• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

18 Сәуір, 06:24:38
Алматы
+35°

Психология ғылымында адамдар табиғатына қарай  Циклотимик, Эпилептоид, Шизоид, Истероид, Астеник болып негізгі бес түрге бөлінеді.  Сондықтан да әркім өзінше өмір сүреді, өзінше қарым-қатынас жасайды, өзінше сүйеді, түрлі күйзелістен өзінше жол тауып шығады.

                           

                                 Циклотимик

 

 «Циклотимиктер» –   көңіл-күйі өте тез құбылып отыратындар. Көңілді адамдар. Өмірді барынша сүйетін, қуаныш-қызығын шын сезініп, рақатын бастарынан өткере алатындар. Яғни  өмір ләззатына рахаттана жарқырап жүретін, энергияға бай жандар. Көпшіл, адамдармен тез тіл табысатындар. Бір сөзбен айтқанда, бәрі жақсы.  Бірақ осындай адаммен бір шаңырақ астында тұру оңай емес.  Мұндай мінезді адамдар заттарын шашып тастағанды жақсы көреді.  Мұны олар сізге қиындық тудыруы үшін әдейі істемейді, бір мезетте бірнеше мақсатты көздеп, бірнеше істі қатар атқарғанды  қалап тұратындықтан да осылай істейді. Олар  бір затқа қадалып қалмайды. Мінездері солай. Оларға бәрінен де уақыт тапшы, үнемі кешігіп жүреді, ақша ұстауды білмейді, желге шашып жібереді.

 Орыстың ұлы ақыны Пушкиннің мінезі осындай «циклотимик»

болған. Ақынның өміріндегі шарықтау кезеңі мен құлдырау кезеңі туралы жақсы білеміз. Шарықтау кезеңінде табиғат тарту еткен мінезі Пушкинді жарқыраған шыңның басына бір-ақ шығарған. Ал құлдырау кезеңі мұндай мінездегі адамдар үшін өте ауыр және қауіпті саналады. Күйзелісті көтере алмай, бірден сынып түседі.

 

 

                           Эпилептоид

 

«Эпилептоид» адамдар жиі-жиі ашуланшақ келеді. Айналасындағы жандарға, қоршаған ортаға көңілі толмайды. Олар билікті сүйеді, жұрттың бәрін билеп-төстегісі келеді, өмірлік оқиғалардың барлығын өз бақылауында ұстағанды қалайды. Уысында ұстай алмаса, міндетті түрде уын шашады.  Эпилептоидтар – казармалық қатаң тәртіпті сүйетіндер. Еңбексүйгіш, ұқыпты, есепшіл, тиянақты, бірқалыпты  болып келеді.  Бет-жүзінен ешқандай эмоция білінбесе, сіздің алдыңызда  осындай  тектес адам тұр деп біліңіз. Өздерін асыра бағалайды. Жұрт білмегенді тек өзі білетін секілденеді. Бастық болатын болса, қабылдауында ешкім болмаса да, сізді кемінде 20 минут күттіріп қояды. Бөтен адамды төмендетуден рақат алады. Қайтесіз, табиғаты солай. Бұл үшін оған өкпелеудің қажеті жоқ. Бір жағынан билікқұмар бұлар қоғам үшін өте пайдалы адамдар. Олар болмаса, полицияда, қарулы күштерде, қарсы барлау қызметінде кім қызмет істейді?

Эпилептоид ақшаны жақсы көреді және сараң, сондықтан үйдегі ақшаны өзі ұстайды. . Әрине, пенде болған соң олар да жиі-жиі маска киіп, керек кезде жұртқа мейірімді де  нәзік жан болып көрініп, биліктің жолында өлуге бар  шын бейнесін  жасырады.

 

 

                                      

                                    Шизоид

 

 «Шизоидтар»  – екі әлемде өмір сүретіндер. Біреуі – біз көретін, еститін, қолмен ұстап көретін әлем де, екіншісі – оның көрінбейтін ішкі әлемі. Олар өмірінің көп бөлігін осы ішкі әлемінде өткізеді. Жалғыздықты сүйетіндер, шын өмірден алыстап, өз ішкі әлемін қызықтап жүретіндер – осы шизоидтар. Тұрақты және жауапты болады. Өзі туралы айтқанды дұрыс көрмейді, адамдармен белгілі бір арақашықтық ұстанады. Моданы қумайды, өзіне ыңғайлы киім киеді. Дауысы бәсең, сөйлегенде қолын, бетін қимылдатпайды. Кейде олар тәулігіне 20 сағат тер төгіп, еңбекқорлығымен таңғалдырады. Аз ұйықтайды. Мұндай мінезді адамдарға өркениеттің дамуын қозғалысқа келтіретін Эйнштейн секілді ірі оқымыстылар, атақты шахматшылар жатады. Бас құраулары қиын. Сүрбойдақтар мен кәрі қыздардың көбісі шизоидтар болып келетіні ғылыми түрде дәлелденген.

 Шизоидтар жұмыс үстеліне ерекше бір зат, қандай да бір статуэтка қойып қойғанды жақсы көреді. Бірақ оны баттасқан шаң басып тұруы мүмкін, ол оны байқамайды. Өйткені шаң – біз өмір сүріп отырған шындық өмірдің бір бөлшегі, ал сирек статуэтка оның ішкі әлемінің сыртқа шыққан көрінісі.  

Шизоид компьютердің тіліне жетік болғанмен, басқа адамның жан дүниесін түсінуге қабілетсіз. Шизоид – нашар ата-ана, баланың жан-дүниесін жете түсінбейді. Шизоид банктен алған кредитін дәл уақытында төлемейді, айлықтан айлыққа дейін ақшаны үнемдей алмайды.

 

                                                  Астеник

 

 «Астеник» – бұлар өмірлік күші аз, әлсіз, өте нәзік, ұялшақ адамдар. Өздерін төмен бағалайтындар. Олар өмір шындығын ауыр түйсінеді, кез келген сөзді өзіне қабылдайды, ұсақ-түйекке 0атты мән береді. Мінездері жұмсақ болғандықтан, «жоқ» деген сөзді айта алмайды, бәріне көмектескісі келіп, қалай уәде беріп қойғанын  өзі білмей қалады. Әдетте олар бастама көтергенді қаламайды. Тез басқарылады, нағыз орындаушылыққа таптырмайтын адам. Дауысы бәсең, анық шықпайды. Қарапайым киінеді. Сөзжұмбақ шешкенді, шахмат ойнағанды тәуір көреді. Достары үшін өздерін құрбандыққа беруге бар. Көптеген адамдар өте сенімді болғандықтан да достарын астениктерден таңдағанды құп көреді. Мәселен, қызмет үстелін қашан болсын тәртіпке келтіріп, жинақы ұстайтын әріптесіңіз астеник болып шығуы мүмкін. Олар өзін қоршаған кішкентай әлемде тәртіп орнатқанды жаны сүйеді, бұл олардың бір жағынан ішкі әлсіздігін бүркемелегендігін білдіреді. Бір қарағанда олар әлсіз секілді көрінгенмен, өзі сүйетін жандар үшін бәріне төтеп бере алады. Жеңілдің үстімен, ауырдың астымен жүретіндер – нағыз осылар.

 

                                  

                                  Истероид

 

«Истероидтар»  – шәт-шәлекейге, көкбеттікке бейім адамдар. Олар бәрінен  бұрын өздерін сүйетіндер. Жұртқа ұнағысы келіп, соның жолында тонын шешіп беруге  бар. Байланысқа түсуге құмар, кімнің болсын бірден ішіне кіріп кетеді, өзгелердің әлсіздігін өз қажетіне пайдалана қояды.  Көптің көзіне түскенді өте-мөте жақсы көретіндіктен де жарқырап киінеді. Қолын сілтеп, бет-жүзін әманда қимылдатып сөйлейді. Егер өзіне еш қатысты болмаса, айналасындағы адамдар өртеніп жатса да оларға салқын, немқұрайлы қарайды.  Айналасы жақсы ма, жаман ба, аш па, тоқ па, ол үшін ол түк те қызық емес. Олар үшін ең бастысы – таңғалдыру. Қалған адамдар оны тамашалау үшін театрға келген көрермендер секілді болу керек.

Истероид-әйелдерді тану оп-оңай: қызыл түсті жарқырауық киім, дәу шляфа... Оның эмоцияға беріліп айтқан әңгімесі сізге деген қандай да бір ықылас-пейілін, көңілін, жылылығын білдірмейді. Оның  басты мақсаты – сіздің көзіңізге бір түсіп қалу арқылы таңғалдыру ғана, аузыңыз аңқайып артынан үзіле қарап қалсаңыз – мақсатының орындалғаны.

 

                                  

                               

 

Төреғали Тәшен

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір