• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 11:18:20
Алматы
+35°

13 Наурыз, 2019 Оқиғалар

"Шешең жұрттың қақырығын жуады". Үлкендердің қорлығына шыдамаған оқушы асылып қалды

Үйіне ашу-ызаға булығып келген Аслан ауласындағы мал қораға тізерлей отырып, асылып қалған.

«Шешең елдің түкірік-қақырығын жуады. Несіне мәз боласың?!» Алматы облысында асылып қайтыс болған 15 жастағы оқушыны үлкендер осылай деп қорлаған. 9-сыныптың оқушысын тәртіпке салмақ болған ұстаз жас өренді көптің көзінше ұрып-соғып, тізерлетіп кешірім сұратса, жәбірленуші баланың жақыны мектептің еденін жуатын анасына тіл тигізіп, Асланды тікелей қорлаған. Ол намыстанып, үйге келе сала асылып қалды деп отыр баласының өліміне мұғалімді кінәлаған қайғылы отбасы. Ал мектеп директоры болса «тергеу тоқтамайынша, ештеңе түсіндіре алмаймыз» деп ат-тондарын ала қашуда. Талғар ауданында орын алған қайғылы жағдайдан соң жаңадан ашылып жатқан ақпараттарды Almaty.tv тілшісі тыңдап келген деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі.

Асланның 8 наурызда анасына тарту ретінде бермек болып жасатқан суреттерін жерлеу күні сынып жетекшісі жеткізген. Ұлдың кенжесі, үйдің төртінші баласы мектеп қабырғасында өзінен төменгі сыныптың екі оқушысын досымен бірге бопсалаған көрінеді. Ал кішкентай тентектерге ұстаз тәртіп орнатпақ болған.

«Сақинамен ұрған, содан мына жері қанаған. Содан кейін оны көрген қарындасы да жылаған. Менің қайным да жылаған. Қайным «Ақбота, жылама» деп айтып, өзі де көз жасын сүрткен. Қасында тұрған ата-ана «Сенің мамаң қақырық-түкірік жуып жүр» деп айтқан», – дейді марқұм А. Ғазизовтың жеңгесі Айкерім Секен.

«Айналып келіп менің баламды ұра берген ғой. Спорт залға апарып тағы да ұрып, сол жерде ұрсып, мына баланың алдына барып тізерлеп кешірім сұра деген. Мен кеткен соң балама «Шешең елдің қақырығын жуады, сен несіне мәз боласың?!» деген», – деп көз жасын сүртті марқұм А. Ғазизовтың анасы Бақыт Сейсенбинова.

Үйіне ашу-ызаға булығып келген Аслан ауласындағы мал қораға тізерлей отырып, асылып қалған. Әкесі буынған жіпті қиып, шөпке жатқызғанда денесі суымаған ұлының ана дүниеге әлдеқашан жүріп кеткенін бір-ақ біліпті. Өтпелі кезеңде қорланып, өзін өлімге қиған өркеннің өмірі алда, арманы – 9-сыныптан соң музыка жағын тереңдетіп оқу еді дейді қайғылы ата-ана.

Асылып қайтыс болған марқұм Аслан сыныптың белсендісі болған. Үнемі алдыңғы партада отырған оқушы ән айтып, мектептің мәдени шараларынан қалмайтын көрінеді. Ал қайғылы оқиға болатын күні отыз жылдан аса биология пәнінен сабақ берген мұғалім өзінің 7-сыныбындағы оқушыларын қорғамақ ниетте Асланға көптің көзінше ұрысқан көрінеді.

450-дей оқушысы, 55 ұстазы бар мектептің директоры «Есеңгіреп, есімізді әлі жинай алмай жүрміз, тергеу тоқтамай түйткілді түсіндіре алмаймыз» деп отыр. Ал зейнет жасына жақындап қалған кезінде қайғылы жағдайға қалай тап болғанын білмей қалған 7-сыныптың жетекшісі ауруханаға жатып қалған.

«Осы жерде бірінші сыныптан бастап оқып келе жатыр еді. Ата-анасы – осы ауылдың тұрғылықты адамдары. Мінезіне келсек, бала бірқалыпты болатын, ешқандай басбұзарлығы жоқ еді. Мектептегі белсенді балалардың бірі болып, республикалық, облыстық деңгейде ән байқауларына қатысып жүретін. Қазір тергеу амалдары жүріп жатыр. Оған ешқандай пікір білдіре алмаймын», – деді Алматы облысы Талғар ауданы Туғанбай ауылындағы №30 орта мектептің директоры Данияр Аманжолов.  

Ұлдарының өліміне биология пәнінің мұғалімін кінәлаған ата-ананың арызы бойынша ұстаздың үстінен қылмыстық іс қозғалған. ҚР Қылмыстық кодексінің 105-бабы, яғни өз-өзін өлтіруге  дейін жеткізу бойынша тағылған айып толық дәлелденсе, ғұмырын ағартушылыққа арнаған жан үш жылдан жеті жылға дейін жаза арқалауы мүмкін.

Ұсынған: Гүлім Жақан

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір