• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 19:50:17
Алматы
+35°

29 Қаңтар, 2018

Сізде Джастин болса, бізде Кәрім бар

Е, құдай-ай, өзгеше шұлық кию де өнер болып па, ол біздің Кәрімнен қалған ғой!

Давоста өткен 48-ші Бүкіләлемдік экономикалық форум кеше аяқталды. Осы келелі кеңеске жиналған елдің назары Канада премьер-министрі Джастин Трюдоның шұлығына еріксіз ауғаны кешелі бері әлем баспасөзінде қызу талқыланып жатыр. Себебі ол аса маңызды жиынға сары балапандар бейнеленген күлгін түсті шұлық киіп келген екен. Бір қызығы, шетелдік БАҚ жарыса жазған күлгін шұлықтың әңгімесін қазақстандық журналистер елемей қойған тәрізді. Бірді-екілі сайт болмаса, көпшілік баспасөз бұл жөнінде ләм-мим демеді. Осыған қарап, біз мұның өзіндік себебі бар-ау деп шамалаймыз.

Алдымен Джастин Трюдо туралы бірер сөз. Канада үкімет басшысының ерекше шұлық кию үлгісімен жұртты таң-тамаша етіп келе жатқанына біраз уақыт болды. Мәселен өткен жылдың мамыр айында Ирландиялық әріптесі Эндо Кеннимен кездескен. Осы кездесуде де көптің назары еріксіз Джастин Трюдоның аяғына ауды. Өйткені оның шұлығындағы сурет «Жұлдызды жауынгерлер» кино-дастанын еске түсіретін. Ал мамырда НАТО одағына кіретін елдер басшылары мен премьер-министрлері Брюссель қаласында бас қосқан еді. Бұл жиынға Джастин Трюдо НАТО ұйымының логотипі бейнеленген қызыл шұлық киіп келіп, көпшілікті тағы бір мәрте тобығына тесілткен. Оны Германии канцлері Ангела Меркель суретке тартып алып, Instagram парақшасына жариялағаны да біраз жұрттың есінде болуы керек. Қысқасы, Канада премьері өзгеше шұлығы арқылы атын шығарудан жалығар емес.

Ал оған отандық БАҚ-тың назар аудармай қоюына не себеп? Өзіңіз білесіз, шұлыққа тосын таңдау жасау «мәдениеті» бізге де таңсық болудан қалған. 2016 жылы «Астана-Дуатлон-2016» жарысы өтіп, оған Әділбек Жақсыбеков, Арыстанбек Мұхамедиұлы, Болат Жәмішев сияқты бірқатар шонжардың қатысқаны күні кешегідей есімізде. Сол кезде ғой, бұрынғы үкімет басшысы Кәрім Мәсімовтің аяғына екі түрлы шұлық киіп келіп, көпті күлкіге қарық қылғаны. Тіпті бұл туралы айтпаған БАҚ кемде-кем. Баспасөзді улап-шулатқан ол оқиға да қазір жұрт жадынан шығып бара жатыр. Бірақ журналистердің көңіл түкпірінде сақтаулы. Джастин Трюдоның біртүрлі шұлық киісіне әріптестеріміздің назар аудармай қоюын, міне, біз осыдан іздейміз. Сірә, журналист мырзалар «Е, құдай-ай, өзгеше шұлық кию де өнер болып па, ол біздің Кәрімнен қалған ғой!»  дейтін тәрізді. Кім біледі, солай болса, солай да шығар...

Асылхан Атқұмар

Sansyzbai Nurbaba

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір