• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

23 Сәуір, 21:20:49
Алматы
+35°

03 Шілде, 2017 NEWS

СЕКСУАЛДЫ ҚҰЛДЫҚТЫҢ СҰМДЫҚТАРЫ: «ОЛ БОСАНЫП ЖАТҚАНДА ОНЫ БІРНЕШЕ ЕРКЕК ЗОРЛАҒАН»

...Ол менің көзіме тік қарап тұрды. Бұл менің өмірімде көрген ең қорқынышты көрініс еді...

...Ол менің көзіме тік қарап тұрды. Бұл менің өмірімде көрген ең қорқынышты көрініс еді...

Таңғы 11. Полицейлер жұмысқа телефон шалды. Олар әбден қорлық көрген, жағдайы өте нашар әйелді тауып алғанын айтты. Ағылшын тілінде емес, өзге тілде сөйлеп жатыр екен. Оның жөзөкше болуы мүмкін екендігі де айтылды...

Белгілі болғандай Британияға жұмысқа келген латын американдық қыз осы уақытқа дейін сексуалды құлдықта болған.

Мұны мемлекеттік емес LAWA ұйымының қызметкері Йенни Аудэ bbc журналистеріне берген сұхбатында айтып берді.

Құлдық...

Аты айтып тұрғандай адамды еркінен тыс еңбекке жегу, құлша жұмсап, еңбегін қанау. Қай елде болмасын құлдыққа заңмен қатаң тыйым салынған деп жазады Қамшы ақпараттық агенттігі. Әлем елдерінің ішінде Мавритания ең соңғы болып (1981 жылы) құлдыққа қарсы заң қабылдады. Соған қарамастан әлі күнге дейін адамдарды құлдықта ұстау фактісі жиі тіркеледі. Free the Slaves халықаралық ұйымының сарапшылары әлемде 36 миллионнан астам адам құлдықта өмір сүріп жатқанын айтады. Десек те, нақты статистика келтіру мүмкін емес. Себебі әлі де қылмысы әшкере болмаған түрлі ұйымдасқан топтар бар. Құлдықтан босап шыққандардың өзі көбіне өзіне қатысты заңсыз әрекетке барғандарды жазалау үшін шағым түсіруге қорқады екен. Сарапшылар дәл осы фактор да адамдарды құлдықта ұстау қылмысының терең бойлауына бірден-бір себеп дегенді айтады.

Құлдықтың бірнеше түрі бар. Бірі адамды қара жұмысқа жегу болса, енді бірі сексуалды құлдықта ұстау. Екеуі де 21 ғасырда кең етек жайған. Себебі криминалды әлемдегі кірістің молдығы бойынша астыртын еңбекті саудалау қару мен есірткі саудалаудан кейін үшінші орынды алады. Walk Free ұйымының мәліметінше, оның кіріс мөлшері шамамен 150 миллиард долларды құрайды. Еркінен тыс еңбек етіп жатқандардың «қожайындары» жылына аталған сомманың жартысын иеленеді.

Алдап-арбау...

Қылмыскерлер адамды құлдыққа салу үшін түрлі айланы пайдаланды. Бірі адамдардың сеніміне кіргеннен кейін шетелде табысты жұмыс ұсынса, енді бірі тіпті қыздардың жүрегін жаулап, үйленуге ұсыныс жасайды да шетелге алып кетеді. Мұндай айланы іске асыру үшін тіпті жалған отбасымен де таныстырады екен. Айлакердің қармағына іліккен қыз махаббаттың жетегінде кетіп «болашақ жарымен» қайда болса да баруға дайын тұрады, алайда бақытына емес сорына бара жатқанынан еш хабары жоқ.

Осы ретте сарапшылар халықты шетелде жұмыс ұсынғандарды жіті тексеруге кеңес береді. Компания атауы, лицензиясы секілді ақпараттарға әбден қанық болуға шақырады. Себебі құлдықта болғандардың жартысынан көбі жоғарыдағы сауалдарға толық жауап алмай, бір адамның ғана айтқанына сеніп, еріп кете береді. Шетелге барғаннан кейін құжатынан айырылады. Содан кейін жұмыс берушінің айтқанына көніп, еркінен тыс еңбек етуіне тура келеді.

Британияда сексуалды құлдықта болған қыз да дәл осылайша қылмыскерлердің арбауына сеніп қалған. Оның Латын Америкасынан кемемен Британияға жалған құжатпен әкелген. Қолына қомақты сомма ұстатқан. Британияға келгеннен кейін табысты жұмыс беріп, тамақ пен жатын орынмен қамтамасыз ететіндігін айтқан, бірақ діттеген жерге келгеннен кейін құжаты мен берген ақшасын тартып алған. Жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлеген. Қашқан жағдайда оның елге заңсыз келгенін сол үшін түрмеге отыратынын айтып қорқытқан.

«Шетелде байлыққа кенелесің! Туыстарыңа көмектесіп, өзің ел, жер көресің» деп арбайтындар түрлі жұмыс ұсынады. Олар бала күтушіден басталып, сәнбикелік жұмыспен аяқталады. Жалған қиялдың жетегінде кеткен қыздар аспандағы айды алып беруге уәде еткендерге құдайдай сеніп, еріп жүре береді.

Қамшы ақпараттық агенттігі қазақстандық қыздардың арасында кішігірім тәжірибе жүргізіп көрді. Көшеде кетіп бара жатқан жасшамасы 18-28 жас аралығындағы қыздарға шетелде жұмыс ұсындық. Біз кездестірген 25 адамның 18-сі телефон номерін беріп, шетелге баруға дайын екенін және шетелде жұмыс істеуді қалайтынын айтты. Сонымен қатар, қандай компанияның атынан жұмыс ұсынып отырғанымызды, тіпті толық аты-жөнімізді де сұрамады. Тәжірибеге қатысқандардың тең жартысы бейтаныс адамға сенді, жеке телефонын да берді. Бұл өте өкінішті жағдай.

Тәжірибеге қатысқан қалған жеті қыздың бірі шетелге шығуға қорқатындарын айтса, енді бірі ұсынысымызға күмәнмен қарады.

Азаптау...

Құлдықта ұстайтындарды тек еңбекке жегіп қана қоймай, кішкентай кінәсі үшін айуандықпен жазалайды. Қашпақ болған қыздарды өзгелерге сабақ болсын деген мақсатпен және қашуға екінші талпынбауы үшін өте қатігез түрде жазалайды. Мұндай қорлықты бастан өткерген қыз екінші мәрте қашуға жүрегі дауаламайды.

Ал сексуалды құлдықта болғандар әр сағаты, әр минут, әр секунды азап екенін айтады. Британияда арамзалардың қолына түскен қыз күніне жиырмадан аса еркекті қабылдаған. Олар қыз үшін ақша төлеп отырғандықтан оны ұрып, соққан.

«Полицйелер оны төбеге байланған күйі тауып алды. Сондай күйде оны зорлаған. Оны алғаш тапқанда түсірілген фотоны көргенде төбе шашым тік тұрды. Оның әбден қорлық көргені суреттен-ақ анық сезілді. Байқұс әйел жүкті болған екен. Ол босанып жатқан уақытта бірнеше еркек зорлаған екен» деді Йенни Аудэ.

Оны тауып алғанда тісі қалмаған. Шаштарын жұлған. Егер қыз клиенттердің қалағанын жасамаса оның тісі мен шашын жұлып отырған екен.

Жаза...

Адамды құлдықта ұстау Қазақстан Республикасының заңына сәйкес өте ауыр қылмыс болып есептеледі. Адамның еркінен тыс жұмысқа жеккендерге қатысты қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Олар:

128 бап – «Адам саудасы», 135 бап – «Кәмелет жасқа толмағандарды саудалу», 126 бап – «Заңсыз бостандығын шектеу».

Қазақстанның ІІМ мәліметінше, аталмыш баптар бойынша қылмыстық іс жиі қозғалатын болған. Өткен жылы тек Оңтүстік Қазақстанда Кәмелет жасқа толмағандарды саудалауға қатысты 20 іс қаралды.

Қазақстандағы құлдыққа қарсы қызмет ететін сарапшылар елде сексуалды және еңбекті қанау көп кездесетінін айтады. Олардың айтуынша, құлдыққа көбіне өмір сүру деңгейі төмен, жұмыссыздар және құжаты жоқ адамдар түседі.

Азат ету...

Қазақстанда жыл сайын еңбек құлдығынан 100 адам құтқарылады. Елімізде құлдықта болғандарға көмектесетін 28 кризитсті орталық жұмыс істейді. Олар зәбір көргендерге психологиялық көмек көрсетіп, қоғамға қайта бейімделуге көмек көрсетеді. Сонымен қатар, жедел желі де жұмыс істейді. Оған кез-келген уақытта хабарласуға болады.

Психологтардың мәліметінше, құлдықта болғандар, әсіресе сексуалды қорлық көргендердің қалпына келуі ұзаққа созылады. Зәбір көргендер толық жазылып кете алмайтынын да айтады. Бастан өткерген жағдай мәңгі жүрегіне қаяу түсіретінін жеткізеді. Сексуалды қорлық көргендер ұзақ уақытқа дейін ер адамға деген қорқынышын жоя алмайды.

Британияда сексуалды құлдықта болған қыздың жағдайы өте мүшкіл болды. Оған тек рухани, психологиялық қана емес, хирургиялық көмек көрсеткен. Күнделікті соққыға жығылған қыздың тіс, шаш және жыныс ағзаларына операция жасауға тура келген.

Қыздың ер адамдардан қорқып қалғаны соншалық олардың жанында басын көтеруге, көзіне тік қарауға батпаған.

Ұзақ ем-домнан кейін қыз қалпына келді. Тісі салынды, шашы қалпына келтірілді, психологиялық көмек көрсетілді. Ол күш жинағаннан кейін туған жеріне, отбасына қайтты. Мемлекеттік емес LAWA ұйымының қызметкері Йенни Аудэның айтуынша оны алғаш көргенді бейнесі мен емдік шаралардан кейінгі кейпі аспан мен көктей екенін айтады.

Қамшыгер: Әсем Әлмұханбет

Assem Almuhanbet

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір