• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

24 Сәуір, 03:46:55
Алматы
+35°

06 Қыркүйек, 2018 Саясат

Шыңғыс ханнан Сапарбаевқа дейін

Бердібек Сапарбаевтың ел басқару ісінде, жетекшілік өнегесінде оның ерте заманнан шыққан тегінің — қоңыраттардың да іздері бар шығар деп жобаладық.

«Осы жұрт Ескендірді біле ме екен?» — деп Хакім айтқандай,  Ақтөбе өңіріне әкім болып келгеніне бір жыл толуына орай Бердібек Сапарбаевтың біз білмейтін қырлары қандай деген сұрақтармен, 2016 жылдың тамызының аптап ыстығында Жаңақорғанға, оның туған ауылы Бесарыққа бардық.

Қоңыраттарды Шыңғыс хан өзінің Керей ханы Ван-ханға жазған бір хатында «көк тырналар»  деп атағаны бар екен. Бұл олардың шыққан тегінің құр еместігін, олардың, Шыңғыс хан сияқты түнде шаңырақтан түскен сәуледен жаралғаны да көне заманнан мойындалған. Олардың асыл тектілігі Шыңғыс ханның шешесі де Қоңырат болғанын, оның бәйбішесі атақты Жошы, Шағатай, Үгедей және Төле хандардың аналары Бөрте де қоңырат болғаны тарихтан аян. Осы рудың көсемі Менлеке алғашқыда жетім Шыңғысты (Темучинды) 13 жасында асырап алған. Сөйтіп, өзі қоңырат руынан шыққан Шыңғыстың шешесіне үйленген. Сөйтіп, болашақта Шыңғыстың киіз үйінде Менлеке бәрінен жоғары - төрде отыратын болған.

... Қоңыраттар 1725-26 жылдардан Сыр бойына қоныс тепкен. Қазір қоңыраттар мекенінің бірі — Жаңақорғанға келгенімізде сонау 1925 жылы Мұхаметжан Тынышпаев жазып кеткен осы деректер еске түсіп, Бердібек Сапарбаевтың ел басқару ісінде, жетекшілік өнегесінде оның ерте заманнан шыққан тегінің — қоңыраттардың да іздері бар шығар деп жобаладық.

Кейіпкерімізді бала күнінен білетіндердің бірі, оның туған ауылының тұрғыны — Балташ Алтынбеков сексенді алқымдап қалған екен. Дегенмен әлі де тың, көкірегі ояу, ортасына сыйлы, көпке ақылшы ақсақал.

— Мен Мәшбектің (Бердібектің әкесі) туыс інілерінің бірі боламын, — дейді де ол, не бір қиын-қыстау, қилы заманда әркез бірге болдық. Аталарымыз тегін болмаған ғой, аштық жылдары Өзбекстан, Тәжікстан жақтарына асып кеткен

ауқаттылар қатарынан көрінген. Қоныс аудара алмай қалған қара жаяу кедейлердің қаншасы туған жерде қырылып қалды, өкінішке орай?!

Сөйтіп, елден безген ағайындар шет елде де жерде қалған жоқ, ата-әкелеріміз Ташкент пен Тәжікстан арасында түйемен тұз тасыған керуенші де болған. Бердібек екеумізді керуеншілер ұрпағы деуге әбден болады. Шет өлкеде басымыз бір болды, еңбегімізге ел таң қалатын, бау-бақша да салдық, күріш пен мақта егуді де игердік. Соның бәрі 60-шы жылдары Мәшбек Нәлібаев бастап елге оралғанда да игілігімізге айналды. Солайша, Мәшбек еңбек еткен «Алғабас» колхозы гүлдеп қоя берді. Ол күріш бригадасын басқарды, оның қол астында 28 жыл еңбек еттім. Мәкең асыл дақылдың «Ақмаржан», «Кубань», «Узрис» сорттарын өндіріп, әр гектарынан 25-30 центнерден күріш жинаған бар өнімді алып кететін, өзімізге ештеңе қалдырмайтын. Сондай да заман өтті ғой. Екі мәрте Еңбек Қызыл Ту орденінің, бірнеше медальдардың иегерімін. Бердібекті бала күнінен білеміз ғой, ата-тегінің асыл қасиеттерін бойына сіңірген нагыз көшбасшылар қатарынан көрініп жүр, біздің мақтанышымыз, — деп көтеріліп қалды ақсақал. Сәлемін де айтып жатыр...

Бердібек Сапарбаев

 

9-сынып. Жаңаарық ора мектебі.

Оң жақтан 1-ші Бақыт Нұртазаев, Бердібек Сапарбаев, Оразбек Жамантаев

Зейнеткер, бұрынғы осы ауылдағы орта мектеп директоры Тілеухан Байсынов әкіміміздің түйедей құрдасы екен. «Жаңаарықтағы №167 орта мектебінің интернатында жатып оқыдық, ол бір сынып жоғары болды. Бекең бастаған жерлес оқушылар арасында өстім. Интернат меңгерушісі және класс жетекшіміз Манап Пірімбетов, физикадан Исахан Исатаев, математикадан Тұйғын Игембердиев, мектеп директоры Асқарбек Асанов сияқты ұстаздарымыз біздің азамат болып қалыптасуымызға өшпес үлестерін қосты, зор әсер етті, — деп еске алады ол.  Бердібек математикадан зерек еді, ол үнемі өзге пәндерді есте де сақтауға болады ғой, ал математиканы терең талдап оқу керек, — деп ескертетін.

Жергілікті Мәшбек Нәлібаев атындағы ауыл округіндегі №196 мектептің қазіргі директоры Талғат Есқабыловтың әкесі Шортыш кезінде почта таратушы болып істеген. Оқушы Бердібек Сапарбаев Ресей, Украина және Прибалтика елдеріндегі мектеп оқушыларымен математика есептеріне жауап табатын хат алысып тұрады екен.

Бердібек Сапарбаев

—  Газеттер мен хаттарды әуелі Бердібектің үйіне апарып, сонан шай, су

ішіп ауқаттанып, әрі кететінмін, — деп үнемі еске алады екен марқұс почташы Шортыш

            Бердібектен екі жас естияр Бейсенбек Құрманбеков оның ең жақын достарының бірі, тіпті онымен сонау «Алғабас» колхозында бірге өскен. Әкесі Құрманбек Ілиясов мақташы, диқан Мәшбек Нәлібаевпен өмір бойы қызметтес болған. Олар аштық жылдары жоғарыда айтылғандай түйе керуенмен Тәжікстаннан Ташкентке тұз тасып нан тауып, бала-шағаларын асыраған. Сол Алғабаста 60-шы жылдары аталары Ілияс пен Сапарбай қайтыс болып, жерленген. Бердібек 6 жасында, ал мен 8-ге келе сонда мектеп табалдырығын аттадық, — деп еске алады ол.

Бердібек Сапарбаев Германияда ГСВГА әскерлері қатарында

Бердібек Сапарбаев

Оң жақтан Бисенбек Құрманбеков, Кенжебай Рысқанбетов, Бердібек Сапарбаев, Бақыт Нұртазиев, Мұтар Шайықов және Серік кластастары

Бердібек Сапарбаев

Бердібек Сапарбаев Германияда ГСВГА әскерлері қатарында

Алғашқы ұстазымыз Қопыш Ақылбеков болды. 1968-1969 жылдары 1 май ауылында интернат болды, сонда тағы 9-10 кластарда бірге оқыдық. Бекенмен бір бөлмеде жаттық. Оқуға зерек, үздік оқушы болды. Математикадан, химиядан алдына жан салмайтын. Химия пәнінен аты есімде жоқ, жаңадан жас апай келгені бар. Формулалардың бірінен қате кетіп, оны Бекең тауып алып, түзеткені бар. Балалық қой енді, ұстазын түзетуге бола ма? Жас апайымыз жылап қоя берді, өкініштен.

Соңынан мектеп директоры Төребек Абдрахманов біздің бөлмеге келіп, Бекеңе, әрине дұрыс болмады, қатесін байқасаң менің өзіме келіп неге айтпадың, — дегені есімде.

Интернатта бізбен бірге жетім-жетік балалар да оқыды. Содан бірде

пештен уланып қала жаздадық. Дәрігер Жұмаш ағай келді түн ортасында. Бөлменің тең жартысындай балаларды таза ауаға, далаға арқалап шығарған Бердібектің «қайраттылығын» көпке шейін айтып жүрдік.

Өз еңбегімізге ғана арқа сүйеуді ерте сезіндік. Бердібек екеуміз тары түйіп, сөк қылып Шиелінің, Қызылорданың базарына апарып сататынбыз. Киім-кешек, кітап-дәптер аламыз ақшасына, бұл да жоғары кластардағы оқиға. Бердібектің өзі әңгімелейтін Есенбек ағасы екеуі жаз бойы қауын-қарбыз өсіріп, күзде Ташкенттің атақты «Алай» және «Шайхантауыр» базарларына барып, сатып жүргендерін де көріп үйрендік. Ағасы өлшеп береді. Бекең ақшасын алатын. «Подходи народ, свой огород, половина сахар, половина мед» деп Бекең саңқылдап тұратын. Бұл да орысшаға жетіктігі.

Ағасы Есенбекті әкесі деп қабылдаған сатып алушылар, «Қарашы мына баланы, қаршадай болып әкесінен бұрын ақшаға қол созады» — деп таң қалатын. Қазір ойлаймын біз нарыққа бала кезімізден бейім болыппыз-ау деп.

Бекеңнің үйіндегілер мені «Шалдың баласы» дейді, әкемнің әруағын әр кез сыйлайды. Ол кісі ишан болған, 1993 жылы 87 жасында қайтыс болды.

Туыстығымыз да бар, бірақ достығымыз ерекше. 70 жылдары Бердібек үйлену тойымызда болды.

Осы өзіміздің қазіргі ауыл әкімі Өмірбек Ілиясовтың әкесі Жұмабекті ауылдастары «Нанжауыр» деп атайтын. Бұл өзі қанша мол табыс тапса да, үйіне шейін түгел жеткізе алмайтын, мырзақол, шашпау жан болса керек.

Ол трактор айдайтын. Бізге сенетін, оның тракторымен Бекең екеуміз Үшағаштан сексеуіл тасимыз. Жігіт болып қалған кез, кешқұрым көрші ауылға би кештеріне де білдірмей тартып кететініміз бар. Ыстықта қатты шаршаған Жакең, әрине, ұйқыға ерте кірісетін. Бірде Бекең екеуміз «Белорусьті» қанша әурелесек те жүргізе алмадық, сүйреп әкелуге тура келді. Ертең шаруа ақсап қалады-ау деп үрейлендік түнімен.

Ал таңертең, ауыл малы өре қарасақ, Жакең ағамыз тракторымен түтінін бұрқыратып, жүйткіп барады. Артынан байқасақ, трактордың анда-санда «нейтралкадан» шықпай қалатын «ауруы» бар екен.

            Бекеңнің екі суреті сақталыпты. Біріншісі оның 1971 жылы Кеңес әскери

тобынан әскери борышын өтеп жүргенде салып жіберген суреті. Сыртында «Службаның алғашқы жылдарынан естелік. Бердібек 22.VІІІ.71» деп жазған ол. Екінші сурет - «Би-Бен» мейрамханасында мектеп бітіргенімізге 30-жылдығындағы бас қосу суреті. Онда оң жақтан бірінші мен - Бисенбек Құрманбеков, Кенжебай Рысқанбетов, Бекең, Бақыт Нұртазиев, Мұхтар Шайықов және Серік кластасымыз бейнеленген.

1976 жылы осы ауылымызда Бекең мен Ғайшаның үйлену тойын өткіздік. Тілеуханов Байсынов тамада болды-ау деймін, кластасымыз Бақыт Нұртазаев көп еңбек сіңірді тойда. Сол түнде электр жарығы сөніп қалып, мен автомобиль фарымен жарық беріп билегеніміз бар. Зымырап жатқан өмір-ай бұл да көрген түстей, көзден таса қалса да, көңілден өшпейді. Жастық шаққа деген сағыныш қой.

Бердібектің кластасы Машар Шайықов айтады: 1969 жылы Жаңаарықтағы орта мектепті 38-бала бітірдік, арамызда ең үздігіміз сары бала Бердібек Сапарбаев болатын. Біз мектепті жақсы бағалармен бітіргенмен Алматының нархозына бірден түсе алмадық. Конкурстен бір бал жетпей қалып, салым суға кетіп ауылға оралып, еңбекке ерте араласып кеттік. Шешінген судан тайынбайды дегендей келесі жылы тағы бардық сол оқу орнына. Күндер өте жатақхана жоқ, теміржол вокзалын мекен қылғанымыз бар. Бір күні ұйықтап қалған екенбіз, екеуміз де таңертеңгісін шошып ояндық. Сөйтсек, вокзалдың орындықтарын резина шлангамен жуады екен, бүк түсіп көрінбей жатқан бізге де зәрдей су тиген екен!

Осы 1970 жылы 24 тамызда күтпеген жерден Әбіш Кекілбаев ағамызбен кездесіп, дастархандас болғанымыз бар. Нархозға жақын Жандосов және Алтынсарин көшелерінің қиылысында Орта Азия әскери округінің мекемелері болатын, асханасы да бар. Арзан болғасын және ауылдасымыз марқұм Ережеп Әбіловке, ол қатардағы құрылысшы-солдат болатын, барамыз. Кездесіп бірге тамақтанамыз. Бірде ол өзінің командирі Әбіш Кекілбаевпен кездесу ұйымдастырды. Әбіш ағамыз сұңғақ бойлы, қайың қаптал, бұйра шаш жігіт ағасы екен. Ескі достардай баурап алды, шүйіркелесіп қалдық. Қазір карап отырсақ Әбіш ағамыз 1968-1970 жылдары Орта азия әскери округінде кеңес армиясы қатарында әскери қызметте болған екен, тіпті кеңес және қытай әскерлерінің Жалаңашкөл көлі маңындағы әскери қақтығысына да қатысыпты. Қыза-қыза келгенде дегендей, себебі біршама вино да ішілген болатын, бізден мүшел жас үлкен жазушы ағамыз Бердібек екеумізге өзінің тұңғыш прозалық шығармасы «Бір шөкім бұлт» кітабын қолтаңбасымен сыйға тартты. Біздің қуанышымызда шек болмады.

Бұл бір екі балапан бүркіттің қияға қарыштап ұшар алдындағы алғашқы кездесулері болып көрінеді маған. Қызығы, жылдар өте данышпан жазушы ағамыз ағамыз  кезекті бір Парламент отырысында Білім министрінің орынбасары Бердібекті көргенде топ ішінде оның өңі бейтаныстау көрінді.

«Шамасы, Сапарбаев осы-ау» дей ойладым. Тіптен жас екен. Тығыншықтай ақ-сары жігіт. Дүрсе қоя берген депутаттардың қарша бораған қатігез сауалдарын үнсіз тыңдап отырды. Сыр білдірген жоқ. Өзіне-өзі сенімді. Әлденелерді қағазына түртіп алып, сұрақ түсе қалса, жауап беруге әзір отыр, — деп сүйіспеншілікпен жазыпты Әбіш ағамыз Бердібекке арналған «Алға қарай адымдай түс, алғадай азамат» мақаласында.

Бұл кездесулерге әлі де алда 20-жылдан артық уақыт бар еді, ал әзірше «қырсыққанда қымыран іриді» дегендей екінші жылы да біз екеуміз конкурстан өте алмай Қазалыдағы ауыл шаруашылығы техникумына түстік, зоотехния бөліміне. Келесі жылы Бердібек Германияға әскерге алынды да,мен бітіріп шықтым. Ұстаздарымыз Үміт Қалдарбекова, Абдрахман Қамбарбеков және басқалары сабақ берген еді. Біздің жолымыз осылай айырылысты, ол армияға алынып, оралғанда мен Отарда әскер қатарында болдым. 1973 жылы Отарға ол Ғайшамен келіп, таныстырған болатын. Бердібек болса түбінде дегеніне жетіп Алматының нархозын бітіріп, өмірде алдағы мақсаттарына жетті, - деп түйді Машар Рақымұлы.

Ал, Бердібек Сапарбаевтың еңбек жолын «Задарьинский» кеңшарында қатардағы жұмысшыдан бастағаны бәріне мәлім. Оның еңбек жолына жолдаманы әкесі Мәшбектің досы, әріптесі Әбдіғаппар Нұртазаев берген болатын. Осы кеңшарды құрысуға өз үлесін қосқан, оның тұрғындарының бірі — сол кезде мақта бригадасының бригадирі, ел ағасы, сөзі дуалы Мәшбек Сапарбаев болғаны қазір бәріне аян.

Әбдіғаппар Накеңді алдына салып, Өзбекстан, Тәжікстанды аралап, 2 жыл ішінде 500-ден аса жерлестерімізді ата-қонысына көшіп келуін үлкен іскерлікпен ұйымдастырған болатын. Алғашқы болып Мәшбек Сапарбаев отбасы Мақтаарал ауданындағы үйлерін, бау-бақшаларын тастап туған жерді, атамекенді көгерту үшін жаңадан құрылған шаруашылыққа қоныс аударған болатын. Мұнда Мәшбек сияқты елге сыйлы азаматтар ауадай қажет еді.

Еңбек екі ардагерді де құрметке бөледі, бұл кұндері екеуінің де есімдері екі елді мекендерге берілген. Еңбегі зор бағаға ие болған Әбдіғаппар ағамыз кезінде Д.Қонаевтың қолынан «Қазақ ССР-іне еңбегі сіңген агроном» құрметті атағын алса, соңынан «Еңбек Қызыл Туы», «Октябрь Революцисы» ордендерімен марапатталған.

Еңбекте бірге шыңдалған екі достың қатарлас ұлдары Бақыт және Бердібекте құлынтайдай бірге өсті.

«Бердібек сол кезде 8-ші сыныпта оқитын. Жаңадан ашылған ауылда мектеп болмағандықтан біздер 8 шақырым жердегі Жаңаарық орта мектебіне қатынап оқыдық. Бір партада отырдық. Ол футболдан және теннистен мектеп құрамасында ойнадық. Аудандық пәндік олимпиадаға да қатысып, алғашқы жеңімпаз атанды. Бір жылы облыстық олимпиадаға қатысу үшін біз бір топ оқушы Қызылордаға баратын болдық. Ол кезде қалқымалы көпір жоқ, паром жүретін. Сол күні мұз ұстасып, паром да жүрмей қалды. Бір ғана жол бар, ол да қауіпті, толық қатып үлгермеген мұз үстімен жаяу өту. Бекең қолына ұзын таяқ ұстап, мұздың үстімен арғы бетке өтіп кеткенде, жетекшіміз физика пәнінің мұғалімі Исахан Жолтаев бар, бәріміз жағамызды ұстадық, оның соңынан еріп өзеннен өтіп кеттік. Сол олимпиадада ол математикадан жүлдені жеңіп алды. Мектеп бітіріп ол Алматыға, мен Жамбылға оқуға кеттік», — дейді Бақыт Нұртазаев.          

Бақыт өзі де әке жолын қуып, сол ауыр 90-шы жылдары «Задарьинский» кеңшарында директор, Жаңақорған ауданы әкімінің орынбасары болған, «Құрмет» орденінің, бірнеше медальдардың иегері.

«Өмірде төрт құбыласы бүтін жан бола ма, тас түскен жеріне ауыр ғой. Кластас досымыз Бердібектің ер жетіп, ел қатарына қосылып қалған ұлы Бауыржан, «Алматы-Тараз» күре тас жолында көлік апатынан қаза тапқанда

көкірегіміз қарс айырылды, басы-қасында болып, қайғысын бөлісіп, садақаларында болдық», деп ойларымен боліседі Бақыт.

Кешірек Бердібек ұлы Бауыржан туралы «Сағымға айналған сағыныш» атты кітап жазып, жарыққа шығарды, дос-жаран, тума-туыстарына таратып берді. Енді бұл кітапты оқыған адам оның тағылымдық, тәрбиелік тұстарын аңғармауы мүмкін емес. Оның осы кітабын оқығанда Абайдың кіші ұлы Әбдрахманның қазасына қабырғасы қайысып, қатты күйзеліске түсіп, ұлына арнаған өлеңдері еріксіз есіңе түседі. Бердібектің кітабынан да әкенің жаралы жүрегі жас әруақпен сырласа отырып, алдағы күннен үміт үзбейді. Көпшілік байқағандай, сөйтіп, сөзбен сомдалған ескерткіш қайғы-қасіретін мысқылдай болса да жеңілдете түсетініне сенеді.

Екінші жағынан есімі елге аян үлкен әріппен жазылатын азамат - Бердібек Сапарбаевтың үлкен жүрегі шығармашылық қазынасынан да кенже емес екендігі оның осы кітабынан да көрініп тұрғаны шындық, — дейді Бақыт Әбдіғаппарұлы.

—  Сонау 60-шы жылдары Әдіғаппар мен Мәшбек ағаларымыз көш бастап туған топыраққа қайта оралған 500-дей адамның ұрпағы өрбіп күнде іргелі ел болдық, — дейді ауыл әкімі Өмірбек Ілиясов. Бүгінгі таңда біздің Ақжол ауылының өзінде 160 үй бар, тұрғындар саны 1162 адам, дені қоңыраттар, бірді-екілі арғын, қожа мен қоңыраттың қараша бөлімінен үш үй ғана бар, — дейді ол.

— Біздің ел ұйтқысы шайқалмаған қазақи өмір. Мұнда жергілікті ақсақал Нұртас Шалысбаев жазып шығарған шежіреден әрбір адам өз есімін табады. Солайша, қыз алыспайтын жақындармыз, — дейді әкім. Сол бастапқы көшіп келгендер жат-жұртта болсын, елінде болсын қазақтың ежелгі АСАР - бірігіп көмектесу салтын жоғалтпай, қандарына сіңірген. Сол кезден бастап шаруашылық құрылыс материалдарын беріп, көлікпен көмектессе болғаны — туысқандар бас қосып, көптеген үйлерді ғана емес, тіпті мектеп, клуб сияқты кесенелерді де АСАР арқылы тұрғызған

Тек бертін келе Мәшбек Нәлібаев ағамыздың ұрпақтары заманауи мектеп, жаңа мешіт үйін салуға демеушілік көрсеткен.

Бердібек Сапарбаев

Мәшбек Нәлібаев атындағы ауылдық округ

 

 

Балнияз Ажниязов

Қазақстан журналистер Одағының мүшесі

Zhazira Baidaly

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір