• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

18 Сәуір, 21:23:24
Алматы
+35°

25 Сәуір, 2018 Саясат

Шыңжаңдағы «саяси лагерьді» көрген қазақ: Өз-өзіме қол жұмсадым (видео)

Қытайдың Шыңжаң өлкесінде ұсталып, «саяси тәрбие орталығында» үш ай қамауда болған, қазір Қазақстан азаматтығын алған Қайрат Самарқан...

Қытайдың Шыңжаң өлкесінде ұсталып, «саяси тәрбие орталығында» үш ай қамауда болған, қазір Қазақстан азаматтығын алған Қайрат Самарқан қандай қиындықты бастан өткергенін, қайтіп босап шыққанын баяндады деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі Азаттыққа сілтеме жасап. 

30 жастағы Қайрат Самарқан - Қытайда туып өскен этникалық қазақтардың бірі. 2009 жылы мамыр айында Қазақстанға келіп, азаматтық алуға құжат тапсырған Қайрат «тарихи отанының дамуына үлес қосу үшін қоныс аударғанын» айтады. 2017 жылы қараша айында Шыңжаң өлкесіндегі "жеке меншік үйін, жерін сатуға барған кезінде" Пекинде Қытай коммунистік партиясының 19-съезі өтіп жатқанын еске алады. Қайраттың сөзінше, туған жері Бурылтоғайдағы аудандық полиция оны бөлімшесіне шақырып, тергей бастайды.

- "Қазақстанда немен айналысасың? Ол жерде кімдерің бар? Намазға жығыласың ба? Ол жерде халық қандай? Ол жақта не істейсің?" деген сұрақтар қойды. Осылайша үш күн, үш түн ұйықтатпай қинап, сосын үш айдан жоғары, тоғыз айдан төмен қамау жазасына үкім етті. Төртінші күні Бурылтоғай аудандық саяси орталығына машинамен апарды. Апарғаннан кейін, бірінші киімімді шешкізіп, аяғымдағы кісен, қолымдағы көзірмен қамақханаға кіргізіп жіберді. Сосын барғаннан кейін ол жерде шашымды алып тастады. Әскери камерада жатасың. Мен Бурылтоғай аудандық саяси орталығының камерасында болдым. Ол жерде 2017 жылы өткізілген [Қытай коммунистік партиясының] 19-құрылтай жиынының (съезінің - ред.) жалпы мазмұны, Қытай халық республикасының ішкі құпиясын сақтау, ұлтқа (этникалық топқа - ред.) бөлшектенбеу, Қытайдың ішкі саясатын сыртқа шығармау, мұсылман болмауды үйрету сияқты сабақ өткізіліп жатыр, - деді ол.

Соңғы жылдары Қытайдың Шыңжаң өлкесінде қамауға алынып, саяси және еңбек тәрбиесі орталықтарында күшпен оқытылып жатқан жүздеген этникалық қазақ пен ұйғыр туралы шағымдарды Пекин жоққа шығарып келеді. Бірақ былтыр Қытайдың Қазақстандағы елшісі бір сөзінде жаппай қамау туралы мәліметті растаған.

Қазанның 31-і күні Астанадағы «Бейжің сарайы» қонақүйінде болған журналистермен кездесуінде Қытайдың Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Чжан Хань Хуей журналистер қойған сауалға орай Шыңжаңда «заңсыз әрекеттер болып жатқанын» мойындаған болатын. Ол Қытай коммунистік партиясының қазанның 24-інде аяқталған 19-съезі қарсаңында Шыңжаңда азаматтарды "қатаң қадағалау мен тексеру шаралары" жүргізілгенін айтқан.

Соңғы айларда мұндай қатаң тексеру кезінде ұсталып, мәжбүрлі түрде саяси тәрбие орталығына қамалғандардың ішінде тек Қазақстанға барып-келіп жүрген шыңжаңдық этникалық қазақтар, я жергілікті ұйғырлар емес, Қазақстан азаматтарының да бар екені анықталған. Қайрат Самарқан - Шыңжаңдағы "саяси тәрбие орталықтарын" ішінен көріп, босап шыққан аз адамның бірі.

- Мұнда (саяси тәрбие орталығында - ред.) [қамаудағылар] үшке бөлінеді. Біріншісі - дінге қатысы бар адамдар. Екіншісі - шетелге шыққандар, үшіншісі - қоғамдық тәртіпті бұзғандар. Мұнда жатқанның барлығы - мұсылмандар. Мен шетелге шығып, қоғамдық тәртіпті бұзғаным үшін қамалдым, - дейді ол.

Қайрат Самарқанның сөзінше, "саяси тәрбие орталығына" қамалғандар күнделікті тамағына 20 юань төлейді.

- Өз қалтамыздан төлейміз. Және өз қаражатымыз өзімізге жетпейді. Бізге беретіні екі тілім нан мен күріш суы. Басқа жақсы тамақ жоқ. Оны заң бойынша қатаң бақылайды, - дейді ол.

Шыңжаңдағы аз ұлт өкілдерін "саяси тәрбие орталықтарына" қамау науқаны жайлы ақпаратты тәуелсіз дерек көздері арқылы растау мүмкін болмай тұр. Азаттық "туыстары Шыңжаңдағы тәрбие орталықтарында қамауда жатқан" Қазақстан азаматтарының арыз-шағымына орай Қытайдың Қазақстандағы елшісіне бірнеше мәрте сауал жолдаған. Бірақ елшілік сұрақтарды жауапсыз қалдырып келеді.

Ол жерде (Бурылтоғай ауданындағы "саяси тәрбие орталығы" түзеу лагерінде - ред.) қаншама қазақ азаматтары езіліп жатыр, қаншамасы обалды болып жатыр. Жалпы 5700 адам жатыр. Оның үш мыңнан астамы қазақ, екі мыңы ұйғыр, 200-і дүнген. Олардың арасында Қазақстан азамттығын алған екі кісі болды. Шығыс Қазақстан облысы Өскемен қаласынан және Жарма ауданынан. Бірінің аты Есболат. Біреуі жеті жылға, екіншісі төрт жылға сотталған. Олардың кінәсі – Қазақстанда тұрған және Қытайдағы тіркеуін өшірмеген. Саяси үйрену лагерінде әйелдерді бөлек ұстайды. Сол себепті олардың нақты қанша екенін білмеймін. Ал балалар мүлдем жоқ, - дейді Қайрат.

Соңғы жылдары Пекиннің Шыңжаңдағы этникалық азшылық өкілдерін саяси қыспаққа алып, олардың діни бостандығын шектеу әрекеттері туралы Азаттықтан бөлек "Еркін Азия" мен "Америка дауысы" сияқты бірнеше халықаралық медиа компания үздіксіз жазып келеді.

Өткен аптада Қытайдың батысындағы Шыңжаң аймағында ұйғырлар мен басқа да мұсылман азшылығын қыспаққа алуға байланысты ондаған мың адам ұсталғаны АҚШ үкіметінің де назарын аударған. Бұл туралы Пекинде АҚШ Мемлекеттік департаментінің өкілі, мемлекеттік хатшының Шығыс Азия және Тынық мұхиты аймағы істері бойынша көмекшісінің орынбасары Лаура Стоун хабарлаған. Стоунның сөзінше, адамдарды "саяси үйрету орталықтарына" жаппай қамау "үрей туғызады". Дипломат Қытай билігін "барынша ашық және өз ісіне есеп беретін жүйе құруға" шақырған еді.

Құқық қорғаушылар мен диссиденттер Шыңжаңдағы дін, мәдениет пен еркін жүріп-тұруға орнатылған бақылау бұрынғыдан қатайғанын айтады. "Еркін Азия" радиосы қаңтарда Қытайдың оңтүстігіндегі Қашғар қаласының өзінде ғана 120 мыңнан астам адам "саяси үйрену" орталықтарында болғанын мәлімдеген.

Сәуірдің 18-інде Қытай сыртқы істер министрлігінің өкілі "Лаура Стоунның сөзіне не дейсіз?" деген сауалға: "Шыңжаңдағы барлық ұлт пен халық бейбіт өмір сүреді әрі өміріне разы" деп қана жауап берген. Министрлік өкілі АҚШ-ты Қытайдың "ішкі ісіне килікпеуге" шақырған.

Қайрат Самарқан былтырғы қарашаның 20-сы күні ұсталып, биылғы ақпанның 20-сы күні босап шыққанын айтады. Бойдақ жігіттің сөзінше, босатылуына психологиялық күйзеліске ұшырауы себеп болған.

- Шыққандағы себебім, біріншіден, өзіме өзім қол жұмсадым. Ол жерде күзетке тұрғызады. Аяғым талып, шыдамай кетемін. Шыдамай кеткен соң жүгірім барып басымды тамға (қабырғаға - ред.) ұрдым. Сол кезде 15 минуттай талып кетіппін. Полиция келіпті. Есімді жисам, доғдырханада (ауруханада - ред.) жатыр екенмін. Содан кейін мені шығарды. Шығарғаннан кейін [полиция]: "Сенің шетелге шығуға құқығың жоқ" деді. "Менің балам бар, әйелім бар. Қазақстан еліне барамын" деп өтірік айттым. Содан кейін маған қазақ еліне келуге бір айға рұқсат берген. Қазақ еліне келе салысымен азаматтығымды алдым. Азаматтығым шығып тұрған, - деді ол Азаттық тілшісіне Қазақстан паспортын көрсетіп.

Қайрат үшін бұл құжат оның ендігі жеке бас қауіпсіздігі мен бостандығының жалғыз кепілі болып көрінеді.

Қазақстанның сыртқы істер министрлігі Қытайда қысым көрген қазақстандықтар мен этникалық қазақтарға қатысты шағымдарға байланысты журналистерге аракідік комментарий беріп тұрады. Биылғы қаңтардың 15-інде сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов Қытайда ұсталған Қазақстан азаматтарының ісіне орай Пекинге дипломатиялық нота жолданғанын айтқан. Сәуірдің 17-19 күндері сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Мұхтар Тілеубердінің Шыңжаңға ресми сапар шеккен. Ресми ақпарат бойынша Тілеуберді Қытай коммунистік партиясының орталық комитеті саяси бюросының мүшесі, Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданының партиялық комитетінің хатшысы 
Чэнь Цюаньгомен және Шыңжаң халықтық үкіметінің төрағасы Шохрат Закирмен кездескен. Екі тарап өңіраралық және құқық қорғау органдары арасындағы ынтымақтастық, терроризм, экстремизм және сепаратизммен күрес мәселелерін талқылаған. Былтыр қарашада Астанада Қазақстанның сыртқы істер министрлігі Қытай өкілдерімен "қазақ диаспорасына байланысты мәселелерді шешудегі өзара іс-қимыл" бойынша кеңес өткізген. Қазақстан сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Шыңжаңға барған кезінде жергілікті этникалық қазақтар мен кейбір Қазақстан азаматтарын жаппай ұстау науқаны туралы нақты қандай мәселе көтергені белгісіз. Министрлік сайтында Мұхтар Тілеубердінің сапары кезінде "Қытайда тұратын қазақ халқын екі мемлекет арасындағы ынтымақтастықтың "алтын көпірі" ретінде пайдалану мен қос азаматтықты реттеу мәселелері бойынша пікір алмасылды" деп қана жазылған. Бұл мәселе туралы Азаттықтың соңғы айлардағы жазбаша сұрауларына Қазақстанның сыртқы істер министрлігі жауап қайырмай тұр.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір