• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

25 Сәуір, 19:47:38
Алматы
+35°

30 Тамыз, 2018 Аймақтар

Сенаторлар "Алматы ақшамында" қонақта болды

Сенат депутаты Төлеубек Мұқашев елдің ой-өресін көтеретін ең әуелі баспасөз екенін тілге тиек етті

Кеше Қазақстан Респуб­ликасы Парла­менті Сенатының депутаттары Төлеубек Мұқашев пен Динар Нөкетаева «Алматы ақшамы» газетінің редакция­сында қонақта болып, ұжымды 30 жылдық мерейтойымен құттықтады.

Басқосудың кіріспе сөзінде «Алматы ақшамы» газеті ЖШС-нің Директоры–Бас редакторы Қали Сәрсенбай арнайы келген құрметті қонақтарды басылымның тарихымен таныстырды. Бүгінгі таңда басылымның көтеріп жүрген тақырыптарының маңыздылығына тоқталып, редакцияның қазіргі тыныс-тіршілігінен де аз-кем әңгімелеп берді. Сонымен қатар, ақпарат құралдарының қазіргі қоғамда үлкен маңызға ие екендігін айтып, қонақтарға ұжымды таныстырды.

– «Мың жасаған шаһардың шамшырағы – «Алматы ақшамы» газеті  ақпарат айдынында өзіндік орнын тауып, қазіргі таңда зиялы да ұлтжанды азаматтардың, қарапайым қала тұрғындарының рухани-мәдени серігіне айнала білді. Басылымнан рух лебі еседі. Шығармашылық деңгейін үнемі ұштап отыратын басылым өзінің 30 жылдық мерейтойын лайықты биігінде қарсы алып отырғанына сенімдімін», – деп  атап өтті Сенат депутаты Динар Нөкетаева.

Ал Сенат депутаты Төлеубек Мұқашев елдің ой-өресін көтеретін ең әуелі баспасөз екенін тілге тиек етті.

– Қазіргі таңда баспасөздің мәні де, маңызы да арта түсті. Газет ұжымдық насихатшы, қоғамдық пікір туғызушы, қала берді  қоғамдық ойды қозғаушы күш. Осы ретте журналистердің қалам сілтер тақырып­тарының аясы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жиі айтатын интеллектуалды ұлт қалыптастыруға, елдің рухани деңгейін көтеруге септігін тигізетін мақалаларды көбірек жазса деген тілек білдіремін, – деді ол.

Сонымен қатар, кездесуде Сенат депутаттары басылым ұжымымен салиқалы әңгіме өрбітіп, Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын халыққа насихаттау бағытында жүргізіліп жатқан бірқатар шаралар туралы әңгімелеп берді.

– Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаң­ғыру» атты мақаласы –  ұлтымыздың барлық  салт-дәс­түрлерін, мемлекеттік тіл, әдебиетіміз бен мәдениетімізді, ұлттық рухымызды жаңғырту керек деген асыл ұғымға келіп саяды. Елбасымыздың рухани жаңғыруға, руханиятқа, білім мен ғылымға маңыз беруі – үлкен көрегендік, – деп атап өтті Төлеубек Мұқашев.

Депутаттармен болған кездесуде Алматы қала­сының еліміздегі барлық салада алда екендігіне қатысты көп әңгімелер айтылды. Сонымен қатар, қазақ руханиятының өзекті мәселелері, мәдениеттің қоғамдық өмірдегі орны кеңінен талқыланып, ұлттық рухани құндылықтарды сақтау, көтеру қажеттігі сөз болды.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір