• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

27 Сәуір, 08:52:02
Алматы
+35°

08 Наурыз, 2019 Спорт

Руслан Мәдиев: Мен Головкинді ағамдай көріп жүрсем, ол менің карьерамды құртып жатыр...

Руслан қазір Қарағандыда жаттығып жүр. Айтуынша, дәл қазір АҚШ-та жұдырықтасуға құқы жоқ.

Қазақстандық кәсіпқой боксшы Руслан Мадиев (12-1, 5КО) Геннадий Головкинге өкпелі екенін айтты деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі prosports.kz сайтына сілтеме жасап. 

Руслан қазір Қарағандыда жаттығып жүр. Айтуынша, дәл қазір АҚШ-та жұдырықтасуға құқы жоқ. Өйткені промоутерлер GGG Promotions компаниясымен келісімшартым жоқ деген қағаз талап етіп жатқан көрінеді.

– Ендігі әрекетіңіз қандай?

 Жарты жыл жұдырықтаспадым. Бірақ бабымдамын, кез келген уақытта шаршы алаңға шығуға дайынмын. GGG Promotions әлі де ештеңеге қол қойған жоқ.

– Наурыздың соңында Алматыда үлкен бокс кеші өтеді. Бұған қатысуыңыз мүмкін бе?

– Қазақстанда жекпе-жек өткізсем, ештеңе болмайтын шығар, бірақ Америкада жұдырықтаса алмаймын. Себебі мені соттауы мүмкін.

– Демек, Алматыда жұдырықтаса аласыз ба?

– Иә, жарыс ұйымдастырушыларымен сөйлесу керек. Егер келісімге келсек, шаршы алаңға шыға аламын. Жаттығу бір бөлек, ресми жекпе-жекке ештеңе жетпейді.

– Менің білуімше, сізде GGG Promotions-пен келісімшарт болған жоқ?

– Иә, келісімшарт болған жоқ. Жақында Головкин сұхбат беріп, өз компаниясында ешқандай боксшымен келісімге отырмағаны туралы айтқан болатын.

– Келісімшарт болмаса, олардың сізді шаршы алаңға шығармауға қандай құқығы бар?

– Америкада барлық промоутерлер соттардан қорқады. Сондықтан олар тәуекелге барғысы келмейді. Оларға менің GGG Promotions-пен келісімшартым жоқ деген қағаз керек. Бірақ Геннадий маған бұл қағазды тек 100 мың доллар төлесем ғана беретінін айтты. Бұл мен үшін түсініксіз жағдай. Себебі мен бес жыл тегін жұмыс атқардым десе де болады. Қазір бір тиын да бермеймін. Головкиннен мұндайды күтпедім.   

– Жалпы Big Bear-ге қалай келдіңіз?

– Соңғы жекпе-жегім туралы айтқым келеді. Бұл бокс кешін Golden Boy Promotions ұйымдастырды, мені қарсылас ретінде GGG Promotions-тен сатып алды. Бұл ақшадан мен ештеңе көрмедім десем де болады. Енді олар менен тағы ақша сұрап жатыр.

Ал Big Bear-ге мен алғаш рет бес жыл бұрын келдім. Геннадий мені шақырған болатын. Жай ғана жаттығу ойымен барғанмын. Сосын мен кәсіби жекпе-жектерге шығара бастады, бірнеше кездесуден кейін чемпиондық белдеуге тартысамын деп ойладым. Бірақ қателестім. Бес жыл өтті, бірақ чемпиондық кездесу бермеді. Қарсыластарым мықты болғанымен бұл жай ғана рейтінгілік кездесулер болды. Бұған қоса маған бапкерім ұнамады. Қазір қызығушылық танытып жатқан бір-екі промоутер бар, бірақ олар қағазды талап етуде.

– Головкиннің командасына қайта оралуыңыз мүмкін бе?

– Жоқ.

– Соңғы кездері онда Али Ахмедов жаттығып жүр. Демек ол да келісімшартсыз жүр ме?

– Білмеймін, бірақ өз басым ешқандай келісімшартқа қол қойған жоқпын.

– Бір жекпе-жек үшін орташа сыйақыңыз қанша болды?

– Екі – екі жарым мың доллар. Соңғы он раундтық екі кездесу үшін бес мың доллар алдым. Бұл, міне, өткен жылы. Бұған дейін орташа сыйақым екі мың долларды құраған.

– Демек, Головкин сіздің «бостандығыңыз» үшін 100 мың доллар сұрап жатыр ма? 

– Боксшы келісімге қол қойған кезде заңгер қасымызда болуы керек. Қелісімшарттың бір көшірмесе менде, екіншісі промоутерде болуы тиіс. Бірақ бізде мұндай ештеңе болған жоқ. Тіпті ауызша келіскен жоқпыз. Егер де ресми түрде келісімге отырсам, бұл соманы қайтарар едім. Басында Головкин «сенікі дұрыс, боксшы ретінде өскің келсе, саған басқа бапкер керек» деген. Не болса да, дос болып қаламыз деді. Артынша маған «100 мыңдық» есепшотты көрсетті. Бұл қағазда оның маған еш наразылығы жоқ екені туралы жазылып тұрды. 

– Демек бұл қаражатқа сіздің жаттығуыңыз, тамағыңыз, ұшу билеттері жататын шығар.

– Бұл қағазда біз Русланға керемет жаттығу лагерін ұсындық, билеттер, дәрі-дәрмектер сатып бердік делінген және соңында жазу – 100 мың доллар.

– Бұл мәселені шешу жолдары бар ма?

– Бірінші сұхбаттан кейін олар менімен хабарласатын шығар деп ойладым. Бірақ маған ешкім хабарласпады. Макс пен Генаны үлкен ағаларым ретінде көрдім, олардың істеп жатқаны мынау... Менің карьерамды құрттып жатыр десем де болады.

– Головкинмен соңғы рет қашан сөйлестіңіз?

– Екі ай бұрын.

– Америкада ма?

- Жоқ. Мен Қазақстанға келгеніме жарты жыл болды. Соңғы кездесуден кейін отаныма бірден оралдым.

– Соңғы қарсыласыңыз Пабло Сезар Кано сізбен болған жекпе-жектен кейінгі кездесуде әлем чемпионы атанды. Бұл сіз үшін күтпеген жаңалық болды ма?

– Жоқ. Маған бәрі Линарес оны сындырып тастайды деген. Мен асықпаңдар, Хорхе жақында ғана салмақ дәрежесін ауыстырды деп жауап бердім, Каноны жеңу оңай емес екенін айтқан болатынмын. Нәтижесінде Кано Линересті нокаутқа түсірді.

– Сіз Каномен қарымта кездесу өткізуіңіз мүмкін бе?

– Бірінші кездесуден кейін өз командама реванш өткізгім келетінін айттым. Олар маған керек емес, ол жарақатынан жарты жыл емделеді деп жауап берді. Қанша уақыт өтті, ол жекпе-жек өткізіп, чемпион атанды. Мен болсам ол уақыт аралығында бірде-бір жекпе-жек өткізбедім. Олардың реванш ұйымдастыратын ниеті болмады, сондықтан да мен GGG Promotions-тен кеттім.

– Қазір Big Bear-де қазақстандық боксшылардан тек Али Ахмедов қана қалды (Головкинді есептемегенде). Оған қандай кеңес берер едіңіз?

– Али – өте мықты боксшы. Ол Big Bear-ге келгенде, оның еншісінде кәсіпқой бокста 12 жекпе-жек болды. Бірақ Америкадағы бірінші қарсыласы 12 рет жеңілген өте әлсіз боксшы болды. Артынша, 14 рет ұтылған боксшымен жұдырықтасты. Ендігі қарсыласы 37 жастағы боксшы болмақ. Бұл дұрыс па? Егер де Алиді көтергісі келмесе, не үшін оны қинап жүр? Мықты қарсылас табу үшін ақша төлеу керек, ал олар қаражат жұмсағысы келмейді.

– Али өз салмағындағы мықты боксшылармен жұдырықтасуға дайын ба?

– Дәл қазір емес. Ол дегеніміз әлсіз боксшылармен кездесу керек деген сөз емес қой. Боксшы жаттығуда емес, жекпе-жектердің арқасында өседі. Егер де қарсыластары әлсіз болса, Али дамымайды. Оның деңгейі әлдеқайда жоғары, топ-боксшыларды ұта алады.

– Санчестің жаттығу үдерісі ұнамайтынын айттыңыз. Жалпы оның бапкерлік қабілеті туралы не ойлайсыз?

– Бокс – жекелей спорт түрі. Big Bear-де біз бір жаттығуды күнде істейміз. Адам ретінде Абель жақсы кісі. Бәлкім, бапкер ретінде де жақсы шығар. Бірақ оның жаттығу үдерісі маған келмеді. Керісінше,  Головкинге бұл жаттығу процесі ыңғайлы болуы мүмкін. Соңғы кездесуімді алатын болсақ, қарсыласым мықты болды ғой. Big Bear-де екі ай жаттығып, бірде-бір рет бапкермен «лапы» ұрмадық. Бұны қалай түсінуге болады? Тіпті кездесу біткен соң ешқашан бапкермен өткен жекпе-жектің видеосын көрмедік. Қатемен жұмыс жасау, зерттеу деген нәрсе жоқ.  

– Максим Головкин сіздің жағдайыңыз туралы не дейді? Одан көмек сұрамадыңыз ба?

– Ол маған менің мақсатым сені АҚШ-қа алып келу болатын деді. Барлық сұрақтар бойынша Геннадийге хабарлас деп айтты. Оған хабарлассам телефонын алмайды. Мен тұрмақ заңгерлерге жауап бермейді.  

Ұсынған: Әсел Болатқызы

 
"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір