• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

19 Сәуір, 16:18:22
Алматы
+35°

25 Сәуір, 2018

Сіз қай астанадан боласыз?..

Осылай тізе түссек, Мақтарал – «мақталы астана», Қостанай – «астықты астана»...

Биыл Астананың 20 жылдық мерейтойы екені әмбеге аян. Кәдімгі соны жыл бойы тойлатуға биыл бақандай 19 миллиард (!) теңге бөлінген, Сарыарқа төрінде орналасқан жалғыз елордамызды айтып отырмыз. Бұлай деуімізге біраз әріптестеріміздің «астана арттырғыш» әрекетінен мезі болғандық себеп. Иә, «қоғамды өсіретін де, өшіретін де – журналистика». Еріксіз еліктіріп, жел сөзбен желіктіретін де – сол.

Алматы – «оңтүстік астана», Атырау – «мұнайлы астана», Түркістан – «рухани астана», Қарағанды – «көмірлі астана»... Осылай тізе түссек, Мақтарал – «мақталы астана», Қостанай – «астықты астана», тағы басқалары да жершілдердің танымына тиесілі бас қала болып жалғаса берсін, ендеше. Өйткені, қазіргі замандағы астанасы ең көп ел – Қазақстан болғандықтан, сол салмақты еселей есірген жөн.

Оу, сендегідей мұнай, көмір, руханият дүниежүзінде бар ғой! Тіпті, біздікінен артығымен табылады. Солай екен деп, ешқайсысы өндірісті өңірлерін бір-бір «астана» етіп қойып отырған жоқ. Елінің бас ордасы ауысса да, бұрынғысына біздің «оңтүстік астана» дегенімізге ұқсатып мәнсіз мәртебе таңуға тырыспайды. Әрі-беріден соң, қазақ руханиятының қайнар көзі – Түркістан ғана емес. Қазақ деген ұлы ұлт барда, кез келген жеріміз рухты ұл-қыздардан, талантты тарландардан кенде бола қалмас. «Астана – ел жүрегі» дейміз. Дұрыс. Сонда да көптеген қанағатсыз қарақтарым өкпені де, бауырды да, бүйректі де жүрек деуден танатын түр байқатпайды-ау!..

Жалпы, Алматыны «южная столица» деуді әуелі орыс тілшілер бастады. Ал біздің аудармадан бас көтере алмайтын көшірме журналистика сонымен ғана шектеліп қалуға арланғандай, «бас қалаларды» бірінен соң бірін балалатты-ай, келіп! Содан кейін көзі көргенінен, құлағы естігенінен жаңылмайтын өзге жұрттың бәрі Қазақстанның қай түкпірінен болса да бір-бір астана «жасауға» әбден бейімделіп алды. Сонысына мастанғандай сыңаймен «Астана – ресми астана» деп қояды тағы. Сонда, бұл жалғанда ресми емес те астана бола ма екен?!

«Бөлінгенді бөрі жейді» дегеніміз де бекер айтылмаған. Бір ғана бас қаласына бағынғысы келмеуден, мемлекеттік шешімді мойындамаудан басқа негізі жоқ «астанашылдық» – жүзіқара жүзшіл, рухы пәс рушыл, жетесіз жершілдердің сандырағы сынды. Бұның баламасы – «Бөліп ал да, билей бер!» ғана, біздіңше.

Енді өзара жөн сұрасқанда, «Сіз қай астанадансыз?» деуіміз қалып тұр («Толып жатқан жүрегіңіздің қайсысы өзіңіздікі?» деген сияқты санаға сыйымсыз сұрақ қой бұл да). Өзіңізге жақсы естілсе, оны да айтып көрейік:

Сіз қай астанадан боласыз, бейтаныс жан?

 

Еркеғали БОЛАТҰЛЫ

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір