• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 10:31:58
Алматы
+35°

10 Қазан, 2018 NEWS

"Шерхан Мұртаза ақиқатты іздеді, оны жер бетінен таппады"

Шерхан Мұртазаның әңгімесі тартымды, әсерлі әрі шынайы.

Шерхан ағамен алғаш 1992 жылы Алматыда жүздестім. Қаңтар айының ортасы болатын. "Егеменді Қазақстан" газетінің редакциясында, өз кабинетінде қабылдады. Ол кезде мен Моңғол үкіметі жанындағы Монцамэ агенттігінің арнаулы тілшісімін. Қазақстанға алғаш рет арнайы іссапармен келгенім. Бір сағаттан астам уақыт ұзақ әңгімелестік. Әңгімесі тартымды, әсерлі әрі шынайы. Редакцияда ешқандай бюрократтық жоғы бірден аңғарылып тұрды. Орынбасасарлары емен-еркін кіріп-шығып, әлдебір қағазға қол қойдырып алады, әңгіме арасында оларға тапсырмаларын да беріп тастайды. Біраз уақыттан кейін Шерағаң маған сұрақ қойды: 
- Моңғолдар Ұланбатырдың атауын өзгертпек болды деп естідім. Ақыры, қалай шешілетін болды?
- Иә, аға! Парламентте Ұланхүү деген жас демократ сондай мәселе көтерді. 
- Ұланбатырдың несі ұнамай қалыпты, ол жігітке? 
- Оның айтқан уәжі былай болды: "Ұланбатыр (қызыл батыр) атауын Коминтерннің өкілі қызыл большевик Тұрар Рысқұлов қойған. Енді, бұл атау - саяси қате. Басқаша аталуы керек". Сонда, бір қарт депутат: "Алдымен, жас демократ сіздің мәселеңізді шешіп алайық. Сенің де әкең қызыл большевик болғанға ұқсайды. Себебі, атыңды Ұланхүү (қызылбала) деп қойған екен. Сен өз есіміңді Хөххүү (көкбала) немесе Цағанхүү (ақбала) деп өзгертіп кел. Мәселені содан кейін қарастыруға болады" - дегенде парламент мүшелері қыран-топан күлкіге қарқ болды да ұсыныс күнтәртібінен алынып тасталды - дедім. 
Шерағаң рақаттана күлді де Әлгі есімдерді қайталап сұрап, қағазға түртіп алды. 
Ертеңінде "Егеменді Қазақстанның" "Дүбірге толы дүние" айдарында "Ұланбатыр атауы өзгерген жоқ" деген тақырыппен шағын мәтін жарияланған еді.
Жалпы, Шерхан Мұртаза - жағымпаздықтан аулақ, турашыл санаулы жазушылардың бірегейі еді. Ақиқатты іздеді, оны жер бетінен таппады. Енді, мәңгілік өмірге өзі ақиқат болып аттанды. Өмір заңы солай.

Қуандық Шамахайұлы

Assem Almuhanbet

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір