• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 10:12:02
Алматы
+35°

03 Сәуір, 2019 Тарих

Сәтбаевтың сара жолы немесе ғалымның көзін көрген ақынның естелігі

Мәскеулік орталықтың ықпалымен оған көшелер мен мектептердің, ғылыми институттың, комбинаттың аттары берілді.

2019 ж. 12 сәуір - академик Қ.И. Сәтбаевтың туғанына 120 жыл

            Үстіміздегі жылдың 12-сәуірінде ғұлама ғалым, Қазақ елі Ғылым Академиясының тұңғыш  Президенті, академик Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың туғанына 120 жыл толады. Бала кезімде мен ол кісінің көзін көріп едім....

            Әке-шешем негізінен Қарқаралы өңірінен еді, ол Баянаула жерімен шектесетін де сол өңірдің қазақтарымен жиі араласатын, ал Қаныш аға Баяннан ғой. Әкей (Ошақбай,1893 жылы туған) жастық шағында Қарқаралыдан Семейге кіре тартады екен де, сол шаһарда албырт Қанышпен, Мұхаңмен (Әуезов) танысыпты. Содан аумалы-төкпелі заман, байларды тәркілеу, күштеп ұжымдастыру, ашаршылық, қуғын-сүргін, сөйтіп әке-шешем Жетісу жерінен бір-ақ шығады, бірақ та балғын кезінде танысқан  Қанекеңмен байланысын үзбейді, бір дәнекері тұңғыш фармацевт, алашшыл абзал азамат, Баянның тумасы Сәлкен Сұбханбердин болған. Сондай-ақ туған ағам Жамбыл әдебиет корифейі Әбділда Тәжібаевпен бажа еді, ал ол отызыншы жылдарғы Қарсақпайдан бері білетін Қаныш ағаны біздің үйге ертіп келген, олардың алма бағымызда шүйіркелескені есімде. Есімде тағы бір қалғаны - Баянауылдан келген қазақтарды әкей Алматыға, Қанекеңе алып барып жүретін. Сонда ғұлама ғалымдығымен қоса адамгершілігі зор, мәрттік-жомарттығы мол Қаныш аға елден келгендерге сол тұстағы ұзын ірі ақша асссигнациясын кабинетіндегі үстел суырмасынан алып уыстап ұсынады екен. 

            Иә, ол бір кезең компартия билеген заман еді ғой. Елді көбінесе орекеңдер басқарды, бірақ та халқымыз Қанекеңді аса зор құрмет тұтып, ол кісіге ақылманындай қарайтын. Сонда Академия Президентінің лауазымы елдің көш бастар серкесіндей дәреже еді. Қанекеңнен кейін бұл орынның берекесі кетті. Әрине, одан соңғы Шапық Шөкин мен Шаһмардан Есенов та лайықты азаматтар, ең лайықтысы әрі жан-жақты тұлғалы ғалым әрі жазушы-аудармашы Ебіней Бөкетов еді, алайда Қаныш Сәтбаевтың орны ерекше бөлек-тұғын, оны жылдар жылжи өте таудың алыстан зорая көрінетіні секілді мойындайтынымыз хақ. Бір қызығы, Қанағаң қайтыс болған соң Шапық Шөкин президент болады ғой. Ол жыл сайын жазда су электр станцияларына экспедицияға шығатын. Жазғытұры бір елді мекенге келгенде жан-жақтан аттылы-жаяулы, біреулер мәшинелерімен келіп жатыр, келіп жатыр дейді, қара құрым халық. Шәкеңдер бұлар неге   жиналды деп таң қалады. Сөйтсе ел Қаныштың орнына келген адам қандай екенін көруге, әңгімесін тыңдауға келген екен. Міне, Қанекеңнің халық арасындағы даңқы мен беделі қандай болғанын осыдан да бажайлап білуге болады.

            Қаныш аға Қазақстанның кендік-минералогиялық картасына бүткіл Менделев жүйесінің химиялық элементтері сыйып кететін кендер мен қазба байлықтарды бес саусақтай білді, зерттеді, халықтың кәдесіне жаратты. Бір Қарсақпайдың, үлкен Жезқазғанның, бір Балқаш мыс зауытының өзі не тұрады. Жер жаһандық соғыста он оқтың тоғызын қазақ жері берді емес пе. Ал, Маңғыстауды барлай зерттегенде табылған мұнай мен газ қорлары ше. Осы еңбегі үшін Славский деген академик Қанекеңді Социалистік еңбек ері атағына ұсынады, бірақ та сол тұстағы Қазақстан Үкіметі қолдамайды. Жалғыз өзі Қазақстанның металлогениялық картасын жасап, сол үшін ол тұстағы аса биік дәрежелі Лениндік сыйлыққа иеленгені ше. Иә, айтылып таусылмайды ғұламаның ғұмыры мен еңбегі...

            Ғұлама 65 жас ғұмыр кешті, артына ұлан-ғайыр мол мұра қалдырды, Мәскеулік орталықтың ықпалымен оған көшелер мен мектептердің, ғылыми институттың, комбинаттың аттары берілді. Алайда...Оның 70, 80 жылдық мерейтойлары аталмай қалды деуге болады.  Мәселен, 1979 жылы 80 жылдығына орай бір айтулы журналға басылуға арналған материалды жоғарыдағы көкелеріміз нөмірге салдыртпай тастапты, мерейтой жиылысы Лермонтов атындағы орыс театрында жетім қыздың тойындай өтті.

            Ал, 1989 жылы  ұлы оқымыстының  90 жылдығы кеңінен аталып өткізілді. Мерейтойдың қарсаңында Қанекеңнің есімімен ғарыштағы бір планета (ғаламшар, №2402), Алатау шыңдарындағы бір мұздақ аталды.  Біз сол тұста «Білім және Еңбек» («Зерде») журналының тұтастай сәуіргі нөмірін ғұламаға арнадық. Біраз материалдар Ақаңның (Сейдімбек) кезінде жиналыпты, ары қарай бас редактор Есенғали Раушанов журналды ойдағыдай қорыта білді. Атжалман журналистер Жұмабек Кенжалин, Марат Тоқашбаев, Әшірбек Аманкелдиев,  Бейбіт Сапаралин, Қайырғали Медетов атсалысты, Сейсенхан Махамбетов мұқабасын Сәтбаевтың әр жастағы суреттерін Менделеев кестесіне жайғастыра әдемі әрледі. Ал, сәуір айының 12-жұлдызында Республика  сарайында академиктің 90 жылдық мерейтойы салтанатты түрде атап өтілді. Алдында Үкімет қаулысымен Жезқазғанның жанындағы   Никольск қаласына Сәтбаевтың есімі берілуі керек болатын, алайда  12-сәуірге дейін компартия басшысы Колбин қимады ғой деймін, атау туралы айтылмады, бірақ та ғұламаны түбіне дейін зерттеп бірнеше кітап жазған жазушы Медеу Сәрсекеге   сөз берілгенде, ол үлкен мінберден Қанекеңнің Павлодар облысының тумасы екендігін, орасан зор еңбектерін бағалау керектігін тілге тиек ете келе, данышпан ғалымға Павлодар шаһарының атын беру керек деді. Осыдан кейін бір апта болмай жатып, Колбин шошып кеткен болуы керек, Никольск қаласы Сәтбаев болып өзгертілгені туралы жарлық шықты. Медеу ағаның бұдан бұрынғы бір ерлігі - ол 80-ші жылдары Мәскеу қаласында «Тамаша адамдар өмірі» сериясымен Қаныш Сәтбаев туралы кітапты бастырып жіберіп, сөйтіп Айды аспанға бір-ақ шығарған ғой.  Сонда әділдіктің жақтаушысы, өзі де қудаланған Ебіней Бөкетов айызы бір қанып, «Ай да Медеу, ай да молодец» (Пушкинше) деген ғой. Соңыра Мекең «Қуғындалған Сәтбаев» атты кітап шығарды. Бұл жерде бір айта кететін нәрсе, басшылардың орасан еңбектері де бар, қателіктері де болды. Оны ашып айтпасақ тарих түгесілмейді. Мәселен, сонау 50-60-шы жылдары жабылған 750 қазақ мектебінің орнын әлі толтыра алмай келеміз. Жауырды жаба тоқығаннан не шығады... Мерейтой сол жылғы жаз күндері Баянаула өңірінде жалғасын тапты. Осы жерге Алматыдан арнайы делегацияны идеология жөніндегі компартия хатшысы, мәдениетіміздің нартұлғасы Өзбекәлі Жәнібеков бастап барды. Салтанат Баянауыл баурайында өткізілді. Оқымыстының балалары Шәмсия, Ханиса, Мейіз апайлар, немерелері, шәкірттері тойдың қонақтары болды. Маған да арнаулы сөз берілді, мен сөзімді аяқтай келе кендір жіппен байланған бір бума журналды (50 шақты нөмір)  тапсырдым. Ғалымның күйеу баласы Оразай Батырбеков журналға көңілі тойып, тамсанып жүрді, тіпті оның айтуынша, он жылдан соң  100 жылдығында да осы журнал нөмірін қайта бастырып шығарыпты. Сол сапарда біз Қанекеңнің отбасымен бірге олардың арғы бабалары, Сәтбай, Шорман әулеті тұқымдарының, Имантай ақсақалдың зираттарына барып құран бағыштадық. Өзағаң да Мәшһүр-Жүсіп Көпеев пен Сұлтанмахмұт Торайғыровтың бейіттеріне барып зиярат етті.

            Данагөй ғалымның 100 жылдық мерейтойы қарсаңында арнайы қор құрылып, оны халқымыздың ақиық ақыны Кәкімбек Салықов басқарды. Ақберен ақынымыз Ғалым Жайлыбай, аудармашы Мырзахан Тынымовтар оқымыстының бірнеше томдық кітаптарын шығаруға атсалысты. Мерейтой биік дәрежеде атап өтілді. Елбасымыздың арқасында ұлттық техникалық университет ғалымның атымен аталып, оқу ордасының алдынан сом ескерткіші ашылды, оның лентасын Нұрекеңнің өзі қиды. Мұндай ескерткіш ғұламаның 110 жылдығына орай Қарағанды мен Жезқазғанда да ашылды.

            Рухың өшпесін әз аға, кемел де кеніш азамат, өзіңнің бейнеңмен, ересен еңбегіңмен   қазағымның көгінде жарқырай бер әрдайым дейміз!                           

                                    Қаныш аға,

                                    Намыс аға сонадан,

                                    Алаш біткен ардақтысы, шоң адам.

                                    Мінберлерде мінсіз  сөйлер мінкен ер,

                                    Сом тұлғасы сомдалыпты қоладан.

 

                                    Қазақ  сол деп көлденең жұрт тамсанар,

                                    Бүткіл дала құстары да ән салар.

                                    Қаныш аға мүсінін-ай мүлтіксіз:

                                    Бойы қандай,

                                    Ойы сондай нарша, нар.

 

                                    Айналған ел бернелі ер-бейнеден,

                                    Теңескен жан ғылымдағы дөйменен.

                                    Астанамыз болсын деп ол Ақмола

                                    Ғылыми зор сессияда сөйлеген.

 

                                    Арғы атасы ардакүрең тегі мей,

                                    Мол білімнің,

                                    Зор ғылымның кені дей.

                                    Қарағанды кен картасын кеңейткен

                                    Шәкірті оның еңсегейлі Ебіней.

                                   

                                    Қаныш-арыс,

                                    Қаныш-намыс қашаннан,

                                    Тұр бейнесі батырдайын қашалған.

                                    Ғазиз аға тірілсе ғой ғайыптан

                                    Көрер еді туған елін жасарған.

 

                                    Көрер еді жаңғырғанын жапанның,

                                    Алапатын асқақтаған  алаштайын атанның.

                                    Таңырқар ма Қаныш аға  деп мен де                                

                                    Терең ойға теңіздейін батам мың.

 

                                    Өзі аңсаған өндіргіш күш өскелең,

                                    Сарыарқада шоғырланған дестемен.

                                    Қарағанды көмірімен, жезімен,

                                    Ал, Алтайда өркен жайған Өскемен.

 

                                    Жастайынан ғылым еді көксеген,

                                    Ерен ойды зеренімен екшеген.

                                    ...Ұлықтаған ұлы адамын ұрпаққа

                                    Бедерінде жаңа ғасыр бек сенем!

 Бақытжан Тобаяқов

ҚР Ұлттық Инженерлік академиясының мүше-корреспонденті,

профессор, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,

ҚР Мәдениет саласының үздігі, Ә.Бөкейханов сыйлығының лауреаты

 

                                  

Gulim Zhaqan

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір