• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Сәуір, 05:46:21
Алматы
+35°

27 Қаңтар, 2018 Әлеумет

Сақ болыңыз! Ұтысыңыз бәле болып жүрмесін

Art Asia туристік компаниясының өкілдері сауда орталықтарында жүріп купон таратады.

Алмас Мелісұлы Art Asia туристік компаниясымен келісімшартқа отырып, шетелде отбасымен демалуды жоспарлаған. Алайда Интернетте Art Asia туралы халықтың жағымсыз пікірі көп болғандықтан аталмыш компанияның қызметінен бас тартқан. Өзара келіспеушілік осыдан басталды...

Art Asia туристік компаниясының өкілдері сауда орталықтарында жүріп купон таратады. Түрлі ұтыс ойындары ойнатылып жатқанын айтып, қағаз толтыртады. Онда міндетті түрде аты-жөніңіз, телефон нөміріңіз көрсетіледі. Бірнеше күннен кейін компания қызметкерлері хабарласып, шетелге жолдама немесе тұрмыстық техника ұтып алғаныңызды мәлімдеп, сізді құттықтайды, Алматыдағы Луганский көшесі 54 В мекен-жайында орналасқан кеңсесіне шақырады.

Алмас Мелісұлы да дәл солай «Мәскеу» сауда орталығында купон алған, қағаз толтырған. Оған да тұрмыстық техникаға ие болғанын хабарлаған. Жұбайымен кеңсеге келгенде тұрмыстық техника емес, Балиге жолдама ұтып алғанын айтқан. Ал егер 300 мың теңге төлесе, қосымша үш қалаға саяхаттай алатынын сүйіншілеп жеткізген.

Чек

Чек

Құжат

Чек

Алмас Мелісұлының айтуынша, оларды кеңседе үш сағат ұстап, кофелерін ұсынып, ыңғайлы жағдай жасаған. Ең қызығы, аталмыш компания кеңсесіне жұбайымен барған Алмас Мелісұлына әйелімен ақылдасуға мұрша бермеген. Үш сағат бойы түрлі әдемі жерлердің суреттерін көрсетіп, көңілдерін аулаған.

– Бұл – адамның ойлануына мұрша бермей, өздерінің пайдасына тез шешім қабылдату үшін жасаған әдістері, – дейді Алмас Мелісұлы.

Art Asia туристік компаниясы тұрмыстық техника мен шетелге жолдама «ұтып алған» барлық адамды дәл осылай қызықтырады. Бұған дейін де компания қызметіне шағым түсіріп, ақшасын қайтаруды талап еткендер көп болған. Тіпті, істі сотқа дейін жеткізгендер бар. Бірақ  компанияның тұтынушымен жасаған келісімшартында заң бойынша ешқандай кінәрат жоқ.

келісім шарт

келісім шарт

Құжат

Құжат

«Muratov company» заңгерлік компаниясының директоры Сергей Степасюктің айтуынша, Алмас Мелісұлы мен Art Asia туристік компаниясы арасындағы келісімшартта шетелде демалу туралы ештеңе жазылмаған. Онда тек саяхаттайтын елдерде қонақ үйде тұру жағы қарастырылған, бірақ оның өзінде мекен-жайы нақтыланбаған.

Заңгер

- Тұтынушы заң бойынша Art Asia туристік компаниясымен келісімшартты бұзуға құқылы. Десе де компания кеткен шығынды есептеп, оның тұтынушы тарапынан өтелуін талап ете алады. Тұтынушы белгілі соманы төлеп, ақшасын қайтаруға құқылы. Сонымен қатар тұтынушы  ақшасын қайтаруды сұрап, компанияға хат жолдай алады. Егер компания тұтынушы шағымына қатысты ешқандай әрекет етпесе, құзырлы органдарға баруы қажет. Алмас Мелісұлының жағдайында ол Астана қаласындағы – төрелік сот. Алайда қылмыстық іс қозғалуы екіталай. Себебі компания барлығын заңды болатындай жасаған. Десе де компанияның әрекетінде қылмыстың құрамы бар-жоғын анықтайтын арнайы органдар бар, – дейді Сергей Степасюк.

Заңгердің сөзінше, Алмас Мелісұлы  компанияға поштамен хат жолдап, 15 күн күтуі қажет. Егер осы уақыт аралығында жауап келмесе, сотқа шағымдануы керек.

Заңгерлермен кеңескен Алмас Мелісұлына сарапшылар компанияның қызмет көрсетуге кеткен шығынды есептеп, өзін қарыз қылып қоюы мүмкін екенін айтқан.

– Біз келісімшартты бұзатынымызды айтып, ақшамызды қайтаруын талап етіп арыз жаздық. Себебі мен үшін отбасымның қауіпсіздігі маңызды. Шетелге кетіп отбасымен далада қалғым келмеді. Сондықтан арыз жаздым. Art Asia туристік компаниясы арызды қабылдап, бес күннің ішінде жауап беретіндерін айтты. Бірақ жауапты 11 күннен кейін бірақ алдық. Онда ақшаны қайтару туралы ештеңе жазылмаған. Art Asia туристік компаниясы Luxurious-Tours LP компаниясына ақшаны аударып жібергендіктен, бізге қайтара алмайтынын жазған. Сонымен қатар мен төлеген 300 мың теңгенің тек 10 пайызы Art Asia компаниясында қалып, өзге бөлігі Luxurious-Tours LP компаниясына жолданғанын мәлімдеді. Атамыш шетелдік компанияға да арыз жаздық. Art Asia қызметкерлері ол арыздың қаралатынын я қаралмайтынын нақты айта алмады. Ал Luxurious-Tours LP өкілдерімен телефон арқылы сөйлесуін сұрағанда бұл өтінішімізден бас тартты. Алматыдағы басшылары орнында жоқ болып шықты және қашан келетіні туралы ақпарат бермей қойды, – дейді Алмас Мелісұлы.

Алмас Мелісұлы 24 қаңтарда «Қамшы» ақпарат агенттігінің тілшісі Жазира Байдалымен Art Asia туристік компаниясының кеңсесіне барған. Компания қызметкерлері Алмас Мелісұлының келісімшартқа қол қойғанын және оның мазмұнымен таныспағанына өзі кінәлі екенін ашық айтқан. Ұтыс ойындары туралы білгісі келген тілшімізге журналистердің компания клиенті бола алмайтынын және ұтыс ойындары аяқталғанына сендіруге тырысқан. Алайда 25 қаңтарда Art Asia туристік компаниясына барғанымызда ұтыс ойындарын «жеңіп алған» адамдар кеңсеге лек-легімен келіп жатты. Барлығы дәл Алмас Мелісұлының оқиғасындай. Сауда орталығында купон алған. Компания қызметкерлері шетелге саяхат, тұрмыстық техника ұтып алғанын айтқан. Солардың бірі – Әйгерім Сартайқызы.

– Купонды «Спутник» сауда орталығында алдым. Қандай елде болғанымды, қай қалада демалғанымды тәптіштеп сұрап алды. Бір күн өткеннен кейін хабарласып түрлі ұтыс ойнатылатынын, сыйлықтардың жалпы бағасы $200 екенін айтты, – дейді Әйгерім.

Қазіргі заманда тегін дүние әрқашан күмән туғызады. Себебі тегін саяхатқа жіберіп, тұрмыстық техника сыйлаудың артында адамдардан одан да көп ақша өндіріп алу пиғылы тұрады. Бүгінгі қоғам, бүгінгі өмір салты адамдарға сенбеуді, өзің туралы ақпаратты бейтаныс адамның алдында жайып салмауды, тегін дүниеге алданбауды, тіпті бейтаныс адамның қолынан шай ішпеу керегін әркез дәлелдей түседі. Адам ақшаны емес, ақша адамды билейтін заманға тап болдық. Кейбіреулер жағдайын жасап, қалтасын қампайту үшін түрлі пасық әрекетке барады. Мұндайлардың құрығына түспеудің ең жақсы амалы – сауаттылықты арттыру және байқампаз болу. Әйтсе де ет пен сүйектен жаралған адам болғандықтан кейде кісілік қасиеттің барына сенгіміз келеді де тұрады.

Assem Almuhanbet

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір