• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

23 Сәуір, 19:30:55
+35°

25 Қыркүйек, 2018 Экономика

Қайрат Алтынбековтің айтуынша, болашақ үй иелері пәтер салушы компаниялармен еркін саудаласа алады. Сонымен қоса, үйді алушы адам ипотеканы 25 жылға алуға міндетті емес екен.

«Баспана» ипотекалық басқарма ұйымының төрағасы Қайрат Алтынбеков «7-20-25» бағдарламасы бойынша үй алуға ниетті адамдарға ақыл-кеңесін айтты, деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі. Компания басшысының сөзіне қарағанда, «Баспана» компаниясы  осы уақытқа дейінгі жұмысы барысында «7-20-25» бағдарламасы бойынша қазақстандықтарды алаңдатқан сұрақтар мен мәселелерді тізіп шықты.

«Ең қиыны және маңыздысы – шешім қабылдау. Егер дистанцияның жартысына жетіп қойған болсаңыз, шегінудің қажеті қанша? Тек алға қадам басыңыз. Пәтер іздеп табыңыз, құрылыс компанияларымен сатып алу-сату жөнінде келіссөздер жүргізіңіз, банкке қажетті құжаттарды толық жинауға тырысыңыз. Ең бастысы күтуден қорықпаңыз. Банк шешімі, үйдің аяқталмаған құрылысы, пәтер кілтін алмағаныңыз – түк емес. Біраз уақыт өткен соң қолыңызға кілт алып, өзіңіздің жеке пәтеріңізге кіргенде – уақыт деген түк болмай қалады. Бұл – күтуге тұрарлық дүние», - деп мәлімдеді Қайрат Алтынбеков.

Сонымен қоса, Алтынбеков болашақ үй иелерінен ипотекалық қарыздарға да баса назар аударуын талап етті.

«Қарыз туралы келісімге қол қоймас бұрын, ай сайынғы төлемді төлеу аласыз ба, жақсылап ойланып алыңыз. Бағдарламаға қатысу үшін жеткілікті кірістің болғаны тиімді. Өздеріңіз де байқаған боларсыздар, банктер арыз берушілердің қатаң бақылайды. Себебі «7-20-25» бағдарламасының қаржылық жауапкершілігі мемлекетке емес, банктерге жүктелген. Банктер бағдарламаларға «несие бойынша мәселелерді өзіміз шешеміз» деген шартпен атсалысты. Сол себепті, кез келген қиындыққа солар жауап береді», - деді компания төрағасы.

Оның үстіне, «7-20-25» бағдарламасының ережесіне сай, жеке кәсіпкерлер де қатыса алады. Алайда, банк тарапынан қаржылық жағдайы қатаң тексеріледі. Егер жеке кәсіпкердің табысы жоғары әрі жұмысы тұрақты болған жағдайда ғана несие беріледі. Тағы бір айта кетерлігі, бағдарламаға қатысушы банктердің бәрі дерлік жеке кәсіпкерлерге несие бере бермейді.

«7-20-25» бағдарламасына қатысу үшін БАҚ-тағы, әлеуметтік желідегі бар ақпаратпен жіті танысып шыққан жөн.

«7-20-25» бағдарламасы тұрғындар арасында, БАҚ пен әлеуметтік желі арасында аса танымалдылыққа ие әрі бәрін қызықтырып тұрған тақырып. Ол жайлы жиі айтады, мақтайды, сынайды, талқыға салады. Әйтеуір, бәрінің аузында «7-20-25» бағдарламасы. Әлбетте, мұндайда нарықтың да әсері жылдам. «7-20-25» бағдарламасы аясында тұрғын үй кооперативтері, құрылыс компаниялары, шағын қаржылық мекемелер, тіпті жеке тұлғалар өз мүдделерін алға тартуда. Әрдайым ақпаратты жіті тексеріп алыңыз. Бағдарлама бойынша ипотека бермейтіндер: құрылыс компаниялары, шағын қаржылық ұйымдар, тұрғын үй кооперативтері, жеке тұлғалар. Тек банк-серіктестері береді. Сіз артық төлем жасамауыңыз керек», - деді Алтынбеков.

Қайрат Алтынбековтің сөзінше, сатып алушы адам үй салушы компаниялармен саудаласудан қысылмау керек. Еркін саудаласқан жөн.

«Банктер несиелеу уақытында әдетте тәуелсіз бағалаушы ұсынған бағаға бағдар жасайды. Мәселен, егер үй салушы компания пәтерді 15 миллион, ал бағалаушы 12 миллион десе, банктер  9,6 миллион теңгеге несиелеуге дайын. Сонда 2,4 миллион – сіздің алғашқы төлеміңіз болмақ. Яғни 12 миллион теңгенің 20 пайызы. Ал қалған 3 миллион теңгені қайтеміз? Ондай жағдайда құрылыс компаниясымен саудаласу керек немесе басқа пәтер іздеңіз», - деді ол.

Ұйым басшысы бұдан бөлек сатып алушылардың ипотеканы 25 жылға алуғы міндетті емес екенін айтты.

«Азаматтардың көбі «7-20-25» бағдарламасындағы ипотекалық несиені тек 25 жылға береді деп  ойлайды. Бұлай ойлау – қате. 25 жыл – несиенің ақырғы мерзімі. Алайда ең қысқа мерзімі де. Сіз ипотеканы 1 жыл немесе 5, 10 жылға дейін алуыңызға болады. Мерзімді өзіңіз белгілейсіз. Бөліп төлеу, бәрін бірақ төлеу жағы да сіздің қалауыңыз. Мұндайда айыппұл санкциялары да, артық төлемдер де жоқ», - деді Қайрат Алтынбеков.

Айта кетейік, банктер биыл шілде айынан бастап «7-20-25» бағдарламасы бойынша ипотекалық несие беруді бастап кетті. Ал жеңілдетілген ипотеканы кімдер ала алады? Бұл сауалға ҚР Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев жауап берді. Айтуынша, ипотекалық бағдарламаға тұрақты жұмыс бар кез келген адам қатыса алады. Алайда ол азаматтың атында баспана болмауы тиіс. Және несие тарихы да дұрыс болуы керек. Бұдан бұрын Елбасы «7-20-25» бағдарламасын жүзеге асыру үшін Ұлттық банк пен Үкімет бірлесіп жұмыс істеу керек.

 «Ұлттық банктің, екінші деңгейлі банктер мен қор нарығының мүмкіндіктерін іске қосу керек. Ұлттық банк кемінде 1 триллион теңге қаржыны тартатын арнайы компания құрып, оны банктердің жоғарыда айтылған шарттарына жауап беретін жаңа ипотекалық несиелерін сатып алуға жұмсауы қажет. Бағдарламаны жүзеге асыру нәтижесінде миллион қазақстандық баспана алу мүмкіндігіне ие болады», – деген еді Нұрсұлтан Назарбаев.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір