• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

26 Сәуір, 12:15:32
Алматы
+35°

06 Қараша, 2017 Әлеумет

Саусақ айқастыру шайтаннан: Қазақ ырымының негізі пайғамбардың хадисінде...

Мұхаммед пайғамбардың хадистерін терең зерттеген сайын қазақ халқының Аллаһ елшісінің сүннетіне қаншалықты берік болғандығының куәсі болудамыз.

Мұхаммед пайғамбардың (Аллаһтың оған сәлемі мен салауаты болсын!) хадистерін терең зерттеген сайын қазақ халқының Аллаһ елшісінің (Аллаһтың оған сәлемі мен салауаты болсын!) сүннетіне қаншалықты берік болғандығының куәсі болудамыз. Қазақ халқының көптеген ырымдарының астарында Мұхаммед пайғамбардың (Аллаһтың оған сәлемі мен салауаты болсын!) сүннеті жатқандығы туралы айтылып та, жазылып та жүр. Бүгін хадис пен қазақ танымының үндестігіне дәлел болатын тағы бір тәлімді сіздерге жеткізу ниетіндеміз.

Қазақ халқының саусақтарды айқастыруға тыйым салатын ырымы бар. Аталарымыз бен әжелеріміз бізге "саусақтарды айқастыру жаман болады, олай жасама" деп айтып жататын. Алайда олардың ол тыйымдарының астарын түсіне бермеуші едік. Сөйтсек, оның астарында Мұхаммед пайғамбардың (Аллаһтың оған сәлемі мен салауаты болсын!) имам әт-Тирмизи Кағб ибн Ужрадан (Аллаһ оған разы болсын) риуаят еткен және имам Ахмадтың Әбу Сағидтан риуаят еткен төмендегі хадисі жатыр екен. Имам әт-Тирмизидің "Сунән әт-Тирмизи" атты хадистер жинағының "Намаз" тарауында 172 баптың астында келген 386 нөмірлі хадисінде осы тыйым қамтылған. Онда

عَنْ كَعْبِ بْنِ عُجْرَةَ، أَنَّ رَسُولَ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ قَالَ: "إِذَا تَوَضَّأَ أَحَدُكُمْ فَأَحْسَنَ وُضُوءَهُ ثُمَّ خَرَجَ عَامِدًا إِلَى الْمَسْجِدِ فَلَا يُشَبِّكَنَّ بَيْنَ أَصَابِعِهِ فَإِنَّهُ فِي صَلَاةٍ".

Кағб ибн Ужрадан (Аллаһ оған разы болсын), Аллаһ елшісі (Аллаһтың оған салауаты мен сәлемі болсын): "Егер біреулерің дәретін жақсылап алса, сосын мешітке баруды ниет етіп шықса, саусақтарын айқастырмасын. Өйткені ол намазда", – деген.

Бұл хадисте мешітке баруға ниет етіп, үйде жақсылап дәрет алып мешітке қарай беттеген мезеттен бастап, ол адамға мешіттің, намаздың әдептері жүретіндігі айтылған. Ал саусақтарды айқастыру мешіт пен намаз әдебіне қайшы тірлік. Сондықтан мешітке баруды ниет еткен адамның саусақтарын айқастырмағаны жақсы.

Имам Ахмад Әбу Сағидтан (Аллаһ оған разы болсын) риуаят еткен хадисте Аллаһ елшісі (Аллаһтың оған салауаты мен сәлемі болсын): "Егер біреулерің намаз оқитын жерінде болса, саусақтарын айқастырмасын. Өйткені ол (яғни саусақтарды айқастыру) шайтаннан. Сендердің біреулерің мешіттен шыққанша, намазда деп есептеледі", – деген.

Бұл хадисте мешіттің ішінде саусақтарды айқастыруға тыйым салынғаны айтылуда. Осы хадистің имам Ибн Әбу Шайба келтірген риуаятында Мұхаммед пайғамбар () мешітте бір кісінің саусақтарын айқастырып отырғандығын көріп, оны бұл істен қайтарғандығы жеткізілген.

Яғни мешітке баруды ниет етіп, үйден шыққан адамға үйіне қайта оралғанша саусақтарын айқастырмау ислами әдепке жатады. Өйткені бұл кезде саусақтарды айқастыруға Мұхаммед пайғамбар (Аллаһтың оған салауаты мен сәлемі болсын) тыйым салған. Бірақ Аллаһ елшісі (Аллаһтың оған салауаты мен сәлемі болсын) "Мүмін мүмінменен салынған құрылыс секілді..." деп саусақтарын айқастырып, олардың өзара тату, ынтымақта өмір сүрулері қажеттігін баяндаған. Осы секілді жағдайларда ғана саусақтарды айқастыруға рұқсат етіледі.

Мұхаммед пайғамбардың (Аллаһтың оған сәлемі мен салауаты болсын!) мешітке баруды ниет еткен адамға және мешіттің ішіндегі адамға саусақтарын айқастыруға қатысты тыйымын қазақ халқы өздерінің өмірілік тыйымдарына айналдырып алған. Бұл тыйымды тек қана мешіт пен намазға байланыстырмай, жалпы құптарлық іс есем деп түсініп, оны жасамауды ырымға айналдырып алған. Саусақтарды айқастыруды тек қажет жағдайда ғана орындайтын болған.

Р.С. Мухитдинов

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің доценті

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір