• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

18 Сәуір, 20:13:47
Алматы
+35°

25 Қараша, 2018 Саясат

Шыңжаң сапары: Даниал Ахметов Қытайдағы қазақтарды құтқаруға барды ма?

«Ақ жол» партиясы айтқан ақиқатты Қытайға барып тұрып неге Ахметов айта алмайды?!

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов Қытайдың Шыңжан –Ұйғыр автономиялық аймағында жүр. Алайда әкімшіліктің жұмыс сайтында аймақ басшысының Қытайға барғаны туралы бірде бір ақпарат жоқ. Даниал Кенжетайұлының «қытайшылап»  кеткенін бейресми ақпарат көздерінен ғана естідік.  Ахметов Қытайға не үшін барды? Бірақ аймақ басшысының қайда сапарлағанын жұртшылыққа жария етуге жарамай отырған әкімшіліктің бұл сайтының жұмысын біз сапалы дей алмадық.

Республиканың ақпарат көздерінің барлығы  да үнсіз. Бір жылы хабар жоқ. Күмәніміз қоюлана түскеннен кейін ғана барып, ақыры altaynews.kz порталы бір ақпараттың шетін шығарды. «Бақсақ бақа екен» демекші, сөйтсек, Ахметов Қытаймен алыс-беріс, ауыл шарушылығы секторы,  өнімді қайта өңдеу, экспорт мәселесін шешуге барыпты. Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ мен Шихэцзы университеттері техника саласында, ал С.Аманжолов атындағы ШҚМУ мен Іле педогогикалық университеті гуманитарлық ғылым саласында жұмыла жұмыс істейтін болыпты. Ең бір назар аударарлығы, екі аймақтың басшылығы Тэчен – Аягөз бағытында темір жол салу жайын да сөз етіпті.  Тіпті Шыңжаң-Ұйғыр автономиясы партиялық комитетінің хатшысы Чень Цюаньгомен әңгіме барысында да осы мәселе сөз болғанға ұқсайды.

Екіжақты келісімге Даниал Ахметов риза болған болуы керек, «Екі тараптың экономикасына да пайдалы жайлар айтылды. Темір жолдың құрылысы мен ауыл шаруашылығы жөніндегі жоспарларымыз оң нәтиже береді деп сенеміз»,  –  депті.

Бірақ бізді алаңдатқаны басқа нәрсе, соңғы бірер жылдан бері  төрткүл дүниені алаңдатып жатқан Қытайдағы қазақ мәселесі неге Даниал Ахметовты толғандырмаған? Қарап, барлап, зерттеп шықтық. Ол туралы бір ақпарат жоқ. Тіпті Ахметовтың адамдарының соңғы төрт жылда Қытайға 16 рет ресми сапармен барғаны туралы ақпарат өріп жүр. Ең болмаса, Қытайға осы соңғы барғанында «қандастарымның халі нешік?» деп бір жағдай сұраса нетті? Әлде жанайқайдан алыс-беріс жоғары тұр ма?

 Қазақстандағы қандастар  шырылдап Шыңжаң жаққа қарайды? Ал Ахметов...

Ұмытпасам, осыдан бес ай бұрын Ахметовтың  орынбасары Әсем Нүсіпова бүкіл еліміз 31 мамыр саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алып, аза тұтып жатқанда,  жұртшылықты қаралы күнмен құттықтап, жағамызды ұстатқан еді.  Сол кезде Семейдегі Әлихан Бөкейханның ескерткіші алдына гүл шоқтарын қойған әкімнің орынбасары қағазға шұқшиып, орыс тілінде баяндама жасаған. Әсем Бекқызы Нүсіпова сонда сөзінің соңын «С праздником – 31 мая!» деп аяқтаған көрінеді. Мұны zhasalash.kz газетінің сайты кезінде жетер жеріне дейін жеткізіп жазды.

Бірақ Ахметовтың орынбасарының Семейдегі Әлиханның ескерткішінің алдында ыңғайсыздау сөз айтқанын халық ұмыта қойған жоқ. Кеше кенді Алтай өңірінің бір ақпараттық порталы Бөкейханның  сол ескерткішінің маңайында жалаңаш қалпымен (бұтында тек түрсиі бар-ред) гүлзармен рахаттанып келе жатқан жас жігіттің видеосын жариялады. Мұны қалай түсінуге болады?! Алаштың ардақтысы Әлихан Бөкейхан Ахметов басқарған аймаққа қашанғы мазақ бола береді? Ең құрығанда, Қытайға төрт жылда 16 рет барған Даниалдың делегациясы өңірдегі осы келеңсіздікті түзесе нетті?!

Облыстық полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Жанарбек Бақтыбаевтың айтуынша, жасалған қылмыс саны жөнінен Шығыс Қазақстан Алматы қаласы, Алматы облысы және Астана қаласынан кейінгі төртінші орында тұр. Бұл да қуана қоятын дерек емес.

Аltaynews.kz ақпараттық порталы өткенде «облыс тұрғындары жыл сайын «ащы суға» 30 млрд теңге шығындайды» деген ақпарат таратты. Сұмдық қой. Сонда салауатты өмір салтын ұстану туралы президенттің тапсырмасы қайда қалды? Бұл аймақтың тұрғындары соншалықты ішкіш деуге аузымыз бармайды. Бұл дерек рас болса, Шәкәрім мен Абай, Оралхан Бөкей мен Қалихан Ысқақ туған өлкеге қатысты мұндай келеңсіз жайтты аймақ басшысы  Ахметов осы уақытқа дейін неге түзей алмаған?!  

Қазір Қытайдағы қандастардың мәселесімен  Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі барынша айналысып жатыр. Кейбір жайттардың түйіні де шешілді. Министр Қайрат Әбдірахманов осыдан бірнеше апта бұрын ҚХР-дың Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Чжан Сяоны қабылдаған кезде де осыны ашық айтты. Бірақ бізге министр Қайраттың ғана емес, мәселені бірігіп шешуге ұмтылатын бүкіл қара қазақтың қайсарлығы керек.

Қазақтың жанын қазақ қана түсінеді. Қандастардың жанайқайы бұл ащы шындық. Бұл мәселе қазір Біріккен Ұлттар Ұйымының мінберінен, Еуропа парламентінен жиі көтеріле бастады. Ал «Ақ жол» партиясы айтқан ақиқатты Қытайға барып тұрып неге Ахметов айта алмайды?!

...Бізді ойландырған осы сауал еді.

Еркін Қалдан

Берік Бейсенұлы

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір