• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

19 Сәуір, 08:12:46
Алматы
+35°

17 Қыркүйек, 2018 Айтты-ей, бауырың!

"Самұрық-Қазына " қоры "GGG promotions" компаниясына қаржы құйса...

«Самұрық-Қазына» қоры спорттық нәтижесі де төмен, имидждік әсері де шамалы жобаларға жұмсап жатқан қаражатының бір бөлігін осыған бағыттаса тек ұтар едік.

Сонымен, Гена жеңілді. Дәл тиген соққысының саны (234:202) бойынша біздің жігіт алда болғанымен, жеңіс Канелоға берілді. Ол түсінікті де. Өйткені, бұл жекпе-жектің нәтижесіне рингтегі жұдырақтасудан бөлек өзге де шешуші факторлар әсер еткені сөзсіз. Олар:

Гена - қаншама мықты болып, жанкүйері көп болса да, АҚШ-та кәсіпқой бокс әлемі үшін бөтен жан;

Канело – кәсіпқой бокстағы ең ықпалды промоутерлік компания Golden boy promotions-тің басты жұлдызы, яғни негізгі табыс көзі;

Кәсіпқой бокстың отаны – АҚШ болса, ондағы негізгі жанкүйер, яғни табыс көзі мексикалықтар екені белгілі. Сол себепті де негізгі бокс кештері мексикалықтардың ұлттық мерекелері – 5-мамырдағы Синко де Майо және 16-қыркүйектегі Мексиканың тәуелсіздік күні мейрамына орай ұйымдастырылады. Өйткені, мол табыс табады. Сол себепті де кәсіпқой бокстағы кез-келген оқиғаны үлкен бизнеспен байланыстырады. Ал бұл саланың жазылмаған өз заңы мен тәртібі бар. Оған сырттан бөтендерді көп жолата бермейді. Тек мықтылардың мықтысы ғана қарсылықтарға қарамастан, кедергілерді бұзып, сол әлемге жол сала алады. Гена - солардың бірі. Ол өзінің таза талантының, еңбекқорлығының арқасында кәсіпқой бокс әлеміне өзін мойындатты. Миллиардтаған доллар қаржы айналып жүрген салада өзінің де «таласы» бар екенін дәлелдеді.

GGG брендін қазір бұл салаға қатысы бардың бәрі біледі. Гена қазір өз талаптарын қоя алады. Кәсіпқой бокс әлемі онымен есептеседі. Бірақ, бұл мәңгілік осылай болып қала береді деген сөз емес. Небір мықты боксшылар жеңіліп, басынан бақ тайған соң тез ұмытылып кетті. Генаға қатысты біз ондайға жол бермеуге тиіспіз. Иә, кешегі «жеңілістен» кейін кейбір керауыздарды есептемегенде қазақстандықтардың барлығы қолдау білдіріп жатыр. «Гена – біз үшін бәрібір чемпион», «Гена – сен үздіксің» деген сөздерді айтпаған отандасымыз кемде-кем шығар. Ертең ол елге оралған соң да жанкүйерлер құшақ жая қарсы алып, төріне шығарып, министр-әкімдер кабинетінде жеке қабылдап, кеудесіне темір-терсегін тағатын шығар. Әрине, бұл спортшы үшін үлкен қолдау болары сөзсіз. Дегенмен, тек моральдық қолдау көрсетумен шектеліп қалатын жағдай емес бұл.

Генаға нақты қолдау керек. Ол спорттық ғұмыры аяқталған соң да кәсіпқой бокс әлеміндегі белді, беделді тұлға болып қалуы тиіс. Оның «GGG promotions» компаниясы қазіргі Оскар де ла Хойяның «Golden boy promotions», Боб Арумның «Тop Rank», Эдди Хирннің «Matchroom sport» компаниялары сияқты кәсіпқой бокс саласының басты ойыншыларының біріне айналғаны дұрыс. Қазір түрлі промоутерлік компаниялардың босағасында жүрген Батыр Жүкембаев, Данияр Елеусінов, Қанат Ислам, Жан Кособуцкий, Иван Дычко сынды өзге де мықты жігіттерді осы «GGG promotions» компаниясына жинап, соларға жағдай жасаса. Шеберліктері ешкімнен кем емес мықты боксшыларымыз сонда құлқынының қамын ғана ойлайтын өзгелерге жем болмай, ертең-ақ әлем чемпионы болар еді. Және болашақта да талай таланаттардың танылуына жол ашылар еді. Бұл жұмыс жүйелі түрде жүргізілсе, әлемдік кәсіпқой бокста біздің жігіттер елеулі күшге айналар еді. Жеңіп тұрған жекпе-жектерінде жығып беріп, тапа-тал түсте тонау болмас еді. Бірақ, оған Генаның бір өзінің шамасы жетпесі анық. Оған ең бастысы қомақты қаржы керек. Біздің ірі кәсіпкерлер мен компаниялар басында қаржылай қолдау көрсетіп жіберсе, аяғынан нық тұрып алған соң өздері-ақ шаруасын дөңгелете берер еді.

«Самұрық-Қазына» қоры спорттық нәтижесі де төмен, имидждік әсері де шамалы жобаларға жұмсап жатқан қаражатының бір бөлігін осыған бағыттаса тек ұтар едік. Өйткені, GGG бренді Қазақстанмен тікелей байланысты. Гена арқылы кәсіпқой бокс әлемі Қазақстанды таныды және мойындады. Атақты промоутерлердің қазақ боксшыларына қызығушылық таныта бастауы да - Головкиннің арқасы. Еліміздің халықаралық имиджін жақсартуда ол қаншама қаржы жұмсалған бағдарламалар мен жобалардан да артық қызмет етті. Ендеше, «GGG promotions» компаниясына ел болып қолдау көрсету Геннадий Головкиннің ерен еңбегіне көрсетілген құрмет қана емес, Қазақстанды спорттық держава ретінде таныта түсуге, әлемдік беделін арттыруға жасалған нақты қадам болмақ.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір