• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

18 Сәуір, 20:55:20
Алматы
+35°

01 Наурыз, 2018 Әдебиет

Рухани мәңгіру: Бітпейтін күлкісі бар, армансыз елміз

Шынайы күлкі – қайсысы, өтірігі – қайсысы, не нәрсеге күлу керек, не нәрсеге күлмеу керек, айырудан қалдық!

Бала кезімізде бір қылжақбас құрдасымыз біреудің оғаш ісін байқаса бітті, күлкіге қарқ боп, шала бүлінеді де қалатын. Әбден ішек-сілесі қатып, екі бүктетілмей тоқтамайтын. «Ай, мына байғұс енді өледі-ау!» деп тұрғанымызда, күлкісін кілт тыйып: «Күлмегенге берсін!» деп арсыз күлкісінің бар күнәсін күлмегендерге аудара салатын.

Бұл қылығы күлкіге зауқы соқпай тұрғандарды да «күнә, арқаламайын!» дегізіп, еріксіз ыржитатын.

Құрдасымызға мұндай әдеттің қайдан жұққанын кейіннен білдік. Сөйтсек, әлгі «күлмегенге берсін» - әжесінің маңына жиналып ап, күн ұзақ өсек соғып, кім көрінгенге күлетін қатын-қалаштардың күнәдан құтқарар «аталы» сөздері екен.

Осы бір қатындардың «аталы» сөзі сықылды руханият кеселдеріне кезінде ешкім де мән бере қойған жоқ-ты. «Мұндайлар «ұсақ-түйек» деп есептелінді. Алайда, «санның сапаға ауысу» теориясы өз дегенін істемей қоймады. Кеңестік тәрбиенің осал тұсына мықтап ұялаған мұндай «ұсақ-түйектер» кезінде отарсыздану үрдісі тиянақты жүргізілмеген Тәуелсіз еліміздің руханиятына да вирус ретінде еніп кетіп, бүгінде үлкен сипатқа ие бола бастады. Сондай сипаттардың бірі – күлегештік дерт!

Нәтижесінде, қағынан жеріп, бүйректен сирақ шығарып, шетелдік дәстүрсымақтармен малданып, ұлттық дәстүрлерден, тіпті адами құндылықтардың қарапайым қағидаларынан да бас тарта бастаған бүгінгі қазақ қоғамы күлегештіктен әлемдік «додада» оза шауып, әзірге ешкімге дес берер емес!

Қазір қазаққа біреу «тәйт!» десе де – күлкі! Ар өлшемі – қыздарымыздың қылығы тым ерсі болса да – күлкі! Жеткіншектеріміз зорлық-зомбылыққа ұшырап жатса да – күлкі! Өзіне-өзі қол жұмсаудан алдыңғы қатарға шықса да – күлкі! Сыбайлас жемқорлықпен ұсталып, сот алдында жауап беріп тұрса да – күлкі! Күлкі!.. Күлкі!.. Әйтеуір, бітпейтін күлкісі бар, армансыз ел секілдіміз!

Бүгінде шын күлкіден қадір де, қасиет те қалмады. Шынайы күлкі – қайсысы, өтірігі – қайсысы, не нәрсеге күлу керек, не нәрсеге күлмеу керек, айырудан қалдық!

Осындай сұрықсыз күндердің бірінде, дәлірек айтқанда, биылғы жылдың сәуір айының орта тұсында маған облыстық соттан тілдей хаттың келмесі бар ма?!

Онда тұрған не бар?! Хат келді. Мен алдым. Осы да күлкі ме?!.. Бірақ мен танитын көпшілік оны олай қабылдай алмады. Хаттың мазмұны ешкімді де қызықтырмады. Бастысы – хаттың, анау-мынау емес, соттан келуі.

Қалтырай-дірілдей хатты аша бастадым.

«Тағы не бүлдірдім?! Билікке қай мақалам жақпай қалды екен?!».

Сан-саққа жүгірген ойлы күйім, аяқ асты күреңіткен түрім - әрине, жұрт үшін таптырмас күлкі көзі екені айтпаса да түсінікті. «Күлме досқа, келер басқа» деген тәмсіл ешкімнің де ойына кіріп шығар емес!

Бір қуаныштысы, хаттағы: «облыстық сотқа алқа билер мүшелігіне үміткер ретінде шақырыласыз» делінген сөйлем жолдарын көзім шалып үлгіргенім мұндай жақсы болар ма? Жүрегім орнына түсті.  Есесіне, манадан бері бет-аузымды мұқият зерттеп, аңдып тұрған көпшілік жүзімдегі құбылысты көріп, күлкі «цунамиін» бұрқ еткізді. Асқан ұйымшылдықпен, ауызбірлікпен бір мезетте аспанға тік көтерілген күлкі шоғыры өзін жоғары нотада бірер сәт ұстап тұрды да, кенеттен жан-жаққа шашырай жөнелген мерекелік отшашу секілді әсер қалдыра, құлақты қақ жарардай екпінмен қарқылға басты. Мұндай жойқын күлкіні еліміздегі барлық күлкі театрлары жиналып ап, қанша жерден жан екпін күшенсе де жасай алмас!

«Уа, бұл не қылған күлкі! Есі бар адам осыған да есі ауғанша күлер ме?!»

Өкінішке орай, бұл менің ішкі дүниемнің, өзім ғана ести алатын дауыс еді.   Өйткені, жұрттың  басқа дауысты   еститіндей шамасы жоқ болатын!

- Ойпырмай, сот шақыратындай тағы не бүлдіріп едің?! Ха-ха-ха!..

- Өзің де қарап жүрмейтіндей болдың-ау! Хи-хи-хи!..

- «Халық үшін» деп мақала жазып па ең?! Хо-хо-хо!..

Жуық арада толастайтын күлкі көрінбейді. Күшейген үстіне күшейе түсті. Бір қызығы, жұрт енді бір сәт не үшін күліп жатқандарын да ұмытқан сыңайлы. Оны бір-біріне сұқ саусақтарын шошайта шалқасынан түсіп, серейіп жатқандарынан-ақ аңғаруға болады. Және бір ғажабы, қандай күйге түскендеріне қарамастан, «күнә қайтарғыш» «күлмегенге берсіндерінен» әсте бір жаңылмайтынына еріксіз таңдай қағасыз!

Мұндай намысқа тиер көрініске жүйкеңіз қанша жерден темірден жаралса да, шыдай алмас! Менің де жүйкем сыр берді. Санамда бір пәс ойдың ұшқыны да лап етті.

«Менікі осы қай патриоттық! Одан да «Жалғыз жүріп жол тапқанша, көппен бірге адасып», есі кеткен көпке қосылып, арсыз күлкінің ағынымен ықсам ба екен?!».

Алайда, ойымды сабақтап үлгіре алмадым. Кенеттен ашына  ақырған ішкі дүниемдегі өктем дауыс санамды сілкіп өтті.

«Мына рухсыз қоғамды рухани қалыпқа келтіру үшін, сен от боп жанбасаң, ол от боп жанбаса, кім от боп жанады?!... Ағынға қарсы тірі балық боп сен жүзбесең, ол жүзбесе, кім жүзеді?!... «Қарағайға қарсы біткен бұтақ» сен бола алмасаң, ол бола алмаса, кім бола алады?!...».

Мұндай рухқа толы жігерлі дауыстан селт етіп оянып кеткендей болдым. Кенеттен қанаттанып, патриоттық сезімге бөленгенім сонша – дереу мына топалаң күлкіге тосқауыл қойғым кеп кетті. Жалма-жан:

- Уа, халайық! «Ұйқы – арсыз, күлкі – арсыз!» деген...

Өкінішке орай, айналадағы күлкінің қуаттылығы сол – жұрт түгілі, өз дауысымды өзім ести алмай қор болдым. Күлкі құйыны құлақты қақ жарардай! 

- О-о, ха-ха-ха!.. Хи-хи-хи!..

«Сен от боп жанбасаң, кім от боп жанады?!» демекші, елді мән-мағынасыз, мақсатсыз күлкіден азат етейін деген оймен, қайтпас қайсарлыққа, патриотизмге, намысқа толы кезекті жалынды сөзімді бастап кеп жібердім.

Бұл қырсыққа не дауа?! Қапелімде аузыма жөнді сөз түспей:

- Уа, халайық! Атам қазақ: «Көп күлген – көттің соры» деген! – дей бергем...

О, Құдая тоба! Манадан бері басқа сөзді естімей тұрған жұрттың нақ осы сөзге келгенде,  ести қалғандарын қарашы! 

 Естігенде, жаңағы күлкі- күлкі ме?! Жұрт жаппай жынданып кеткендей болды. Мұны көрген мен:  «Патриотқа да жан керек!»- деп,  әлгі жерден тезірек табанымды жалтыраттым.

Зәремнің ұшқаны сонша – зымырап келе жатып: «Ұсақ-түйекке осынша күлетіндей бұл қазаққа не болған?!. Әлде күлегештік дертке мықтап шалдықтық па?!» деп ойлауға ғана  шамам әзер жетті.

Аяқ-қолым жерге тимей «ұшып» келе жатып, тым таяу  жерден тағы бір ерсі күлкіні  естіп қалдым.

- Ха-ха-ха! Қырықтан асып, кемпір болғанда, екіқабат болып!... Күлмегенге берсін!

Күлкі иесін жазбай таныдым. Ауылдың атақты  арызқойы!.. Кімді келеке қып келе жатқанын да шамаладым.

«Иә, қырықтан асып, бала көтерсе, не қылады екен?! Байы қасында!... Сол да күлкі болып па?!».

Бірақ жанына бара алмадым. Қазір заман бір түрлі ғой! Осындайлардың наны жүріп-ақ тұр! Тағы бір бәлеге ұшырап кетермін! «Бәледен машайық қашыпты» деген! Жылдамдығыма «реактивті қозғағышымды» қосып, бұл арадан көзді ашып жұмғанша жоқ болдым.

«Сол кеткеннен, мол кетті» демекші, содан қайтып ешкімнің күлкі «қақпанына» түспей, аман-есен межелі күні облыс орталығына да жеттім-ау, әйтеуір!

Облыс орталығындағы сот ғимараты орналасқан орталық алаңда тұрмын. Уақыт әлі ерте екен. Тоғыз болмапты. Мекемелер жабық. Орындыққа отырдым. Ойланып кетіппін. Кеше теледидардан көргенім есіме түсті.

Бір күлкі театры жұртты күлдіремін деп өзі күлкіге ұшырап жатты. Бәрінен қиыны – күлкісі кеп езуін керіп отырған көрермендерді күлдіре алмау екен! Топырлаған әртістер сахнада әрі-бері шапқылап көріп еді, болмады. Бірсыпырасы «соңғы мүмкіндік» дегендей, тәуекелге бел буып, ерсі әрекетке барып күшеніп еді, қырысыққанда  онысынан да түк шықпай, мазақ болды. «Енді не істеу керек?!» дегендей,  жандары мұрнының ұшына келгенде, құдай оңдап, ортаға ерекше киінген бір жігіт ағасы шыға келді. Оны көріп, жұртты күлдіре алмай қор болған әртістер өлген әкесі тіріліп келгендей қуанып, бірінен соң бірі жаңағы байғұстың дамбалын шешіп кеп жібереді! Міне, қызық! Шешілген дамбалдың ішінен жұртқа мәлім «құрал» шыға келмей, орнына басқа бір дамбал шыға келеді. Бейне рома келіншектерінің көйлектері сықылды! Бұған аң-таң қалған жұрт- қыран-топан!

«Не деген арзан күлкі! Осы да күлкі болып па?! Егер әлгі бейшараның дамбалының тасасынан «қылтимасы» шыға келіп, ұялағаннан «қылтимасы» «шаптырма» қылса не болады?! Әрине, оған да күлеміз! Күлгенде де, рақаттанып тұрып күлеміз! Ал балконды – «қылтима», фонтанды – «шаптырма» деп қолданбақшы болған терминолог ғалымдарымыздың тіліміздің қуатын кемітетін қисынсыз аудармаларына еш күлмейміз. Бұл қалай?! Олай болса, дамбал төңірегіне байланысты қолданатын «қылтима» мен «шаптырманы» төл сөзімізден алып тастап, орнына «балкон» мен «фонтанды» қолданып көрсек қайтеді? Терминологтерге салсақ, бәрібір емес пе? Жоқ, бәрібір емес екен! Онда сөзіміз былай болып өрбиді екен. «Егер әлгі бейшарының дамбалының тасасынан «балкон» шыға келіп, ұялғаннан «балконы» «фонтан» қылса не болады?» деген дүбәра сөйлем шыға келеді! Ал , күлмей көр!

«Е-е, біз үшін бұл да күлкі шығар! Бірақ төл сөзімізді орынсыз жерге сұға берсек, күлкі ғана шығармаймыз, төл сөзімізді де күлкіге ұшыратарымыз хақ!

Осылайша ой тұңғиығына батып кетіппін. Кенет құлағымның түбінен:

- Ә-ә, мұғалімсіз бе?.. Саламатсыз ба?! – деп шәңк ете қалған ащы дауыс «жұмсақ жерімді» еріксіз бүлк еткізгенде барып ес жидым. Жалт қарасам, бір келіншек! «Балықшы балықшыны алыстан таниды» демекші, үстіндегі сәннен қалған тап-таза киіміне, тұрған тұрысына, шаршаңқы жүзіне қарап әріптесімді жазбай таныдым.

- Иә, мұғаліммін. Сіз де мұғалім боларсыз?

Келіншек күлімсіреді. Сірә, ойымды ол да оқып тұрғандай.

- Иә, мен де мұғаліммін. Жалағаш жақтан... Сіз де сотқа келдіңіз бе?.. Сот дегенде, ...өт бар ма?!» дегендей, біз де келіп қалдық!

Сөзінің соңғы жағын естігенде, бойым аздап мұздайын деді. «Расында да, «сот дегенде, ...өт бар ма?!».

Келіншекке таңырқай қарап, бірдеңе сұрамақшы боп ұмтыла бергем. Үлгіре алмадым. Үстеріне жалағаштық мұғалімнің киімдерімен «туыс» киім кигендер, ойласып қойғандай, әп-сәтте орындықтың айналасына жинала қалды. Бәрі де өзіммен тағдырлас, көпті көрген «мұңлық» мұғалімдер екен.

Мұғалімдер, оның ішінде тіс қаққан мұғалімдер, жиналған жердегі ахуал белгілі ғой! Сол баяғы мектеп проблемасы, оқу-тәрбие жұмысы әңгіме өзегіне айналып сала берді. Айтуларынша, бүгінгі күннің келелі мәселесі зығырдандарын әбден қайнатып болыпты.

- Мына жас мұғалімдер мені шошытады? Қарапайым әдепті, сәлемдесуді білмейді ғой!

- Есесіне, ақша санаудан алдарына жан салмайды!

- Жеті септікті білмейтін жас мұғалімдер де қазақ тілі пәнінен сабақ беріп жүр-ау!..

Мұның бәрі бұрыннан таныс, әбден жауыр болған проблемалар болғандықтан, әңгімелері мені онша қызықтырмай отыр еді. Кенет әңгіме арқауы химия пәніне ауысқан сәтте біреуінің:

- Соңғы кезде темірдің формуласы – Fe (Ferrum) қалай оқытылып жүр, білесіңдер ме?! – дегені.

Бәріміз таңырқай, құлақ түре қалдық.

- Қалай?!.

- Кәдімгідей... Қазақша – «ғе» деп оқытылатын көрінеді. Мен солай оқытып жүрген бір жас мұғалімді көрдім!

Мынаны естігенде, шалқамнан түсе жаздадым. Мұғалім әзілдеп отыр ма деп, бетіне үңілдім. Жоқ! Жүзінен әзілдің нышаны білінбейді. Керісінше, ашынғандықтың, шарасыздықтың табы бар! Кенет біреуінің:

- Күлмегенге берсін! – дегені.

Мұғалімдер ду күлді. Тек мен ғана сәл ыржиған боп:

- Директор... Директор не дейді? Мұнысын біле ме өзі?! – дедім әлі де өзім-өзім келе алмай.

- Білгенде қандай! Өзінің адамы емес пе?! «Үйреніп кетеді әлі» деді де қойды.

Мәссаған! Күлкілі қоғамның нағыз күлкісі деп осыны айт! Менің күлкі деп жүргендерім мынаның қасында қолына су құюға да жарамас!

    Мүмкін , темір формуласын   «Fer-rum» деп созып жатқанша , қазақша «ғе»  деп қысқаша қайырып , «жаңалық» ашып жүрген мұғалім шығар?Тіпті бар ғой, үш  тілділік оқу жүйесіне қарсы шыққан «патриот» болар , кім біліпті ?!

        Кенет мені бір түрлі күлкі қысты. Бұрын-соңды «репертуарымда» болмаған күлкі!

- Ғе-ғе-ғе!..

Енді өзімді-өзім тоқтата алсамшы! Маған еріп, «күлмегенге берсіндерін» қосып, бәрі де күлкіге қарқ бола бастады. Байқаймын, көбісінің өзі күлгенімен, көздері күлмейтін сыңайлы!

Күлкі енді-енді қарқын ала берген сәтте, біреудің алыстан айқайлаған даусы естілді.

- Алқа биге үміткерлер! Ішке кіріңіздер!

Ішке кірдік. Әлгі бір сәттен кейін менің жан дүниемде үлкен өзгеріс пайда болды. «Біздің қоғам – нағыз әжуа , күлкі қоғамы емес пе?!».

Сот бізге, жиналғандарға, алқа билер туралы түсіндіріп жатса да, іштей «ғе-ғе-ғелей» беретін секілдімін. Тоқтату мүмкін емес!

Енді бір сәтте үлкен залға кірдік. Сот процесі басталғалы жатыр екен. Зал қанша жерден үлкен болғанымен, алқа биге шақырылған үміткерлер өте көп болып, әрең сыйды.

Сотта кәмелетке толмаған бүлдіршінді зорлау фактісі бойынша іс қаралмақшы екен. Сотталушы – алпамсадай, алпысты алқымдап қалған біреу! Жәбірленуші жақтан қыздың анасы (ол да тым жас – жиырманың ол жақ, бұл жағындағы келіншек) сөйледі.

Сол сәтте жүрегім атша тулап, кеудеме сыймай кетті. Денемді өксік биледі. Көзіме жас тығылды. «Қазақ қоғамы, шынымен де, азғаны ма?» деген ой санамды сарсытып жіберді. Кенет көзімде тығылып тұрған жас арнасын жарып кеткен тасқын судай парлай жөнелмесі бар ма?!

Табан асты мұндай күйге түсуім – мені қатты қынжылтып-ақ тастады. Қанша айтқанмен, еркек емеспін бе? Еркімнен тыс болған мына құбылыстан қатты ұялып, көз жасымды қолыммен қалқалап, жан-жағыма ұрлана қарадым. Жанымда тұрған Аралдан келген қарындасым Жанардың да көз жасы ерік бермей, арпалысып жатыр екен.

«Иә, ол қанша дегенмен қыз бала ғой! Мені айтсаңызшы! Еркек басыммен!... Ер адамды жылатқан мына қоғам қай қоғам?! Әлгі арзан күлкі иелері мына көріністі қалай қабылдар екен?!».

Кенет бойымды ашу қысты да, артынша жан дүниемді кекті күлкі биледі. Кімге кектеніп тұрғанымды түсіне алар емеспін!

Осы сәтте сот үміткерлер арасынан алқа биге лайықты адамдарды таңдай бастаған-ды.

- Бізге қолы бостау адам керек! Өйткені, сот процесі тым ұзаққа созылып кетуі де ғажап емес. Араларыңызда үш жасқа дейінгі емізулі баласы бар адамдар бар ма?!

Мұны естігенде, алдымда отырған тапалтақтау жауырынды жас жігіт «құтырғаннан – құтылған» дегендей, орнынан атып тұрды. Дауысында аздап қобалжу табы бар.

- Ме... менің үш жасқа дейінгі емізулі балам бар!..

Сот жас жігітке таңырқай қарады.

- Сіз еркек емессіз бе?!

Біз жігіттің жағдайын түсініп-ақ тұрмыз. Бәріміздің де ойымыз – адам тағдырын шешетін қасіреті мол бұл жерден тезірек табанымызды жалтырату. Бірақ «күлкі – арсыз» деген, неге екені белгісіз, соттың сөзін естігенде, әлгі арсыз күлкі -«ғе-ғе-ғе!» аузымнан еріксіз шығып кетті. Тағы да қарап тұрмай, «күлмегенге берсіні» ізінше  сумаң етіп «қосыла шапты»!  Осы бір аяқ асты  келеңсіздікке куә боп тұрса да, айналамдағылар соттан сескенді ме, езулері сәл керілгенмен, дыбыстары шықпады.

Абырой болғанда, күлкіні де, сөзді де сот естімеді. Естісе де, естімеген сыңай білдірді-ау! Қанша дегенмен, талайды көріп, ысылған жан ғой!

Сот әлгі тапалақ жас жігітке қайыра сұрақ қойды.

- Кім болып істейсіз?

- Мұғалім...

Сот таңырқауын үдете түсті.

- Ау, мұғалімдер мен дәрігерлер сынды күнделікті жұмыстан қолы босай алмайтын маман иелерін шақырмауды қатаң тапсырған жоқ па ек?!

Залдағылар қозғалақтап кетті. Сот залдағыларға:

- Қане, араларыңызда тағы да мұғалімдер бар ма? Бар болса, орындарыңыздар тұрыңыздар!... – деді.

Бірен-сараны болмаса, залдағылардың дені орындарынан тұрды. Мұны көргенде, сот басын бір шайқады. Бәрін қайтарса, залдың босап қалатындай түрі бар. Бірақ, ереженің аты – ереже! Дереу мұғалімдер залдан босатылды. Ілбіп кетіп бара жатқан мұғалімдердің жүздерінде: «Сотқа да мұғалімдерді қуады, отқа да мұғалімдерді қуады, боққа да мұғалімдерді қуады!» деген реніштің тұрғаны анық сезіледі.

Мұғалімдердің түңілген түрлеріне көзімнің түскені сол – атаңа нәлет арсыз күлкінің тағы қысқаны.

- Ғе-ғе-ғе!..

Біреу қарап тұрмай «Күлмегенге берсін!» деп жіберіп еді, бәрі еріксіз ыржиды. Бірақ үндері шықпады. Әдеп сақтады.

Біздер, мұғалімдер, бір-бірімізбен қандай жағдайда болмасын, әлі талай кездесетінімізге бек сенімді едік. Сондықтан да, қоштасарда:

- Амандықта кездесейік! – деп бір-бірімізге тілек тілеп, жөн-жөнімізге тарастық.

Жұртты қайдам, мен содан бері мына «ғе-ғе-ғе» деген арсыз күлкіден арыла алмай-ақ қойдым. Осы бір келеке күлкі кімге бағытталған? Қоғамға ма, әлде жеке адамдарға ма? Түсінсем, бұйырмасын!

Осындай сұрақтар мазамды әбден кетірген соң, біреулердің ақылымен «Бақсы-балгерлерге көрінсем бе?» деп келе жатқам. Кенет алдымнан сақал-мұрты өскен, түрі қазаққа келе қоймайтын, қолында темір шоқпары бар бір шал шыға келді де,  бір жас қызды тырқыратып қуа жөнелді. Айқайы жер жарады.

- Әй, жас мұғалім! Мына темірдің формуласын дұрыс айтпасаң, осымен ұрып өлтіремін! Өйткені, мына топастығыңмен елдің ертеңі- талай жас буынның жан дүниесін бұзасың! Сондықтан, алдын ала өзіңді құрбан еткенім дұрыс болар!

Алдына түсіп безіп бара жатқан анау мұғалім, қанша дегенмен, жас қой! Шалға жеткізер емес. Ашулы шалдың айқайы да онша әсер етпесе керек. Еш саспастан жауап қатып барады.

- Темірдің формуласы – «ғе-ғе-ғе!» дейді. Онысы - әлгі шалды мазақ қып күлгендей!

Мына көрініске мәз болғаным сонша - әлгі мұғалімге қосылып, мен де тоқталмастан «ғе-ғе-ғелей» жөнелдім. Менің күлкімді естіген әлгі шал, кенет мұғалімді тастай сала, ізіме түспесі бар ма?!

- Әй, найсап, ол – «ғе-ғе-ғе» емес! Ferrum!

Қаны басына шапқан шал жақындап-ақ қалған екен! Мен қорыққанымнан: «Күлмегенге берсін!» деп «киелі сөзімді» айтып қап едім. Міне, ғажап! Әлгі ашулы шал сол мезетте-ақ көзден ғайып болды. Мұғалім де ізім-қайым жоқ!

Мына көрініс мені одан әрі таңдандырып, жындандыра жаздады. Ал, кеп күлейін!

- Ғе-ғе-ғе!... Ғе-ғе-ғе!...

Қанша күлгенім есімде жоқ. Әйтеуір, ішегім түйіліп, шошып оянсам, түсім екен. Жалма-жан Құдайға тәу еттім. «Тәубе! Тәубе!... Жаратқан ием, тәубе! Түс болғаныңа шүкір! Әйтпесе, әлгі шал жазым қылары сөзсіз еді!..»

Басым ауырып қалыпты. Мәңгіріп біраз тұрдым. Әлгі шалды бір жерден көрген сияқтымын. Бірақ, қай жерден?.. Есіме түсер емес!..

Кенет есіме сап ете қалды. «Айтпақшы... Иә, сол!»... Химия кітабынан көрген екенмін-ау! Аты-жөні – Дмитрий Иванович Менделеев. Орыстың атақты химигі. Жаратылыстың негізгі заңдарының бірі – периодтық заңның авторы.

О, тоба! Ол менің миымның ішінде неғып жүр екен?!... «Е-е, енді бәрі түсінікті. Ел ертеңі, болашағымыз – жас өрендерді теріс оқытып жүрген топас мұғалімдерге аруағы риза болмай тұр-ау!

Түсіме енгені – «мына келеңсіздікке немқұрайлы қарағанша, неге күреспейсің?» деп тұрғаны шығар?!

Мен қайтейін. Қолымнан келер еш шара жоқ. «Мың қосшыдан – бір басшы» деген... Сөзім жүретін басшы емеспін. Қарапайым ғана мұғаліммін. Біздейлердің қолынан тек ашына күлу ғана келеді. Жұрт не десе де, күлеміз! Ал, күлейік!...

-Айтпақшы, биыл мектеп бітірушілер эссе жазудан емтихан тапсырыпты. Эссені «Ас-са!» деп жүрген мұғалімдерді көргенде, тіл мен әдебиет саласының ғалымдар қандай күйде болды екен?!

- Ғе-ғе-ғе!... Күлмегенге берсін!...

- Тесттің қорытындысы бойынша биыл «медалистер» далада қалып, «медалист еместер» грантқа ілікті дей ме?

- Ғе-ғе-ғе!... Күлмегенге берсін!...

- Биылғы оқу жылында бізді (халықты) қандай тосын сый күтіп тұр екен?! Оқу министрінің реформасы ауырлап, «рессоры» кетті дей ме?

- Ғе-ғе-ғе!... Күлмегенге берсін!...

Н.ЖҮСІП,

№21 орта мектептің мұғалімі,

Арал ауданы

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір