• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

24 Сәуір, 10:30:06
Алматы
+35°

13 Желтоқсан, 2017 Әдебиет

«Рух» халықаралық әдеби байқауының жеңімпаздары марапатталды

Мыңнан аса еңбектің 899-ы байқау талаптарына сай келіп, «Әдебиет» порталына жарияланған.

«Рух» халықаралық әдеби байқауы өз мәресіне жетіп, 12 желтоқсанда жеңімпаздары марапатталды, деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі.

Қарашаның 17-сінен 5-іне дейін жалғасқан әдеби додаға ел ішінен бөлек шетелдік қаламгерлер де қатысуға ниет білдірген. Әдеби сында бағымды сынаймын дегендердің жасына, мамандығына ешқандай шектеу қойылмады.

Доданың бір ерекшелігі – шығармалар қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде қабылданған. Нәтижесінде қазылар алқасының алдына 8 аталым бойынша мыңнан аса еңбек түскен. Оның 899-ы байқау талаптарына сай келіп, «Әдебиет» порталына жарияланған. Роман, повесть, поэзия, поэма, драма сынды түрлі аталымдар бойынша топ ішінен озық шыққандар салтанатты түрде марапатталды. Бірінші орын иегерлері арнайы диплом мен бір миллион теңге көлемінде ақшалай сыйақыны еншілесе, гран-при жүлдегерлері екі миллион теңгені иеленді.

Байқаудың «Проза: роман, повесть» номинациясы бойынша 1 орын дипломын, арнайы кәдесый және 1 миллион теңге сыйақыны «Жылқы атылған жаз» романы үшін Ырысбек Дәбей иеленсе, Бас жүлде мен 2 миллион теңге ақшалай қаражат «Рухтар жерден кетеді» романы үшін Тынымбай Нұрмағамбетовке берілді

«Проза: әңгіме, эссе» номинациясындағы 1 орынды «Дайағашшы» эссесі үшін Ұларбек Нұрғалым, Бас жүлдені - «Тағдыр» әңгімесінің авторы Несіпбек Дәутайұлы жеңіп алды.

 «Поэзия: поэма» номинациясындағы 1 орын «Жаңғыру жыры» поэмасы үшін Несіпбек Айтұлына, Гран-при - «Рух жыры» туындысы үшін Бақыт Беделханұлына табыс етілді.

«Поэзия: топтама өлеңдер» санатында 1 орынға «Рубаи» өлеңдер топтамасы үшін татарстандық Рауза Хузахметова лайық деп танылды. Бас жүлде - «Құдайға қарайтындай қасқайып...» атты өлеңдер топтамасы үшін Ықылас Ожайұлына берілді.

«Үздік драматургия» номинациясында 1 орынды «Мен, мен ешкім де емеспін» пьесасы үшін Ардақ Нұрғазы жеңіп алды. Бас жүлде - «Қазақша ашылып сайрау» пьесасы үшін Серік Асылбековке табысталды.

«Үздік әдеби сын» 1 орын дипломымен «Маркестің қара қолғабы» мақаласы үшін жас сыншы Бекзат Смадияр марапатталды. Ал бас жүлде мен 2 миллион теңге сыйақы «Тұрақсыз әлемнің суреткері» үшін Амангелді Кеңшілікұлына бұйырды.

«Поэзия (балаларға арналған өлеңдер)» бойынша 1 орынды «Балапаным, аузыңды аш» өлеңдер топтамасы үшін Құл-Керім Елемес иеленсе, «Қасиетті Қазақстан» топтамасының авторы Серікбол Хасан бас жүлдені жеңіп алды.

«Проза (балаларға арналған прозалық шығармалар)» санаты бойынша 1 орын мен 1 миллион теңге «Зов Солнца» шығармасы үшін алматылық Лилия Калаусқа, бас жүлде мен 2 миллион теңге сыйақы - «Құрбы қыздар құпиясы» роман-фэнтэзиі үшін Айсұлу Алмашқа берілді.

Қазылар алқасының төрағасы болған жазушы Төлен Әбдік шығармалардың күн-түн демей оқылғанын айтты.

«Бәрін салыстырдық. Одан кейін дауыс беру деген мәселе бар. Дауыс беру арқылы шештік. Осының бәрі біздің әдебиетіміздің дамуына иегі ықпал етеді деп есептеймін», - деді жазушы.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында алғаш рет өткізілген халықаралық әдеби байқауды енді дәстүрлі түрде ұйымдастырып тұру жоспарланып отыр.

Gulim Zhaqan

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір