• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

19 Сәуір, 17:37:53
Алматы
+35°

14 Қыркүйек, 2018 Айтты-ей, бауырың!

Сөгетіліктер: А.Баталов бізді дұрыс түсінбепті

Егер облыс әкімі адам жіберем десе, қолынан жетектеп апарып, көрсетер едік» дейді сөгетіліктер.

Әлеуметтік желінің күшіне мініп тұрған кезеңі ғой, «Қамшы.кз», «Байрақ.кз» және «facebook» арқылы Алматы облысының әкімі Амандық Баталовтың атына жазған үшбу хатымызды да, сол мәселеге орай әкімдіктің берген жауабын да, ауыл тұрғындары оқып-біліп отыр. Алайда әкімдіктің едел-жедел берген жауабына сөгетіліктердің көңілі толмаған. «Амандық Баталов бізді дұрыс түсінбепті» деген ауыл тұрғындарының өкпе-назы буду-буда қағаз болып, менің алдымда жатыр. Оны енді журналистік өлшемге салып, сәл тұжырып жіберсек, былай болып шығады:

1. "Сөгеті ауылдық округі әкімі аппаратына 2018 жылдың шілде айының 28 күні ауыл тұрғындарынан мал суғаруға арналған су құбырларының бөлшектеніп шығарылғаны туралы ақпарат түсті. Аталған мәселе бойынша ауылдық округ әкімі аппаратының қызметкерлері, жергілікті учаскілік инспектормен бірге орынға шығып, 800 метр су құбырларының қазылғандығын анықтады. Сол уақытта, заңсыз жасалған әрекет бойынша акт әзірленіп, барлық ақпараттар полиция бөлімшесіне тапсырылды. Уақытша сақтау үшін аталған құбырлар ауылдық округі әкімімен алынды, Ішкі істер бөліміне арыз берілді» делінген облыс әкімінің баспасөз қызметі берген ресми жауапта. Иә, негізінен солай. Бірақ бұл ауылдықтарға жаңалық емес қой. Сөгетіліктер сол шілденің 28-інен бері, яғни, 1,5 айдан бері құбыр тонаушыларға тосқауыл қояр құзырлы орган табылмағанына наразы. Сол үшін де облыс әкімі Амандық Баталовтың өзінен көмек сұрап отыр. «Уақытша сақтау үшін аталған құбырлар ауылдық округі әкімімен алынды...» деген сөзді ауыл тұрғындары қалай түсінерін білмей дал. Егер жоғарыдағы абзацты қайта оқып шықсаңыз, «заңсыз қазылған 800 метр құбыр уақытша сақтау үшін ауылдық окугте қалды» дегендей мағына береді. Ал шындығында ауылдық округте 800 метр тұрмақ, сынық-сүйем де құбыр қалмаған. Қазылған құбырдың бәрін тонаушылар әкеткен.

2. «Анықталған жайт бойынша полиция бөлімшесімен сотқа дейінгі алдын-ала тергеу жұмыстары жүргізілді. Алайда, белгісіз азаматтармен құбырларды қайта бөлшектеп алу әрекеті қайталанды. Бұл тұста ауылдық округ әкімімен 2018 жылдың 12 қыркүйегінде ішкі істер органдарына қайта арыз беріліп, құбырларды қазуға қатысты жүргізіліп жатқан жұмыстарды тоқтату бойынша шара қабылданды».

Хош дейік, сотқа дейінгі алдын-ала тергеу жүргізіліпті. Ал нәтижесі қайда? Тонаушы кім? Ол қандай дөкей! Аты неге аталмайды? Демек тергеу дұрыс жүргізілмеген, тіпті мүлде жүргізілмеген. Егер шынымен де тергеу шаралары қолға алынса, тонаушының кім екені анықталар еді. Өйткені 800 метр құбыр бір қуысқа тыға салатын ине емес қой. Оның үстіне, жер қазып жатқан тракторшыны ауыл әкімі мен учаскелік полицей көрген, суретке түсірген. Одан артық не керек? Сол тракторшы арқылы қалтарыста тұрған дөкейді табу қиын ба? Тергеу шаралары неге тап-тұйнақтай жүргізілмеген? Бұл кімнің кінәсі? Аудандық ішкі істер басқармасының ба, әлде ауылдың әкіміне күш бермей жатқан ұрыға «тәйт» демеген аудан әкімінің бе? Міне, сөгетіліктер облыс әкімі Амандық Баталов осы мәселенің бәрін өз қадағалауына алып, тиісті шаралар қолданады деп үміттенген.

3. Бұл тұста ауылдық округ әкімімен 2018 жылдың 12 қыркүйегінде ішкі істер органдарына қайта арыз беріліп, құбырларды қазуға қатысты жүргізіліп жатқан жұмыстарды тоқтату бойынша шара қабылданды».
Бұл қандай шара? «Тоқтаған» кім? Тоқтату шарасы дұрыс па еді, тонаушыны уақытша қамауға алып, жауапқа тарту шарасы қолданылуы керек пе еді? Біздің хатымыз жазылғалы бері Торыайғыр жазығына барып, тоналған құбырды көрген адам бар ма өзі? Біздің бұған күмәніміз бар. Шілде айынан бері қазып алынған құбырдың ұзындығы кемі 5-6 шақырым. Бұл – ауыл әкімдігі қызметкерінің берген мәліметі. Ал облыс әкімінің баспасөз қызметі берген ресми жауапта тек шілдеде тоналған 800 метр құбыр туралы ғана мәлімет бар. Сонда облыс әкімдігі Сөгеті ауылдық округінен, сондағы бебеу қаққан жұрттан ақпар алмай-ақ ресми жауап бергенді дұрыс көрген бе?

4. «Біз тонаушының тегін адам емес екенін баяғыда-ақ білгенбіз. Өйткені бұл көпе-көрнеу тонау. «Күштінің арты диірмен тартады» деген осы. Әу баста бірден Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзіне шағым айтқымыз келген. Бірақ облыс әкімі Амандық Баталовты аттап кеткендей болмайық дегенбіз. Мынадай жауаптан кейін ойланып отырмыз. Өйткені облыс әкімі «бұл мәселе бойынша мына адам айналысады» деп нақты лауазымды тұлғаның (орынбасарының, аудан әкімінің, прокурордың т.б) атын атамапты. Жауабына көңіліміз толмады. Сондықтан біз мұны шығарыпсалма жауапқа ұқсатып отырмыз. 
Ертеңге, яғни сенбі, 15 қыркүйек күніне БАҚ өкілдерін шақырдық. Себебі ауылға келген орасан зиянның мөлшерін жоғарыдағылар әлі түсінбей отырған секілді. Егер облыс әкімі адам жіберем десе, қолынан жетектеп апарып, көрсетер едік» дейді сөгетіліктер.

Сансызбай Нұрбаба

Zhazira Baidaly

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір