшін салмақтың бәсекелестен басым түсуге тигізер ықпалы көп.

Спорттың бұл түріне жаңадан келгендер мен жеңіл салмақта күш сынасатындар үшін минималды салмақ мөлшері – 120 келі.

Күнделікті жұмыс жасайтын, физикалық тұрғыда көп әрекет ететін адам 3000 калория тұтынады. Бұл қарапайым адам үшін жеткілікті. Түрлі әдістермен ағзаға келетін энергия жүріс-түрысқа, жұмыс жасау барысында қолданылады. Ал жиналған калория күнделікті жұмсалмаса, адам тез арада артық салмақ жинай бастайды.

Сумо балуандарына сәтті мансап жасау үшін сұралатын бірінші талап – салмақ жинау. Сондықтан, қарапайым адам тұтынатын 3000 калория кәсіпқой балуандарға жеткіліксіз.

Балуандарға көп тамақ тұтыну не үшін қажет?

Спорттың бұл түріне көп жағдайда орта мектепті бітірген балалар тартылады. Сумо корпорацияларымен бірге әуесқой топтар да балаларды тәрбиелеп, шыныққан балуандарға күнделікті жаттығу жасата алады. Сумо балуаны болу үшін спорттың осы түріндегі мансаты 25 жасқа дейін бастап үлгеру қажет. Демек, осы типтегі спортқа қызығушылық танытқандар үшін 20-25 жас аралығында айтарлықтай салмақ жинау шарт.

Қомағайлана ас ішіп, семіру арқылы спортшы болу мүмкін бе?

Егер жоғарыда айтылған үдеріс сумода жүретін болса, кер жалқаулардың көпшілігі азуын айға білеген спортшы болып шығар ма еді, бәлкім?!

Бірақ барлығы біз ойлағандай қарапайым емес. Кәсіпқой сумо балуандардың күн тәртібі өте қатаң режимде өтеді. Таңертеңгі уақытта 5 сағат жаттығу. Назар аударыңыз! Аш қарынға! 5 сағаттық жаттығудан кейін ыстық ванна қабылдау шарт. Міне, осыдан кейін барып қана тамақтануға рұқсат. Түйені түгімен, биені бүгімен жейтіндей тәбеттің иелері тамаққа тойып, артынша дереу ұйқыға жатады. Белгілі мөлшердегі ұйқыдан соң қайта жаттығу орындалып, содан кейін кешкі асқа мұрсат беріледі екен.

Спорттық мансабында жақсы нәтижелер көрсету үшін балуандар құнарлы тамақ жеп, көп энергия жинауға мәжбүр. Осы талаптың орындалуы себебінен балуандардың денесіндегі майдың көлемі 14-16 пайызды құрайды.

Қызықты мәлімет!

Салыстыралық. Ересек жапон азаматының денесіндегі майдың мөлшері, әдетте, 15-19 пайызды құрайды. Бірақ олар арықша әрі сымбаттырақ көрінеді. Ал салмағы 200 келіден жоғары тартатын сумо балуанының денесіндегі майдың мөлшері – 14-16 пайыз.

Сіз бен біз қарыны салбырап, жарылардай болып жүрген балуандардың денсаулығы қарапайым адамдарға қарағанда әлдеқайда мықты. Сонымен қатар, олардың бұлшық еттері де жылдам жұмыс жасайды.

Қысқа уақыт ішінде қалай 120 келі салмақ жинауға болады?

120-130 келі салмақ – сумо спортында бұл жолға жаңа қадам басқандардың салмағы. Жоғары лига қатысушыларының салмағы бұл цифрларды екі-үш еселейді.

Сумо тарихындағы рекордты салмақтың иесі – бұрынғы чемпион, гавайлық Конисики Ясокити. Оның салмағы 275 келіні құраған. Өз мансабында Конисики үш рет Император кубогын ұтып алған және 6 жыл бойы «одзэки» титулын ұстап тұрған.

Жоғары лига спортшыларының орташа салмағы – 200-230 келі. Мұндай салмақты тұрақты ұстап тұру үшін немесе жинау үшін күніне 20000 калория тұтынып, көп жаттығу жасау қажет. Балуандар түсте және кешке ғана тамақ ішеді. Демек, олар барлығын осы екі мезгілде ішіп-жеп үлгеруі шарт. Спортшылар көңілдері қалаған нәрсені жейді. Тіпті, кейбіреулері спиртті ішімдіктерден де бас тартпайды.

Ресейлік сумо балуанының тарихы

Әлемге Амур Мицухиро атымен танымал ресейлік балуан Николай Иванов өзінің бұл спортқа қалай келгенін есіне алады.

2002 жылы сумоға келген Николайдың бойы 193 см, ал салмағы небәрі 80 келі болған. Ал кәсіпқой спортта бұл салмақпен ешқандай жетістікке жету мүмкін емес. Николай өзінің арманын орындау үшін еңбек ете бастады.

Амурдың айтуынша, ол күніне суға қайнатылған күріштің бес табағын, одан бөлек спагетти, қуырылған ет, котлет, бәліш және «чянко» деп аталатын жапондардың дәстүрлі сорпасын тұтынған. Әдетте, сумо балуандары күніне екі рет тамақтанады. Бірақ Николай өзінің мақсатына жету үшін түрл тәсілдермен тамақ ішкен. Кейде өзін тамақ жеуге мәжбүрлегенін де жасырмайды.

 Амур Мицухироның арманы орындалды. 2017 жылы оның салмағы 138 келіні құраған. Спортшының қоржынындағы көптеген турнирлерде жеңіске жеткен бәйгелерін есептесек, оның «кәсіпқойлық» деңгейіне көтерілгеніне көз жеткіземіз.

2018 жылдың мамыр айында ауыр жарақат алған Николай мансабын аяқтауға мәжбүр болды. Десе де, ол әлі күнге дейін сумо спортында биік белестерді бағындырған жалғыз ресейлік болып қалды.

Ауыр салмақ жинауды талап ететін спорттың бұл түрі балуандарды біршама дертке шалдықтырады. Асқазан-ішек құрылысы мен ас қорыту жүйесінің бұзылатыны, әдеттегі жұмыс істеу дағдысын жоғалтатыны айтпаса да белгілі.

Сумо балуандары қарапайым жапон азаматына қарағанда, 10 жыл ерте өмірден өтеді екен.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір