• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

20 Сәуір, 03:16:58
+35°

09 Тамыз, 2018

Салтанат Бақаева жас ақынға неге 50 000 теңгесін қимады?

Менің айтқан қаламақы мөлшері – 50 мың, оның ұсынғаны – 20 мың. Келісе алмадық.

 

Ел ішінде шырқалып жүрген хит әндердің авторы жалынды жас ақын қыз Назерке Семей авторлық құқық пен қаламақы, айналып келгенде адамгершілік тұрғысы жайында өзінің фейсбук парақшасында жазба жариялапты. "Qamshy.kz" ақпарат агенттігі еркін ой-пікір алаңы екендігін ескере отырып, Назеркенің жазбасын қалың оқырман назарына ұсынамыз.

"Осы күнге дейін «Әннің авторлары неге тасада қала береді?», «Неге әншілер осы сазгер-ақын-өңдеуші еңбегін дұрыс бағаламайды?», «Неге оларды тек әншілердің өзі ғана таниды, халық танымайды?» деп талай жазба шығарып, шырылдағанмын. Шыны керек, жазғанымды елеген жан табылмады. Павлодар қаласында тіпті дауысымды рұқсатымсыз пайдаланып жүргендер жайлы естіп, өте қатты күйіндім. Осы мәселе хақында Бибігүл Дәулетбекқызынан «Осындай ұрылармен қалай күресуге болады?» деп көмек сұрағаным рас. Ол кісі бірден жауап беріп, нөміріне хабарласуымды сұрады. Әңгімеміз барысында көзіме жас келді, жүрегім сыздады. 
Әңгімеміз «Әгугай, құрбым» әнінің төңірегінде болған соң, Бибігүл ханым бірден «Салтанат Бақаева осы мәтінді жазғаның үшін қанша қаламақы берді?» деді... Өтірік айта алмадым. Әнді әуеннің авторы Ерхан Алданазаров арқылы жазған болатынбыз. Ән шыққан соң, хит болған соң да, бейнебаяны шыққаннан кейін де Салтанат ханым өзі «Осы әніміз хит болды, қаламақыңды берейін» деп хабарласа ма деп күттім. Себебі менің санамда «қаламақыны сұрамайды, қаламақыны береді» деген баяғы ата-бабаларымыздан қалған түсінік қалыптасқан-ды. Олай ойлауым қате екенін тым кеш түсіндім. Салтанат ханымнан қаламақы сұрамағаным үшін мен кінәлімін бе, әлде ризашылығын білдіріп өзі ұсынбаған ол кінәлі ме – бұл мен үшін сұрақ. Десе де, «Әгугай, құрбым» әнінен кейін Салтанат Бақаевамен Ерхан Алданазаров арқылы тағы бір ән жазатын болдық. Бұл жолы ұзатуға емес, қызды ортаға алып шығуға арналған ән. Қаламақы сұрайтынымды сазгерге бірден ескерттім. Әуенді тыңдап, оған «Әдемі-ай» деп ат қойдым. Ондағы ойым «Әгугай» сөзімен келісті болсын дегенім. Сөзді жаздым. Сазгер де, Салтанат Бақаева да сөзді ұнатты. Сол кезде ғана Салтанат ханым телефон нөміріме хабарласты. Ондағы ойы қаламақы сомасы жайлы келісу. Менің айтқан қаламақы мөлшері – 50 мың, оның ұсынғаны – 20 мың. Келісе алмадық. Ол әнге мәтінді басқа ақынға жаздырды. Мен қарсы болмадым. Бірақ ән шыққан соң ғана «Әдемі-ай» деген аты қалып қойғанын білдім. Автоматты түрде менің жазған мәтінім далада қалды. 4 жылда көп әншімен жұмыс жасадым. Кейде мәтінді ұнатпайды. Еңбек зая кетпесін деп, ол мәтіндерді басқа сазгерлерге жіберіп, ән жазамыз. Ал бұл мәтінмен оны да жасай алмадым. Себебі, қыз ұзатуға арналған, әрі аты «Әдемі-ай» деген тағы бір ән шықса, мен плагиат жасаған болар едім. Қандай жаман, ә? Сол кезде ұнжырғамның қалай түсіп, қалай жылағанымды көрсеңіздер ғой... Себебі мәтінге бірнеше күнімді сарп еттім. «Неге дәл қазір шырылдап отырсың?» дерсіздер. Айтайын. О кезде жас болдым, не бары 21 жаста едім. Солай болу керек екен ғой деп ойладым. Мен бірдеңе десем, «Қойшы, дым танымалдылығы жоқ мына қыз не істей алады?» деп бірден аузымды жауып тастай ма деп ойладым. Қолдайтын адам табылмады, әрі 19 мың шәкіртақы алатын 4 курс студентінің нендей қорғаушысы болар дейсіз?! 


Күні кеше Павлодарда тіпті осы әнге жазылған дауысымды бейтаныс біреулер пайдаланып жүргендерін көргенде, шыдамым таусылды. «Осы жолы үндемесең, ертең өлеңдеріңнің авторы басқа біреу деп те шығар, сол кезде жылайсың!» дедім өзіме. Шыны керек, Бибігүл ханым жазғанымды оқиды деп те ойламадым, бірақ бір үміт болды. Аллаға шүкір, үмітім ақталды! Бибігүл ханымға жолдаған видеом тек менің ғана емес, әншінің көлеңкесінде қалатын, тіпті әншілердің өзі де елемейтін «сазгер-ақын-өңдеуші» үштігінің алдағы шығармашылық жолында шырақ болады деген сенімдемін".

 

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір