• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

26 Сәуір, 04:28:07
Алматы
+35°

Сәдібек Түгелұлттық құндылықтардың ұлықтаушысы, зерттеушісі, Астана қаласының тұңғыш  баспасөз хатшысы, Ұлттық Ат спорты Федерациясының президенті, «Ұлы Дала Қырандары» республикалық  қоғамдық әлеуметтік-мәдени  қозғалысының тең төрағасы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, жазушы. Сәдібек мырза 23 ақпанда асқаралы алпысқа толып отыр. Назарларыңызға  Сәдібек Түгелдің сұхбатын ұсынып отырмыз.

 Тілші: - Сәдібек аға,  Сіздің 60 жылдық  мерейтойыңызға арналған  баспасөздік ақпарат-хабарды  оқып шыққан бойда,   сізбен кездесуге асықтым.  Оның сыры мынада.   Менің түсінігімде  Алла Тағаланың  қалауымен  жер бетін басып жүрген  әрбір  адам  жақсылықты, ізгілікті,  ең бастысы  әділдікті  қалайды, соған ұмтылады.   Қоғам да  мемлекет  те  солай  дамуға, өркендеуге тиісті.  Әділдік болмай   ешқандай қоғам, мемлекет өрге баспайды.  Ол  бұзылмайтын ақиқат. Туған  Отанымыз – Қазақстан Республикасындағы  адами ниеттері бұзылмаған, дұрыс жүріп, дұрыс  табыс тауып, еліне, отанына  адал қызмет істеп жүрген ағайындар аз да болса  баршылық. Оған шүкіршілік етуіміз керек деп ойлаймын.   Жастар соларға  қарап  бет түзейді, үлгі алады. Сол сандағы    азғана азаматтардың бірі ретінде  Сізді,  біздер жастар  қадір тұтып, қастерлейміз. Оған арқау болатын  Сіздің айшықты атқарған  игілікті  шараларыңыз бен  өршілдігіңіз,  жігіттік мәрттігіңіз, нартәукелшілдігіңіз  даусыз дәлел бола алады. Ең басты  құндылығыңыз - ұлтқа адал қызмет   істеп келе  жатқаныңыз  деп айта аламын. Аға, бүгінгі   сұхбатымның негізгі тақырыбы да   адалдық, әділдік   ұстанымдары туралы  болайын деп тұр.

Біздер жастар, Сізді айтқан уәдесін  қайтсе де  орындайтын, сөзімен ісі бір,  ұлтқа ерекше жанашыр және тың ойлар мен  өткір пікірі бар   тұлға-азамат  ретінде   бағалаймыз.   Ашығын айтсам мерзімді басылымдардан,  әлеуметтік желілерден Сіздің  ұлтымыздың  болашағына, ел мүдесіне  арналған   батыл түрде ашық   айтқан  ерекше  ойларыңыз бен  өткір пікірлеріңізді   іздеймін.  Тапқан бойда  құшырланып оқимын. Басқаларға интернет арқылы салып жіберемін, олармен бірігіп  талқылаймыз. Сіздің жазғандарыңыз,  сұхбаттарыңыз    әрқашан  қызу пікір- талас  туғызады. Бір сөзбен тұжырымдасам, Сіздің тұла бойыңызда    ұлтқа аса қажет ұлағаттық   ұғымы бар. Сондықтан да осы сұхбатты алып тұрмын.        Алдымен,  кіндік қаныңыз тамып, туып-өскен өлкеңіз туралы айтып берсеңіз?

Сәдібек Түгел:  Дұрыс айтасыз алдымен оқырмандарымды  өмірбаяныммен  және  туып-өскен ауылыммен  оның ғажайып табиғатымен таныстыра кетуді  жөн  көріп тұрмын.  Басы ашық  мәселе менің кіндік қаным тамған жер, бар қазақтың  ырысы  мен берекесі саналатын  Өр Алтай, Асқар Алтай, асау Ертіс, Ерке Ертіс  өңірі екені   барша  елге  аян.  Ұлы Отан соғысының  жеңіспен  аяқталғанының  10 жылдығын 1955 жылы  бүкіл халық болып атап  өтуге  арналған дайындықтың қызған шағында қарапайым еңбек адамдары «Қызыл Ту» колхозының жылқышылар бригадасының бригадирі  Түгел Құмарұлы  мен  колхоз жұмысшысы Мәрия Түгел келінінің шаңырағында  мен   7-ші  бала болып  мынау жарық дүниеге келдім.  Шынында жер шарын да өмір сүріп жатқан әрбір адам үшін  кіндік қаны тамған, құлдыраңдаған құлындай  құрбыларымен асыр салып ойнап-өскен жерінен артық жұмақ жер барма шіркін  бұл дүниеде?! Мұндайда дана халқымыз : «Туған жердей – жер болмас, туған елдей-ел болмас» - деп дәл тауып айтқан ғой. Сонау ғасырлардағы ержүрек ата-бабаларымыздың  бойларындағы   жандарын қиып, қасық қандары қалғанша  арпалысып-соғысып жүріп,  болашақ ұрпақтарына аманат ретінде  қалдырған Ұлан ауданының топырағы мен   Сәдібек Түгел   үшін, кір жуып, кіндік қаным  тамған, ат жалын тартып мініп, ер жетіп есейген, кейін үйленіп, отау құрып, балалы –шағалы болған және туған отанымызға адал қызмет атқарған киелі де қасиетті мекенім  болып саналады.  Ұлан ауданы  Өр Алтайдың, Асқар Алтайдың құт қонып, бақ дарыған аудандарының бірі де бірегейі десем артық айтпаған болар едім. Өйткені оның  жерінің асты да алтын, үсті де алтын аймақ. Табиғаты қандай ғажайып  десеңізші?! Сібенің бес көлі  Аллатағалының  бізге  берген   керемет сыйы емеспе?! Ондай тостағандай, суы мөлдір көлдер әлемде сирек кездеседі. «Айыртау» мен «Шыбындыкөлдер», «Сандықтау»  жайлауы, шыңдары биік  Көктау, Қалбатаулар, «Сібе», «Ұлан», «Ұранхай» өзендері, «Шешекті» мен «Атығай» асулары ауданымызға көрік беріп тұрған жерлер. Қазақстандағы суы балдай, тау бұлақтары ең көп  өлке де Ұлан ауданы. Жалпы Ұлан ауданы  жылдың  төрт мезгілі толық сақталатын:  берекелі күзі,   әдемі қысы,  көктеген-көктемі, жайнаған –жазы бар аймақ. Қойнауы кенге, өрісі малға толған өлке де Ұлан жері. Дүниежүзіндегі ең  қымбат, ең бағалы  металл  саналатын «Танталда » біздің жерден  табылған. «Ақбауырға» байланысты ғалымдар  Ұлан ауданын жер кіндігі деп атауда.  Ұлан ауданы  жүрек жұтқан батырлар отаны болып есептеледі. Біздің ауданнан  бес  Совет Одағының Батырлары , бір Халық Қаһарманы  туып-өскен. Олар:Ізғұтты Айтықов, Төлген Тоқтаров, Серікқазы Бекбосынов,  Иван Варепа,  Хамза Мұхамадиев  және партизан Қасым Қайсенов. Күй атасы-Құрманғазы,  ал күй патшасы-Кет-Бұқа  бабамыз. Шыңғыс ханнан кейін  екінші тұлға болып саналатын Кет-Бұқа атамыз Ұлан топырағының тумасы. Оған  қарт тарих куә. Алаш қозғалысының негізін қалаушылардың бірі де бірегейі  Райымжан Мәрсеков есімі   барлық елге аян.Айта берсем, бізде  таусылмайтын тарих бар. Өз заманында Жәйілмістің ұлдары Сатый мен Сатыбалды бес қаруын сайлаған батыр, тереңнен сөз қазып, тіл безеген шешен, топ бастаған көсем болыпты. Егескен тұстағы ерліктері аңызға айналып, қиуадан шауып, қисынын тауып айтқан өнегелі сөздері ұрпақтан-ұрпаққа ауысыпты. «Туыс-жақындарымның айтуынша, мен жарық дүние есігін ашар күннің алдында көрші әйел босанып, үш қыз туыпты. Ең қызығы, Нағыш  тәтеміз үш күн қатарынан  толғатып,  босанған.  Дүниеге  үш  егіз  қыз әкелген. Нәрестелердің біреуі – 20, екіншісі – 21, үшіншісі – 22 күні туған. Ауылда үш күн бойы шілдехана тойы өтеді. Енді болды ма дегенде, төртінші күні 1955 жылдың 23-ақпанында мен туыппын. Сонда біздің Сатый ауылы атқа мінер ұл келді  деп  қуанып , бір жұма тойлаған екен. Мұндайда қазақ: «Тойдан құдай  айырмасын», – дейді.

Тілші: Әке-шешеңіз туралы, олардың   ұлағатты тәрбиелері туралы да  айтып берсеңіз?...

Сәдібек Түгел: Жалпы, өмірімде әкем Түгел Құмарұлының  орны ерекше.  Күні бүгінге дейін бірталай жауапты қызметтердің тізгінін ұстап,  қайтсем елге пайдамды тигізсем деп жар құлағым жастыққа тимей жүрсе, ол ең алдымен менің санама әкемнің сіңірген асыл қасиеттерінің арқасы деп білемін.

Қасиет, демекші әкеміздің сонау жылдардағы мына бір елден ерекше өсиеті күні бүгінге дейін жадымда жаңғырады. Бұл да әкелік асыл қасиеттің нышаны шығар деп білемін. Біз бір үйде сегіз баламыз. Ата-атанамыз үш ұл, бес қыз сүйген. Мен ұлдың кенжесімін. Сол уақыттарда менің он екі, он үштердегі ағаларымның  менен гөрі едәуір естияр болып қалған кезі. Біркүні әкеміз үшеуімізді қарсы алдына жүгінтіп қойып, салмақты бір сөз бастады. Қолында сабы бедерлі, әсем  де суық үш бірдей қанжар-пышақ.

- Мына қанжарларды сендер  үшін арнайы ұстаға барып, соқтырып алдым, – деді әкем ойлы жанарын біздерге қадай отырып. – Менің ойымша, үшеуің де жігіт болдыңдар. Қазақ он үште отау иесі дейді. Сендер ертең-ақ азамат болып ержетесіңдер. Сондықтан өздеріңе  ғана айтар аманат-тілегім бар. Совет балам, міне, сенің қанжарың. Алдыңдағы әпкең Шәрбануды, қарындастарың үлкен Шолпан мен кіші Шолпанды қорғап жүру – сенің міндетің. Мына қанжарды Мәмбетке қарындасы Розаның ешкімнен қаймықпай жүруі үшін беремін. Міне – Сәдібектің қанжары. Сен қарындасың Салтанатқа қорған болуың керек. Менің қыздарымның ешкімнен жасқанбай, ешкімнің басынуын көрмей өсуі осы үшеуіңе байланысты. Бұл менің ойдан шығарғаным емес, атадан балаға мирас дәстүр. Жігіт адам ешқашан намысын қолдан бермеуге тиіс. Қазақ бес дүниені қатты қастерлеген, құрмет тұтқан.

Біріншісі: Жерді қорғаған;

Екіншісі: Әруақтарды сыйлаған;

Үшіншісі: Қыздарды еркелеткен;

Төртіншісі: Үлкенді құрметтеген;

Бесіншісі: Қазанатты қастерлеген. Әкемнің осы бір сөзі менің санамда сақталған, өсиеттері кедергісі мен қиын-қыстауы көп өмірде тура жолды адастырмай табатын компас іспетті болып кетті. Тағы бір ұлағатты оқиға.

Әкем ұлттық дәстүрді, мұсылмандық салттарды қастерлеген, қатаң сақтаған кісі. Мен үшке толғанда сүндетке отырғызуға дайындалады. Сосын сүндет тойымды өткізуге даярлық жұмыстарын бастап кетеді. Ол кездегі жағдай белгілі. Ұстайтындары – бір сиыр, бұзау, торпақ. «Ұлымнан аяйтын ештеңем жоқ», -  деп торпағын сүндет тойға соймақшы болады.

Бір күні үйге сау етіп, көмекшілерін ертіп колхоз төрағасы Мұқаш Сапарғалиев аға келеді. Амандық-саулық сұрағаннан кейін, әкемнің тойға не соятындығын сұрайды. Әкем, кішігірім торпақты соятындығын айтады. Өз кезегінде, колхоз төрағасы тойды естіп, арнайы келгенін, жаз жайлауда табында жүрген үлкен өгіздің аяғын шұңқырға тығып, сындырып алғанын тілге тиек етеді. «Егер келіссең, сол малды ал, орнына торпағыңды өткіз», – деген ұсыныс білдіреді. Әкем келіседі.

Атын арбасына жегіп, шешем Мәрия екеуі өгізді алуға барады. Сиыршы үшеуі қосылып малды орнынан қозғай алмайды. Сосын әкем ауылға қайта келіп, қос ат жегілген пірішке арбамен, қасына 5-6 жігітті ертіп қайта келеді.

Барлығы жабылып жүріп, әрең дегенде өгізді көтеріп арбаға салады. Жаңағы өгіздің ірілігі мен салмағының ауырлығы сондай пірішкенің ағаштары шыдамай күрт-күрт сынады. Енді, сол жерде союдан басқа амал қалмайды. Сойған кезде өгіздің семіздігі сондай, ақ-май болып ақтарылады. Оны көрген жаңағы колхоз төрағасы Мұқаш Сапарғалиев: – «Баланың жолы ақ, ашық болады екен. Бағы жанып, жұлдызы жарқырайды екен», – деп,  ақ батасын береді.

Бала шағымда болған тағы бір қызықты оқиға есіме түсіп отыр. 1967 жылы Октябрь революциясының 50 жылдығы кеңінен аталып өтілген кез. Мен – ол кезде алтыншы сыныптың оқушысымын. Совет үкіметі туралы ашық сабақтар жиі-жиі өткізіліп тұратын.

Сондай бір сабақтың бірінде: «Осы біздер неге кеңес үкіметінен бөлініп, дербес мемлекет құра алмаймыз?» деген өткір сұрақ қойған болатынмын. Сол үшін мұғалімдерден сөгіс алғаным да әлі есімде. Осындай қызықты оқиғалар санада мәңгі жаңғырып тұрады. Қалай ұмытарсың? Ұмытылмас бақытты балалық шақтан сыр шертеді осы сәттер.

Тілші:  қай мектептерде  оқып білім алдыңыз?

Сәдібек Түгел: 1962 – 1966 жылдары  Шығыс Қазақстан облысының  Ұлан ауданының  Сатый ауылындағы  «Аманкелді» бастауыш, 1966-1970 жылдары  «Точка селосындағы «Аманкелді» сегіз жылдық, 1970-1972  жылдары  Шымқора ауылындағы Жамбыл орта мектебінде оқыдым.

Ал 1973-1975 жылдар аралығында Алмания топырағында Отан алдындағы әскери борышымды абыроймен атқарып шықтым.

Тілші: - Жоғарғы білім алған оқу орныңыз,  мамандығыңыз туралы білгіміз келеді.

Сәдібек Түгел: 1980 жылы Әль-Фараби атындағы Қазақ Мемлекеттік  Университетінің журналистика факультетін тәмамдап,  журналист мамандығын алдым. Ал, 1990 жылы Алматы    басқару  институтын бітіріп,  саясаттанушы және социолог деген мамандыққа ие болдым.

Тілші: - Сәдібек аға,  пресс-релизде  «небір қиындықтарға» төтеп беріп  келеді деп айтылған. Соны түсіндіріп өтсеңіз дұрыс болар еді?

Сәдібек Түгел:  Мемлекетіміз  үшін  ең маңызды міндеттердің бірі – азаматтық қоғам құру болып  саналады.  Азаматтық қоғам қалыптасқан   тұста  Сіз айтқан  әділеттілік, тазалық үстем құрады.  Мен   көп жылдар бойы   қоғамдық бірлестіктер ашып соның       жұмыстармен  белсене  шұғылданып келемін.   Солай жұмыс істеу маған ұнайды. Халықтың ішінде  жүреміз. Ол дегеніңіз үлкен жауапкершілік жүктейді.  Өйткені   ақшасыз жұмыс істеу   оңай шаруа емес. Оған  көпшіліктің дәті  бармайды.  Мен  20 жылдан асты  қоғамдық негізде, мемлекеттен бір тиын алмай   Ұлттық ат спорты  Федерациясының   жұмысын  жүргізіп келемін.   Бізді  достарымыз  жалақы алмайтын «жалаңтөстер» деп айтады. Менімше    «небір қиындықтарға» дегенде соны меңзеп отыр деп  топшылаймын.

 Тілші: - Жаңа елордамыз – Астанаға келуіңіз, атқарған  жұмыстарыңыз, алған әсерлеріңіз  туралы айтсаңыз?

Сәдібек Түгел:- Оқырмандарға ағымнан жарылып, турасын айтайын: мен, Қазақстан Республикасының тұңғыш  Президенті-Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Өзі таңдап, Өзі негізін салып, Өзі  іргетасын қалаған жаңа Елордамыз -  Астана қаласын жанымдай жақсы көремін. Оған төрт  себеп бар. Біріншісі: жиырмасыншы ғасыр мен жиырма  бірінші ғасыр тоғысында, туған  еліміздің абыройын асқақтатқан, ұлт өмірінде  өте сирек кездесетін тарихи оқиға  орын алды. Ол- қазақтың кең жазира  даласы сарыарқаның  нақ төсінде теңдесі жоқ , таңғажайып  жаңа шаһар –Астана қаласының салынуы. Бүгін Астананы бүкіл әлем танып, мойындады.Астана –дүниежүзіндегі  ең сәулетті  қалалардың біріне,  қазақтардың  басты  мақтанышына  айналды. Ол- ең алдымен  Елбасымыздың ерлігі әрі көрегендігі. Ұлы жүректің – туған Отаным деген соғуынан болған дара бастамасы және  мәні де маңызы ерекше  әлемдік  Жобасы.  Астана мені баурап алды.

Екінші себеп:   осы  шаһарда менің де бағым жанып , жұлдызым жарқырады. Тағдырдың қалауымен  маған жаңа Астананың тұңғыш  баспасөз хатшысы болу  бақыты  бұйырды. Бес жарым жыл  қайнаған қазанның, тарихи оқиғалардың эпицентрінде жүрдім. Керемет жобалардың жүзеге асуының басы-қасында болып, қаланың жетістектері мен жеңістеріне тірідей  куә болған жанмын. Қолымда сол кездің тыныс-тіршілігінен, тәй-тәй басқан  елорданың дамуынан   барынша  мол мағлұмат беретін архив құжаттары сақталған. Сөзімді түйіндеп айтсам, бірінші күннен бастап  17 жылдың  ішінде әсем қала, ертегі шаһар Астанамен біте қайнасып кеткем.Осында ұлымызды үйлендіріп, қызымызды тұрмысқа ұзаттық. Қазір жұбайым Қайкен екеуіміз олардан 5 немере сүйіп отырмыз. Немерелерімнің алды мектепте оқиды.

Үшінші себеп: Астана  маған әдебиет кеңістігіне жол ашты, қаламгер болып қалыптасуыма ықпал етіп отыр. Қолым қалт етсе , қаламымды алып  Астанаға арналған шығармалар жазамын. Мен жазып жарыққа шығарған «Көк күмезді-Астана», «Астана-город солнечной мечты», «Астана- жерұйғы елімнің», «Астана-триумф страны», «Астана-ел жүрегі», «Астана –сердце страны»,  «Алғашқы астаналықтар», «Первопроходцы Астаны», «Астана баспасөзінің шежіресі», «Летопись столичной прессы», «Астана хикаялары» атты кітаптарым мен «Тұңғыш» атты спектаклім  елорданың  бірінші күндерінен,  17 жылдық тарихынан сыр шертеді.Олар оқырмандар тарапынан өз бағасын алған  еңбектер. Қазір «Астана хикаялары» атты әңгіме –кітапты жазу үстіндемін. Одан үзінділер журналдарда басылды.Осы кітаптардың ішінде шоқтығы биіктігі «Алғашқы астаналықтар» энцикопедиялық жинағы. Оған  Елбасы Н.. Ә. Назарбаев бастаған 186 алғашқы астаналықтардың  анкеталары мен естеліктері басылды. Бұл жоба төңірегінде біз 500 ден аса адамдардың анкетелерын жинап отырмыз. Ол  материалдар    әлі екі кітапқа жетеді деп отырмын.

Төртінші себеп: cенімді әріптестеріммен бірігіп  Астана қаласының және еліміздің ақпарат кеңістігінде  өз орыны бар «ТҮГЕЛ МЕДИА» атты   қуатты ақпараттық серіктестік  ашып, оның жұмысын  үзбей жүргізіп келеміз. Ұйымның  ұраны: «Біз журналистер, біз біргеміз!», «Мы журналисты-мы вместе!» деп аталады. Бірлестік мына журналдарды шығарады:

  1. «Қазанат»
  2. «Құлыным»
  3. «Біз, Астаналықтар!»
  4. «Ұлы дала қырандары»
  5. «Керемет той»
  6. «Журналистер әлемі»
  7. «Ұлттық спорт»

Жалпы алғанда  бірлестіктің құрамында 15 БАҚ-тар  бар. Біз бұл межеде әсте  тоқтап қалмайтынымыз анық. Бұл тұста айтайын дегенім осы журналдар, баспасөз клубтары, газет-сайттар ел егемендігімен Астанаға адал  қызмет істейді және істей береді.

Тілші:  Сіз ұйымдастырған журналист-қаламгерлерді еске алу кеші жалпы журналистика тарихындағы бұрын-соңды болмаған жаңа үрдіс. Сол туралы   таратып айтып берсеңіз....

  Сәдібек Түгел: Ия, біздің қозғалыс тағы бір ұлағатты шараны жүзеге асырды. Оны мен айтып өтуім керек. Ол – «Олардың есімдері жүрегімізде» – атты өмірден өткен дарынды елордалық қаламгер журналистерді еске алуға арналған мәні де маңызы зор керемет кеш. Бірінші кеш 2012 жылдың 4 мамырында Астана қаласында өтті.Онда Ақселеу Сейдімбек, Дүкеш Байымбетов, Жұматай Сабыржанұлы, Владимир Коченов, Талғат Ілімжан, Владимир Бойко, Жомарт Әбдіхалықов, Рафаель Жұмабаев, Олег Квятковский, Октябрь Әлібеков, Мадрид Рысбеков, Шакизада Куттыаяков, Алмас Жолтаев, Біржан Белқара бастаған 14 әріптес-журналистерді еске алдық.

2013 жылдың 12 желтоқсаны күні журналист қаламгерлерге арналған екінші кеш елорданың «Жастар» мәдениет сарайында жоғары деңгейде өткізілді. Онда елордамыздың дамуына және журналистикаға зор үлес қосқан әріптестеріміз Әскен Нәбиев, Бақтыбай Шаһанов, Владимир Гундарев, Ербол Шаймерденов, Дукенбай Досжанов, Сабыржан Шүкіров, Марфуға Бектемирова, Андрей Тришечкин ,Наталья Хабарова, Иван Балучевский туралы бейне сюжеттер көрсетіліп, әсерлі естеліктер айтылды, ұлағатты концерт қойылды.Үлкен тебіреніспен өткен шарада көзіне жас алып, көңілі толқымаған жан болмады.

 

Тілші: Бүкіл елге мәлім, ел егемендігін алған тұста «Қайдасың, қазағымның Қазанаты?!»- деп,  ең алғаш қазанат тақырыбын  қозғаған Сіз  болатынсыз? Оған қандай дау болуы керек?! Шырылдап жүріп  қоғамда «Қазанат» ұғымын қалыптастыра алдыңыз.  Ол  Сізге оңайға түскен жоқ.  Қазанат  тақырыбына  байланысты  сіздің адресіңізге  сан-алуан пікірлер айтылды. Бұл «миф» немесе   «өзі қазанат деген сөз қайдан  шықты, Сәдібек  оны қайдан алды» - деп езеуреп, байбалам салушылар кездесті.   Олардың арасында, өкінішке орай білімі таяз, қазақтың тарихынан мақұрым  ғалымдарда болды.  Мен оған куәмін.   Сіздің алдыңызда,  сол кезде үлкен жауапты міндет тұрды.  Көреалмаушылықпен сыни да сынай қарағандарға тойтарыс беру және   «Қазанат» ұғымын дәлелдеп  шығуыңыз аса  қажет еді. Көп ізденіс пен зерттеудің нәтижесінде  Сіз   жеңіске қол жеткізіп, биіктен көріне білдіңіңіз,  бір сөзбен түйіндегенде  аламан  додада  топты жардыңыз!  Сол туралы өз ауызыңыздан естігеніміз дұрыс болар еді.....

 Сәдібек Түгел: Мен, «Қазанат» сөзін ең алғаш  әкем Түгелден   бес  жасымда  1960 жылы естідім.

-«Жігіттер, мынау ұлан ғайыр Ұлы Даланы Алтайдан-Атырауға, Ұлытаудан-Алатауға дейін   ұшы қиырсыз созылып жатқан кеңістіктікті  ата –бабаларымыз жаяу  жүріп, шоқпарды белдеріне қыстырып жүріп қорғады ма?  Олай ойласаңдар мүлдем  қателесіздер. Біздің батырлар жерді, елді, туған Отанды аттардың  үстінде жүріп қорғады. Аттар болғанда жауынгер  қазанаттардың үстінде жүріп, күндіз күлкі, түнде ұйқы көрмей,  бойларындағы жандарын берсе де, ұлтарақтай жерлерін  бермей қорғады емес пе?!   Сондықтан  да біздер,  қазақтар қазанаттарға қарыздармыз.  Қазанатарды қазаққа қайтарып,  оларды түлетуіміз  керек» -  деп марқұм әкеміз  қазанаттарды  өте жоғары бағалап, өсиет сөз қалдырған. Ал,  біз  әкенің сол  өсиетін  орындап,  ел игілігіне  жарата білдік.

 2004 жылы  «Фолиант» баспаханасынан  басылып  жарыққа шыққан  «Қайдасың қазағымның Қазанаты?!» - деген кітабымда – «Мен қазағымның қазанатын іздеп жүрген жанмын! Қазанат халқымыздың қанаты, қорғаны, айбыны болғаны рас. Қазанаты болғанда халық қор болмаған! Әйгілі философ жазушы ағамыз Асқар Сүлейменов: «Осы басқалар қайдан жаралсын, мейлі маймылдан болсын, шатағым жоқ. Дәл біздің қазақ жылқыдан, тұлпардан туған!. Жазушы сөзінің жаны бар. Қазақ – жылқы мінезді, рухы биік, Ер халық! Қазанат – қазақтың сахарасы, Ұлы даласының екінші есімі. Осыншама кең даланы меңгеру үшін, осыншама шалғайлықты қаусыру үшін тек қазанаттың ғана жалы мен белі, тұяғының желі керек болды. Бұл сөзіме тарих – куә» - деп жаздым.

 Менің зерттеуімде,  қазанат – алыс жорықтарға мінетін  жауынгер жылқылар, азынаған айғырлар!

             Қазанат туралы  1885 жылы   білікті орыс зерттеушісі, жылқы тарихының білгірі В.Фирсов  былай деп жазды: «Қазақтар қазанатты барлығынан жоғары қояды. Қазанаттың жақсы қасиеттерін бағалайтыны соншалық айғырын сұрамайды да. Себебі қазақ биесінің тұқымы тұрақты басқалармен қосылғанда, тек солардың жақсы қасиеттерін алады. Өзінікін де жоғалтпайды. Сондықтан да жергілікті халық қазанаттарға жоғары сеніммен қарайды».  2006 жылы  парасатты азамат  Кенес Рақышевпен  бірге  жазып «Таймас»  баспа үйінен  үш тілде  жарыққа шыққан «Қазанат»  кітап-энциклопедиясы ТМД елдері арасында  Москва қаласында өткізілген  «Кітап өнері» - атты   беделді халықаралық байқаудың  жеңімпазы болып танылды.  Елімізге үлкен абырой әкелді.  Сонда, беделді халықаралық  байқаудың қорытындысына арналған  конференция мінбесінен  танымал ежелгі түркі  мәдениетінің зертеушісі, этнограф, әзербайжандық ғалым ағамыз  Шыңғыс Әли ұлы былай деген еді: -«Осы  кітапты шығару арқылы қазақтар  ерледі.  Мен олардың еңбектеріне  тәнтімін.   Қазанат  ұғымы  бүкіл түркі жұртына  ортақ. Ол- жеңіс жылқысы, жауынгер жылқы дегенді білдіреді. Орысшылағанда «Победоносный  конь. Конь-рыцарь деп аталады. Қазанат кітабының  түркі тарихымен  табиғаттың адамзатқа ғажайып сыйлығы жылқы әлемін  зерттеу де алатын орны ерекше». Сол жолы  түркі дүниесінің білімді де білгірі Шыңғыс аға іштері тар,оқығандары таяз, біздің кейбір ғалымсымақтарға  ойсырата  жауап берді: «Кімдер олар  қазанат сөзін - котелға аударып, есі кетіп, адасып  жүргендер. Олар ғалымдар емес - шалажансарлар. Дипломдарын  қоқыс салатынға тастасын. Қазанатқа тіл тигізбесін. Қазанат білген және түсінген  жанға ең  қастерлі, ең  қажетті ұғым болып  табылады».  Бұдан артық  қазанатқа қандай баға беруге болады?!  Ия   қазанат - қазақ батырларының   жауынгерлік аты.   Тарихтан  қозғағанда Қазанаттың дене бітімі басқалардан ірі,  шоқтығы биік, омыраулы,  кең кеуделі, алыс мініске   өте берік,  шабысқа жүйрік, додада ешкімге дес бермейтін нағыз   ер аты болып саналған. Бұдан шығатын қорытынды: заманында   бар қазақтың  қазынасы мен ырысы, берекесі мен  айбыны және   батырларымыздың  қолқанаты мен сенімді серігі  атанған, әртүрлі жағдайлармен кейінгі  ғасырларды  ұмтыла, жоғала бастаған  ҚАЗАНАТТАРЫМЫЗДЫ  қайта түлетіп- табуда, қайтаруда, оған оңды көзқарас  жасауда   бір өзімізге  бір институт атқаратын жұмысты  істеуге тура келді. Айта кету керек,  «Қазанат» кітабы   еліміз бойынша 2006 жылдың ең үздік басылымы ретінде тарихта қалды. Бұған қалай қуанбайсың! Қалай мақтанбайсың! Реті келген сәтте   тағы бір  жақсылықты айта кетуді  жөн санап тұрмын. «Жақсының  жақсылығын айт нұры –тасысын демей ме!» біздің қазақ. 2004 жылдың 15 қарашасы күні   жаңа елордамыз-Астана қаласының Қалибек Қуанышбаев атындағы драма театрында    менің    «Көк күмбезді – Астана» - «Астана – город солнечной мечты»  және  «Қайдасың, қазағымның Қазанаты?!» - «Джигиты и аргымаки  Казахстана» атты  қазақ және орыс тілдерінде шыққан қос кітабымның  тұсаукесері  өткізілді. Ол жиынға  мемлекет қайраткерлері,  ғалымдар, тарихшылар,   жазушылар, журналистер, кітап оқырмандары қатысты.Тұсаукесер   бұқаралық ақпаратта   кең насихатталды. Соның нәтижесі де болар  ертеңінде  Кеңес Рақышев  өзі  саған телефон шалып, кітапқа байланысты кездесуді қалады. «Аға, сіздің  «Қайдасың, қазағымның қазанаты?!»- «Джигиты и аргымаки  Казахстана» деп аталатын шығармаңызды оқып шықтым. Маған ұнады. Жаза алады екенсіз. Бұл орайда менің нақты  ұсынысым бар. Осы тақырыпты одан әрі  жалғастыру  қажет сияқты. Ашығын айту керек жылқы туралы көп айтамыз, бірақ бізде бұл бағытта  әдебиеттер өте аз. Тіпті жоқтың қасы деуге болады. Жылқы әлеміне  арналған   толыққанды, үлкен  энциклопедия-кітап  шағарсақ деп ойлаймын. Соны  Сіз жазсаңыз дұрыс болар еді. Осы тақырыпта  жазу  Сіздің қолыңыздан келеді екен» деп тілегін білдірді. -«Кеңес бауырым,  мен   жазуға дайынмын.  Біріншіден,  бұған көп ізденіп, көп еңбектену қажет.  Оны  мен өз мойныма аламын.  Екіншіден, баспаханадан басып  шығару үшін қаражат керек дегеніңе, Кеңес, басылым шығынын мен көтеремін деп нық жауап қатты».  Кеңес Рақышев сөзінде тұратын азамат екен. Айтқан уәдесін толығымен орындап шықты.  Қазір бестселлерге айналған  «Қазанат» кітап –энциклопедиясы осылай   өмірге келді.

Тілші: Ұлы Даламыздың Даңқты тұлпары, небір атақты ақын-жыраулардың  жыр-дастандарына арқау болған Құлагерге ескерткіш   тұрғызуыңыз ұлт руханиятындағы  Ұлы  оқиға болды. Басыңызды бәйгеге тігіп,  дүние-мүлкіңізді ломбардқа  өткізіп, нартәуекелге салдыңыз. Сонымен, ломбардқа жүгінуіңізге кім Сізді мәжбүрледі?! Осындай  фанатизм неге керек? Оқырмандарға түсінікті болу үшін толығырақ айтып берсеңіз...

Сәдібек Түгел:– Жағдай мәжбүрледі. Жігіттермен алдын ала кеңескесін, олардың уәделеріне орай бұл жұмысты 2008 жылдың соңғы айларында бастап кеттім. Идея мақұлданды, жоспар жасалынды, ондаған эскиздің нұсқалары істелінді, оған танымал азаматтар қатысты. Белгілі архитектор Сұлтан Ильяев жасаған вариантты ҚР ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед басқарған мемлекеттік комиссия 2009жылдың қаңтар айында бекітті. Бірнеше дөңгелек үстел басындағы бас қосулар, жиналыстар, экспедициялар өткізілді. Оған еліміздің жақсылары мен жайсаңдары қатысты. Алдымен әрбір құрылыс нысандарына тән геодезия, жобалау, жер мәселелері қаралып, шешілді. Не керек, Бішкекте қырғыз елінің атақты сәулетшісі, профессор Болатбек Садықовтың шеберханасында Құлагердің мүсінін жасаудамыз, оған үш елдің шеберлері қатысуда, қазақстанда құрылысшылар ескерткіштің фундаментіне бетон құюда және тағы басқа үлкенді-кішілі қаражат тілейтін жұмыстар жүргізілуде. Күнтүзбеге сәйкес,оларды қаржыландыру керек. Ақша жоқ. Біз, әлемдік қаражат дағдарысына тап болдық. Уәделерін үйіп-төгіп берген жігіттер, дағдарыстың салдарынан суы тартылған өзендердегі балықтардай қарбалаңдап қалды. Енді қайттік. Дағдарысты тоссақ, ескерткіш салынбайды. Сондықтан, маған  жігіттік  нартәуекелге баруға тура келді. Соның арқасында , Құлагер ескерткіші   межеленген мерзімінде  салынып, мен ел алдындағы уәдемді орындап шықтым.

Тілші: Сәдібек аға, Сіз  ұлттық  ат спорты Федерациясының  негізін қалаушы,  ұлттық спорт түрлері Қауымдастығының өмірге келуіне ұйытқы болған азаматтардың бірісіз?  Ұлттық спорт тура­лы молынан айтып беруіңізді қалап отырмын?

Сәдібек Түгел: – Қазақ ұлтының ұлылығын, қазақ халқының даналығын, қазақ елінің елдігін әлемге паш ететін мәдениеті мен салт-дәстүрі болса, соның ең басты­сы ұлттық спорт түрлері, ұлттық спорт ойындары болып табылады деп есептейміз. Ұлттық спорттың мың жылдан бері көп тарихы бар.

Аламан бәйге, тоқ бәйге, жорға жарыс, құнан бәйге, көкпар, қыз қуу, ат үстіндегі сайыс (аударыспақ ойыны), теңге алу, жам­бы ату, қамшыгерлік, саясаткерлік, түйе жарыс – жел­мая, қазақша күрес, жекпе-жек, тоғызқұмалақ және тағы басқа спорт түрлері сонау ықылым заманнан бері туған халқымызбен бірге жасап, ұлы ақынымыз Жұбан Молдағалиев айтқандай «Мың өліп, мың тіріліп» келеді.

Түйіндеп айтсақ, Ұлттық спорт – Ұлы дала мәдениетінің темірқазығы. Ал, мәдениет – ұлт рухы, болмысы!

Ұлттық спортымыз – екі мыңжылдық тарихында, менің зерттеуімде 4 кезеңді бастан кешіріп отыр.

1-кезең: Дәуіріміздің 6-ғасырынан – 18 ғасыр аралығын қамтиды. Түрік қағанаты, Дешті Қыпшақ, Алтын орда, Қазақ хандығының даму тұсы 13 ғасырға созылған көшпенділер спортының қалыптасу кезеңі.

2-кезең: Ресей империясының қарамағында бодан болған тұсымыздағы ұлттық спорт түрлерінің дамуы. Толық 18, 19 ғасырлармен мен 20 ғасырдың басына дейінгі – 217 жыл. Байтал тұрғы бас қайғы заман.

3-кезең: Қазан төңкерісі болған 1917 жылдан – 1991 жылдар Советтер одағы тарағанға дейін – 74 жыл аралығы. Ұлттық спортымыздың – көлеңкедегі шөп сияқты дамуы.

4-кезең: Қазақтың тәуелсіздік алған 1991 жылдың 16 желтоқсаннан бүгінгі күнге дейінгі аралық.

Ұлттық спорттың айының оңынан туып, жұлдызының жарқырай бастауы.

Тілші: Дұрыс айтасыз. «Ат спорты» ойындарының жанданған кезі соңғы жылдары ғана емес пе? Ұлттық ат спорты түрлерінің федерациясы қашан құрылды? Тұңғыш атбегілер . құрылтайы. қашан өткізілді?

Сәдібек Түгел: Жоғарыда айтып өткенімдей ұлттық спор­т Ел тәуелсіздігінің арқасында өткен тоқсаныншы жылдардың басында қолға алына басталды. Оны көтерген Айып Құсайынов, Бошай Кітапбаев, Анатөлі Құлназаров, Сайлау Тұрыскелдин, Бердібек Сапарбаев, Иманғали Тасмағамбетов, Амалбек Тшанов, Серік Үмбетов сын­ды азаматтар. Соның арқасында еліміздің көптеген об­лыстарында ат спорты ойындары жиі өткізіле баста­ды. Сол тұста ұлттық өнерге сусап қалған қауымның тамашалағаны аса бір керемет болатын.

Өз басым сондай ірі жарыстардың бел ортасында жүрдім, бірталайын ұйымдастырдым. Осы мақсатпен 1994 жылы Шығыс Қазақстаннан Алматыға арнайы көшіп келдім. Сол уақыттарда белгілі адамдардың ме­рейтойларын өткізу дәстүрге айналды да, ат ойындары жанданды.

Қайта түлеп жатқан ұлттық ойындардың белгілі жүйесі, бекітілген ережесі болмағандықтан, көптеген олқылықтар кетті. Аударыспақ, көкпар ой­ындары өткізуге қарсылар да табылып, аяқтан шалу­шылар көп болды. Бұлай жүре берсе, ат спорты жа­старды қызықтырудан қала ма деп қорықтық.

Белгілі бір жүйе, ережеге бағынбаған істің кетеуі кететінін түсініп, 1995 жылдың қаңтарында Жастар ісі, туризм және спорт Министріне хат жаздым:

ҚР жастар ісі, туризм және спорт

Министрі Б.С. Әйтімова ханымға

Ұсыныс хат

Құрметті Бірғаным Сарықызы!

Тәуелсіз мемлекет болғанымызға үш жыл то­лып, төртінші жылға аяқ басты. Егемендігімізге сай спорттың олимпиадалық түрлері өсіп-өркендеу кезеңін бастан кешіруде. Үкімет тарапынан қажетті қаражат бөлініп, спорт кешендері көптеп салыну­да. Бұл сөзсіз қуанарлық жағдай.

Өкінішке орай, мың жылдық тарихы бар, халқымызбен бірге жасап келе жатқан төл спортымыз – Ұлттық ат ойындарымыз – Аламан бәйге, тоқ бәйге, құнан жарыс, жорға жарыс, көкпар, теңге алу, қыз қуу, аударыспақ және басқа түрлері көзге ілінбей, ұмыт қалып тұр. Айтайын дегенім, халықта осы спорт түріне деген үлкен құлшыныс бар, бірақ оны қолдайтын спорт басшыларында, әкімдерде құлық жоқ.

Олар ұлттық ойындарымызға үрке қарайды, спорт түрі деп санамайды. Мен оларды мәңгүрттер деп санаймын. Негізгі кемшілік – ережелердің жоқтығы. Сізден сұрарым, біз дайындаған Қазақ Ұлттық ат спортының барлық түрлерінің Ережесін заңды түрде бекітуге және Ұлттық Ат спорты түрлері Федерациясын құруға ат салысуыңыз болып табы­лады.

Құрметпен,

Ұлттық ат спортының

жанашыры, атбегі                                                                                    Сәдібек Түгел

15 қаңтар 1995 жыл.

Алматы қаласы.

Абырой болғанда бұл хат министрліктің сол кездегі бөлім меңгерушісі Елсияр Қанағатовтың қолына тиді. Біздерге сол тұста шын ниетімен көмек жасаған Елсияр бауырға әлі күні алғысымыз шексіз. Мен, жарыққа шыққан екі кітабым да ол туралы жа­зып, рахметімді білдірдім. Әлі де жүрген жерде, га­зет, журналдарда, радио, телевиденияларда айтып келемін.

Өйткені, ол ұмытылмайтын жағдай. Ал, өз кезеңінде Елсияр бауырымыз менің осы ұсыныс – ха­тым туралы жүрекжарды тілегін елге жеткізуде. Ол үшін де оған мың да бір алғыс айтамын. Бұл дегеніңіз оның әділдігін, адалдығын білдіреді. Тілегім,балалары мен немерелерінің қызығын көрсін.

Сонымен, менің хатымның негізінде Қилан Нұртазинов, Кендебай Әбішев сынды бірқатар жігіттер тізе қосып, ақырында ұлттық ойындар Ережелерінің алғашқы нұсқасын жаздық. Сосын ережелер дайын болғанан кейін 1996 жылдың 1 наурызында Алматы қаласында тұңғыш рет қазақ атбегілерінің Құрылтай конференциясы ұйымдастырдық. Бұл күн – Ұлттық ат спорты түрлерінің Федерациясы үшін тарихи дата бо­лып есте қалды.

Тілші: Сәке, менің елден және Елсияр мырзадан естіген Сіздің тарихи хатыңыздың сырына енді қанық болып тұрмын. Өте бағалы ұсыныс. Ал, Ұлттық Ат Спорты федерациясын Алматыдан – Астанаға қалай әкелгеніңіз туралы да білгіміз келеді.

Сәдібек Түгел: Екі ғасырдың тоғысында халқымыздың тари­хында ерекше орын алатын Ұлы оқиға болды. Ол Елордамыздың Алматыдан – Астанаға көшуі еді. Мен сол ұлы көшпен алғашқылардың бірі болып Алматы­дан Астанаға қызмет ауыстырдым. Астана қаласының тұңғыш баспасөз хатшысы болып тағайындалдым.

Осы кезеңде Федерациямыздың жұмысы тоқырап, жетімсіреп қалды. Өйткені, адамдарсыз жұмыс жүре ме? Не істеу керек? Ойланып, ақылдасып федерацияның офисін Алматыдан – Астанаға әкелу керек деп шешім қабылдадым.

Бұл сәтте маған ағалық көмегін беріп, қолдау көрсетіп, қазақтың біртуар аза­маты, тау тұлға Құлназаров Анатөлі Қожыкенұлы. Ол кісіге федерациядағы жағдайды айтып, телефон соқтым. Ағам бірден қолдай кетті. Осы айтқандарымды қағазға түсіріп, маған жібер, мен қолдаймын деді. Мен, мына төмендегі хатты А.Қ. Құлназаровтың атына орыс тілінде жолдадым.

Министру туризма и спорта РК

господину Кулназарову А. К.

Предложение

Уважаемый Анатолий Кажыкенович!

Я, являюсь руководителем пресс-службы города Аста­ны – столицы, выбранной, основанной и строящейся са­мим Президентом страны – Н.А.Назарбаевым. Как вы знаете, с 1980 года я активно участвую в широком разви­тии, систематизации, проведении по специальным прави­лам нашего национального достояния, прекрасных тради­ций – Аламан байге, ток байге, жорга жарыс, сайыс, кыз куу, тенге алу, кокпар.

В связи с этим прошу Вас перевести Центральный штаб Федерации Национальных видов Конного Спорта в столицу – город Астану. В новой столице я провел неко­торые подготовительные работы по этому вопросу. Со­бираю и провожу совещание с неравнодушными к конному спорту людьми. Они поддерживают, мое предложение.

Среди них Кайрат Назарбаев, Кенталь Исламов, Абсамат Байбеков. Я верю, что эти люди в будущем внесут свой вклад в развитие Национальных видов конного спорта и будут верны традициям наших предков. И поэтому-то я позвал их принять активное участие в работе Федерации Национальных видов Конного Спорта.

В связи с этим про­шу Вас направить из Алматы в Астану некоторых членов президиума Федерации. Цель встречи – обсуждение и ут­верждение соревнований по национальным видам Конного Спорта на 1999 год и проведения съезда Федерации, выборы руководящих органов, организация Головного Офиса в городе Астане.

С уважением, атбегы – руководитель

пресс-службы Акима города Астаны                                                 Садыбек Тугел

5 де

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір