• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

18 Сәуір, 09:59:07
Алматы
+35°

07 Сәуір, 2018 Әлеумет

Сәуірдің салқыны

Әр өңірге қажетті полк және батальондар қайта құрылып, әскери бөлімдердің орындары ауыстырылды

Тәуелсіздік алған алғашқы жылдардан бастап елдің қоғамдық қауіпсіздігі мен ішкі тәртібін күзету, түзеу мекемелері мен аса маңызды нысандарды қорғау мақсаты мемлекетіміздің алдындағы маңызды мақсаттардың бірі болып тұрды. Әр өңірге қажетті полк және батальондар қайта құрылып, әскери бөлімдердің орындары ауыстырылды. Сондай-ақ, халықаралық келісімге сәйкес Ішкі әскердің әскери қызметшілері 1993 жылдың маусымынан 1999 жылдың тамызына дейін тәжік-ауған шегарасын күзетуге қатысты. Осы жылдардың ішінде 20 құрама рота құрылып, 2 мыңнан астам сарбаз бен офицер жауынгерлік тапсырманы орындады.

Сәуірдің салқыны

1995 жылғы 7 сәуір күні Пшихавр шатқалында жүк күзетіп келе жатқан қазақстандық көліктер легіне Ауғанстан жағынан моджахедтер шабуыл жасады. Қарсыластың күші басым болған ұрыс кезінде Ішкі әскердің (қазіргі Ұлттық ұлан) 17 жауынгері ерлікпен қаза тауып, 33 әскери қызметші әр түрлі деңгейде жарақат алды.

Сәуірдің салқыны

...1993 жылдың қараша айында Аягөзден әскерге шақырылдым. Сержанттар мектебінде оқыдым. 1995 жылы Тәжікстанға қаңтар айында кетуіміз керек болған, бірақ аз кешігіп, наурыз айында бардық. Бір айдай заставада болдық. Біздің Ішкі әскердің 7-құрама ротасы шегарада сол жылдың маусым айына дейін жауынгерлік міндетін атқарды. Ротаның қолбасшылығына келсек, рота командирі капитан Е.Алданазаров, рота командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары лейтенант Б.Омаров, рота командирінің орынбасары лейтенант Н.Байбосынов, 1 взвод командирі лейтенант А.Жайлыбеков, 2 взвод командирі лейтенант И.Дьяченко, 3 взвод командирі лейтенант Қ.Сәтбаевтар еді.

Сәуірдің салқыны

7 сәуір күні... Рота Пендж өзенінің бойымен Пшихавр шатқалы арқылы жүкті күзетіп келе жатқанда, сап түзеген лекке Ауғанстан жағынан моджахедтер шабуыл жасады. Олар бізді таудың басынан айналдыра қоршап алыпты. Командир дереу «К бою!» деген пәрмен берді. Мен өзім 3 взводта едім. Взвод командирі лейтенант Қайрат Сәтбаев бізге оқ атылып жатқан бағытты нұсқап, қарсы оқ атуымызды бұйырды. Оқ таудың басынан қарша борап жатыр. Біз сайдамыз. Ұрыс басталып кетті. Ең алдымен көліктер легінің алдындағы және артындағы БТР-лерді жарып жіберді. Машиналар ары-бері қозғала алмай қалды. Біз машинаның тасасынан атып жатырмыз. Ұрыс біраз уақытқа созылды. Бір уақытта біз тасалап отырған машинаның қасына граната келіп жарылды. Менің пулеметтен оқ атып, енді отыра бергенім сол еді. Жарылған гранатаның жарықшақтары оң жақ қол-аяғыма тиіп, өзім есімнен танып қалыппын. Қасымда қатардағы Өгізбаев Әлихан, Исабаев Ербол, Едырышов Қанат, Байғабылов Еркіндер бірге ұрыс салып жатқанбыз. Осы гранатаның қуатымен олар бірталай жерге ұшып кеткен... Осылай қасымдағы төрт қарулас досымның ажалы жарылған бір гранатадан болды. Олар соңына дейін аянбай соғысты, ерлікпен қаза тапты.

Сәуірдің салқыны

Біз тасалап отырған машина өртене бастады. Машинаның жарылуы мүмкін. Есімді жисам, командир келесі машинаға қарай өтіңдер деп пәрмен беріп жатыр. Келесі машинаға дейін 10 метрдей жер, атылған оқ бас көтертпейді, сонымен әупірімдеп, біраз жауынгер бар, взвод командирі лейтенант Қ.Сәтбаев бар келесі машинаның тасасына өттік. Осы кезде лейтенант Қ.Сәтбаевтың аяғына оқ тиіп жараланды. Аз өтті ме, көп өтті ме, уақытты ажырататын шамада болмадық. Бір есімді жинағанда, бізді палаткаларға әкеле жатты. Көмекке қосымша күш келген...

Бұл оқиғадан кейін ұзақ емделіп жаттық. Ұйықтай алмай жүрдік көпке дейін. Түсімізге еніп жүрді. Душанбеде ауруханада жатқанымызда Тәжікстанның Президенті Эмомали Рахмонов өз қолымен бәрімізге І дәрежелі «Әскердегі үздік қызметі үшін» медалін табыс етті.

Кейіннен елге оралдық. Алматыда да госпитальде ұзақ жатып емделдік. Елбасының атынан «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен марапатталдық.

Сәуірдің салқыны

Қазіргі уақытта 7 рота жауынгерлері бір-бірімізбен байланыс жасап тұрамыз. «Ер Отан» әскери-патриоттық клубы» қоғамдық бірлестігіміз бар. Жетекшісі – полковник Алданазаров Ерлан Жарылқасынұлы. Қаза болған жауынгерлерді еске алу шараларын ұйымдастырамыз. Олардың атында өз ауылдарында көшелер бар, мектептерге жауынгерлердің аты берілген. Биыл 7 сәуір күні ерлікпен қаза тапқан Өгізбаев Әлиханға өзінің туған жері Шығыс Қазақстан облысындағы Мақаншы ауылында ескерткіш-тақта ашылып, бір көшеге аты берілгелі жатыр. Біраз қарулас жолдастар сол жерге жиналмақ. Ерлікпен қаза тапқан 17 сарбазға арнап ас беріліп, құран бағыштау ниетіндеміз.

Жауынгердің естелігін жазып алған
Данара Тәңірбергенқызы

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір