• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

25 Сәуір, 00:28:09
Алматы
+35°

10 Қазан, 2018 Әлеумет

Шерағаңның шындығы...

Халықтың тағдыры таразыға түсіп жатқанда маған жеке адамның амбициясы көк тиын.

Әне, баяны жоқ бес күннен Шерағаң да өте барды. Не қылсақ та енді оны қайтара алмаймыз. Көп өкініш көкіректі қарс айырып, жүректі езгілеуде... 
Мен оның қасында көп жүрдім ғой. Қыстай қатулы кездерін де, жаздай жайдары шақтарын да көп көрдім. Ақиқатты айтқанда кесек сөйлеп, ірі турайтын еді-ау, жарықтық. Жә, жарайды, арыстандай айбатты Шерағам туралы әлі талай шындықты жазармын. Бұл жолы, есіме түсіп отырған бір ғана оқиғаны қысқаша баяндайын. 
Шерағаң 70 жасқа толып жатқан кез еді. Шерағаңның мерейтойы өткен соң көп ұзамай парламент үкіметке сенімсіздік білдірді. Шерағаң сол парламенттің белді мүшесі болатын. Бәрі «Жерді сату туралы Заң жобасының» төңірегіндегі дауға байланысты өрбіді. Шерағаң белсене кірісіп, үкіметтің жерді сату жөніндегі ұсыныстарына қарсы шықты. Ақыры сол үкіметті таратып тынды. Бір кездескенде: 
– Шераға! Үкімет басшысы Сізді 70 жасыңызда қатты көтеріп еді. Астананың төрінен үш бөлмелі пәтер сыйлап, кітабыңызға қыруар қаржы бөлгізді. Басқалай да көмегі аз болған жоқ. Енді ол басқарып отырған үкіметке қарсы шапқаныңыз ыңғайсыздау емес пе? – деп едім, Шерағаң:
– Мүкаммал дүниеге бас иетін адамың мен емес. Үкіметтің басшысы бүгін бар да ертең жоқ. Ал халық мәңгі! Халықтың тағдыры таразыға түсіп жатқанда маған жеке адамның амбициясы көк тиын. Не қылса да халқымды сата алмаймын! – деді алысқа көз тігіп. Сол сәтте Шерағаңды шау тартса да шарықтаудан жаңылмаған, қырағы көз тау қыранына ұқсаттым.
Ақиқаттың алдаспанындай болған қайран Шерағам-ай! Бақұл бол! Сені ұмытуға халқыңның хақысы жоқ!

Темірғали Көпбай

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір