• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

20 Сәуір, 00:56:54
Алматы
+35°

13 Қаңтар, 2017 Әлеумет

Солтүстік Корейден қашып шыққан жігіттің оқиғасы

Cон Джу Лидің балалық шағы Солтүстік Корей астанасында өтті.  Бала кезінде ата-анасымен бірге жақсы ғұмыр кешті. Алайда бұл қуанышы ұзаққа созылмады....

Cон Джу Лидің балалық шағы Солтүстік Корей астанасында өтті.  Бала кезінде ата-анасымен бірге жақсы ғұмыр кешті. Алайда бұл қуанышы ұзаққа созылмады. Жасөспірім кезінде ашықта өмір сүріп, көше бұзақыларының арасында өмір үшін күресуге тура келді. Бұл жас жігіттің өміріндегі қиын бұралаң жолдардың бірі ғана.

1990 жылы Сон Джу Ли әке–шешесімен Пхеньяндағы үш бөлмелі пәтерде тұрды. Өскенде әкесі секілді Солтүстік Корея әскерінің офицері болуды армандады. Алайда 1994 жылы президент Ким Ир Сен қайтыс болғаннан кейін ол бақытты балалық шағымен қош айтысты.

Жаңа билік оққағар болып жұмыс істейтін Сон Джудің  әкесін  қудалай бастады. Отбасымен бірге астанадан кетуге тура келді. Кішкентай бала қауіп төніп тұрғанын сезбеуі үшін әке-шешесі оған еңбек демалысына қыдырып бара жатқандарын айтқан. Алайда әбден тозығы жеткен вагонға кіргенде, балада бір күмән пайда болды.

«Мен қайыр сұрап отырған өзіммен жасты балаларды көріп, қатты таң қалдым. Мен әкемнен «Біз әлі де Солтүстік Корейдеміз бе?» деп сұрадым. «Себебі мектепте бізге Солтүстік Корея әлемдегі ең бай мемлекет деп үйретеді» дейді ол.

 

Отбасы Кенсон қаласында орналасты. Сон Джу мектепке барғанда жаңа сыныптастарының дамуында ақау барын сезді.

Бір күні мектеп оқушыларын көшеге шығарды. Далада бір топ адам болды. Дәл сол кезде екі полицей келіп ер мен әйелді ағаш бағанға байлап қойды.  Ер адамды ұрлық үстінде ұстап алғанын, ал әйел Қытайға қашып кеткісі келгенін айтып, оларды елдің көзінше атып тастады.

Айлар өтіп жатты. Сон Джуға жаңа қиындыққа толы өміріне үйренісу оңай болмады. Жейтін тамақ жоқ. Елді аштық жайлады. Сыныптастарының көбі тиын аулап, базарда ұрлық жасау үшін мектепті тастап кетті.

Бір күні әкесі кенеттен Қытайға бара жатқанын және ол жерден күріш әкеп беретінін айтқан. Бір апта өтті Сон  Джудің әкесі үйге оралмады. Біраз уақыт өткеннен кейін анасы туыстарының үйіне барып тамақ табуға тырысып көретінін айтып, кетіп қалады. Ол анасы әкесі секілді оралмай қояды ма деп қорқып, анасын көпке дейін жібермеді. Сон Джу ұйықтап қалғанда анасы оған хат тастап, кетіп қалған. Хатта "қатты қарның ашса тұз жалап,  су іш "деген. Бұдан кейін ол анасын көрмеді.

«Мен ата-анамды жек көрдім. Олар жауапкершіліктен жалтарып кеткендей көрінді. Әке-шешем мені тағдыр тәлкегіне тастап кетті».

 

Көше бандасы

 

Сон Джу Ли тірі қалудың жалғыс ғана жолы – көше бандасын құру екенін түсінді. Ол алты баланың басын қосып, ұрлықтың қыр-сырын үйрене бастады.

«Біз бір-біріміз үшін өлуге даяр едік. Қиын сәттерде бірге болу арқылы тірі қалдық» дейді Сон Джу.

 

Әр айда ұрлықшылар бандасын халық тани бастайды, сол кезде басқа қалаға кетуге мәжбүр болады.  Жаңа жер табу қиынға түсті. Себебі, жергілікті бандамен төбелесуге тура келеді.

«Мен таэквандомен айналысқандықтан, мені көшбасшы етіп таңдады. Олар мені өте жақсы төбелеседі деп ойлады. Бірақ көше төбелесі мүлде бөлек. Таяқ жеген сәттерім көп болды. Бірақ  бауырларым маған сенім артты. Олардың үміті мені ширата  түсті».

Ересек, қарулы  топтармен төбелесу өте қауіпті болды. Осындай төбелестердің бірінде Сон Джудің банда мүшесі көз жұмған.

Бірнеше уақыт өткеннен кейін Сон Джудің ең жақын досын колхоз басшысы картоп ұрлайын дегені үшін өлтіріп тастады.

Банда әлсірей бастады. Олар тығырықтан шығу үшін Кенсонға қайтып барды. Сол жерде Сон Джуді атасын кездестірді.

Сон Джудің отбасы астанадан көшіп кеткеннен кейін атасы оларды іздеген. Кенсоннан бірнеше шақырым жерде орналасқан шаруашылыққа көшіп барып, әр демалыста немересін қалаға іздеп барады екен.

Атасымен табысқаннан кейін Сон Джу Ли оның шаруашылығында бірнеше бақытты айларды өткізді. Аптасына бір мәрте бандасына бір қап тамақ апарып беріп тұрды. Ол кезде банда ұрлықты қойып, жұмыс істей бастады.

 

Әкесінен хабар келді

 

Бір күні үйге бейтаныс адам келіп, хат берді.

«Онда «Балам, мен Қытайда тұрамын. Сол жерге кел» деп жазыпты» дейді Сон Джу.

Бейтаныс адам шекарадан адамдарды өткізумен айналысқан. Ол Сон Джу Лиға елден қашуға көмектесуі үшін келіпті.

«Жүрегімде екі ұдай сезім болды. Бірі әкеме деген ашу. Сол уақытта әкемді жұдырықтап ұрғым келді. Екінші жағынан әкемді қатты сағынғанымды түсіндім. Мен атама, Қытайға әкемді ұрып, қайтып келетінімді айттым».

Сон Джу контрабандистердің көмегімен Қытай шекарасына жаяу өтіп кетті. Әкесімен кездесті.

«Әкем мені құшақтап, жылап жіберді. Көкейімде көптеген сауал тұрды. Бірақ «Мен де сені сағындым» деп, көз жасыма ерік бердім. Ол анаң қайда деп сұрағанда, жылап жібердім. Себебі сұрақтың жауабын білмедім».

Сон Джу мен әкесі әлі күнге дейін анасын іздеп жүр. Оның қайда кеткені белгісіз күйінде қалды.

2009 жылы басқа контрабандист Қытайда түр әлпеті анасына келетін әйелді көргенін айтты. Бірақ ол басқа адам болып шықты.

Сон Джу контрабандистерге достарын тауып беруі үшін ақша төлеп отырды. Алайда  олардан ешқандай хабар болмады. Өзі достарын армияға алып кетуі мүмкін деп топшылайды.

 

Жаңа өмір

 

Алғашқы кезде Оңтүстік Корейдегі өмірге үйренісу қиынға соқты. Ол қатты жалғызсырады. Сон Джудің  сөйлегенінен оның Солтүстік Корейден екені білініп тұрды. Ал Сон Джудің айтуынша оңтүстік адамдары КХДР билігі халықтың миын әбден улаған деп есептейді. Сәйкесінше адамдардың түсінігі сол деңгейде деп ойлайды екен.

Сон Джу еркіндіктің не екенін Оңтүстік Корейдегі дүкенге барғанда білді.

«Менің қалам таңдауыма екі сағат кетті. Кенеттен ойыма еркіндік деген осы шығар деген ой келді. Мен қалаған қаламымды таңдай аламын».

Сон Джу Ли екі Корей елін қосуды армандайды және оған куә болатынына сенімді.

«Солтүстік Кореяда 1990 жылдан кейін дүниеге келгендерді елдің тағдыры, болашағы ойландырмайды. Оларды тек жеке өмірі ғана қызықтырады» дейді Сон Джу.

Сон Джу Ли өзгеріс өзі бұрында азық-түлік ұрлаған базарда басталады деген ойда.

«Уақыт өте келе Солтүстік Корея тұрғындары азық-түлік пен тауарларды ешқандай бақылаусыз сатып, ақша жасауға болатынын түсінеді. Ел құрдымға кетпейді. Алайда билік ауысатын уақыт келеді».

Сон Джу АҚШ-та одан кейін Ұлыбританияда оқи бастады. Қазір «Екі Кореяны біріктіру» деген тақырыпта диссертация қорғамақшы.

 

Өмір тарихы

 

Бастапқы кезде ол өз өмірі туралы айтқысы келмеді. Одан кейін өз тарихымен бөлісу арқылы психологиялық жарақатынан арылып қана қоймай, Солтүстік Корейдегі балалардың қандай жағдайда өмір сүретінін елмен бөлісе алатынын түсінді.

 

Қыркүйек айында оның «Әр аққан жұлдыз» атты кітабы жарық көрді. Ол ең алдымен жас ересек оқырманға арналған.

Оның үлкен арманы Солтүстік Корейге барып, Пхеньяндағы саябақта серуендеу, өміріндегі қиын сәтте жанынан табылған достарын табу.

«Түсімде бауырларымды жиі көремін. Кейде суда шомылып жүреміз, балық аулаймыз. Мен үшін үйге қайту - жақсы көретін адамдарыммен қауышу». 

Дереккөз: bbc.com

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір