• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

23 Сәуір, 19:02:19
Алматы
+35°

27 Қараша, 2018 Аймақтар

Сананың жаңғыруы тарихымызды тану арқылы жүзеге асады

Бұл мақаланың да құрылымдық жағынан ғылыми бағдары зор, ол да кіріспе, негізгі бөлім және қорытындыдан тұрады

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ:

«Рухани жаңғыру» жалпыұлттық бағдарламасының жаңа компоненттері ата-бабаларымыздың көп ғасырлық мұрасының цифрлық өркениет жағдайында түсінікті әрі сұранысқа ие болуын қамтамасыз ете отырып, оны жаңғыртуға мүмкіндік береді. Төл тарихын білетін, бағалайтын және мақтан ететін халықтың болашағы зор болады деп сенемін. Өткенін мақтан тұтып, бүгінін нақты бағалай білу және болашаққа оң көзқарас таныту – еліміздің табысты болуының кепілі дегеніміз осы».

(«Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласынан).

Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты еңбегі елімізде жалпыхалықтық сипат алған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаланың заңды жалғасы болуымен де құнды. Бұл мақаланың да құрылымдық жағынан ғылыми бағдары зор, ол да кіріспе, негізгі бөлім және қорытындыдан тұрады.

Қазақтың көрнекті жазушысы Ілияс Есенберлиннің «Ағаш неғұрлым биіктеп өскен сайын, тамыры да соғұрлым тереңдей түседі, адам да сондай» деген тұжырымы бар. Еліміздің тәуелсіздік алғаннан бергі 27 жыл ішіндегі қарыштап дамуы, әлемге танымал болуы ғасырлар тереңіндегі өз тарихымызды да танып-білуге, зерттеуге итермелеп отыр. Осыдан үш жыл бұрын, 2015 жылы ұлттық мемлекетіміздің құрылғанының 550 жылдығын атап өтіп, кейбіреулердің ойында тарихымыздың түбі жарты-ақ мың жыл ма деген сауалдар қалғаны белгілі. Енді міне, бұл мақала тарихымызды бес мың жылға дейін тереңдетіп, ондағы небір керемет мәселелерді зерттеуге бағыт сілтеп отыр.

«Ұлы даланың жеті қыры» деген мақала атауы «Әлемнің жеті кере-меті» деген сөз тіркесімен байланысып түр. «Әлемнің жеті кереметі» – ерте замандардағы адамзат тарихында ерекше орын алатын жеті керемет, ғажайып дүние. Сол сияқты, «Ұлы даланың жеті қыры» – қазіргі қазақ халқының ата-бабаларының Қазақстан аумағында, яғни Ұлы Дала тұрғындарының ерте замандарда әлемдік өркениетке қосқан жеті кереметін, ғажайып дүниесін көрсетіп отыр. Мемлекет басшысы олардың бәрін рет-ретімен айтып берді.

Елбасы мақаласындағы Ұлы Дала тұрғындарының әлемдік өркениетке қосқан алғашқы жаңалығына – «атқа міну мәдениеті» жатады. Уақыт жағынан алғанда, бұл жаңалық осыдан бес мың жыл бұрын, біздің жыл санауымызға дейінгі XXX–XXVІІІ ғасырлардағы мыстас кезеңінде, кеңістік жағынан алғанда Қазақ Елі аумағында жүзеге асқан. Солтүстік Қазақстандағы Ботай мәдениеті осының дәлелі және ол бүкіл әлемде мойындалған тұжырым. Осы жерде пайда болған жаңалық уақыт өте келе дүниенің төрт жағына тарайды.

«Атқа міну мәдениеті» көптеген жаңалықтарды өзімен бірге ала келді. Салт атты адамның киімі де өзгеріске түсіп, мақалада жазылғандай, сырт киім – астыңғы және үстіңгі киім болып жіктеледі, қазіргі шалбардың киізден, теріден жасалған негіздері, етік, ер-тұрман мен ат әбзелдері, ат үстінде садақ тарту, найзаласу, осылардың бәрі осы мәдениетті құрайды. Бұл жаңалықтар өз заманында зор табыстарға қол жеткізіп, мәдениетті алғаш рет қалыптастырушы тұрғындарды әлемдік дамудың алдыңғы қатарына шығарады. От қару кең қолданысқа ие болғанға дейін дүниежүзілік тарихтың даму бағытын айқындаған «атқа міну мәдениетін» жасаушылар болды. Бұл дегеніміз – қазақ халқының арғы ата-бабалары дегенді білдіреді. Ғылыми жағынан дәлелденген осындай тарихи білімнің көздері біздің азамат-тарымызды, жас ұрпағымызды қанаттандырып, кеуделерінде мақтаныш сезімдерін туғызады. Тарихи сананың өзі осындай мақтаныш сезімдерден құралатыны белгілі.

Елбасы мақаласындағы екінші маңызды жаңалыққа – еліміз аумағында ежелгі металлургияның жоғары дәрежеде дамығандығы жатады. Қазақстанның шығысындағы Алтайда, Орталық Қазақстанда қола дәуірі мен ерте темір дәуірлерінде Ұлы Даланың тұрғындары металлургияны жақсы меңгере білген. Оның ішінде мыстан, қоладан, күмістен, алтыннан жасалған әр түрлі бұйымдардың еліміз аумағынан көп табылуы осыны дәлелдейді. Қазіргі таңда археологтарымыздың қазба жұмыстары барысында тапқан артефатары музейлерімізде орын алғаны белгілі.

Мақалада Ұлы Даланың адамзат баласының өркениетіне қосқан келесі ірі жаңалықтарына – «аң стиліндегі» өнердің пайда болып дамуы, Есік қорғанынан табылған «Алтын адам» ескерткіші жатса, Ұлы Даланың бүкіл түрік әлемінің Отаны болуы, Ұлы жібек жолының маңызды тармақтарының Ұлы Дала арқылы өтуі, алма мен қызғалдақтың біздің жерден жер жүзіне таралуы, міне осылардың бәрі, Ұлы Даланың кереметтері мен ғажайыптарын нақтылап, айшықтай түседі.

Елбасы мақаласында нақты жүзеге асырылар міндеттер де айтылған. Олардың бәрі тарихи сананы жаңғыртуға бағытталған. Солардың бәрін айтып жатпай бір-екеуіне ғана тоқталайын. «Ұлы Даланың ұлы есімдері» атты жоба туралы, оқу-ағарту энциклопедиялық саябағын құру жөнінде айтылады. Бұл жоба менің өзіме етене жақын деп санаймын. Ұлы Даланың ежелгі және ортағасырлардағы тарихында есімдері дүниежүзілік тарихта, түрік халықтарының тарихында, ислам тарихында, отандық тарихта ерекше орын алатын тарихи тұлғалар өте көп. Олардың бәрін хронологиялық тұрғыда рет-ретімен зерттеу қажет. Бір ғана Мөде шаньюйдың әскери реформалары неге тұрады! Ол енгізген принципті жаңалықтар әлі күнге дейін қолданылып келеді. Әскерді басқаруда «бұйрық талқыланбай, бұлжытпай орындалуы тиіс» деген қағидатты Мөде шаньюйдың өте күрделі жағдайда өмірге енгізуі көп ұзамай өз нәтижесін береді. Осы жаңалықтың арқасында ғұн мемлекеті империя деңгейіне дейін көтеріледі. Мөде шаньюйдың – әлемдік деңгейдегі тұлға екендігін осындай нақты дәлелдермен көрсету керек.

Ежелгі тарихымыздағы сақтар, олардың арғы жағындағы скифтер туралы жазба деректерде мәліметтер баршылық. Скифтер Қара теңіз жаққа кеткенге дейін Ұлы Дала аумағында өмір сүрген. Оларды шамамен біздің жыл санауымызға дейінгі VІІІ ғасырдың ортасында сақтардың массагет атты тайпалары Ұлы Даладан ығыстырып шығарады. Скифтердің атасы – Тарғытай туралы, массагеттер патшайымы – Томирис, сақ жауынгері – Ширак туралы зерттеулер жүргізіп, олардың тарихымыздағы алатын орнын көрсетуіміз керек. Бұл тұлғалар – ежелгі дәуірдегі тұлғаларымыз. Мөдеден басқа ғұндардың қаншама билеушілерінің есімдері, үйсін мемлекетінің де билеушілерінің есімдері жазба деректер арқылы бізге белгілі. Оларды жүйелеп, зерттеп, тарихтағы алатын орны мен рөлін көрсетуіміз керек. Тарихи сананың нығаюы осындай тарихи тұлғаларға деген мақтаныш сезімдер арқылы жүзеге асады.

Ерте орта ғасырлардағы түрік кезеңінде, орта ғасырдың дамыған кезеңінде Алтын Орда тарихында қаншама танымал тарихи тұлғалар өтті! Кейінгі орта ғасырларда немесе Қазақ хандығы дәуіріндегі тарихи тұлғаларымыздың – атақты хандардың, сұлтандар мен батырлардың, билер мен бектердің, ишандар мен әулиелердің, ақындар мен жыраулардың, яғни осындай тарихи тұлғаларымыздың саны қаншама! Біз оларды әлі күнге дейін толықтай танып біле қойған жоқпыз. Елбасы мақаласындағы тапсырма тарихшылардың ізденістерін осындай тұлғаларды тануға, олардың тарихтағы рөлі мен орнын анықтауға бағыттайды. Осылайша тарихи сананың жаңғыруы тарихымызды тану арқылы жүзеге асатын үдеріс екеніне көзімізді жеткіземіз.

Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында көтерілген тарихи мәселелердің бәрі Қазақстанның ежелгі және ортағасырлардағы кезеңдерін қамтиды. Елбасы мақаласындағы тапсырмалар біріншіден, осы кезеңдермен айналысатын тарихшы – мамандар үшін абыройлы іс болса, екіншіден, жауапты міндеттер қатарына жатады. Дегенмен де, еліміздің тарихшы мамандары мұндай жауапты істі абыроймен орындай алатынына сенемін.

Б.КӘРІБАЕВ, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі,

т.ғ.д., әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

Қазақстан тарихы кафедрасыныңмеңгерушісі.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір