• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

18 Сәуір, 06:03:14
Алматы
+35°

09 Желтоқсан, 2017 NEWS

Серік Ибрагимов, Денис Тен сынды талантты жастар «Дарын» сыйлығына ие болды

«Дарын» сыйлығына өтініштер қабылдау науқаны келер жылдың сәуір айынан бастау алады.

Бүгін Қазақстан Республикасының Үкіметі тағайындаған «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаттарын салтанатты түрде марапаттау рәсімі өтті, деп хабарлайды  Qamshy.kz ақпарат агенттігі ҚазАқпаратқа сілтеме жасай отырып.

«Елбасы айтқандай дарынды жастар - ол еліміздің болашағы және әлеуеті. Жастар мәселесі, саясаты, оларды жұмыс орындарымен қамтамасыз ету, жастардың әлеуетін ашу, талантын көрсетуге мүмкіншілік жасау әрқашан да Елбасының және ел Үкіметінің назарында. «Дарын» сыйлығы бұрын екі жылда бір рет берілген болса, биылғы жылдан бастап жыл сайын берілетін болады. Ол да барлығымыздың ортақ жетістігіміз деп ойлаймын. Оның үстіне ол мемлекеттің және Үкіметтің жастарға назар аударуының көрінісі», - деді сыйлық иелерін марапаттау рәсімінде Қазақстан Республикасы Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев.

Сыйлық 10 номинация бойынша - әдебиет, ғылым, бейнелеу өнері, журналистика, классикалық музыка, қоғамдық қызмет, спорт, театр және кино, эстрадалық өнер, халық шығармашылығы саласында үздік деп танылған жастарға табысталды.  Осылайша, «Спорт» номинациясы бойынша қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы  Денис Тен және әйелдер арасындағы халықаралық гроссмейстер, төрт дүркін әлем чемпионы Динара Сәдуақасова жеңімпаз деп танылды. 

  «Эстрада» номинациясы бойынша  қазақ эстрадасының әншісі   Серік Ибрагимов пен  Қазақ ұлттық өнер университетінің студенті Рүстем Жугінісов  марапатқа ие болды. «Классикалық музыка» номинациясы бойынша «Young Eurasian Soloists» камералық оркестрінің солисі Шернияз Мұсахан мен «Астана Опера» Ұлттық опера және балет театрының әншісі  Мария Мудряк «Дарын» сыйлығын иеленді.  «Халық шығармашылығы» номинация бойынша  айтыскер ақын Сырым Әуезхан және Қазақ ұлттық өнер университетінің оқытушысы Дәулетхан Сартай марапатталды.

«Әдебиет» номинациясында ақын Динара Мәлікова, «Ақ жол» демократиялық партиясының идеологиялық жұмысы бөлімінің кеңесшісі Елдос Тоқтарбаевтың еңбегі үздік деп танылды.   «Театр және кино» номинациясы бойынша Г.Мүсірепов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер  театрының актрисасы Динара Абдуллина және  «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрының балет труппасының жетекші солисті Бақтияр Адамжан «Дарын» сыйлығының лауреаттары атанды.  «Журналистика» номинациясы бойынша  Atameken Business Channel  арнасының  «Басты тақырып»  бағдарламасының жүргізушісі Ерболат Мұхамеджанов және «Республикалық радио» ЖШС жаңалықтар қызметінің редактор-жүргізушісі Әлібек Әбділов  жеңіс тұғырынан көріне білді. «Дизайн және бейнелеу өнері» номинациясы бойынша  «Дарын» сыйлығы Қазақ ұлттық өнер университетінің студенті Нұрболат Асқар мен Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық колледжінің оқытушысы,  әрі оң қолынан өнер тамған зергер Халиев Берік Жұмағалиұлына берілді.  

 «Қоғамдық қызмет» номинациясы бойынша «Дарын» сыйлығы «Жас Отан» жастар қанатының хатшылығының басшысы Дәулет Кәрібекке және Атырау облысындағы «Қазақстан-2050» жалпыұлттық қозғалысының ұйымдастырушысы Илияс Қонысбаевқа табысталды. «Ғылым» номинациясы бойынша Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің жетекші маманы Нұрғали Ақылбеков, сондай-ақ Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-нің ғылыми тобы -Илья Королкова және  Дмитрия Шлимас үздік деп танылды. Барлық жеңімпаздарға Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен «2017 жылғы Дарын мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты» атағы берілді, және олар  дипломмен, төсбелгімен және ақшалай сыйлықтармен марапатталды.  

ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі ұйымдастырған шара ағымдағы жылы Астана қаласының 20 жылдық мерейтойына орай өткізіліп отыр. Салтанатты шара рәсіміне Қазақстан Республикасы Дін істері және азаматтық қоғам министрі Н.Ермекбаев,  Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары, мемлекеттік ұйымдардың, азаматтық сектордың, бұқаралық ақпарат құралдарының, мәдениет және өнер қайраткерлерінің өкілдері қатысты. Комиссия шешімімен сыйлық алу үшін 213 үміткерлердің ішінен 21 үміткер қолдау тапты, оның ішінде 2 адамнан құралған 1 ғылыми топ бар. Өткен жылдармен салыстырғанда сыйлық алуға үміткерлердің саны екі есе артқанын атап өту керек.  2017 жылдан бастап Қазақстан Республикасының Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің бастамасы бойынша жыл сайын «Дарын» сыйлығы ұсыну туралы шешім қабылданғанын атап өткен жөн. 

Енді кезекті  «Дарын» сыйлығына өтініштер қабылдау науқаны келер жылдың сәуір айынан бастау алады.

 

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір