• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 18:25:06
Алматы
+35°

06 Мамыр, 2019 Кәсіпкер

Бүгінде әлемдік аренада бәсекеге қабілеттілік ұғымы жоғары дәрежеге ие болған шақта адамзат алдында бірқатар мәселелер тұр. Уақыт талабымен адамдардың ойлау жүйесі, сана-сезімі, көзқарастары өзгеруде. Аталмыш жайттар еңбек нарығында да өзіндік сипатқа ие болды. Мәселен, жұмыс берушілер тарапынан кәсіби біліммен қатар тың идеялар мен ерекше ойлар талап етіледі. Және де бұл жағдай тек еңбек саласына ғана емес, экономиканың барлық салаларына өз ықпалын тигізуде.

Сонымен қатар, бәсекеге қабілеттілікпен қатар көшбасшылық қасиеті ерекше назарда. Аталмыш мәселеге қатысты көптеген оқулықтар, авторлық кітаптар мен кеңестер жиыны жарық көрді. Әр оқырман өзіне қажеттісін анықтап, қалауың табуға мүмкіндік бар. Дегенмен, "Көп жасағаннан сұрама, көпті көргеннен сұра" демекші, әр автор өз шығармашылығында көрсетілген саланың майталманы болуы тиіс. Себебі, аталмыш кітапта бірқатар еңбек өтілі мен өмір тәжірибесі ұштасады. Бүгінде адамның жеке қабілеттерін арттыру, өзіңе деген сенімділікті қалыптастыруға негізделген мәліметтер баршылық. Соның ішінде, ең өзектілеріне назар аударған жөн.

Мәселен, басқару мәселелері жөніндегі американдық кеңесші, оқытушы және ұйымдастырушылық басқарма жұмыстары жөніндегі кеңесші Стивен Ковидің "Тиімділігі жоғары адамдардың 7 дағдысы" кітабы "The New York Times" журналының бестселлерлер тізімінде 220 апта болған. Аталмыш кітаптың 3 миллионнан астам данасы сатылып, 40 тілге аударылған. Сонымен қатар, Стивен Ковидің тренинг орталығы жылына 30000 астам адамды оқытады.  

Стивен Кови 1932 жылғы 24 қазанда Америкада дүниеге келген. Ол кісі - американдық бизнес-кеңесші, кәсіби ділмар, жазушы, "Жыл ділмары" атағының иегері, дүние жүзі ісіне қосқан үлесі үшін Сикха премиясының, адамзат алдындағы үлесі үшін Томас Мор колледжі медалінің, "Жыл кәсіпкері" халықаралық премиясының иегері, Time журналының нұсқасы бойынша ең беделді 25 американдықтардың қатарында.

Бүгінде "Тиімділігі жоғары адамдардың 7 дағдысы" кітабының авторы және лекторы ретінде танымал. Аталмыш кітап 2011 жылғы тамыз айында "TIME" журналында бизнес жөніндегі ең ықпалды 25 кітаптың бірі ретінде  көрсетілген. Стивен Кови өмірінің соңғы жылдары FranklinCovey компаниясы директорларының кеңесі төрағасының орынбасары лауазымын атқарды.

Юта университетінде тәлім алып, іскерлік басқарма саласындағы ғылым бакалавры болды. Кейін оқуын Гарвард университетінде жалғастырып, Бригам Янг университетінде діни істер бойынша философия докторы болды.

Стивен Кови белсенді дін қайраткері ретінде Англия шіркеуінде екі жыл қатарынан қызмет еткен, ал 1962 жылғы шілдеден бастап ирландық діни ұйымның бірінші президенті лауазымын атқарған. Өз кезегінде дін жолында бірқатар жұмыстар жазды.

Дегенмен, жазушы 2004 жылы жеке этикаға қарсы шығып, мінез-құлық этикасын көтерген "Жоғары тиімді адамдардың 7 дағдысы" кітабы жарық көргеннен кейін шынайы атаққа ие болды. Кейін қоғамдағы әртүрлі мәселелерге қатысты басқа да шығармалар жарық көре бастады. Олардың көбісі бестселлер атанды. Атап айтқанда, "Басты заттарға басты назар", "Қағидаларға негізделген көшбасшылық", "Жоғары тиімді жанұялардың 7 дағдысы", "Сегізінші әдіс: тиімділіктен маңыздылыққа" және де т.б.

Негізінде, Стивен отбасының құндылықтары туралы айтуға толық құқылы еді. Ол тоғыз баланың әкесі атанып, елу екі немересі болған.

Стивен Кови 2012 жылғы 16 шілдеде Айдахода көз жұмды.

Жазушы өзінің "Тиімділігі жоғары адамдардың 7 дағдысы" кітабында көшбасшылық пен басшылыққа өзіндік көзқарасын ұсынды. Аталмыш кітапта жеке бастың тиімділігін арттыруға негізделген жан-жақты дағдылар  көрсетілген. Кови дағдыны білім, қабілет пен тілектің құрамасы ретінде анықтайды. Оның жеті дағдысы бірнеше сатыларға бөлінген: тәуелділіктен тәуелсіздікке және әрі қарай тұлға аралық тәуелділік.

Тәуелді тұлға басқаларға тәуелді кішкене бала секілді жағдайдың реттелуін немесе басқа жағдайдың туындауын күтіп отырады. Тәуелділік адамға өз өмірі үшін жауапкершілікке ие болуға мүмкіндік бермейді және істері теріс кеткен жағдайда басқа біреуді кінәлауды дұрыс қадам ретінде санайды. Тәуелсіз адам өз бойындағы сенімділік пен өз күшіне қанағаттану сезімін сезінуге мүмкіндік алады. Және өзінің өсімі үшін қажетті және пайдалы мағлұмат немесе тәжірибеге ие болады. Ал тұлға аралық тәуелділікке ие адам өзгелердің көмегінсіз қандай да бір нәтижеге қолжеткізуге болмайтынын түсінеді. Осындай адам  басқалармен байланыс орнатуға талпынады. Бұл ретте ол өзінің жеке қабілеттерін жаңартып отырады және тұлғааралық қатынастар мен топтағы жұмыстан өзіне қажетті көңіл-күйді алады.

Стивен Кови барлық дағдыларды ересектік континууа орнатады. Әр дағды бір-біріне негізделеді.

Ең бастысы - тәуелсіздік.

Алдыңғы үш дағды өзінің бірбеткей қалпын сақтауға байланысты болады. Олар адамды тәуелділіктен тәуелсіздікке алып келеді.

1-дағды. Белсенділік. Бұл дағды - жай ғана белсенділік емес, өз өміріне деген жауапты көзқарас. Аса белсенді адамдар жауапкершіліктің саналы түрде шешім қабылдау екендігін мойындайды. Таңдауды жүзеге асыруда адамдар өздерінің өмірлік құндылықтарына сүйенеді, алдағы қиындықтарға мойымайды және өзі үшін жауапкершілік алады да, өз жетістіктерімен мақтанады.

2-дағды. Жұмыстың нәтижесін ең басында көре білу қабілеті. Яғни, адам қолға алынып жатқан жұмыстың толық нәтижесін алдын-ала өз санасында бейнелей алады. Құрылысшы жобадан бастайды. Композиторлар өз ойларындағы дыбыстарды мәтінге түсіреді. Мәтін авторлары жазуды бастаудың алдында болашақ кітабының жазбаша нобайын келтіріп алады.

Жұмыстың нәтижесін ең басында көру үшін мақсат мен жоспарды нақты түсіну, сондай-ақ өз қызметінде басшылыққа алатын құндылықтар мен қағидаларды білу қажет. "Майкрософт" компаниясының негізін қалаған Билл Гейтс өз ойында болашақ компаниясының нобайын келтіру арқылы әлем бойынша тауар айналымы жоғары компаниялардың бірінің негізін қалады. Ойдағы нұсқаға сүйене отырып, ол арманын іске асырған ұйымды құрды.

3-дағды. Ең негізгісінен бастау. Бұл дағды не істеу керектігіне назар аударудың орнына, адамнан өз уақыты мен жағдайды мақсатымен тиімді үйлестіру арқылы басқаруды қажет етеді. "Маңызды істер мақсатқа қолжеткізуге жәрдемдеседі, ал жедел істер тез арада орындалуы тиіс", - дейді Стивен Кови өз кітабында.

Ең негізгісінен бастау дағдысы нәтижелерге қолжеткізуді ғана емес, қатынастарды басқару қызметін қамтамасыз етуді қарастырады. Осылайша, мәселен, егер телефон қоңырау шалса, сатушы қазір айналысып жатқан жұмысын тастайды және жаңа клиентті табу мақсатында телефон көтереді. Себебі, жаңа клиенттер -  компанияның коммерциялық табысының кепілі. 

Сонымен қатар, тәуелсіздіктен тұлғааралық тәуелділікке көшу ашық байланысты, тиімді топты құруды және басқаларға қамқор болуды қарастырады. Тиімді өзара қарым-қатынастарды құру - Стивен Кови атап өткен "әлеуметтік жеңіс".

4-дағды. "Сенің жеңісің - менің жеңісім". Ұйымның табысты болуы адамдар арасындағы ортақ жеңіске ұмтылуға негізделген әріптестікте жатқандығын түсіну қажет. Адамдар аталмыш жайтты түсінген кезде, олар өзара табысқа жету жолында әрқайсысының жеңімпаз болу мүмкіндігін қамтамасыз ету үшін өз күштерін ұжымдық жұмысқа біріктіреді. "Сенің жеңісің - менің жеңісім" қағидасы аясында топта қабылданған шешімдер оның барлық мүшелерінің көңілінен шығады және орындалуға міндетті болып саналады.

Майталман басқарушы қызметкерлер жекеден гөрі бірлесіп тезірек табысқа жететіндігін түсінеді.

5-дағды. Алдымен түсінуге тырысыңыз, содан кейін түсіністік іздеуге талпыныңыз. Көптеген адамдар әңгімелесушіні түсіну ниетімен тыңдамайды, керісінше, мүмкіндігінше жылдам жауап беруді қалайды. Олар қалыптасып қалған жағдайға негізделген пікірлерін айтуға тырысады. Басқа адамды түсініп, тыңдай білуді үйрену үшін адамдар сот төрешілері ретінде емес, жан дүниені түсіну қабілетін дамытуы тиіс.

Екі тарап бір-бірін түсінген кезде, олар әрдайым ортақ тіл таба алады. Сөйлесіп отырған адамға назар аударуға тырысыңыз. Оған қалайша тез жауап беруді ойламаңыз. Осындай дағдыға ие табысты басшы клиенттермен қатар, өз компаниясының жұмысшыларына бірдей ықыласпен қарайды.

6-дағды. Бірігіп әрекет ету. Екі немесе одан да көп адам бірге жұмыс істегенде, қандай да бір құбылысты түсіну үшін олар ортақ тіл табысады. Ортақ тіл табысу адамдар жаңа баламалар мен шешімдерді тапқан кезде туындайды. Ортақ тіл табысуға қолжеткізудің ең жақсы мүмкіндігі бар. Яғни,  бір құбылысқа, түрлі көзқарасқа ие және де осы ерекшеліктерден өздері үшін жаңа мүмкіндіктерге жол аша білетін адамдар қолжеткізе алады. 

"Сенің жеңісің - менің жеңісім" қағидасын үйренген және басқа адамды түсіну үшін тыңдайтын адамдар ортақ тіл табысады.  Бір сөзбен айтқанда, бұл дағды алдыңғы екеуіне тіреледі. Мартин Лютер Кингтің атақты сөзінің басты идеясы - "Менің арманым бар". Бұл - ортақ тіл табысу идеясының нақ өзі. Ол адамдарды өз көзқарастарын  салыстыруға және бір-бірінен үйренуге шақырған. Қатып қалған таптаурындар адамдардың көзқарастарындағы  айырмашылықты бағалауға кедергі келтіретінін айтқан. Себебі, адамдар бір-бірін тыңдамайды, өз ойларымен әлек болады.

7-дағды. Жүз қайрау. Жетінші дағды алдыңғылардың барлығын біріктіреді. Негізінде, бұл - адам өмірінің барлық физикалық, менталды, рухани және әлеуметтік аспектілерінен тұратын, тұрақты жаңарып, жетіліп отыру үрдісі. Стивен Кови жұмысқа қабілеттіліктің жоғары деңгейін сақтап қалу үшін адамдарға үнемі жетіліп отыруды тілейді.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір