• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

25 Сәуір, 05:32:30
Алматы
+35°

19 Қараша, 2018 Ғылым-білім

Санадағы "көкектер"

Тіл - генетикалық әрі рухани қасиет. Ал оның бойында біз “мәдениет” деп атайтын барлық құндылықтың информациясы жинақталған.

Бірде шымшық пен көкектің арасындағы таңғаларлық оқиғаны суреттеген бейнежазбаны көрдім. Шымшық жоқта, оның ұясына басып кірген көкек, шымшықтың бір жұмыртқасын жеп көреді де, сол информацияға сай келетін өзінің бір жұмыртқасын шымшықтың ұясына тастап кетеді. Ай-күні жетіп алдымен қабыршық жарып, өмірге келген көкектің балапаны, көзін ашар-ашпас әлі де қауашағын жарып ұлгірмеген шымшықтың жұмыртқаларын бірінен соң бірін, өлермендікпен құлатып өлтіріп, ұяда жалғыз өзі қалады. Жем әкелген шымшықтар өзінің нәсілінен өзге, ірі де, сұрықсыз тіршілікке қарап аң-таң күй кешіп аз-кем тұрады да мейірімділігі барлық күмән мен жатырқауды жеңіп оны тамақтандыра бастайды. Көкектің баласы үлкейіп өзі жем тауып жеуге жараса да, сол масылдылығына басып, жата береді. Ал ата-ана екі шымшық оның тәбеті артқан сайын, онан бетер шаршап, оған қызмет ете береді. Бұдан нені түйуге болады? Менің пайымымда: Ұя- біздің ақыл ойымыз бен санамыз мекендеген миымыз. Ал, шымшық та, көкекте олар - мәдениеттер. Мәдениет дегеніміз ауқымды ұғым, ол - тіл, дін, діл және ұлттық салт пен өнер. Ал жұмыртқа жарып шығатын балапандар ше? Міне нағыз маңызды дүние. Олар - тілдер. Қай тіл санада орныға бастаса, соған сай мәдениет “мекендей” бастайды. Сондықтан қазақтар “Баланың тілі шықты” -дейді. “Тіл қалыптасты немесе тілі пайда болды”-демеген. Демек, тіл - генетикалық әрі рухани қасиет. Ал оның бойында біз “мәдениет”-деп атайтын барлық құндылықтың информациясы жинақталған.

“Бір қазанға екі қошқардың басы сыймайды”-дегендей, бір баста екі түрлі тіл мен екі басқа мәдениет тең дәрежеде жасамайды. Сөз жоқ, біреуі басшы, екіншісі бағыныңқы орында тұрады. Егер, әлгі оқиғадағы жағдайды былайша елестетейік, шымшық балапандары көкек балапанынан бұрын немесе бір уақытта көзін ашып, тірілсе қайтер еді? Онда, бір ұядағы үш шымшық пен бір көкек балапаны арасында “кескілескен” күрес болар еді. Ал біз өз ұясында шымшық балапандарының қалғанын тілейміз ғой. Дана Абайдың:

-Біріңді қазақ бірің дос,

Көрмесең істің бәрі бос -деуі. Тұрар Рысқұловтың: “Түркі тілдес, түгел бол!”-деуі осыдан шығар?

Көзі қарақты оқырман сезіп отырған болар, мемлекет тіл саналатын - ана тіліміздің өз деңгейіндегі мәртебеге жете алмауы, басқа емес, заман өзгергенмен, өзгермеген санамыздан болып отыр. Санамызда Кеңес кезінен қалған ұлтымыздың рухани құндылықтарына жат дүниелер көп. Олар бейне көкек балапанындай санамызда әлі отыр. Олардан арылу әрі өркениетті қоғамға тән құндылықтарды қалыптастыру қазіргі заман талабы. Елбасымыз “Рухани жаңғыру”-атты мақаласында: “Еліміз жаңа тарихи кезеңге аяқ басты....мақсатқа жету үшін біздің санамыз ісімізден озып жүруі, яғни одан бұрын жаңғырып оты­руы тиіс”-деп атап көрсетті. Демек, өткен күннің елесінен тазармайынша, болашақта жарқын дүние жасаймыз деудің өзі басы артық сөз. 

Аға ұрпақ пен жас ұрпақ арасындағы қарама-қарсылықтың бірлігі саналатын заңдылық замандар бойы өмір сүріп келеді. Бірақ жауапкершілік қашанда аға ұрпақтың мойнында. Сондықтан, Кеңестік тәрбиенің “қазанында” мықтап қайнаған көптеген бүгінгі аға буын өздері ана тілін білмегенмен қоймай, балаларын, немерелерін ана тілден алшақ етіп тәрбиелеуде. Олар оны мақсатсыз, тек өздеріне қолайлы болғандықтан істеп отыр деп ойлаймын. Алайда, олар өздерінің жауапсыздығы, жалқаулығы арқылы, бері болғанда, өз ұрпағын, ары айтқанда ұлтымыздың болашағына жауапкерсіздік танытып отыр. Аға ұрпақ не істеуі керек? - Өзгерісті өздерінен бастап, санасындағы “көкектерден” арылуы және сол көкектердің ұрпағының санасына “көшуіне” жол бермеуі қажет. Бұл тұрғыда өз тәжірибемді айтсам: Алғаш әке атанғанымда, балапаныма өзімді “Әке”, шешесін “ана”-деп шақыртып үйреттім. Кейінгі балаларым қамшы салдырмай солай атап кетті. Бірде мынадай қызық оқиға болды. Ол кезде тұңғыш балам 5 жасар еді. Жұмыстан үйге телефон шалған әріптесім:

- Папа бар ма?-депті еркелетіп. Сол күнге дейін “папа” сөзінің мәнін түсінбейтін қызым:

- Папа деген адам жоқ- депті. Сонда тағы бір әріптесім:

- Оның балалары “әке”-деп айтады-деп ескертіпті. Содан әлгі әріптесім: “Әкең үйде ме”-деген екен, қызым: Иә, үйде-деп телефонды маған әкеліп берді. Әріптестерім күліп:

-Қызың бізді әбден ұялтты-дегені әлі есімде. Қазір сол қызым мектепті үздік оқып жатыр. Ана тілінен шығарма, өлең жазып, талай марапаттарға ие болды. Ағылшын, орыс тілдерін де өте жақсы меңгерді. Бастысы, қазақы мәдениет пен дүниетанымы қалыптасты. Бұлар қызымның санасының іргетасындай немесе арманының тереңге тартқан тамырындай өмір бойы серік боларына сенемін. 

Бірде ағылшын данасының құлыптасындағы сөзін оқығаным бар. Онда: “Мен жас күнімде әлемді өзгертем дедім, кейін Англияны өзгертуді армандадым, қартайғанда білдім, адам алдымен өзін өзгерту керек екен, бәрі кеш”-деп жазылыпты. Сондықтан “Ештен, кеш жақсы”-деген дала философиясымен балаларыңыздың, болмағанда, немерелеріңіздің алғашқы тілін “әкем, анашым”, “атам, әжем”- деген қасиетті қазақ тілімен шығарыңыздар. “Он мың шақырымдық алыс жол, алғашқы қадамнан басталатынын” ұмытпаңыздар ағайын.      

 

Қастер Сарқытқан,

Абай атындағы ҚазҰПУ ұстазы

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір