• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 11:57:48
Алматы
+35°

10 Маусым, 2018 Саясат

ШЫҰ-ға Қырғызстан төрағалық ететін болды

Қытайдың Циндао қаласында Шанхай Ынтымақтастық ұйымының ресми жиналысы басталды.

Қытайдың Циндао қаласында Шанхай Ынтымақтастық ұйымының ресми жиналысы басталды, деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігінің тілшісі. 

Саммит ШЫҰ-ға мүше мемлекет басшыларының амандасуымен басталды. 

«ШЫҰ-ның 18 саммитіне қош келдіңіздер. Пәкістан Президенті Мамнун Хусейн мен Үндістан Премьер-Министрі Нарендра Модиге ерекше қошемет көрсеткім келіп отыр. Олар ШЫҰ отырысына ұйымға мүше мемлекеттің басшысы ретінде алғаш рет қатысуда. Сондай-ақ, Қырғызстан Президенті Жээнбеков мырзаны да Мемлекет басшылары кеңесіне алғаш рет қатысуымен құттықтаймын. Біздің отырысымыз ШЫҰ кеңейтілгеннен кейін мұндай форматта алғаш рет өткізілуде. Барлық 8 мемлекеттің басшылары қатысуда. Саммиттің тарихи мәні бар. Ұйым мүшелері санының артуының арқасында біз қуатты, мықты бола түстік», - деді шағын құрамдағы отырысты ашқан ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин.

Кейін мемлекет басшылары кеңесінің жиыны өтіп, Қытайдың бір жылдық төрағалығын қорытындылады. Қытай төрағасы Ши жин пиңнің айтуынша, Үндістан мен Пәкістаннан кейін кейін ұйымның іргетасы әлдеқайда нығая түскен.

Жиын қорытындысына сәйкес, Шанхай Ынтымақтастық ұйымының келесі төрағасы Қырғызстан болды. Ши жин пиң Қырғыз Республикасының ұйымға төрағалығына қолдау көрсететінін мәлімдеді. 

Айта кетейік, Циндао саммиті сегіздік форматта алғаш рет өтіп жатыр. Отырысқа Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Ресей Президенті Владимир Путин, Қырғыз Президенті Сооронбай Жээнбеков, Пәкістан Президенті Мамнун Хусейн, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиеев, Үндістан Премьер-Министрі Нарендра Моди, ШЫҰ-ғы байқаушы мәртебесі бар Ауғанстан Президенті Ашраф Ғани, Беларусь Президенті Александр Лукашенко, Иран Президенті Хасан Роухани және Моңғолия президенті Халтмаагийн Баттула және бірқатар халықаралық ұйымның басшылары қатысты.

Кеңейтілген құрамдағы отырыстан кейін саммиттің басты құжаты Циндао декларациясы қабылданып, 20-дан астам құжатқа қол қойылмақ. Оның 17-сін Мемлекет басшылары рәсімдейді.

Шанхай ынтымақтастық ұйымы 2001 жылы Қазақстан, Қырғызстан, Қытай, Ресей мен Тәжікстан басшылары Шекара аймағындағы әскери саладағы сенім шараларын нығайту туралы келісім мен Шекара аймағындағы әскери күштерді өзара қысқарту туралык елісімге қол қойғаннан кейін қалыптасқан «Шанхай бестігі» тетігінің негізінде құрылды.

Ұйымның негізгі мақсаты – 2002 жылы 7 шілдеде қабылданған ШЫҰ Хартиясына сәйкес өзара сенім, достық пен тату көршілікті нығайту; саяси, сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық, мәдени, білім беру; энергетикалық, көлік, экологиялық және басқа салалардағы ынтымақтастықты қолдау.

2017 жылдың 8-9 маусымында ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер Кеңесінің отырысы Астанада өтті. Онда Қазақстан, Қытай, Қырғыз Республикасы, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстан басшылары қатысқан болатын. Қазақстан Республикасының президенті Нұрсұлтан Назарбаев отырыста төрағалық етті.

 

Gulim Zhaqan

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір